Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті
Студенттің өзіндік жұмысы
Тақырыбы:Мағжан өлеңдеріндегі символдық бейнелер
Орындаған:Райханова:Айдана 208-топ
Тексерген: Юсуп.А
ЖОСПАР
І Кіріспе. Символизмнің әдеби стиль ретіндегі маңызы
ІІ Мағжан поэзиясындағы бейнешілдік - тәуелсіз Қазақ елінің мемлекеттік символикаларының негізі
2.1. Романтизм және символизмнің Мағжан поэзиясындағы ролі
2.2. Ақынның өлең өрнегін өрудегі символдық бейнелерді құбылту шеберлігі
2.3 Мағжан өлеңдеріндегі символдық бейнелер және тәуелсіз Қазақ Елі геральдикасы
ІІІ Қорытынды.
Мағжан символизмінің өміршеңдігі ұлттық таным мен ақын мұратының үндестігінде
Мағжан поэзиясының көркі мен сұлулығы, сыршылдығы мен жыршылдығы, суреткерлігі мен ойшылдығы талай рет оқырманын тамсандырып, талай дуалы ауыздардың ілтипатын иелендіріп, өзіне тәнті еткен. Атын атауға жасқанып, бұқпантайлаған заманда да тасты жарған тас бұлақтың суындай нәрлі поэзия жасырын оқыған талай жүректі өзіне баурап, өзгеше күйге бөлегені шындық. Мағжан поэзиясының осынау құдірет күшін өз замандастары толық мойындап, кейі ашық, кейі жұмбақтап болса да жазып та, айтып та кеткен.
«Мағжан-культурасы зор ақын. Сыртқы кестесінің келісімі мен күйшілдігіне қарағанда, бұл бір заманның шегінен асқандай. Сезімі жетілмеген қазақ қауымынан ертерек шыққандай», - деген еді Мұхтар Әуезов. Өз замандастарынан тума таланты мен білім деңгейі жағынан, жарты ғасыр алға жылжып кеткендіктен, оның сырға толы астарлы ойларын түсінуге төңірегіндегі шала сауаттылар қауқарсыз болды. Бұдан Мағжан қолданған әдеби әдіс тек Европа мен орыс әдебиетіне ғана тән жетістіктер екен, ол қазақ топырағына жат болған деген пікір тумауы тиіс. Мысалдап сөйлеу, ойын астарлап, бірдемеге меңзеп, тұспалдап айту қазақтағы шешендік ділмарлық өнердің ежелден келе жатқан кәнігі тәсілі болған. Мағжан қазақтың шешендік өнерін әлем әдебиетіндегі озық үлгілермен толықтырып, жетілдіріп, жаңа әдеби тәсілдерді енгізді.
ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің тарихында өзіндік бейнешілдік стилімен дараланған Мағжанның жаңашылдығы әлем әдебиетіндегі символизмнің пайда болуымен де байланысты. Символизм әдеби ағым ретінде ерекшеленбестен бұрын рәміздік мәні, философиялық астарымен дараланған. Әуелгіде символ ұғымы құпиялы, шартты мағынаға ие кез келген заттық белгіні білдірген. Қазіргі уақытта символ ұғымы философия, семиотика, психология, әдебиеттану, мифпоэтика, фольклористика, мәдениеттану, лингвистика, т.б. ғылым салаларының негізгі зерттеу нысаны болып отыр. Символдар осы уақытқа дейін аталған ғылым салалары тұрғысынан жан-жақты зерттеліп келеді.
Зерттеушілер символды мәдениетке тән тұрақты құбылыс деп таниды: ”Символ ешқашан белгілі бір мәдениет кезеңіне тән емес, ол әрқашан бұл өткелді кешіп өтіп, өткеннен болашаққа сапар шегеді, басқаша айтсақ, символ-мәдениеттің тұрақты элементі
Әдебиеттану ғылымында символ троптың бір түрі ретінде танылып, оған мынадай анықтама беріледі: ”Бір нәрсені не құбылысты тура суреттемей, бұларға ұқсас басқа бір нәрсеге, не құбылысқа құпия теліп, жасыра жарыстырып, бүкпелей бейнелеу.
Әдебиеттанудың терминдер сөздігінде ”Символ-әдебиетте ойды астарлап, басқа нәрсені суреттеу арқылы жасалатын нақтылы сипаты бар балама бейне. Жалпыхалықтық тілде кездесетін символда бір нәрсені өз қалпынан басқаша сипатта көрсетіп, сондай-ақ нақтылы бір затты, нәрсені екінші нәрсенің не ұғымның жай баламасы ретінде алу арқылы жасалады. Мысалы, гүл-жастықтың символы, ал көгершін -бейбітшілік символы ретінде алынады. Бұл жағынан символ тұспалдауға (аллегорияға ) өте жақын келеді“[3] деген тұжырым берген.
Символизм алғаш әлем әдебиетінде романтизммен бірге болды. Кейін романтикалық сарын өршіл және кері тартпа болып екіге бөлінгенде, ойды бейнелеп жеткізуде шындық пен жалғандықтың ара салмағын өлшеп көрсететін әдеби құралға айналып, ХІХ ғасырдың ортасында әдебиетте романтикалық сарын мен реалистік шындыққа қосымша - жаңа әдеби әдіс болып, Европа және орыс әдебиетінде қалыптасады.
Қоғамдағы саяси ахуалдың өзгеруіне байланысты, бірде күшейіп, бірде жоғалып отырады. Оны пайдаланушылардың да көзқарастары әр түрлі болады. Өмірдің шындығын шығармада ашып жазудың қажеті жоқ, оқыған адам қалай қабылдаса солай болуы керек дегендер, сөз сиқыры арқылы айтпақ образды ойларын оқырман санасына сендіру арқылы жеткізіп, қайғыртып, қуантып, түрлі көңіл күйге бөлеуі керек деушілер де табылды. Сиволизмге: «Оқырман мен суреткерді жақын табыстыратын тәсіл», - деп А.Толстой жоғары баға береді.
Символизм күш ала келе әдеби стиль ғана емес, қоғамда өзгерістер жасайтын саяси қару, экономикасы тұралап жатқан елдердің, ішкі ынтымағын ыдыратып, төңкеріліс жасап, басып алу мақсатындағы соғыс тәсіліне де айналады. Ол мақсаттарды іске асыру үшін мағынасыз қимыл мен жекелеген сөздерді пайдалану арқылы санаға әсер етіп, адамдардың ашу-ызасын қоздырып, қытығына тиген. Сондай-ақ символизм - қоғамдық басқару жүйесіндегі кемшіліктер мен көзқарасы келіспегендерді қоғамнан аластаудағы, қоғамдық бәсекелестік күшейгенде, тәртіп сақшыларының қолданған қаруы да болған. Бұдан символизмнің үлкен күрделі процестерді бастан кешіп, дамып келе жатқандығы, оның өміршеңдігі ғана емес, тағдырының да көп жағдайда қоғамдық билікпен тікелей байланысты болғандығына дәлел. Себебі ашық айтылған ой бақылауға алынып қудаланса, баспасөзде жазылған пікірлерді цензура жібермеді. Осыдан келіп мағынасы сырғымалы, ойы екі ұшты, тұманды тұйыққа тірейтін, абстрактылы, философиялық шығармалар пайда болды. Ол бастапқыда поэзияда көрініс берсе, кейін прозаға ауысты
Мағжан - Батыс әдебиетінде ХІХ ғасырда, орыс әдебиетінде ХХ ғасырдың басынан гүлдене бастаған символизмді, қазақ әдебиетінің топырағында түрлендірген ақын. Бейнешілдікті халықтың әлеуметтік тұрмысымен байланыстырған қазақ әдебиетіндегі символизм мектебінің іргетасын қалады. Ұлттың ұйықтап қалған сезімін ояту үшін жазылған өлеңдерінде қатаң дауысты дыбыстарды іріктеп пайдаланды. Оған «Түркістан» және «Қазақ тілі» өлеңдерін мысал етуге болады. Онда буындарды үндестіру арқылы азамат соғысының салдарынан әлсіреп, иықтары түсіп кеткен этностың намысын оятып, мақтанышын қоздырып, жанына жігер, бойына ерік пен күш дарытып, ұлттық рухын оятып жігерлендіруге әрекет жасағаны өте сәтті шыққан. Осы өлеңдегі сөздердің сиқырлы күші оқырмандарының бойына қуат беріп, делебесін қоздырып, көкірегінде ыстық қанын ойнатып, ұлттық рухын динамикалық қозғалысқа келтіреді. Мағжан оны ашаршылық пен азамат соғысының қасіретіне ұшыраған қазақтың сезімін сергітіп, намысын оятып, бойына қуат, ойына от беріп, жасыған жанын жадырату үшін пайдаланған. «От» өлеңінде қанында оттай ойнаған қуатты екпін мен жігерлі сөз нөсерінен отты құйын ойнатады. Сол арқылы, халықтың белсенділігін арттырып, жігерлендіріп, бойына күш-қуат құюға ұмтылады. Олардың өліп жатқан санасындағы қорқынышты отпен аластап қуалап, қатердің алдына тосқауыл ретінде алып шықпақшы болады. Өлеңнен оттай қуатты сөз нөсері мен өршіл екпін байқалатыны содан. Үнді, ұяң дыбыстарды пайдалану арқылы, жігіт пен қыздың бір-біріне деген ішкі құштарлық сезімдерін өлең шумақтарындағы үзіліп бара жатқан дыбыстардың нәзік жаңғырығы арқылы образдауы - «Шолпы» өлеңінде. Адам тағдырындағы өзгерістер «Толқын» өлеңінде толқындардың бірін-бірі жуып кетіп жатқан қозғалысы арқылы бейнеленген.
Қазақ символизмінің кульминациялық апогейі (шарықтау шегі) Мағжанның отты жырлары болып табылады. Мағжан тызетпе сезімнің емес, бауыры кең тұлпардай көсілетін арналы жүйеліліктің ақыны. Бұл тұрғыдан Мағжан өлеңдері де сол жүйенің кірпіші болып қаланады. Мағжан лирикасының жұлын-жотасына айналады. Сондықтан ол ұлт апатын елден ерек бұрын сезіп, өз бояуында бейнелеп беруге мүмкіндік алды. Ақиқатты ол өз уысына шеңгелдеп қан ұстап тұрып айтудан еш тайсалмайды.Сөйтіп, ақын уақыттың үніне, өзіне айналды. Сондықтан Абайдың ”улы сия, долы қол“ Мағжанда мүлде басқа рең алады. Ақынның жан-тән күйзелісі лирика шеңберін үзіп, ұлы трагедияға ұласқандай. Мағжанның жан түкпіріндегі жүрек сөзі боямасыз ақтық сөзі болып ақтарылады.
Ақын «Жел» деген өлеңінде:
Мазасы жоқ жел ерке,
Оянып ап тым ерте.
Жорғалай басып кетеді,
Тыныш жатқан түс көріп
Көлдің бетін кестелеп,
Оны әуре етеді, - деп отырып, желдің, «еркелігін», ешкімге мойынсұнбау еркіндігін баса жырлайды. Өйткені ақын жаны да сол еркіндікті аңсайды.
Мағжан поэзиясында «бала» символының қолданылу жиілігі еріксіз назар аудартады. «Өмір – дала, ақын – бала қаңғырған, Жан сусынын көз жасымен қандырған» немесе «Ақын – бөбек, өмір – көбік, тылсым-ды, Ойнап, арбап, бөбекті естен тандырған» деп келетін жолдарда ақынның «Жұмбақ» өлеңіндегі астарлы ойдың бір ұшығы жатқан тәрізді. Тұтас символға құрылған «жұмбақ» өлеңдегі «Дала – жұмбақ, Бала – жұмбақ, Шешусіз» деген астарлы ойдың негізінде жаңа заманға тап келген «дала» бейнесіндегі қазақ пен «бала» бейнесі арқылы саяси ой берілген деуге негіз бар.
«Өмір – дала, Ақын – бала қаңғырған» деп жырлаған Мағжанның әйгілі өлеңіндегі «бала» образы-ақын болмысының символы. «Ақын – бала» бейнесі бір-бірімен тектес, болмысы жақын, егіз ұғым. «Бала»– ақыл мен сезім күресінің бейнесі.
Мағжанның әйгілі «Толқын» өлеңіндегі
«Ерке бала былдырлап,
Сылдыр,сылдыр, сылдырлап,
Толқынды толқын қуады» деп келетін жұмбаққа толы жолдардағы толқынның «ерке балаға» теңелген образы да кездейсоқ емесі анық. Бала – тазалық, адалдық, асаулық пен еркеліктің символы.
Толқыннан толқын туады,
Толқынды толқын қуады,
Толқынмен толқын жарысад,
Күңіренісіп кеңеспен,
Бітпейтін бір егеспен
Жарысып жарға барысад.
Сылдыр, сылдыр, сылдырлап,
Бірінің сырын бірі ұрлап
Толқынды толқын қуады.
Жарына бал береді,
Береді де өледі,
Өледі толқын, тынады - деп, толқынға адамша жан бітіреді. «Толқынның да өмірі мәңгі емес, ол да өледі» деген пікір айтады. Өлеңнің ішкі сырына үңілсек толқын өлімі мәңгілікке жалғасқан өлім, жарына бал беріп, рахат тапқан өлім, ол мың қайталанып, мәңгілікке жалғасып жатар тіршілік.
Мағжанның жүрек сырын жеткізетін құралы – оның поэзиясы. Ақынның
жүгінері де – жүрегі, сырласы да – жүрегі. «Жүрегім, мен зарлымын жаралыға» деп жырлаған ақын үшін ”жүрек“ – өмірдің символы.
Жаралы жан“ – өлеңінде ақын ”жүрек“- ті бірде ыза –кек, бірде шарасыздық, енді бірде күш –қайрат, мейірім бейнесінде шебер қолданған.
Қысылған сорлы адамның шыбын жаны
Шапшып тұр
жүрегінен ыстық қаны.
Ішті өртеп, жүректі елжіретед...
Жүректі жара жеп барад,
Жасаған-ау, қалай
шыдайын?!
Соқпа, сорлы жүрегім,
Шіріген-ді, ақ білегім! ”
Символдың көркемдік мәні, символдық поэзия мен оқырман арақатысынан туатын әсер табиғаты жайлы пікірлерден символизмнің шығыстың сопылық дүниетанымымен үндестігін сезінгендей болдық. Мағжан поэзиясындағы кейбір символдардың мәні сопылық поэзиямен байланыс тұрғысынан зерттелгенде ашыла түсетін секілді. Жас ғалым А.Әбдірәсілқызы «Қожа Ахмет Йасауидің ақындық әлемі» атты монографиясында пернелеу (символ) сопылық поэзияның ең айшықты көркемдік құралдарының бірі екендігіне тоқтала келіп, «...«көңіл адамы» саналған сопы ақынның ең басты мақсаты – «жүректі қозғау, жүрек сезіміне әсер ету болып табылатындықтан, хикметте баяндалатын ой мен оқиға аста-төк сезімдермен астасып отырады. Қарапайым тіркестердің өзінде тұнып тұрған эмоция аңғарылады» [5]дейді. Сопылық поэзияға тән символдардың Мағжан поэзиясында көрініс беруі тек қана тәжірибелік ізденістің көрінісі емес екендігі даусыз. Керісінше, әуел бастан қанға сіңген ұлттық, әрі шығыстық поэзияның бұл асыл сипаты Мағжан поэзиясында жаңғырып, жаңаша мазмұнға ие бол-ды. Мағжан символизмінің даралық сипаты да осы тұстан зерделей түскенде барынша ашыла түспек Мағжан символизмінде ұлттық, батыстық-шығыстық символдың ақын жүрегінен қорытылып шыққан синтезі мен ешкімге ұқсамайтын даралығы бар.
Мағжан шебер қолданған символдардың бірі – "у".
Азамат! Анау қазақ қаным десең,
Жұмақтың суын апар, жаным десең.
Болмаса, ібіліс бол да у алып бар,
Тоқтатам тұншықтырып зарын десең!.. ("Жаралы жан") у қайғыға тұншыққан жанның дертіне дауа дей отырып, шарасыздық халді бейнелеген.
Қасірет батты жаныма,
Уға толды жас жүрек. – "Орамал" – бұл өлеңде "у" сағынышты білдіреді.
Жел өндірді у жырын.
Жырлады, құшты, улады,
Біліп алды бар сырын. "Ескендірдің екі мүйізі" өлеңінде "у"– арбаушы.
Сондай-ақ Мағжан поэзиясы елді сүюге, өз Отанының тарихымен мақтануға үйретеді. Мағжанды ақын еткен қасиетті шындық пен жанды- жансызға деген айрықша махаббатты сездіретін жүрек еді. Расында, Мағжан- бауыры кең тұлпардай көсілетін арналы жүйеліліктің ақыны, эстетика - философиялық тұжырымдамасы қалыптасқан ақын, қара өлең құдіретін биік деңгейге қөтерген ақын. Абайдың шексіз шеберлігінің кілтін іздеуден жалықпаған ақын.
Мағжан символизмі қазақ әдебиетін Абайдан соң тағы бір белеске көтергені дау туғызбайтын ақиқат. Абай көп қолданған «жүрек» символымен табиғи байланыстағы «жан» ұғымының заман шындығын, Мағжан поэзиясының астарлы мәнін ашар көркемдік қызметі бар.
Ақынның қара сөзбен жазылған «Балапан қанат қақты» атты шығармасындағы солтүстіктің суығына шыдай алмай, амалсыз қанат қаққан жас балапанның жанына жайлы пана іздеп аласұруы – заманның да, ақын көңіл-күйінің де символы. ”Балапан“ символы бұдан басқа өлеңдерінде де кездеседі.
Зарлайсың ғой жетім боп,
Бесікте қалған балапан! ("Жаралы жан") – деп пессимистік сарынға салынады. Батыста айрықша өнер дарыған ақын- композиторлар реквием түрінде "болжам-ақиқат" айтатын дәстүр бар. Мағжанның да "Жаралы жан" өлеңін реквием деуге әбден сияды. Өзге тілге аударсақ, дәл солай атауға тура келеді. Бірақ оның бағасын біз ”реквием“ деп емес, ұлттық феномен ретінде талдап-танып, өз бағасын беру әлдеқайда әділірек болар еді. Өз уақытының көркемдік көгіне көтеріліп, негізінен авангардтық (алғы шептік ) өлең үлгісінде көп ізденген Мағжан кейін кенет шегініп, дәстүршіл өлең мен алғы шептік өлеңін жарыстыра қолданудан қаймықпайды. Жоғарыда байқағанымыздай, дәстүрлі әдебиетіне жетік ол жан сөзін бұлбұлша жеткізеді. Жиырма екі шумақтан тұратын "Жаралы жан" өлеңі 11 буынды қара өлең мен 7-8 буынды жыр үлгісін қатар өріп отырады. Алғы шептік үлгіден бастап, қара өлеңмен аяқтайды. Ұзақ, сюжетсіз лириканың бітім –болмысы осындай.
Келесі өлеңінде:
Жас қырандар-балапан,
Жайылып қанат ұмтылған.
Көздегені көк аспан.
Мен жастарға сенемін! ("Мен жастарға сенемін!") – деп болашақтың иесі жастарды қанатын қағып талпынған балапанға теңей отырып, зор сенім артады. Көз алдымызға буыны бекіп, топшысы қатпаған, бірақ көк аспанға құмартқан жас қыран келеді.
Символизм ұғымын орыс әдебиетінен (А.Блок, В.Бальмонт шығармашылығынан) сусындап, қазақ әдебиетіне енгізген романтик ақын ақиқат пен шынайы өмір суреттерін жырлап, өлеңдеріне жаңа түр беріп, жүрек түбінен шыққан жан сырын, жан азабы мен жан тебіренісін суреттеген. Ақын өлеңдеріндегі "Арыстан" қуаттылық пен күш – қайраттың символы ретінде
"Арыстан елге Отан болған Тұран,
Тұранда қазағым да хандық құрған.
Алаштың арыстаны – Абылай ері... ("Түркістан")
Арыстандай айбатты - (”Мен жастарға сенемін“) – өлеңдерінде қолданылады.
Мағжан қазақ поэзиясының саздылығын, әуезділігін арттырған, соған көңіл бөле отырып, арғысы француз, бергісі орыс символистерінің өлеңдерінен дәстүр тапқан ақын. Европа ақындарының шығармашалығындағы мөлдір бұлақтан сусындай отырып, оны қазақ поэзиясының сұлулығымен үндестіре білген ақын. Мағжан қазақ поэзиясының жарық жұлдызы - ұлы Абайға еліктей отырып, ұлы ұстаз жолын ұстанғанымен, өзінше жол табудан әсте жалықпай, көп іздеген жан. Өлеңдеріндегі табиғат суреттері, оның тылсым шақтары, ақын көңіл күйімен, мұң-қайғысымен, қуаныш-шаттығымен қат-қабат келіп отырады. Осының бәрі тұтаса келіп суреттеп отырған дәуірдің бейнесін толық ашып береді. Атап айтсақ, ақын қолданған "тұлпар" символы сарқылмас күш – қуатқа ие жастардың бейнесін береді.
Қажу барма тұлпарға,
Талу барма сұңқарға,
Иман күшті оларда,
Мен жастарға сенемін! ("Мен жастарға сенемін").
Мағжанның оптимистігін оның қолданған символдарының тәуелсіз Қазақ Елінің мемлекеттік рімңздерінен көрініс табуымен дәлелдеуге болады. Елдіктің белгісі - Елтаңбадағы ең маңызды әрі басты деталь – бұл тұлпар, жай жылқы емес, қос қанатты пырақ. Көшпенді философиясында үлкен мәнге ие бұл мифологиялық бейне символикалық жүк арқалап тұр.
Жылқы – бұл қазақ халқының тегі, тотемі десе де болады. Бірде-бір рәміздерімізде – еліміздің логотипінде тұлпардың, жылқының болмауы – қазақ халқының жетімдігін білдірген болар еді.
Қазақтың бір арманы- сәйгүлік мініп, желмен жарысқандай күйде қиын күндерде артқа тастап, болашаққа тез жету. Бұны Мағжан:
Тұлпарға мініп бір шапсам,
Болмас еді басқа арман! ("Жаралы жан") – деп жырға қосады.
Елтаңба композициясындағы тұлпар - ай мүйізді, алтын қанатты қос пырақ бейнесі. Фольклористикада «қасарыса біткен қос мүйіз» деп сипатталатын пырақтағы ай мүйіз – ерліктің, қайсарлықтың белгісі еді. Мүйіз – киелілік. Ел мұрасында «Ескендірдің мүйізі», «Өтеген батырдың қос мүйізі» деген тіркестердің бар екенін білеміз. Мүйіз – қазақ халқының жауынгерлік рухын, қайсарлық қуатын, қайратты қабілетін айқындап тұр. М. Жұмабаев та "Ескендірдің екі мүйізі" өлеңінде сол ел аузындағы танымды негізге алған.
Заманында Ескендір
Жеті ықылымды билеген.
Асқан алып, киелі,
Түссе де отқа күймеген.
Ескендірдей алыптар
Дүниеге енді туа ма?...
...Ескендірдің басында
Екі мүйіз – нысана!
Жабайы жұртқа көрсетсе,
Қасиеті қала ма? ("Ескендірдің екі мүйізі"). Ақын қос мүйізді қасиетке балайды, екінің бірінде болмас нысана дей отырып, Ескендірдей ержүрек , ерекше болмысты ерлердің дүниеге келуін аңсайтынын тұспалдайды.
Жылқы – қазақтың егізі. Ал қанат – бұл жаңашылдық та емес. "Ер қанаты - ат" демеп пе еді атам қазақ?! Қанат- бұл жебеуші, құтқарушы, сиқырлы күш.
Күштісің ғой,
Құдірет,
Періштеңе әмір ет!
Қанатпен бір сипасын,
Жазылсын ішкі-тысқы дерт.( "Жаралы жан") – дейді ақын.
Қанат – асқақ арман нышаны.
Жас қырандар-балапан,
Жайылып қанат ұмтылған.
Көздегені көк аспан.
Мен жастарға сенемін! ("Мен жастарға сенемін") Өлеңдегі балапандардың қанатын жаюы – күш жинау, талаптану, алыс армандарға бет алуды білдіреді.
Халық мұрасында қанаты бар тұлпар бұл – арғымақтың мистикасын айқындай түсетін элемент, оның ерекшелігін, қандай да бір тылсым күшке ие екенін білдіретін деталь. Ал Елтаңбадағы қанатты арғымақ биікке ұмтылу, дамудың төменгі сатысынан жоғарғысына дейін көтерілу – әлемдік өркениетке жетуді білдіріп тұр. Асқақтық, самғау, биік мақсаттарға жету біздің халықтың жаңа заманда игерген жаңа танымы. Қанаттың өзі алтын түстес болуы – молшылықты білдіреді. Аңызға айналған ай мүйізді тұлпар – қазақтың киесі.
ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының ең басты жүгін көтеріп, оған негіз болып тұрған–шаңырақ.Ол – елтаңбаның жүрегі.
Шаңырақ - «Отан - от басынан басталады» деген киелі ұғымға ие. Шаңырақ бейнесі – бүкіл қазақ елі үшін тіршіліктің, шексіз өмірдің нышаны.
Көп түрік енші алысып тарасқанда,
Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па? ("Түркістан") – деп ақын қазақ жерін бүкіл түркі баласының қасиетті Отаны ретінде жырға қосқан.
Елтаңбаның маңдайшасына бес бұрышты жұлдыз салынған. "Жұлдыз" сөзін ақын бағалы, болашақ күндердің еншісіндегі құндылық ретінде жырға қосқан:Жет, жұлдызым, жылжып қана жібектей,
Жұлдызды – жүзік, Айды алқа ғып берейін.
("Жұлдызды – жүзік, Айды алқа ғып берейін.")
Өлеңде қымбат адам да, асыл мұраттар да жұлдыз символына айналған. Жұлдыз қазақы дүниетанымда адам жанының көктегі көрінісі ретінде танылады да, "Жұлдызым жоғары" деп сыйынады. Бұл санадағы тәңіршілдіктің бір белгісі деуге де болады. Әр адамның өміріне байлаулы өз жұлдызы болады. Осындай жұлдыз мемлекетке де қажет. Біз де өз мемлекетіміздің жұлдызы жарық әрі биік болып, Қазақ Елінің әрбір азаматы сол жұлдыздың салған жолына сеніп, қиын уақытта оны бағдарға алып әрқашан жаңа жолға, болашаққа жетелейтініне сенім артуымыз қажет.
Осы жерде Елтаңбамызға ақын М. Жұмабаев жырлаған осындай киелі ұғымдарды топтастыра білген Шотаман Уәлиханов пен Жандарбек Мәлібековтің да таланты мен танымына бас иеміз.
Мемлекеттік Туымызда Күннің бейнеленуіне де Мағжан бейнешілдігі арқылы анықтама беруге болады.Мағжан өлеңдерінде нұрға малынған алтын күн тыныштық пен байлықты, салтанатты заманды бейнелейдi.
Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,
Нұрлы жұлдыз – бабам тілі, сен қалдың! ("Қазақ тілі"). Аспан денесінің уақыт өлшеміне, заман бейнесіне айналғанын байқаймыз. Символизм дегеніміздің өзі де осы.
Күлкің, Күнім, күндей күміс табаққа
Мінсіз сұлу меруертті шашқандай.
("Жұлдызды – жүзік, Айды алқа ғып берейін.") Көз алдымызға айналасына алтын сәулесін аямай төккен Күн бейнесі келеді.
Қайғыланба, соқыр сорлы, шекпе зар,
Мен - Күн ұлы, көзімде күн нұры бар,
Мен келемін, мен келемін, мен келем,
Күннен туған, ғұннан туған Пайғамбар "Пайғамбар"
Күн — қозғалыс, даму, өсiп-өркендеудiң және өмiрдiң белгiсi. Күн — уақыт, замана бейнесi.
Көк туымыздағы алтын күн астындағы және Астана төрінде асқақтаған "Қазақ елі" монументіндегі басты бейне- қанатын жайған қыран құс ақынның "Мен жастарға сенемін", "Қазақ тілі" өлеңдерінде кездеседі.
Қайраты мол қандыбалақ қыранмын,
Күн болған жоқ жаудан жүрек шайылған.("Жер жүзіне")
Қанатын жайған қыран құс — бар нәрсенiң бастауындай, билiк, айбындылық бейнесi. Ұлан-байтақ кеңiстiкте қалықтаған қыран елдің еркiндiк сүйгiш асқақ рухын, қазақ халқының жан-дүниесiнiң кеңдiгiн паш етедi.
Мемлекетіміздің өркендеуі мен нығаюының кепілі, тарихи мән –маңызы зор "Қазақстан - 2030" стратегиялық бағдарламасы мен "Тәуелсіздік монументіндегі" барыс бейнесін де символист ақынның поэзиясынан кездестіреміз. Жастардың бойындағы қайрат пен тасыған жігерді, барыстың бейбітшіл, қанағатшылдығын мына жолдардан байқаймыз:
...Жолбарыстай қайратты,
Мен жастарға сенемін! ("Мен жастарға сенемін")
Жолбарыс жүргенінде маң-маң басып,
Жүрегі, қайратына көңілі тасып,...
...Жаңадан жолбарыстай ұмтылармыз,
Көрелік төңіректі, тек таң атсын!("Есімде ...тек таң атсын")
Мағжанның символистік тәсілдері санаға психологиялық сендіру арқылы үстемдігін жүргізуге негізделгені байқалады. Сол арқылы ол өз құдіретіне өзі сенбей жасқанып тұрған халықтың бойына жігер, ойына қуат пен рух беріп, санасындағы күдік пенен күмәннің ара қатынасын үзіп, өз-өзіне баға беруге үйретіп, ұлттық сезімін ояту арқылы болашаққа сеніммен қадам басуға тәрбиелейді.
Орыстың Д.С. Мережковский, К. Бальмонт, А. Белый, Вяч. Иванов сынды символист-ақындары аталмыш ағымның өнер ретіндегі мәні мен мақсатын таныту ісіне белсене атсалысты. Символистердің адам жүрегінінің Жаратушымен, жаратылыспен байланысына ерекше мән беруі оны ағымның асыл мұраты деп қабылдауымызға тірек болды. Д.С. Мережковский символизмнің ықпалды ағымға айналуының сырын өзі өмір кешкен дәуірдің ерекшелігімен байланыстырады. Ақынның пікірінше, өткен ғасыр басындағы кезеңді шегіне жеткен материализм мен жан сілкінісінің көрінісі арқылы бағалауға болады. Кез-келген жоғары дәрежелі материалдық өркениет рухани мәдениеттің әлсіздігі салдарынан тоқырауға ұшырауы мүмкін. Сондықтан, руханият қана, ақынның пікірінше, дінге деген сенімге жетелейді Вяч. Иванов пен А.Белый да нағыз символдық өнер мен дін арасында терең рухани байланыстың бар екендігін ескертеді. А.Белый «Символизм как миропонимание» атты еңбегінде «... таным теориясындағы өзгерістен өнерге деген қатынас та өзгереді. Өнер діни танымға жол ашпақ. Дін - жүйелі түрде күшейтілген символдар жүйесі» деген ой айтады.
Мағжанның символистік тәсілі екі арнада қалыптасты. Алғашқысы, этногенетикалық тегімізбен байланысты. Себебі, Мағжанның шығармашылығы қазақ әдебиетінің ояну дәуірімен тұстас келгендіктен, ұлтының көне тарихын тірілту арқылы ұлттық санасына қозғау салуға ұмтылды. Екіншісі, Европа және орыс әдебиетінің озық тәсілдерін пайдалана отырып, қазақ әдебиетін жанрлық және көркемдік жағынан байытты. Этногенетикалық тарихымызға назар аударсақ, қазақ символизмінің алғашқы бастауы тау шатқалдарындағы қашап салынған суреттерден басталған. Ата - бабаларымыз дүние танымдарын аңдардың, құстардың образында бейнелеп отырған. Бұл сол кездегі ата-бабаларымыздың ойларын суреттермен образдап айта білгендігін дәлелдейді. Демек, қазақ даласындағы тау шатқалдарына қашап жазылған суреттер образды ойлау адам жаратылысымен бірге келе жатқандығын дәлелдейді. Мысалы жартастағы суреттер. Ойды символдап айту, символдап беру тәсілі қазақ топырағына жат болмаған. Оның шығу тегі: «Адамзат табиғат құбылыстарын түсініп болмаған, айналасындағы қас күштердің қастандығынан қауіптеніп, оларды алдап, астарлап сөйлесу керек», - деген нанымы мен де астасып отырған, - дейді профессор Ш.Керім [6; 78-б] Символист ақындар ақсүйектер әдебиетінің өкілдеріне жатады. Ендеше ойды бейнелеп айту тәсілі, этногенетикалық қанымызбен қабысып, көнеден келе жатқан дәстүр десек, С.Кенжахметов: «Қазақ халқының символизмі, ұлттық психологиямызға негізделген. Ол ішкі сезімдер мен іс-әрекетті сөзбен айтпай, ыммен, ишарамен, қимылмен, еппен сездіретін ұғымдар болып табылады. Мұны әдет-ғұрып деп атайды», - дейді[6;101-б].
Мағжан ойды бейнелеп айтатын генетикалық көне дәстүрді поэзиясында ойларын образды бейнелеу үшін пайдаланған. Сөйтіп оқырманның сезімін басып, көңіл күйіне ықпал етіп, ойын толқытқан. Бұл арқылы Мағжан поэзиясына Европа мен орыс әдебиетінің әсері болмаған екен деген ой тумаса керек, керісінше ол Европа мен орыс әдебиетінің үздік тұстарымен кеңінен танысқан, нәрімен сусындаған адам. Оның ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінен көрінген символистік тәсілі Сарыарқаның ызғарлы көктемінің арасынан басын көтерген бәйшешектей болды.. Себебі, осы кезеңде 1906 және 1914 жылдарды қамтыған орыс революциясының ызғары, қазақ даласына да сезіліп, өз өктемдігін жүргізе бастаған. Сол кездегі қоғамдық қысым оның символистік шеберлігін шыңдап, бейнешіл ақын болып қалыптасуына септігін тигізді.
Символистер поэзиясына тән сентименталистік сарын Мағжан поэзиясында да бар. Әсіресе, ұлттың ата-бабалары өткен даңқты тарихын ұмыта бастауы сезімтал ақынның поэзиясына күйректік (сентиментализм) сарынын қосты, сондықтан «жылауық ақын» аталды. Ол Мағжанның поэзиясындағы табиғат лирикасынан көрінгенде: мұң-зарына үн қосып, қайғысына ортақтасып қалтырап-дірілдеп тоңып жансызданып, ыстыққа күюі тәрізді, шарасыздықтар арқылы жасалды.
Символист ақындардың көпшілігінде кездесе бермейтін оптимистік сарын оның «Мен жастарға сенемін» өлеңінен байқалады. Ақын аталған өлеңінде жастарға сенім артса, олардың барлық күш-жігерін салып орындайтындығына сенген. Себебі, балалар мен жастар өздеріне жауапты іс жүктелгендігін жақсы көреді. Өздеріне сенгендігін қалайды. Болашаққа өз қадамдарымен жол тауып барғанды жөн көреді. Бұл оларды алдарындағы небір қиын асуларды бұзып - жарып өтулеріне көмектесіп, жігерлерін қоздырап, қандарын ойнатып, бойларына күш, ойларына қуат береді. Бұдан Мағжанның, қазақ әдебиетінде кері тартпа романтизм мен өршіл романтизмді біріктіріп қатар алып жүргендігіне көз жеткіземіз.
Ол екі қоғам алмасуындағы өтпелі дәуірде өмір сүрді. Бір одаққа бірігудің нәтижесінде ата-бабалары жүріп өткен тарихы мен салт-дәстүрін, тілін ұмытып, өздерінің қайдан шыққандығын білмей, бөтен тілдің баурында қалып кім екендіктерін ұмытар деп алаңдады. Сондықтан өздерін іздегенде табар деген ниетпен ұрпақ санасынан ұрланып жатқан тарихын астарлай жазып кетуді мақсат етті.
Шынында менің өзім де-от,
Қысылған кәрі көзім де-от.
Мен оттанмын, от-менен,
Жалынмын мен жанамын
Оттан туған баламын.
Талай зулап ұшқанмын
Альпіге барғам Алтайдан
Балканға барғам Қытайдан...»
Ақынның «от» деп отырғаны - халықтың ұлы рухы. Ұлттың тарихи және философиялық зердесін оятып, рухын көтеру арқылы ғана бодандықтан құтылуға, ел тәуелсіздігіне қол жеткізуге тіпті, әлем халқына өз өркениетіңді танытуға болады деп есептейді ол:
«Қайғыланба, соқыр сорлы, шекпе зар,
Мен – Күн ұлы, көзімде күн нұры бар,
Мен келемін, мен келемін, мен келем,
Күннен туған, ғұннан туған Пайғамбар»
Бұл - кезінде Еуразия құрлығын ат тұяғымен дүбірлеткен, алыс-жақын ұлыстарға мәдениет пен шаруашылықтың жаңа тәсілдерін үйреткен, бірақ кейін тағдырдың жазуымен әлемдік өркениет көшінен кенжелеп қалған өлке перзентінің аспандағы айды алам деп секірген тарпаңдағы емес, бұл - өз халқының бойындағы биік рухқа сенген, сол рух қайта бір дүр сілкінсе, армандаған азаттыққа қол жеткізеді, әлемдік өркениет көшінің алдыңғы легіне қайта косылуға болады деп үміттенген азаматтың парасатты да мақсатты әрекеті.
Мағжан Жұмабаев өлеңдеріндегі "күн", "барыс", "тұлпар", "қыран", "жұлдыз" т.б. символдардың тәуелсіз Қазақ Елінің мемлекеттік рәміздері мен ел болашағын айқындайтын мемлекеттік маңызды бағдарламалардың нышанына айналуы оның ұлттық дүниетанымы мен көрегендігін, философиялық ой тереңдігімен қоса, елінің жарқын болашағына сенген оптимистік рухын да айқындап тұр. Олай болса, Мағжан поэзиясы елімнің ертеңіне баруға лайықты қазынамыздың бірі деп айтуға толық негіз бар.
Біздер үшін Мағжантану мәңгіге жалғаса бермек.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
1. Ю.М. Лотман. Структура художественного текста. М, "Искусство", 1975, 45-б.
2. З. Қабдолов. Сөз өнері. ІІ томдық таңдамалы шығ. жин., 2- том. А., 1983, 244 –б.
3. З. Ахметов. Әдебиеттану терминдерінің сөздігі. А., 1993, 29-б
4. М. Жұмабаев. Шығармалары (өлеңдер, поэмалар, қара сөздер) А., Жазушы, 1989,56-б
5. М.Әбдірәсілқызы «Қожа Ахмет Йасауидің ақындық әлемі», - автореферат- 239 б.
6. Қанарбаева Б. Мағжан символист: Зерттеу.- Алматы: Экономика, 2007.-288 б
Достарыңызбен бөлісу: |