Танымдық процесстердің мақал-мәтелдерде бейнеленуі.
Сүлейменова Гүлжазира Тажмағамбетқызы
психология магистрі,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
психология кафедрасының аға оқытушысы
Резюме
Статья посвящена анализу казахских пословиц через психические
познавательные процессы, как ощущение, мышление, память и т.д.
Казахский народ умело выражал в пословицах тесную связь речи с
умственной деятельностью человека и общением.
The article is dedicated to the analysis of kazakh proverbs through
psychological cognitive processes such as feelings,thinking and memory.
Кazakhs were adept at expressing the tight connection of speech with the mental
capacity of a person and communication.
Таным процестері сезімдік және ақыл-ой сатылары арқылы жүзеге
асады. Дүние туралы алғашқы мәліметті адам сезім мүшелері арқылы алады.
Сезім мүшелерінің бастысы көз. Халық көру мүшесі – көзді қос шамшырақ
деп ерекше қастерлеген. Расында да, көрмеген нәрсенің түр- түсі, формасы
туралы адам санасында дұрыс ұғым тумайды. Халықтың «Көрмегенге көсеу
таң», «Көрмей білмейсің» дейтін мақалдары осы жағдайда туындаған, «Көп
жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» сияқты мақалдары осы пікірімізді
онан сайын толтыра түседі. Мақал-мәтелдерде адам түйсіктері, ақыл, ой,
сезім процестерімен байланысты болса ғана өз мәніне ие болатындығы
«Көңілдегі сырды көз біледі», «Көз көрмей көңіл сенбес», «Жүректің сырын,
көздің нұры паш етер» сондай –ақ адамның сезім мүшелерінің тану
қабілетінің шегі жоқ екендігі жөнінде тиісті мағлұматтар берілген. Мысалға,
«Көз көругетоймайды, құлақ естуге тоймайды». Мақал- мәтелдерден
танымның сезімдік және ақыл-ой басқыштарының бір-бірімен байланысты
екендігі туралы айтылған қызықты жәйттарды да көптеп кездестіруге
болады.Сыртқы дүниенің толып жатқан құбылыстарының барлығын тікелей
сезу қиын. Дүниеде біз тікелей біле алмайтын заттар мен құбылыстар да мол.
Адам естіп көргенін, сезіп сипағанын ақылға салып өңдеп, бір-бірімен
салыстыра, талдай жинақтап, жалпылай алу қабілетін ие болады. Жанама,
жалпылай, сатылап тану арқылы біз құбылыстардың ішкі мәніне, олардың
бірінің себеп, екіншісінің салдары екендігіне, бірінің екіншісінен туып
отыратындығына көзіміз жетеді.
Адамға жан- дүиесінің тілдегі көрінісі, яғни ой шындығының сөз
арқылы көрінуі де мақал-мәтелдерде кеңінен бейнеленген. Сөз күшті, қуатты,
құдіретті қару. «Сөз өнері дертпен тең». Халқымыз олақ сөзге шолақ жанды
әжуалап, аз сөйлеп, көп ойлап, логикаға жүгініп отыру қажетттігін ерекше
ескерген. Мәселен «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады», «Сөз сүйектен,
таяқ еттен өтеді», «Жылы- жылы сөйлесең жылан іннен шығады»,
«Шешеннің тілі шебердің бізі» деген мақалдар сөз құдіретінің
психологиялық астары қандай болатындығын жақсы аңғартады. Сөйтіп
шебер де шешен де сөйлей білу адамның асыл қасиеттерінің бірі болып,
кісіге психологиялық әсер етудің тәсілі болып табылады.
Жалпы, бейнелі сөз шешендік өнерге құрмет о бастан-ақ қазақ
психологиясына тән сипат. Шоқан Уалиханов «қазақ шешендікке құмар, ол
сөз өнерін, әсіресе әзіл-оспақты қатты сүйеді» деп тегін айтпаған [1].
Халық «Тіл алмас семсер» деп сөйлеудің құдіретін айта келіп осы
өмірге дұрыс пайдалана алмаса ол адамның өзіне тиіп, ойсыратуы мүмкін.
Мәселен «Сүйреңдеген жаман тіл сүйгеніңнен айырар», «Тура тілімді тыя
алмаймын, туғаныма сыя алмаймын», «Басқа пәле тілден» деген мақал-
мәтелдерде тілдің ұстарадай қылпып тұрған нәрсе екендігі, оны өте шебер
пайдалану қажеттігі еске салынады. Әрине, кез-келген шешендік өнерді
ерінбей, жалықпай, үзбей ізденген үлкен еңбектің жемісі. Сөйлеу
мәдениетіне жетілу баршамызға ортақ міндет. Ақылға қонымды жақсы сөздің
жанға жылы тиіп, адамды небір тамаша сезімдерге бөлейтіндігі, тек осындай
шынайы сөздермен өрнектелген ой ғана әрі өткір, әрі әсерлі болатындығы
белгілі. Мәселен, «Жақсы сөз жанның тынысы, жақсы адам елдің ырысы»,
«Жақсы сөз жанға азық», «Күш жеңбегенді сөз жеңеді», «Қаһарлы сөз қамал
бұзар» деген мақал-мәтелдерден адамға тигізетін әртүрлі әсері айтылған. Сөз
адамның көңілін көтеріп, оны шаттық сезімге бөлейтіндігі, сөздің шипалық
қасиеті жақсы байқалады. Адамзаттың жануарлар дүниесінен ерекшеленуі
мен табиғатты меңгеруіндегі басты іс-әрекетінің бірі және өзіндік қасиеті
оның дыбысты анық тілі. Дыбыстық анық тіл арқылы адамзат өзара қарым-
қатынас жасап өмір тәжірибелерін ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп қалдырып
отырады. Сөйлеу арқылы іс-әрекетпен қарым-қатынас жасау тілді құрал етіп
пайдалау нәтижесінде жүзеге асады. Сөйлесу арқылы істер мен мәселелердің
түйіні шешіледі. Адамдардың тіл арқылы сөйлесуі, тілді құрал етіп
пайдалану әрекеті күрделі психологиялық процесс[2].
Ақыл ой немесе интелектік әрекет ең алдымен, іс әрекеттерді
жоспарлайды, екіншіден оны жүзеге асыруды, үшіншіден орындаған іс-
әрекеттердің жемісін алға қойған мақсат-мүдделермен салыстырады.
Осындай ақыл-ой нәтижесінде әр адамның мәнез-құлқындағы даралық
ерекшеліктері қалыптасады. Және әрбір адамның тәжірибесі, оның іс-әрекет
түрлері өзгелердің ісі қоғамдық тәжірибелер арқылы байып, жаңа сипаттарға
ие болып отырады. Адам өзінің іс-әрекеттерін жоспарлайды, ойлау арқылы
оларды тиісті міндеттерді шешуге қолданудың жолдарын іздестіреді, жүзеге
асыру тәсілдерін қарастырады. Мұның барлығы да тіл, сөйлеу арқылы
дамиды. Осы жәйт тіл адамның ақыл-ой әрекеттеріндегі қатынас құралы
екендігін тағы да бір қырынан ашып көрсетеді. Халық сөздің, тілдің ақыл-ой
әрекетімен қарым-қатынасын өздерінің нақыл сөздері мақал-мәтелдерінде
көрсетіп отырған. Ақылдылықтың басты белгісі – дұрыстап сөйлей білу.
Адамның басында қандай ой туса, егер ол оны лайықты сөзбен бере алмаса,
ол айтушыға да, тыңдаушыға да түсініксіз, күңгірт болады. Сөйлеу
мәдениетіне жетілмейінше ақыл-ой мәдениетіне жету қиын. Халқымыздың
ойға олақ, сөзге шорқақ адамдарды үнемі әжуалап келуі де осы мәселеге
ерекше мән беруінен болса керек. Мәселен «Сөйлей білмеген сөзді өзіне
келтіреді», «Таппасаң сөздің жүйесін, отына өзің күйесің», «Аңдамай
сөйлеген ауырмай өледі» «Құрғақ сөз бас ауыртар», «Қысыр сөзде қырсық
көп» деген секілді мақалдарда сөйлеу өнерінен жұрдай жандар тәлкек етіледі,
жастардың сөз өнеріне жетік болуы жайлы айтылады. Тыңдаушы адамның
психологиясын ескергенде ғана сөз өз объектісіне дөп тиеді, қуатты да
қаһарлы болады [3]. Бұл жөнінде халқымыз былай дейді: «Жүйелі сөз
жүйесін табар», «Ойнап сөйлесеңде ойлап сөйле». Аз сөйлеп көп ойлау,
үнемі логикаға жүгініп отыру да тамаша қасиет. Халқымыз осы жайтты да
қатты ескерткен. Сондықтан да олар «Көп сөз күміс, аз сөз алтын», «Тоқсан
ауыз сөздің тобықтай түйіні бар» деп түйген.
Сөйлеу мәдениетіне ерекше жетілу шешендік өнермен тығыз
байланысып жатады. Қазақ халқы шешендік өнерді ерекше құрметтеп, ондай
өнері барларға төрден орын берген. Тілдің сырына қанық оны дұрыс
пайдалана білетін адамдар жайында мақалдар «Жүзден біреу шешен, мыңнан
біреу көсем», «Шешеннің сөзі ағып тұрған балдай» деп шешендік өнер кез-
келген адамнан табыла бермейтін қасиет екендігін, шешендік өнерге адам
өмір бойы іздену, еңбектену арқылы жететіндігін еске салады. Мәселен
«Тілдің майын тамызып, сөздің балын ағызып, қас шешендер сөз айтар»,
«Шешеннің сөзі мерген, шебердің көзі мерген», «Көп ішінде сөйлеген
көсемдіктің белгісі, сөзі ұнаған шешендіктің белгісі», «Шешен сөз бастар,
батыр қол бастар» және т.б. мақал-мәтелдерде шешеннің сөзі қынаптап
суырылған қылыштай өткір, соқырға таяқ ұстатқандай анық, ойға қуат,
мағыналы да көркем, шешендік сөздің өткірлігі оның тек сұлулығында ғана
емес, оның логикалық мазмұнында, шындықты жайып салып көркем тілмен
айтуында дегендей салиқалы қорытындылар жасалады.
«Жақсы сөз жарым ырыс» деген мәтелдің психологиялық, тәлім-
тәрбиелік маңыздылығы зор. Үлкендердің өмір тәжірибесі мен ізгі
тілектердің кейінгі жастарға көркем сөзбен, әсем мәнермен, бейнелі
сипаттармен ақыл кеңес ретінде үлге өнеге етіп қалдырылды. Қазақ елінің
тұрмысы мен салт –дәстүрінің тарихи дамуы , тірішілік –тұрмыс бейнесінің
тәлімдері. Жазу-сызу кең таралмаған кезде мақал-мәтелдер ұтымды сөздер
арқылы үлгі өнегелі сөздердің ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп жеткізілуі.
Халқымыздың көркем сөзді, кең ойды, өлең-жырды қастерлеп, сөз
шеберлері- шешен адамдарды үнемі сый құрмет көрсетіп құрметтеуі. Сөзбен
ойдың бірлестігі алғашқы адамдардың психологиясында да үлкен орын алған.
Сөзбен ойлаудың арқасында ғана бірінің білмегенін екіншісі біліп, ақыл –
ойын молайта түскен. Тілмен ойдың бір-бірімен тығыз байланыста
болатынын халық ерте кездің өзінде –ақ байқаған. Мәселен «Ішімдегінің бәрі
тілімде, тілімдегінің бәрі түсімде» деген мақалы адамдардың басындағы ойы
тілінен көрінетіндігін, ал тілдің өзі адам психологиясын байқататын тамаша
құрал екендігін жақсы көрсетеді.
Қазақ мақалдары адамның ішкі жан-дүниесіне терең бойлап, кісінің
қарым-қатынасын аша түсуде өнеге мектебі дерлік. Мәселен қалық
ұғымында ақылдылық- баға жетпес қазына. Бұл туралы халық «Түйедей
бойың болғанша, оймақтай ойың болсын», «Ақыл азбайды, білім тозбайды
дейді». Ақыл, білім, тәжірибе- тәлім-тиәрбиеліктің нәр алатын бастауы.
Демек, әрбір адам, тіпті күнделікті күйбең тіршілігінде де істі ақылға салып
отырмаса болмайды, онсыз мақсатқа жету қиын. Алдағы іс-әрететтің
нәтижелілігін болжау да ақылға байланысты. Мақалдар сөзді салмақтап,
ойлана айтуға үйретеді. Халық даналығы бөспе сөзбен мылжыңдықты
ұнатпай, ондайларды өткір сынға алған. Мәселен «Құрғақ сөз бас ауыртар»,
«Көп сөз күміс, аз сөз алтын», «Қысыр сөзде қырсық көп» деген мақалдардан
жақсы көрініс тапқан. Осы айтылғандардың бәрі ақыл-ой мен зерделіліктің
сөйлеу мәдениеті мен тығыз ұштасып отыратынын меңзейді.
Сондай-ақ «Ашу алды, ақыл соңы» деген мәтелде қызба ашуға ерік
бермей, салқын ақылға салып сын сәттің өзінде де салмағын жеңілдетпей,
ақылға іс қылатын адам туралы айтылады. Мұндай адамдарды қазақ
«Ашуынан ақылы бұрын тұрған адам» дейді. Мұның мәнісі ақылыңды
ашуыңа алдырма, ашулансаңда ақылыңа салып, сабаңа түс, парасат
пайымыңды жоғалтпа дегендік.
Мақал-мәтелдерде ой сананың қалыптасу кезеңдерінен көптеген соны
мәліметтер береді. Адам ақыл-ойының дамуында оқу, білім мен тәрбиенің
атқаратьын рөлі зор. Мына мақалдар «Көп жасаған білмейді, көпті көрген
біледі», «Көп оқыған білмейді, көп тоқыған біледі» , «Білімнен асар байлық
жоқ» деген осы айтылған түйіннің куәсі іспеттес [4].
Мақал-мәтелдерде адамның ес, жад қуаттары жөнінде де аз айтылмаған.
Бұлардың ғылыми психологиямен тамаша ұштасып жатуы да таңғаларлық
жағдай. Мәселен біреу көзбен көру, екінші біреу құлақпен үшінші адам
қозғалыс мүшелерінің қатысуымен , ал төртінші біреу бұларды араластыра
есте сақтайтындығын, біреу тез арада есте сақтай алатын болса, екінші біреу
бұған ұзақ уақыт машықтанатынын халық даналығы жақсы көрсеткен. Әрине
жалаң есте сақтаумен адам алысқа бара алмайды, ол есін басқа қасиеттермен
ұштастырғанда ғана бағалы болмақ. Бұл жерде естіңқасиеттері деп естің
беріктігі, нақтылығы, реакция шапшаңдығы айтылады. Бұл айтқанды «Ақпа
құлаққа айтсаң ағып кетеді, құйма құлаққа айтсаң қағып алады», «Оқығаныңа
мәз болма, тоқығаныңа мәз бол» деген мақалдар жақсы қуаттайды. Немесе
қарт адам жуырда ғана оқыған, естіген, көрген нәрселерін тез ұмытады, бұл
естің әлсіреуіне әкеледі. Осыны «Ер қартайса жаңылшақ» деген дана сөзде
нақтылай түссе, оқығанды миға тоқуда қайталаудың маңызы зор екенін,
«Бұрынғыны айтпай соңғысы еске түспейді», «Көз көруге құлақ естуге
тоймайды» дейтін мақалдар қуаттайды. Ал сын көзімен қабылдау естің
дамуына елеулі ықпал ететіндігін «Өз қатесін көрмеген, кісі қатесін сезбейді»
деп түйіндейді. Есте сақтауда, еске түсіруде материалдың эмоциялық
әсерімен байланысты болатындығын, жақсы, шапағаты мол мәселелерді есте
мықтап сақтауға меңзейтін мақал-мәтелдерде баршылық. Адамның есте
сақтау қабілетіне айрықша баға беріледі, ақылдылық жоғары дәріптеледі.
Адам бұрын өзі көріп білмеген нәрселердің бейнесін көз алдына
елестетіп, олардан жаңа бейне жасайды. Немесе бұрынғы қабылданған,
жинал,ан бейнелерге сүйене отырып өз басында тың, соны жаңа елестер мен
идеялар тудырады. Осындай жаңа соны бейнелер мен идеяларды қиял деп
атайды. Бұл тек адамға ғана тән, адамның еңбек әрекетімен дамитын
психикалық процесс. Мақал-мәтелдерде адам танымының бір жағы қиял
туралы да қызғылықты ойлар аз емес. Мәселен арман мен қиялдың адам
өміріндегі орны жайында «Арманы жоқ жігіттің дәрмені жоқ», «Армансыз
адам қанатсыз құспен тең» дейді.әрбір адамдарға алдындағы жарқын
болашағына байланысты армандай білу қажет. Мақсатқа сай армандай алу
армандарға зор қуат беріп, іске талпындырады. Қиялдың адам қажетіне асуы
оның шындықпен байланысты болып келуі адамға ерекше қанат бітіріп оның
ілгері өрлеуіне себепші болады. Бұл орайда халық «Қыран жетпеген жерге
қиял жетеді» деп өте тауып айтқан.
Қолданылған әдебиеттер:
1.
Жарықбаев Қ.Б. Қазақ психологиясының тарихы.- Алматы: Қазақстан,
1996.- 145 б.
2.
Жарықбаев Қ.Б. Қазақ тәлім-тәрбиесі: Қазақ ұлттық педагогикасы мен
ұлттық психологиясының тарихы. – Алматы: Санат, 1995.- 352 б.
3.
Қалиев С.Қ. Қазақтың тәлімдік ойлар антологиясы. – Алматы: Сөздік-
Словарь, 2007.- 416 б.
4.
Елікбаев Н. Ұлттық психология. – Алматы: Қазақ университеті, 1992.-
96 б.
Достарыңызбен бөлісу: |