§ химимялық әсерлерден бұзылмауы, ауыз сұйығында ерімеуі;
§ қатайғаннан кейін көлемінің тұрақтылығын сақтауы, себебі көлемі кішірейіп кетсе, пломбының төңірегінде саңылау пайда болады, ал көлемі үлкейсе қуыс қабырғалары іштен қысым түсуі әсерінен сынып кетеді;
§ жылу өткізгіштігінің төмен болуы;
§ тіс тіндеріне жабысу қасиетінің жоғары болуы;
§ тістің түсін өзгертпеуі және кіреуке түсіне сай болуы;
§ тістің тіндеріне және жалпы организмге зиянды әсерінің болмауы;
§ біраз уақыт жұмсақтығын сақтауы және тісжегі қуысына енгізудің және тістің пішінін қалыптастырудың оңай болуы;
§ антисептикалық қасиетінің болуы;
Стоматологиялық цементтер. Олар үлкен топ құрайды және бірнеше түрге бөлінеді: фосфатты – цементтер, силикатты, силикат-фосфатты, поликарбоксилатты және иономерлі (шыны-иономерлі) цементтер.
Фосфатты цементтер. Ұнтақ және сұйық түрінде шығарылады. Ұнтағының 75-90% мырыш тотығынан және басқа металдар тотықтарынан (MgO – 5-13%, SiO2 – 0,05%, Al2O3 – 0,05-2,5%) тұрады және аз мөлшерде кальций фториді, кальций тотығы және басқа да бояғыш заттар бар. Сұйығы – мырыш тотығының, алюминий су тотығының, кейде магний тотығының көмегімен жартылай бейтараптандырылған ортофосфор қышқылының судағы ертіндісі. Ұнтақ пен сұйықты араластырған кезде фосфор қышқылының барлық көлемі мырш тотығымен химиялық реакцияға түсіп, цинк-фосфаты құрылады және пломбылық материалдың құрамында артық қышқыл қалмайды. Тіс тіндеріне зиянды әсерінің болмауына байланысты фосфатты-цементті көбінесес аралық төсем ретінде пайдаланады. Фосфатты-цемент бірнеше атпен Ресейде шығарылады: фосфат-цемент, ортопедиялық конструкцияларды бекітуге арналған фосфат-цемент, висфат-цемент, унфас (универсальный фосфат-цемент), бактерицидті цемент (диоксивисфат, құрамында күміс бар фосфатты-цемент, бактерицидті фосцин).
Фосфатты-цементтер аралық төсем үшін, сүт тістерін пломбылауға, түбір өзектерін толтыру және ортопедиялық конструкцияларды бекіту үшін қолданылады.
Силикатты - цемент. Бұл топтағы цементтердің ұнтағының құрамына 47% дейін кремний оксиді, 35% дейін алюминий оксиді, 15% фторлы натрий, 3-15% кальций оксиді, 0,2-1,5% магний оксиді кіреді. Сұйығы – мырш тотығы және алюминий су тотықтарымен жартылай бейтараптандырылған орта-мета-пирофосфор қышқылдарының судағы ертіндісі.Силикатты-цементтің өкілдері: силицин, силицин-2, алюмодент, фритекс, силикап. Құрамында кремний тотығының басым болуына байланысты силикатты-цемент тіс кіреукесіне түсі жағынан жақындау. Сондықтан басқа пломбылық материалдар болмаған жағдайда (ауылды жерлерде немесе қаражат жетіспеушілігі кезінде) оны III, IV, және V кластық тісжегі қуыстарын пломбылау үшін қолданады. Ұлпаға зиянды әсері болғандықтан пломбының астына міндетті түрде аралық төсем салынады.
Силикатфосфатты-цементтер. Бұл цементтер силикатты және фосфатты цементтердің ұнтақтарын араластыру арқылы алынады. Аралас ұнтақтың 80% силикатты цементтің, 20% фосфатты цементтің ұнтағынан тұрады. Сұйығы – фосфор қышқылдарының (орта-мета және пирофосфор қышқылдарының) қоспасы (жартылай бейталаптандырылған) силикатфосфаттты цементтердің қолдану аялары тар. Соңғы кезде шығарылып жатқан композиттік материалдар бола бермейтін ауылды жерлерде, қаражат тапшылығын көп тартатын адамдардың бұзылған тістеріндегі I, II және III кластық (ерін жақ бетінде кіреуке сақталған жағдайда) тісжегі қуыстарын және жасанды сауыттармен жабылатын тістердегі тісжегі қуыстарын пломбылау үшін қолданады. Бұл цементтердің өкілдері: силидонт, силидонт-2, люмикон, лактодонт және инфантид (сүт тістері үшін).
Полимерлі цементтер. Полимерлі цементтер (полимерные цементы) – бұзылған тісті қалпына келтіретін жаңа пломбылық материалдар тобына жатады. Олардың минералды цементтерден айырмашылығы – араластыратын сұйық ретінде тістің қатты тіндерімен химиялық байланысқа түсетін полиакрил немесе полималеин қышқылдарының пайдаланылуы.
Поликарбоксилатты цементтер. Поликарбоксилатты цементтер (ПКЦ) өткен ғасырдың 60-шы жылдарында ойластырылып шығарылды. Ұнтағы – магний тотығы қосылған мырыш тотығы ( фосфатты-цементке ұқсас). Ал сұйығы – полиакрил қышқылының 37% судағы ертіндісі. Физикалық-механикалық қасиеті жағынан цинкфосфатты-цементтерге ұқсас, тіс тіндеріне жақсы жабысады, сұйықта аз ериді, биолоиялық сиымдылығы жоғары, тіс тіндерімен химиялық байланысқа түсе алады, ұлпаға зиянды әсері жоқ.
Қолданар алдында ұнтақ пен сұйықты шыны бетінде бірден араластыруға кіріседі. Дұрыс араластырылған цемент қою және аздап созылғыш, беті жылтыр болады. Тісжегі қуысына бір бөлікпен ғана апарылып, қуыс қабырғасына жаймалана жабыстырылады. Араластыруға және қуысқа қою уақыты – 3 минөттен аспауы керек, жіпше созыла бастаған цеметі пайдалануға болмайды. Қатайған цементтің артық бөлігін аршығыштың көмегіммен алып тастайды.
Поликарбоксилаттық цементтер аралық төсемнен басқа ортопедиялық және ортодонтиялық конструцияларды бекіту үшін, сүт тістерін және жасанды сауыттармен жабылатын тістерді пломбылау үшін қолданылады.
Шетелдік өкілдері: « Carboxylate Cement » , « Durelon », « Harvard CC », « Carboco ».
Кейінгі кезде бұл цементтердіңсуға араластырылатын түрлері де шығарылуда. Мұндай цементтерде лиофилденген полиакрил қышқылы ұнтақтың құрамына кіреді. Цементті суға араластырған кезде қышқыл ериді де, гель-матрица құра отырып, химиялық реакцияға қатынасады. Суға араластыратын цементтің өкілдері: “Poly-F-Plus”, “Aqualox”.
Шыныиономерлі цементтер (иономерлі цементтер). Шыныиономерлі цементтер (ШИЦ) алғаш өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап қолданыла бастады, қазіргі кезде тұрақты реставрациялаушы материалдар шығару мақсатында олардың құрамдары жетілдіріліп, түрлендірілуде. Шыныиономерлі цементті 1971 жылы алғаш ойлап тапқан Wilson. Ұнтағы құрамында әртүрлі қатынастағы кремний- алюминий және фтор-алюминий бар ұсақталған алюмосиликатты шыны. Сұйығы қатарында қолдану мақсатына байланысты бірде дистилденген су, бірде полиакрил қышқылының 50% судағы ертіндісі пайдаланылады. Иономерлі цементтер дентинге биологиялық жақындығына байланысты тіс тіндеріне зиянды әсер көрсетпейді және ұлпаны тұрақты пломбылық материалдардың зиянды ықпалынан қорғайды.
Иономерлі цемент тіс тіндерінің жақсы тазаланған және табиғи ылғалды бетіне жақсы жабысады. Цементтің дентинге жақсы жабысу қасиетін коллаген талшықты органикалық негізбен кальцийдің иондық бірігуінің (қосылысының) нәтижесі деуге болады. Пломбылық материалдың қатаю уақыты – 4 минөт, көлемінің кішірею мөлшері 0,1 % (көбіне араластыру сапасына байланысты). Иономерлі цементтердің құрамындағы фтор тіс тіндеріне толассыз бөлініп тұрантындықтан, екіншілік тісжегінің даму мүмкіндігі өте төмен.
Иономерлі цементтер қатаю жолына байланысты химиялық жолмен және сәулемен қатаятын болып екі топқа бөлінеді.
Шыныиономерлі цементтерді қолданатын кездер:
1. III және V кластық тісжегі қуыстарын, сынаға ұқсас ақауларды, кіреуке эрозияларын пломбылау үшін;
2. барлық сүт тістеріндегі тісжегі қуыстарын пломбылау және табиғи сайларды жабу үшін;
3. аралық төсем ретінде әртүрлі пломбылық материалдардан тұрақты пломбы қою кезінде;
4. тістерді реставрациялаудың негізін (ядросын)қалау үшін;
5. штифтерді және ортопедиялық, ортодонтиялық конструкцияларды бекіту үшін;