Ұстазы жақсының ұстамы жақсы
Шәкіртінің бойына білім нәрін сусындатып, ақылын айтып, қателерін түзеп, оны кешіре білген ардақты ұстаздарымыздың дәрежесі қашанда жоғары.
Баланың тәрбиесі отбасынан басталады, бірақ ол тәрбиенің құндылықтарын арттыратын білім ордасы болса, бұл ошақтың жаны мен жүрегі – мұғалім. Сондықтан отбасынан кейінгі баланың тәрбиесі мектепте, одан кейін орта және жоғары білім беру орындарында қалыптасады.
Жақсы ұстаз өз шәкіртіне әрқашанда үлгі болып қалады. Осы бір қанатты сөздің аясында ұлық тәрбиенің барлығын шәкірт тәрбиелеу жолына жұмсап келе жатқан Қоянды селолық округінің №35 орта мектебінің мұғалімі Тәңірбергенова Сафура Камаловна. Менің ойымша, жақсы ұстазда біріншіден, терең білім болуы тиіс. Ал содан кейін үлкен жүрек болуы керек. Себебі, барлық білімгердің еркелігін көтеріп, әрбір оқушыны өзіне тарта білу және оны тыңдай білу әр адамның қолынан келе бермейтін жауапты іс. Дәл осындай үлкен жүрек пен шәкіртіне деген шексіз махаббат С.Тәңірбергенованың бойынан табыла білген алтын қасиет десем артық айтқаным емес.
«Ұстаз болу – жүректің батырлығы, ұстаз болу – сезімнің ақындығы»- дегендей ұстаздың міндеті ауыр, сонымен қатар жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Шыдамдылық пен төзімділік қасиеттері ұстаз маманына ауадай қажет. Елімізде орын алған эпидахуалға байланысты қашықтықтан оқыту кезіңде де ұстаздарымыз қиындыққа дес бермей, студенттердің толыққанды білім алуына бар күш – жігерін сала білді. Ұстаз – өз кәсібін, барлық шәкіртін шексіз сүйетін адам. Осы сүйіспеншілігінің арқасында шәкірттерін алға жетелейді, бағыт-бағдар береді, шабыттандырады, іске батыл және сенімді қарап кірісуіне септігін тигізеді. Ұстаз үнемі лүпілдеп соғып тұрған жүректің жадында сақталады. Шәкірт пен ұстаз арасындағы сыйластық, өзара қамқорлық сезімдері шәкіртінің шыңдалуы мен білім нәрімен сусындауына септігін тигізеді.