Үстіңгі жақтың өткізгіш анестезиясы. Түбір анестезиясы. Нысана үстіңгі жақтың төмпешігі. Онда үстіңгі тістер өрімінің артқы бөлігіне кіретін көптеген тесіктер бар. Нысана белгілері: 876/678 тістер, өтпелі қатпар мен шықшыт-альвеола қыры. Ақыл тіс ұясының шетінен тесіктерге дейін 2,0-2,5 см-дей.
Ішкі тәсіл –ауызды сәл ашылған қалпында езу мен ұртты стоматологиялық айнамен сыртқа тартады. Инені шықшыт-альвеола қырының артын ала 2 азудың немесе 2-3 азудың арасына шамалап өтпелі қатпарға қадайды. Сүйекті жағалай отырып жоғары, артқа, ішке қарай бағытталған ине үстіңгі жақ төмпешігін айналып өтеді. Ине жылжыған сайын аздап анестетик жіберіп отырады, бұл қан тамырларын инемен жарақаттанудан сақтайды. Шаншу тереңдігі 2,0-2,5 см 10-12 мин соң жоғарғы артқы тіс ұяларының нервісі анестезияланады. (4 сурет)
4 – сурет. Туберальды жансыздандыру.
Анестезия аумағы. Үш азу мен оның тұсындағы альвеолды өсінді, кіреберістегі кілегей қабық, үстіңгі жақ дөңесі, гаймор қуысының артқы қабырғасының кілегей қабығы.
Сыртқы тәсіл – науқастың басын қарсы жаққа бұрып сол қолмен шықшыт-альвеола қырын белгілейміз. Оң жақтан ине шаншығанда сол қолдың сұқ саусағы мен бас бармақты жоғарыдан төмен ұстаймыз. Мұнда сұқ саусақ қырдың иілген жеріне тіреледі. Бет сүйегі мен шықшыт – альвеола қыры арасында үлкен бұрыш пайда болады. Жұмсақ тіндер саусақпен сүйекке қарай сығылады. Инені аталған бұрышқа шаншып, ерітінді жібере отырып жоғары, ішке, артқа қарай 2,0-2,5 –дей тереңдікке бойлатады.
Сол жақтан ине шаншығанда бас бармақ шықшыт-альвеола қырының алдында, ал сұқ саусақ шықшыт-альвеола бұрышы мен қырдың арт жағын ұстайды.
Инфраорбиталық (көзасты) анестезиясы (5 а,б – сурет). Нысана - көзасты тесігі, көз шарасының төменгі қырынан 0,5-0,75 см-дей төмен жүргізілген көлденең сызық пен 2-ші үстіңгі кіші азулар мен иек тесігі арқылы жүргізілген тік сызықтар қиылысында немесе тік алға қарап тұрған көз қарашығы арқылы жүргізілген тік сызықтар қиылысында орналасқан. Іс кезінде көз шарасының төменгі қырындағы үстіңгі жақ пен бет сүйегінің бірігуінен пайда болған бұдырдан 0,5-0,75 см төмен алады. Өзек алға, ішке төмен қарай бағытталған. Олардың жалғасы орта күрек тістердің арасындағы қызыл иектен сәл жоғарылау жерде қиылысқан болар еді.
5-сурет. Көз асты жансыздандыру.
А) ауыз қуысы сыртынан; б) ауыз қуысы ішінен.