бірінші деңгей – мұғалімнің сыныппен қарапайым қарым-қатынасы деңгейі. Мұғалім оқушылармен кері байланыстың жақсы орнатылғанын көреді, бірақ мұғалім өзіне ұсынылған сыртқы әдістемелік нұқсаулармен жүреді;
екінші деңгей – мұғалім сабақтағы өзінің және оқушының әрекеттерін оңтайландыра бастайды, ол оңтайландыру сабақтың күнделікті жоспарын әзірлеу барысында пайда болады. Бұл тұстағы креативтік мұғалімнің өзіне таныс білім мазмұнын, әдістер мен оқыту формаларын саналы түрде айрықша орналастыра білу шеберлігінен танылады;
үшінші деңгей – эвристикалық деңгей. Мұғалім сабақта оқушыларымен жанды сөз қуатын пайдалана отырып сұхбат жасайды, шығармашылық әдістің мүмкіндіктерін пайдалануға кіріседі. Бұл тұста мұғалімнің толық өзіндік шығармашылық қабілеті мен мүмкіндіктері жарыққа шыға бастайды, сол қабілеті арқылы мұғалім өзіне белгілі әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, оқушылардың шығармашылық қабілеттеріне түрткі салады.
Креативтік мән инновациялық әрекеттің мәні дегенде, мұғалімдердің өзіне дейін жасалынған дайын әдістемелік әзірлемелерді жақсы пайдалана алуы мен оған өзіндік қолтаңба қоса білуі дегеннің екеуі екі түрлі екенін түсіну керек. Өйткені өз жанынан шығармашылық қосылмаса, ол еліктеу болып табылады. Әрине ғалымдар еліктеудің өзі, көп ретте, мұғалімнің креативтігін оятатын элемент екеніне ден қояды [98].
Инновациялық әрекеттің келесі құраушысы ретінде операциялық мәндер қарастырылады. Бұл ретте В.С. Дудченконың инновациялық ойындар туралы зерттеуін басшылыққа алу дұрыс деп саналады [99]. Операциялық компоненттерді қолданудың тиімділігінің арқасында В.С. Дудченко өзіндік инновациялық оқытудың жүйесін қалыптастырды.
В.С. Дудченконың инновациялық оқыту жүйесіне сүйене отырып, мәселені шешудің, ал біздің жағдайымызда, болашақ педагогтерді дайындаудың, дәстүрлі, ескі оқыту әдістерінің тиімділікке жеткізбейтін үлгілері алынып талдауға түсіріледі және оларға декомпозиция жасалынып, қайта құрастырылып тиімділігі анықталады. Одан соңғы екінші бағыт бойынша мәселені шешудің, біздің жағдайымызда студенттерді инновациялық әрекетке дайындаудың, жаңа, неғұрлым тиімді үлгілері мен тәсілдері алынып жинақталады және тәжірибелер жасалынады. Бұл жүйе бойынша нақты жағдаяттар (ситуациялар) алынып, инновациялық ойын барысында сол бойынша мәселені шешудің логикасы қалыптастырылады. Бұл инновациялық оқытудың ерекшелігі – инновациялық ойында рефлексивтік жұмыс жасау операцияларын қолдану арқылы қатысушыларда нақты белгілі бір іс-әрекеттерін қалыптастыру. Ол операциялар мен олардың реттілікпен қолдану барысы келесідей (сурет 9).
Сурет 9 – В.С. Дудченко бойынша инновациялық оқыту операциялары
Инновациялық әрекет ұғымының келесі мәні ретінде рефлексияны ала отырып, оның мұғалімнің өзінің санасы мен әрекетін саналы түрде талдай білуінің маңыздылығын қарастыру керек.
Рефлексия – адамның өз ой-санасында өтіп жататын психикалық процестер мен өзінің жай-күйіне үңілу барысы. Осы ретте Абайдың «Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде, Содан тапқан – шын асыл, тастай көрме» деген даналық сөзінің рефлексияға тікелей қатысты екенін де атап өтеміз.
Психологияда рефлексияны «субъектінің өзіне, өз сана-сезіміне, өз ісінің нәтижелеріне қайта ойлануына өзін шақыруы» деп те анықтайды [100-101]. Жеке тұлғаның рефлексия жасау позициясына өтуінің психологиялық ерекшеліктері туралы В.В. Давыдов, М.В. Кларин т.б. ғалымдардың еңбектеріндегі пікірлерді басшылыққа ала отырып, болашақ бастауыш сынып педагогтерін инновациялық әрекетке даярлау барысында келесі рефлексивтік амал-тәсілдерді орындауға дағдыландыруды ұстанамыз. Олар: рефлексивтік күйге ену, өзінің кәсіби қызметінің мәні мен маңызына өзіндік талдау жасау, ойтолғаулар мен ой қорытындыларын жасау, аналогия, салыстыру мен салғастырулар жүргізу, санасымен қандай да бір жай-күйді басынан кешіру т.б. Рефлексияның педагогикалық психологиядағы болмысын зерттеген ғалымдар «педагогикалық рефлексия» деп, мұғалімнің өзінің педагогикалық әрекетіне сыни талдау, санамен түйсіну, бағалау тұрғысынан белсенді зерттеушілік, ізденімпаздық позицияға кіре алатын күрделі психикалық феномендік қабілетін атайды [102].
Сонымен қатар, болашақ бастауыш сынып педагогтеріне қалыптастырылуы қажетті деп танылатын инновациялық әрекетті жүзеге асыру барысындағы рефлексияның екі ерекшелігін атап өту керек. Олар:
біріншіден, инноватор мұғалім рефлексиялау арқылы өзінің инновациялық әрекетінің ең бастау көзіне, алғашқы болжам жасау кезеңіне қайтадан оралғандай күй кешеді, сөйтіп өзінің инновациялық тұжырымдамасының жекелеген элементтеріне қайтадан көз салып өтеді;
екіншіден, өзінің мақсатын жүзеге асырып жатқан кезеңіне өзі «сыртқы көз» болып зерделеп өтеді [103]. Бұл ретте мұғалімнің өзінің инновациялық әрекеттегі мүмкіндіктері мен сыртқы жағдайлардың қаншалықты сәйкес екендігіне саналы түрде талдау жасалынады. Өзінің дағдылары, инновациялық педагогикалық іс-әрекеттері, инновациялық әрекетінің мазмұны қаншалықты дәреже, деңгейде екендігіне ішкі талдау жүргізіледі.
Болашақ бастауыш сынып педагогтерін инновациялық әрекетке даярлау барысында маңызды орын алатын «инновациялық әрекет» ұғымының мәнісі мен ішкі мазмұнын құраушыларға талдау жасай келе, оларды келесідей жинақтау қажеттілігі туындады (сурет 10).
Сурет 10 – Болашақ бастауыш сынып педагогтерінің «инновациялық әрекеті» ұғымы
Мұндағы:
«А» - инновациялық әрекеттің мазмұнының жаңашылдығының мәнісі.
«B» - инновациялық әрекеттің мазмұнының аксиологиялық, құндылық мәнісі.
«C» - инновациялық әрекеттің мазмұнының акмеологиялық, кәсіби шеберлік мәнісі.
«D» - инновациялық әрекеттің мазмұнының мотивациялық мәнісі.
«E» - инновациялық әрекеттің мазмұнының креативтік мәнісі.
«F» - инновациялық әрекеттің мазмұнының операционалдық мәнісі.
«G» - инновациялық әрекеттің мазмұнының рефлексивтік мәнісі.
Өз тарапымыздан жасалынған бұл ұғымның моделінде тақырыбымыздың болмысы қамтылуы ғана көзделінгенін атап кетеміз. Көрсетілген ұғым моделінде «А» мен «G» болып белгіленген жетібұрыштың қабырғаларына сәулелердің көбірек шоғырлануы байқалады. Мұның өзі болашақ бастауыш сынып педагогтерін инновациялық әрекетке даярлаудағы «жаңашылдық» пен барлық үдерісті өткергеннен кейінгі санадан қайта өткізу яғни «рефлексивтік» сәттің үлкен орын алатындығын көрсетеді деп айтуға болады.
Жоғарыда көрсетілген ұғым моделінен болашақ бастауыш сынып педагогтерінің «инновациялық әрекетінің» құрылымын шығардық (сурет 11).
Сурет 11 – Болашақ бастауыш сынып педагогтерінің инновациялық әрекетінің құрылымы
Кәсіби педагогикалық даярлық – бұл арнайы педагогикалық білім жүйесін, жалпы және ерекше іскерлікті, кәсіби-педагогикалық іс-әрекетті шығармашылық орындау үшін дағдыларды меңгеру үдерісі.
Қазіргі заманғы кәсіптік-педагогикалық білім берудің мақсаты – білім беру бағдарламаларының еңбек нарығының талаптарына, білім мазмұнының жаңаруына, оқу мен оқытудың инновациялық тәсілдемелеріне бағдарлануы.
Осы тұрғыдан біздің зерттеуімізде инновациялық әрекет педагогтің білім беру үдерісін ұдайы жаңартуға, қоғамдастықта жұмыс жасай алуға, оқытудың жаңа түрлері мен әдістерін құруға қабілеттілігін болжайды және болашақ бастауыш сынып педагогтерінің кәсіби даярлығының теориялық-әдіснамалық негізі болып табылады. Осы айтылған талдаулар мен көрсетілген қағидалар негізінде біздің тұжырымдауымызша, бастауыш білім беруде жаңашылдыққа бейімделу, жаңа идеяларды жүзеге асыруда тәуекелге бару және заманауи педагогикалық іс-әрекетті ұйымдастыру үдерісі заманауи қоғам мен нақты білім беру ұйымының қажеттілігі. Сонымен, жоғарыда айтылғандар «инновациялық әрекет» ұғымын нақтылауға мүмкіндік береді: инновациялық әрекет – ол педагогикалық әрекеттің шығармашылық дамуының тәсілі; педагогтің білім беру үдерісін ұдайы жаңартуға, қоғамдастықта жұмыс жасай алуға, оқытудың жаңа түрлері мен әдістерін құруға қабілеттілігі тұрғысында түсінеміз.
Осы анықтамадан шыға отырып, біз зерттеуіміздің негізгі түсінігін тұжырымдаймыз: «Болашақ бастауыш сынып педагогтерінің инновациялық әрекетке даярлығы» оның жалпы кәсіби дайындығының құрамдас бөлігі ретінде жоғары деңгейдегі ғылыми-педагогикалық әрекетіне негіз болатын «инновациялық әрекет» жайындағы білімі мен оқу мен оқыту үдерісінде жаңартпалы әрекет түрлерін білуі, инновациялық әрекетке даярлау әдістерінің мәнін, қызметін түсінуі, бастауыш білім беруде жаңашылдыққа бейімделуі, жаңа идеяларды жүзеге асыруда тәуекелге баруы сияқты бір-бірімен тығыз байланысқан компоненттерден тұратын тұлғаның кешенді сапасы.
Жаңартылған білім мазмұны жағдайында инновациялық әрекетке болашақ бастауыш сынып педагогтерін даярлаудың ғылыми негізделген тұжырымдамалары мен теорияларының болмауы, сондай-ақ терминнің өзін пайдаланудың жаңашылдығы біздің зерттеуіміздің логикасын анықтайды. Біз осы параграфта категориялық аппаратты қалыптастыруға және «инновациялық әрекет» ұғымы мен «инновациялық әрекетке болашақ бастауыш сынып педагогтерін даярлау» түсінігін нақтылауға мән бердік.
Достарыңызбен бөлісу: |