І жүргізуші Аянат: Ия, бүгін сол, мектептің айнасы, бәйтерегі, ұстаздар қауымының төл мерекесі. Олай болса, бүгінгі күн ұстаздарға арналмақ.
II жүргізуші Айым: Ұстаз — ұлағатты есім. Күн сәулесі өмірге қандай жарық берсе, ұстаз есімі де шәкірттерге күндей жарық береді.
Ақырын жүріп анық бас.
Еңбегің кетпес далаға
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға,
– деп Абай атамыз айтқандай, шәкірттерінің өзінен озғанын калаған ұстаздар қауымы…
БІРГЕ: Мерекелеріңіз құтты болсын!
Ән: «Ұстазыма»
І жүргізуші Аянат: Мұғалім: – Мұғалім еңбегінің әлеуметтік мәніне, елдің мәдени өміріндегі белсенді рөліне кезінде қазақ зиялылары көп көңіл бөлген. Ахмет Байтұрсынұлы “Жақсы мұғалім мектепке жан кіргізеді, басқа кемшілігі болса, мұғалімнің жақсылығы жабады, білдірмейді” – деген болатын. Мұғалім білім нәрін себуші.
II жүргізуші Айым : — Сіздер қалай ойлайсыздар, құрметті қонақтар, менің ойымша, кез-келген мұғалім ұстаз бола алмайды. Себебі ұстаздық – өнер, тағылымы терең өнер. Ал өнерлі болу кез-келген адамға қона бермейді. Олай болса, шын ұстаз болу үшін табиғи дарын ізгілікті ізденіс пен ерен еңбекке ұштастырылуы шарт. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген сөз тегін айтылмаса керек.
І жүргізуші Аянат: Шынымен де, мен де осы сөзің дәлелді бола түсуі үшін мына жыр шумақтарын қосайын:
Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы,
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның алтындығы –деп ақын Ғафу Қайырбеков ағамыз жырлағандай, біздің мектебімізде сөзі – маржан, үні – ән ұстаздардың бар болғанын мақтаныш етемін. Әрине, ұстаз жүгі – ауыр жүк. Адамның жан дүниесін түсініп, ренжітпей, қателігін сездіре білу – бұл нағыз шеберлік емес пе?!
ІІ жүргізуші Айым : Күллі өмірін жеткіншекке арнаған
Мұғалімді ардақтайды барша жан
Ол мектептен шықпаса да қыс — жазы,
Жемісі оның жердің жүзін шарлаған
I жүргізушіАянат: Ұстаздар! Қандай ғажап халықсыздар!
Шәкіртке шыңдай биік алыпсыздар.
Жан біткен жанарына нұр сыйлаған,
Күндей боп күлімдеген жарықсыздар.