Диктант.
Қазақ тілі пәнінен білім, білік, дағдыны үнемі есепке алып отыру – бастауыш мектептегі оқу үрдісінің ең қажет бөлігі. Сын жұмысы оқушылардың алған білім деңгейін және білім мен дағдының саналы түрде меңгерілгенін тексеру мақсатында өткізіледі.
Бағдарлама бойынша берілген маңызды да негізгі тақырыптарды өткеннен кейін кезекті сын жұмыстары жүргізіледі.
Сын жұмыстары 1 сыныптан бастап жүргізілгені жөн. Сөздерге дыбыстық талдау жасау, буынға бөлу, сөз, сөйлемдерді анықтау шартты белгілер арқылы жүргізіледі. Сөздік диктанты сабақтың бір бөлігі ретінде үнемі жүргізіледі. Оған 5 – 6 минут жеткілікті.
Қорытынды сын жұмыстары білім мен дағдының қалай меңгергенін тексеру тәсілі болып табылады. Оның мақсаты – оқу жылында немесе тоқсандық жұмыс кезінде мемлекеттік бағдарламаның талаптарын орындау және нақты қорытындысын тексеру. Қорытынды сын – әрбір оқушының білімін есепке алуда ерекше мәні бар жұмыс. Ол оқушы мен мұғалім жұмысының негізгі көрсеткіші болып табылады.
Диктант (жатжазу) – орфографиялық, пунктуациялық дағдыны тексеру құралы. Егер мәтінде жазылуы қиын, әлі меңгерілмеген сөздер кездессе, онда мұғалім диктантты жаздырмас бұрын оны анықтап айтып, түсіндіріп немесе тақтаға жазып көрсетуі керек. Әр мәтінде сөз саны көрсетілген, ол бағдарлама бекіткен сөз мөлшеріне сәйкестендірілген.
Оқушылардың білімін анықтауға арналған тест жұмыстары әр оқушыға жеке – жеке парақшаларға көшірме ретінде беріледі. Бұл – өздігінен орындайтын жұмыс. Дұрыс жауабын қоршап қояды. Әр оқушы өз аты – жөнін жазып, мұғалімге тапсырады.
2 - сынып - I жартыжылдықта 30 - 35 сөз, жыл аяғында 35 - 40 сөз.
3 - сынып - I жартыжылдықта 40 - 50 сөз, жыл аяғында 50 - 65 сөз.
4 - сынып - I жартыжылдықта 65 - 70 сөз, жыл аяғында 75 - 80 сөз.
1 сынып.
Сауаттылық диктант №1
Қыс.
Қыс мезгілі. Далада қар жауып тұр. Балалар қармен ойнап жүр. Олар қардан қуыршақ жасады. Балалардың қолдары тоңды. Бірақ қуыршақтары әдемі болып шықты. Қуыршақтың көзі көмірден жасалды.
Бақылау диктант.№2
Кебеже.
Айтуар ағаш шебері. Оның түрлі саймандары бар. Ол ағаштан кебеже жасады. Кебеже әдемі болып шықты. Кебеженің ішіне сүр ет, құрт, ірімшік, май салып қояды. Кебежеге салған тамақ бұзылмайды.
Тапсырма:
1. Жұп дауыстыларды жаз.
2. Мәтінде қанша сөйлем бар?
Сауаттылық диктант.№3
Орманда.
Мен орман ішімен жүріп келемін. Төңірегіме қарап қоямын. Қандай тамаша! Күздігүнгіден орман мүлде өзгерген. Айнала жап – жасыл болған. Аяқ астыма қарасам, жер жасыл кілемдей. Қалың бұтақтар арасынан көгілдір аспан көрініп тұр.
Бақылау диктант.№4
Көктем келді
Көктем басталды. Күн жылынды. Жер көгерді. Жеміс ағаштары гүлдеді. Құстар жылы жақтан ұшып келе бастады. Егіншілер егін себу жұмыстарына кірісті. Малшылар қыстаудан көктеуге көше бастайды. Олар көктеуде мал төлдетеді.
Тапсырма:
1. Кімдер сұрағына жауап беретін сөздерді теріп жаз.
2. Көктемде ұшып келетін құстардың атын жаз.
Сауаттылық диктант.№5
Мойыл.
Мойыл – дәрілік өсідік. Қабығы қоңыр. Гүлдері ақ түсті болады. Дәрі жасау үшін мойылдың гүлі мен жемісін пайдаланады. Мойылдан жасалған дәрімен көз, өкпе ауруларын емдейді. Мойылдың гүлін көктемде, жемісін күзде жинайды.