Стамбекова жазира курмангалиевна


Санаулы пәндер бойынша тереңдетілген оқытуды қамтамасыз ету үшін



бет21/44
Дата14.09.2023
өлшемі6,09 Mb.
#107065
түріДиссертация
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   44
Байланысты:
stambekova-zh-k-phd-s-sp

Санаулы пәндер бойынша тереңдетілген оқытуды қамтамасыз ету үшін оқу бағдарламасын қайта қарастыру қажет, әсіресе жоғары сынып оқушыларына арналған бағдарламаны, сонымен қатар оқушыларға пәндерді таңдау үшін мүмкіндік беру керек. Осындай жағдайда жоғары деңгейлі ойлау дағдыларын дамыту мүмкіндіктері айтарлықтай жоғары болады [137].

Жоғарыда аталған ұсыныстарды талдай келе, 2015 жылдан бастап пилоттық жобада еліміздің 30 мектебінде жаңартылған білім беру мазмұны бойынша білім бере бастады. Жаңа реформаға сай, барлық пәндер бойынша оқулықтар да қайта даярланды.
Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 56-бабына сәйкес әзірленді және білім алушылардың дайындық деңгейіне, бастауыш білім беру мазмұнына, оқу жүктемесінің ең жоғарғы көлеміне қойылатын талаптарды айқындайды. Жалпыға міндетті мемлекеттік жаңартылған білім беру мазмұнының стандарты функционалдық сауаттылықты қамтамасыз ететін кең ауқымды дағдыларды дамыту бойынша үздік халықаралық тәжірибеге бағытталған. Оқу бағдарламалары жаңа технологияларды, ғылыми инновацияларды, математикалық модельдеуді дамытуға негізделген.
Халықаралық сарапшылардың ұсыныстарын ескере отырып, Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы дайындалды [138]. Аталған бағдарламаның басты мақсаты – сапалы білім беруге тең қол жеткізуді қамтамассыз ете отырып, зияткер, дене бітімі және рухани жағынан дамыған табысты тұлға қалыптастыру. Бағдарлама «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығы [139]; Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың 2014 жылғы 11 қарашадағы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауы [140]; Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың 2015 жылғы 30 қарашадағы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауы [141]; «100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспары [142] негізінде әзірленді. Жаңартылған білім беру мазмұнына көшу өз кезегінде, мектептердің материалдық-техникалық базасын жетілдіруді, базалық оқулыққа, оқулықтар сапасын көп деңгейлі сараптауға қойылатын талаптарды әзірлеуді, оқулықтар сапасын бағалау саласындағы сарапшылар біліктілігін арттыруды, орта білім берудің жаңа мазмұнының әлемдік озық білім беру жүйелері деңгейіне сәйкестігін мониторингтеуді және бағалау жүйесін енгізуді көздеді. Білім алушыларды, педагогтерді және білім беру ұйымдарын нақты критерийлерімен бағалауға көшу жүзеге асырылды. Білім беру үдерісінің барлық қатысушыларына ашық білім беру ресурстары мен технологияларға тең қолжетімділік қамтамасыз етіліп, желілік өзара іс-қимыл жасау үшін жағдай жасалды.
Жаңартылған білім беру бағдарламасының мазмұндық құрылымын талдау нәтижесінде білім мен ғылымның қабіліттілігін арттыру, адами капиталды дамытуда басты құндылық деп тұжырымдаймыз.
2016 жылдан бері еліміздің барлық мектептері жаңартылған білім мазмұны бойынша білім алуда. Жaңapтылғaн бiлiм мaзмұны oқу бaғдapлaмaлapындa ұзaқ мepзiмдi жoспap бepiлгeн. Ұзaқ мepзiмдi жoспapды негізге ала отырып, әp мұғaлiм opтa жәнe қысқa мepзiмдi жoспap құpaды. Eскi бaғдapлaмaдaн epeкшeлiгi мұндa бaсты нaзap oқу мaқсaттapынa жeту үшiн сapaлaу apқылы сaбaқ мaқсaттapы құpылaды. Күтiлeтiн нәтижe aйқын бoлaды. Әp oқушының бiлiм дeңгeйi eскepiлiп, тaпсыpмaлap дaйындaлaды. Тaпсыpмaның қaй дeңгeйдe opындaлғaнын дeскpиптop apқылы aнықтaйды және oқушылapдың оқу жетістігін бaғaлaу нaқты кpитepийлepгe сaй жүpгiзiлeдi [143].
Жаңа оқу бағдарламасының артықшылығы пәндік білім мен дағдыларды ғана емес, сондай-ақ, кең ауқымды дағдыларды қалыптастыруға бағытталуында. Оқу мақсаттарының жүйесі төменде көрсетілгендей кең ауқымды дағдыларды дамытуға негізіделген:

  • функционалдық және шығармашылық түрінде білімдерін қолдану;

  • сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу;

  • ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану;

  • қарым-қатынастың әртүрлерін қолдану;

  • жеке және топта жұмыс істей алу;

  • мәселелерді шешу және шешімдер қабылдау.

Жаңартылған оқу бағдарламаларының икемділігі мен жан-жақтылығы оның маңызды сипаттамасы болады. Бағдарлама білім алушыларды озық технологиялардың барлық қыр-сырларын білуге жетелейді. Атап айтқанда:

  1. Оқушылардың интеллектуалдық, рухани, табиғи нышандарын дамытуға өзінің қызығушылықтарымен бейімділіктерін іске қосуға жағдай жасайды.

  2. Жеке тұлғалық сенімдерін қалыптастыруға машықтандырады.

  3. Ұжыммен және жеке дара іс-әрекет жасауға дағдыландырады.

Баланың еркін шығармашылықпен ойлауына, оның барлық қабілеттерін дамытуға, өз күшіне деген сенімінің болуына жағдай жасайды. Сонымен қатар, кіші жастағы баланың оқуға, оқу арқылы қабілеттерінің дамуына мүмкіндіктер береді.
Жаңартылған білім беру мазмұнының тағы бір ерекшелігі – білім алушылардың оқу жетістігін критериалды бағалау жүйесі арқылы бағалануында. Оқушылардың оқу жетістігінің нәтижелерін нақты айқындалған, тапсырмаларда көрсетілген дескрипторлар арқылы жүзеге асырылады. Тапсырмаға бағытталып дайындалған дескрипторлар оқушыларға қол жетімді болуы ескерілді.
Осы орайда, жаңартылған оқу бағдарламаларының мазмұндық ерекшеліктеріне тоқталып өтсек:

    • пән мазмұнын жобалаудың спиральділік ұстанымы, яғни білім мен біліктерді арттыруда оқу материалын тігінен, сондай-ақ көлденеңінен біртіндеп кеңейту (білімді тақырыптар бойынша және сыныптар бойынша күрделендіру);

    • таным заңдылығы мен пәндік операциялардың неғұрлым маңызды түрлері бойынша ойлау дағдысының деңгейлік жіктелімдеріне негізделген Блум таксономиясы бойынша оқыту мақсаттарының иерерахиясы;

    • білім беру деңгейлері және тұтас оқыту курсы бойынша педагогикалық мақсаттардың пәнішілік байланыстарды барынша ескеруге мүмкіндік беру;

    • бір білім саласы пәндері арасында, сондай-ақ пәнаралық байланысты жүзеге асыру барысында «ортақ тақырыптардың» болуы;

    • бөлімдер мен ұсынылған тақырыптар мазмұнының уақыт талабына сәйкес болуы, әлеуметтік дағдылардың қалыптасуына назар аудару;

    • оқу үдерісін ұзақ мерзімді, орта мерзімді, қысқа мерзімді жоспар түрінде технологияландыру болып табылады.

Спиральділік қағидат ең күрделі материалдың өзі дұрыс құрылымдалып, дұрыс ұсынылатын болса, оны тіпті кішкентай балалар да түсіне алады деген ұстанымға негізделеді. Бала жаңа нәрсені тануы барысында алдымен өзіне таныс ұғымнан бастаса, ол балаға анағұрлым түсінікті болыры анық. Соныдықтан жаңартылған білім мазмұны негізінде білім беруде оңайдан күрделігі, яғни спириальді қағидатта сипаттайды.
Оқу үдерісінің алға ілгерілеуі айқын көрінуі үшін, оқу мақсаттары өзара тоғысқан бөлімдер мен бөлімшелерге топтастырылған. Оқушылардың сыныптан сыныпқа көшу барысында алға ілгерілеуіне орай, олар өздерінің дағдыларды меңгеріп, түсінуіне анағұрлым сенімді бола түседі.
Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында айқындалған құндылықтар ұлттық-мәдени дәстүрлерді нығайтуға және ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етуге, өз Отаны үшін жауапкершілік алуға қабілетті тұлғаны қалыптастыруға бағытталды. Құндылықтар білім беру жағдайында ұлтжандылыққа баулу және өз елінің адал азаматы етіп тәрбиелеуге ықпал ету арқылы Қазақстан халқын біріктіретін жалпыұлттық идеяларды іске асыруға үлес қосуда.
Білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты мен оқу бағдарламаларының барлығына тұлғаның рухани-адамгершілік және зияткерлік қасиетін қалыптастыруға ықпал ететін компоненттер енгізілді.
Білім беру құндылықтары білім алушы тұлғасының мінез-құлқы мен жасампаздық іс-әрекетін ынталандыратын тұрақты өмірлік бағдар болып табылады. Білім беру құндылықтары өзін танытып, өз өмірі мен қоршаған ортаның сапасын жақсарта алатын тұлға қалыптастырудағы жетекші факторға айналады.
Білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында айқындалған құндылықты әр білім алушының бойына сіңіре отырып, қалай көрініс табатындығын мысал келтіру арқылы көрсетуді жөн көрдік. Өзіне және өзгелерге құрмет мұғалім мен оқушылардың бір-бірімен амандасуында, сыпайы, ойын ашық білдіріп, тыңдауда, сабақты уақытында бастап, аяқтауда, тапсырмаларды нұсқалық бойынша орындауда, бір-біріне қолдау көрсетуінде көрініс табады. Патриотизм мен азаматтық жауапкершілік құндылығы оқушылардың мемлекеттік рәміздер мен Отанға деген сүйіспеншілікке қатысты мәселені түсінуі арқылы жүзеге асырылады. Өмір бойы оқу құндылығы сабақ мақсатын түсінуі, кері байланыс, рефлексия, алған білімінің практикалық мәнін түсінуде көрініс табады. Ашықтық оқушыларға ақпаратты алуда бірдей мүмкіндіктер жасап, өз білімін бағалау мен кері байланыс беруде көрініс табады. Еңбексүйгіштік оқушылардың жеке және жұпта, топта белсенді жұмыс жасауында айқын көрініс табады.Сонымен, білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында айқындалған құндылықтар арқылы оқушылардың шығармашылық белсенділігін арттырып, оқу-тәрбие үдерісінде мадақтаудың үйлесімді жүйесін тиімді пайдалануды атақты философ Әбу-Насыр Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» қанатты сөзімен қорытындылауды жөн көрдік.
Білім беру үдерісінде тек оқу бағдарламаларына ғана өзгеріс енгізілген жоқ, сонымен қатар педагог мамандарға да қойылатын талаптар да күшейтілді [144]. Нақтырақ тоқталып өтсек, педагогтердің біліктілік санаты да жаңа мазмұнды ережелерге сай бекітілді. «Педагог» санатына сай пән мұғалімі оқу пәнінің, оқу-тәрбие үдерісінің, оқыту және бағалау әдістемесінің мазмұнын білуге; білім алушылардың психологиялық-жас ерекшеліктерін ескере отырып, оқу-тәрбие үдерісін жоспарлап және ұйымдастыруға, білім алушының жалпы мәдениетін қалыптастыруға және оны әлеуметтендіруге ықпал етіп, білім беру ұйымы деңгейіндегі іс-шараларға қатысуға, білім алушылардың қажеттіліктерін ескере отырып, тәрбиелеу мен оқытуда жеке тәсілді жүзеге асыруға, кәсіби-педагогикалық диалог дағдыларын меңгеруге, цифрлық білім беру ресурстарын қолдана алу кәсіби құзыреттеріне сәйкес келуге тиіс болды. «Педагог-модератор» біліктілік санатына «педагог» біліктілік санатының жалпы талаптарына және оқытудың инновациялық нысандарын, әдістері мен құралдарын қолдана алу құзыреттіліктеріне ие болуға міндеттелді. «Педагог-сарапшы» біліктілік санатына «педагог-модератор» біліктілік санатының талаптарына және кәсіби шеберлік байқауының қатысушысы немесе жүлдегер, жеңімпазы болып табылатын, білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен тізбеге сәйкес аудан (облыстық маңызы бар қала) деңгейінде олимпиадаларға, конкурстарға, жарыстарға, облыс деңгейінде конкурстарға, жарыстарға қатысушы немесе жүлдегер, жеңімпаз оқушылары бар және облыс, ел телевидениеде трансляциялауға енгізілген бейне-телесабақтар дайындаған (болған жағдайда) педагогтеріміз лайық болды. «Педагог-зерттеуші» біліктілі санатына «педагог-сарапшы» біліктілік санатының талаптарына және сабақты зерттеу және бағалау құралдарын әзірлеу дағдыларын меңгерген; білім алушылардың зерттеушілік дағдыларын дамытуды қамтамасыз ететін; облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана, республика деңгейінде тәжірибені жинақтайтын, кәсіби шеберлік конкурсының қатысушысы, жүлдегері, жеңімпазы болатын немесе білім беру саласындағы облыстық, республикалық, халықаралық деңгейлерде олимпиадаларға, конкурстарға, жарыстарға қатысушы, жүлдегер, жеңімпаз оқушылары бар; «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығының қатысушысы, жүлдегері, жеңімпазы, «Үздік педагог» атағының иегері (болған жағдайда) болатын, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың), облыстың (бар болса) деңгейінде педагогикалық қоғамдастықта тәлімгерлікті жүзеге асыратын және даму стратегиясын сындарлы айқындайтын; педагогтерге арналған семинарларды, конференцияларды ұйымдастыруға және өткізуге қатысатын; ҚР Білім және ғылым министрлігінің Білім беру мазмұнын сараптау республикалық ғылыми-практикалық орталығы «Сарапшылардың электрондық базасына» Республикалық оқу-әдістемелік кеңес ұсынған оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу-әдістемелік құралдарды сараптау жөніндегі сарапшылардың құрамына кіретін; еліміздің, облыстың телевидениесінде трансляциялауға енгізілген, білім беру порталдарында орналастырылған бейне-телесабақтар дайындаған (болған жағдайда); интернет-ресурстарды пайдалана отырып, жұмыс тәжірибесін тарататын педагогтеріміз лайық деп саналды. «Педагог-шебер» біліктілік санатына «педагог-зерттеуші» біліктілік санатының барлық талаптарына және Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы жанындағы Республикалық оқу-әдістемелік кеңесте Республикалық оқу-әдістемелік кеңесте мақұлданған авторлық бағдарламасы бар немесе білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен немесе Техникалық және кәсіптік білім департаменті жанындағы Республикалық оқу-әдістемелік кеңес ұсынған оқулықтардың, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу-әдістемелік құралдардың тізбесіне енгізілген басып шығарылған оқулықтардың, оқу-әдістемелік кешендердің авторы (бірлескен авторы) болып табылатын немесе тест тапсырмаларын, оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендерді сараптау жөніндегі сарапшылар құрамына кіретін, педагогтердің біліктілігін арттыру бойынша тренер болатын адамдар; республикалық немесе халықаралық кәсіби конкурстардың жүлдегері, жеңімпазы болып табылатын, республикалық, халықаралық деңгейлердегі олимпиадалардың, конкурстардың, жарыстардың жүлдегерлерін немесе жеңімпаздарын дайындаған; республика деңгейінде тәжірибе жинақтайтын, педагогтерге арналған семинарларды, конференцияларды ұйымдастыру мен өткізуге қатысатын; еліміздің, облыстың телевидениесінде трансляциялауға енгізілген, білім беру порталдарында орналастырылған (болған жағдайда) бейне - телесабақтар дайындаған кәсіби құзыреттері бар ұстаздарымыз сай болды [145].
Жоғарыда аталған талаптардан байқағанымыз, қазіргі педагогтерімізге үлкен жетістіктерге ие болулары қажет. Әрине, мұндай жетістіктерге тек білім мен білік арқылы емес, үлкен ізденістер, мол шығармашылық еңбектер, кәсіби құзыреттіліктер мен инновациялық әрекеттер, ғылыми-зерттеушілік дағдыларды жүзеге асыру барысында жететіні анық. Ол үшін болашақ педагогтеріміздің дайындығын жоғары оқу орындарында білім алып жатқан шағынан бастаған жөн. Сондықтан да, елімізде педагогика саласында соңғы жарты ғасырдай уақыт ішінде жаңашылдық, инновациялық көзқарастар мен тұтас инновациялық жүйелер қарқындап дамығаны белгілі. Инновациялық педагогиканың дамуына себеп болған келесі басты белгілерді атауға болады:

  • жақын және алыс шетелдік педагогикалық инновациялық технологиялардың дамуы;

  • жекелеген пәннің білім мазмұнын сұрыптау мен оны меңгертуге интегративтік тәсілдеме тұрғысынан келу яғни пәнаралық байланыстың өсуі, ғылым мен өнер арасындағы байланыстың өсуі т.б. ықпал етуі;

  • түрлі педагогикалық жүйелердің өзара байланыса келіп, түйіскен нүктесінде жаңа инновациялық педагогикалық жүйелер қалыптасуы;

  • педагогикалық технологиялық прагматизмнің дамуы;

  • ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың дамуы;

  • өнердің салаларының дамуы;

  • ұлттық тілдердің дамуы;

  • барлығын жинақтап, ортақ заңдылықтарын танитын білім философиясының жаңаша дамуы.

Н.Нұрахметов инновацияның болмысын қарастыра келе, инновацияның көрінісін берілетін білім мазмұны арқылы, әдістеме, технология арқылы, оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыру арқылы, мектеп жүйесін басқару арқылы деп атап көрсетеді. Сонымен бірге Н.Нұрахметов инновацияны енгізу кеңістігін келесідей түрде жіктейді, олар:

    • инновациялық кеңістіктің жеке түрі;

    • инновациялық кеңістіктің модульдік түрі;

    • инновациялық кеңістіктің жүйелі түрі [142].

Инновациялық әрекетті қалыптастыру барысы инновацияны енгізудің логикасымен сәйкес жүргізілуі керек деп ойлаймыз.
Қазіргі заманғы педагогикалық технологиялар туралы еңбекте ғалымдар Ф.Б.Бөрібекова, Н.Ж. Жанатбекова инновацияны енгізудің төрт кезеңін көрсетеді, олар:

  • 1 кезең – жаңа идеяны іздеу кезеңі;

  • 2 кезең – жаңалықтарды ұйымдастыру кезеңі;

  • 3 кезең – жаңалықтарды енгізу;

  • 4 кезең – жаңалықтарды бекіту [143]

Педагогтің инновациялық дайындығы туралы мәселелерді қарастырған В.М. Монахов педагогті инновациялық әрекетке қосу үдерісінің қажетті қадамдары келесідей:

  1. педагогтің инновациялық деңгейін диагностикалау;

  2. инновациялық ақпараттық білімдік қор құру;

  3. ғылыми педагогикалық мекемелермен ынтымақтасып әрекет ету;

  4. педагогтің инновациялық жаңашылдықты оқушыларының, мектептің ұжымдық ғылыми-зерттеу тақырыбының, ата-аналардың сұраныс-ұсыныстарымен үйлестіре таңдауы;

  5. инновациялық тәртіпке енген кездегі жұмыс жағдайында басқару құрылымын жетілдіру, педагогтердің ол басқару шешімдерін орындауға белсенді қатысуы [144,б. 228].

Болашақ бастауыш сынып педагогтерінің инновациялық әрекетке даярлығының негізі – 2-4 сыныпқа арналған жаңартылған «Қазақ тілі» оқу бағдарламасы мазмұнындағы әрбір оқу мақсаты мен әр тақырыпты оқушыларға инновациялық тұрғыдан ұйымдастырып меңгертуге даяр болу дегеніміздің өзі, студенттің педагогтік тұлғасының мақсатты түрде инновациялық әрекетке даярлықтан өтуі дегенді білдіреді. Бұл мақсат арқылы бакалавр өзінің болашақ мұғалім ретіндегі кәсіби тұлғасын қалыптастыруға, инновациялық біліміне орай көзқарасын, қатынасын, мотивін, сезімі мен ерік-жігері, зияткерлік сапасын, ақыл-ойын жүйелеп дамытуға мүмкіндіктерін таниды.Жаңартылған бағдарлама негізінде болашақ бастауыш сынып педагогтерін инновациялық әрекетке даярлауды модельдеу үшін оның құрылымының құрамындағы компоненттерін, ол компоненттердің мазмұндарын, көрсеткіш ретіндегі нақты белгілерін, әр компоненттің жүзеге асырылу ерекшеліктерін анықтау қажет.
Осымен байланысты, жаңартылған бағдарлама негізінде болашақ бастауыш сынып мұғалімін инновациялық әрекетке даярлау кезеңдерінің суретін көруге болады (сурет 15).



Сурет 15 – Болашақ бастауыш сынып мұғалімін
инновациялық әрекетке даярлау кезеңі

Жаңартылған бағдарлама бойынша 2-4 сыныптарда «Қазақ тілі» пәнін оқыту үдерісінде белгіленген оқу мақсаттарына болашақ бастауыш сынып мұғалімі өзінің инновациялық әрекеті арқылы қол жеткізуді бастауыш білім беру үдерісіндегі прогресс деп бағалау керек. Өйткені жаңартылған бағдарламаның мазмұны мен құрылымы және ұзақмерзімді, қысқамерзімді жоспарларында, мұғалімге арналған әдістемелік нұқсауда, тұтас оқу-әдістемелік құралдары жүйесінде заманауи дидактикалық жетістіктер қамтылған. Сол жетістіктер мұғалімнің инновациялық әрекет етуіне, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне, жаңа педагогикалық технологияларды қолдануына кең арналы алаң болады. Жаңартылған оқу бағдарламасының инновациялық әлеуетін толық талдап-түсіне отырып, инновациялық әрекетке қосылу үшін, болашақ бастауыш сынып педагогі арнайы дайындықтан өтуі қажет. Осымен байланысты жаңартылған оқу бағдарламасына негізге алып құрылған элективті курстың мазмұнында болашақ бастауыш сынып педагогін инновациялық әрекетке даярлаудың барысы студенттердің инновациялық ойлауы мен инновациялық ой-санасын, даярлығын қалыптастыратын өзіндік ерекшелігі бар дидактикалық мақсаттар, оқу міндеттері, оқыту-оқу формалары, оқыту-оқу әдістері мен тәсілдерінің синтезделген тұтастығын танытады [145,с. 260].


Адам баласының қандай әрекеті болмасын көп мотивті болып келетіні белгілі. Сол сияқты педагогикалық әрекеттің де көпқырлы ерекшелігі белгілі. Соның ішінен инновациялық әрекеттің өзіндік ерекшелігі – оның өзіне, өзінің кәсібіне, іс-қылығына, мінез-болмысына, өмірлік ұстанымы мен көзқарастарына жаңаша тұрғыдан қарау, жаңа қатынастар құруға бетбұрыс жасау. Алдыңғы тарауларда қарастырған әдіснамалық негіздерді басшылық етіп, ұсынылатын модельдің әрбір көрсетілген бөлімінде болашақ бастауыш сынып педагогінің инновациялық әрекетінің аксиологиялық-құндылық, әрекеттік-рефлексивтік, әлеуметтік, психологиялық, шығармашылық- креативтік қырлары іштей қамтылғанын атап кетеміз. Жаңартылған білім мазмұны жағдайында болашақ бастауыш сынып педагогтерін инновациялық әрекетке даярлаудың құрылымдық-мазмұндық моделінің құрылымын ұсынуда осы мәселе бойынша зерттеген және қарастырған ғалымдардың еңбектеріндегі құрылымындағы модельдер негіз етіп алынды.Болашақ бастуыш сынып педагогтерін инновациялық әрекетке даярлаудың өзектілігі заманауи талаптардан туындап отырғаны белгілі. Болашақ бастуыш сынып педагогтерін инновациялық әрекетке даярлауды жүзеге асырудың тиімді технологиясын таңдап алу үшін зерттеу тақырыбының талабына сай келетін заманауи инновациялық педагогикалық технологияларға қысқаша талдау жасалынды. Ондай инновациялық педагогикалық технологиялар қатарында өте кең танымал технологиялар болуы да, тар аяда ғана таныс технологиялар да болуы мүмкін. Мәселе нақты біздің тақырыбымызға ол инновациялық педагогикалық технологиялардың қайсысы тиімді нәтиже бере алатындығында болғандықтан, ол инновациялық педагогикалық технологиялардың танымалдығы ғана рөл атқармайтынын атап өтеміз.
Инновациялық педагогикалық технология жаңартылған оқу бағдарламасын жетектеуші, таным қабаттарынан өткізуші күшке ие болып келеді. Инновациялық педагогикалық технологиялары дегеніміз педагогикалық технологиялардың ішіндегі жаңа буындары екені белгілі. Осындай жаңа буын технологиялары қатарында арнайы әдістемеде студенттермен бірге бірқатар инновациялық оқыту технологиялары талданылады. Олар:

  • дамыта оқыту технологиясы;

  • интерактивтік оқыту технологиясы;

  • жоба әдісін қолдану технологиясы;

  • оқу-зерттеу жұмысын жүргізу технологиясы;

  • денсаулықты сақтай оқыту технологиясы

  • ақпараттық-коммуникациялық технология;

  • ойын технологиясы;

  • рефлексия және импровизациялай оқыту технологиясы.

Біздің міндетімізге бұл инновациялық педагогикалық технологияларға терең талдау жасау кірмегендіктен, тек әрқайсысына анықтама беру және технология авторларының аты-жөні мен басты еңбектері аталынады.
Дамыта оқыту технологиясының 1996 жылы Л.В. Занков, Д.Б, Эльконин мен В.В. Давыдов ұсынған тұжырымдамасы бойынша [146], баланың дамуында ең басты орын оқып-білім алуға беріледі. Тұтас қоғамның және жеке тұлғаның мүддесі үшін оқыту ісі аз уақытта барынша мол білім алатындай деңгейде ұйымдастырылуы керек. Оқып-білім алу – дамудың алдында жүруі тиіс, оның өзінде генетикалық жас ерекшелігі шарттарын барынша пайдаланып, мүмкін болса кейбір мәнді түзетулер енгізіп отыру керек. Мұндай мүмкіндіктерге дамыта оқыту технологиясын қолдану арқылы ғана қол жеткізіледі.
Интерактивтік оқыту технологиясының тұжырымдамасы бойынша интерактивтік оқыту интеракция құбылысына негізделіп, оқушылардың өзара қарым-қатынасы бойынша оқу іс-әрекеттерін біріге орындауы, нәтижеге біріге отырып қол жеткізуі шешуші орында болады.
Жоба әдісін қолдану технологиясының тұжырымдамасы бойынша, оқушы аса қызығушылықпен орындайтын әрекет оның еркін таңдауымен алынған әрекеті, оқу әрекеті оқу пәнінен мүлдем тыс емес, дегенмен тапсырма оқушының өз бетімен сабақтан тыс ізденісі негізінде орындалады [147].
Оқу-зерттеу жұмысын жүргізу технологиясының тұжырымдасын алғаш америкалық Дж.Дьюи жасаған [148]. Дж.Дьюидің айтуынша, өзгенің жазған сөздері мен кітаптары білімді бере алады, ал нағыз тәрбиені тек қана адамның өзінің тәжірибесі береді. Оқушыны өзін қоршаған ортадан жұлып алып, оған әлемді басқа адамдар таныған материалды жаттатып керегі жоқ, оның орнына мектеп балаға өзін қоршаған әлемді игеруіне, меңгеруіне жол салу керек, зияткерлік дамуына жол салу керек.
Денсаулықты сақтай оқыту технологиясы оқыту мен тәрбиелеудің денсаулықты сақтайтын шарттары мен құралдарын жүйелеудің тәсілдерін көрсетеді. Бұл технология білім беру мен тәрбиелеу үдерісіне шынайы гуманистік-адамгершілік әрекет тұрғысынан қарау қажет екенін түсінуге үйретеді. Денсаулықты сақтай оқыту технологиясының тұжырымдамасы бойынша, жеке тұлғаның құрылымында тән, зияткерлік және рухани болмыстардың біртұтастығы бар [149].
Ақпараттық-коммуникациялық технологияның (АКТ) тұжырымдамасы бойынша, АКТ-нің бастауыш мектепте білім берудегі орны зор және сан түрлі болып келеді. Оқушының өзінің мүмкіндіктерін шығармашылықпен көрсете алуы үшін пайдаланылатын АКТ балалардың робототехникамен шұғылдануында, зияткерлік дамуында, компьютерлік бағдарламалар әзірлеуге үйренуінде тиімді технология болып табылады [150].
Ойын технологиясының бірқатар түрлері бар, олар: ойын ойнату, коммуникативтік, ойын терапиясы, танымдық, түзетушілік, әлеуметтену деп аталады. Интерактивтік оқыту технологиясының бір тармағы деп атауға болатын ойын технологиясында бірнеше маңызды факторлар түйіседі. Бастысы – оқушы оқу тақырыбына байланысты ойынға қызыға араласа отырып, топпен, ұжыммен тіл табысу, бірлесе әрі қызғылықты түрде жаңа бір нәрсенің шындығына көз жеткізуге үйренеді [151].
Рефлексия және импровизациялай оқыту технологиясының тұжырымдамасы бойынша, адамның өзінің іс-әрекетіне диагностика жасай білуі, өзінің әрекетінің табысты және тиімді болу жолдарын талдай білуі оны арнайы оқыту арқылы жақсы және жүйелі қалыптасады. Рефлексияны технология деп қарастырғанда, оның кезеңдері мен негізгі шарттарын анықтау арқылы әдістемелік жүйесін қалыптастыру мүмкін болады.Ал импровизациялауды технология деп алатын болсақ, оның ішінде педагогикалық импровизацияның болашақ бастауыыш сынып мұғалімінің инновациялық әрекетін даярлауда импровизациялық технологияның жаңашылдық деген өлшемінің алатын орны ерекше болуы мүмкін деген ой тұрады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   44




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет