Сұрақтарға жауап: Ежелгі Қытай философиясының ерекшеліктері қандай?
Ежелгі Қытай философиясының басты ерекшелігі- саяси-практикалық сипатының басымдылығы, яғни философиялық ой мемлекет мүддесіне қызмет етті. Бұл ерекшелік сол кездегі Қытай қоғамының әлеуметтік құрылымынан, мемлекеттік саясаттан тікелей туындайды. Көне Қытай мемлекеті иерархиялық деспотия үстемдік қүрған мемлекет болды.
Осы бірінші ерекшеліктен Қытай философиясының келесі ерекшелігі туындайды: философиялық мектептердің барлығының дерлік қарастырған басты мәселесі - адам, оның бойындағы ізгілік және зұлымдық мәселесі болды. .
Қытай философиясының да бастауы мифология болды деуге болады. Ежелгі мифтердің мазмұнындағы адамның адамгершілік келбетін жетілдіру, адам және қоғамның арасындағы қатынастарды реттеу мәселелеріне басты назар аударылды. .
Натурфилософиялық мәселелер мардымсыздау талқыланды, бүл мәселелерді "инь-ян" мектебі немесе натурфилософтар, моистер және даосизм мектебінің өкілдері ғана қарастырды.
Ежелгі Қытайдағы басты мектептер қандай болды?
Ежелгі Қытайдағы басты мектептер- Инь және Ян мектебі. Инь және Ян мектебі өз бастауын «Өзгерістер кітабынан» (б.ж.с.д. VII-VII ғасырда) алады. Бұл кезең мифологиялық дүниетанымның тарих сахнасынан көшіп, философиялық көзқарастарға орын босата бастаған кезі болатын.
Инь және Ян - әлемнің бастауында тұрған мәндер. Бірақ олар туралы ілім дуалистік сипатта емес, себебі барлық болмыс ол екеуінің біртұтастығы арқылы ғана бар бола алады. Демек, олар диалектикалық бірлікте болатын қарама-қарсылықтар. Инь және Ян қағидалары аспан мен жер, ұрғашы мен еркек арасындағы қатынастармен тығыз байланысты, әрі олардың дамуына нұсқайды. Белсенділік көбіне Янға тән болады да, Инь енжарлық танытып отырады. Бірақ олардың бірлігі - диалектикалық дамудың көзі. Нәтижесінде заттар мен құбылыстар өзгерістерге ұшырайды. Мұндай өзгерістер адамдарға да қатысты болады. Аспан, жер, адам - бұлар үшкілдік бірлікте белгілі бір даму жолымен (дао) тіршілік кешеді. “Инь” сөзінің мағынасы таудың, жотаның, сайдың қараңғы, көлеңкелі жақтарын білдірсе, “ян” сөзінің мағынасы аталған объектілердің жарық жағын білдіреді.