Студенттік ғылыми-тəжірибелік конференциясының материалдары



Pdf көрінісі
бет11/42
Дата31.03.2017
өлшемі4,98 Mb.
#10682
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   42

 
 
1916 ЖЫЛҒЫ БҮКІЛХАЛЫҚТЫҚ КӨТЕРІЛІС: ТАРИХНАМАЛЫҚ СИПАТТАМА  
Орынбекова Р.Ж. 
Ғылыми жетекші: т.ғ.к., доцент. Өскембаев Қ.С.  
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті  
 
1916  жылғы  бүкілхалық  көтерілістің  бірден  жанданып  басталуына  ақ  патшаның 
«соғысып  жатқан  армиялар  ауданына  қорғаныс  құрылыстары  мен  тыл  жұмыстарына  Орта 
Азия  мен  Қазақстанның  жəне  ішінара  Сібірдің  ер  адамдарын  шақыру  туралы» [1, 638 б.] 

65 
1916  жылғы 25 маусымдағы  жарлығы  себеп  болды.  Бұл  жарлық  бойынша  аталған 
аудандардан 19 бен 43 жасқа  дейінгі  еңбекке  жарамды  «бұратана  халықтарынан»  ер 
адамдарды қорғаныс жұмыстарына алынуға тиіс еді. 
Соғыстың  алғашқы  екі  жылында  ауыр  шығындарға  ұшыраған  Ресей  мемлекеті  соғыс 
қажеті  үшін  еріксіз  шақырылғандарды  соғыс  жүріп  жатқан  аудандарда  қорғаныс 
құрылыстары  мен  əскери  байланыс  жолдарын  салу,  соғыс  жүктерін  тасымалдау 
жұмыстарына  пайдаланды. «Бұратана  халықтарға»  арналған  жарлық  бойынша  Қазақстан 
мен  Орта  Азиядан 400 мыңнан  астам  адам  шақырылуы  керек  болатын.  Соның  ішінде 
қазақтар  мекендеген  барлық  облыстарынан 240 мыңға  жуық  жəне  Жетісудан 87 мыңнан 
астам адам алу жоспарланды [1, 638 б.]. 
1916 жылғы көтеріліс қазақ халқының тарихындағы толып жатқан көп ғасырлық ұлт-
азаттық  козғалыстар  ішінде  ерекше  орын  алады.  Бұл  көтерілістің  патша  өкіметінің 
отаршылдық саясаты мен империалистік соғысына қарсы бағытталған кең байтақ өлкенің 
көп  бөлігін  қамтыған  жалпыұлттық  ауқымда  көрінген  тарихи  қозғалыс.  Бүкілхалықтық 
сипат алғандығына ешкім де бұл күнде күмəн туғызбауы тиіс. Кейін көтеріліс жеңілгеннен 
кейін  патша  үкіметінің  отаршыл  əкімшілігі  қазақтарды  тыл  жұмысына  шақыруды  күштеп 
жүргізді. Олар 260 мың адамды еріксіз тыл жұмысына айдап əкетсе, 10 мың адамды өлкедегі 
өнеркəсіптік жəне əскери жұмыстарды істеуге қалдырды [2,170 б.]. 
Бүгінгі 100 жылдығын атап отырған 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс қазақ халқының 
тарихынан  орын  алған  азаттық  көтерілістердің  тағылымды  оқиғаларының  бірі.  Сол 
көтерілістердің  барлығы  толығымен  зерттеліп,  əділетті  тарихи  бағасын  бүгінде  алды  деп 
біздер айта алмаймыз.  
Алдымен  алаш  зиялыларының  көзқарасына  тоқталсақ.  Олар  көтеріліске  байланысты 
жағдайды  көздерімен  көрді,  жандарымен  сезінді,  көтеріліс  жөнінде  пікірлерін  жазып 
қалдырды. Ия, рас, олар көтеріліс басталғанда оған қарсы ұстанымда болды, қарулы əскерге 
қарсы  тұру  елге  бүліншілік  əкеледі  деп  түсінді.  Оқиғалар  ағымы  бұл  ұстанымның  негізсіз 
еместігін көрсетті.  
Əлихан  Бөкейхан  бастаған  қазақ  зиялылары  сол  кезде  «Қазақ»  газетінің  төңірегіне 
топтаса  отырып,  газет  арқылы  да,  ел  аралап  жүріп  те  қарулы  көтерілістің  еш  нəтиже 
бермейтінін, күштің тең еместігін, босқа қан төгілетінін жəне ең алдымен, қарапайым халық 
зардап  шегетінін  дəлелдеуге  тырысты.  Ұлттық  интеллигенция  мобилизацияны  кейінге 
шегеріп,  оны  арнайы  дайындықтардан  кейін  жүргізуді  ұсынды.  Қазақ  жастарын  жарлыққа 
көніп,  тыл  жұмыстарына  баруға  шақырды.  Ондағы  ойы,  егер  соғыс  жеңіспен  аяқталса, 
болашақта  ұлттық  автономия  құрылса,  өзінің  дербес  ұлттық  əскерін  жасақтаса  міндетті 
түрде өз пайдасын тигізеді деген үмітте болатын. Кейін қазақ жігіттері майданға алынғанда 
Ə.Бөкейхан, М.Дулатов бастаған зиялы азаматтар Минск, Киев аймағында тыл жұмысында 
жүрген  жігіттердің  ортасына  барып,  олардың  əскери  тəртіпке  бейімделіп  кетуіне  көмек 
көрсетті. Онда тілмаштық қызмет, дəрігерлік көмек пен ас-ауқаттың дұрыс берілуіне ықпал 
ету, мəдени шаралар ұйымдастыру сияқты қызметтер атқарды. Бұл қазақ зиялыларының ой-
пікірлерінің тек сөз жүзінде ғана қалдырмай, оны нақты істерімен дəлелдеп отырғандығын 
көрсетеді. 
Ə.Бөкейханның  өмірінде 1916 жылдың  қарулы  көтерілісі  мен  майдандағы  қара 
жұмысқа алынған қазақ жастарына көрсеткен азаматтық қызметі ерекше орын алады. 1926 
ж. Ə.Бөкейхан көтеріліске байланысты «алыспаған, жұлыспаған бостандық атына мінбейді, 
бұғаудан  босамайды,  ері  құлдықтан,  əйелі  күңдіктен  шықпайды,  малына  да,  басына  да  ие 
болмайды» деп жазады. 
М. Дулатұлы 16-жылды тарихи жыл деп бағалап, «өткен жыл бізге ұмытпастай сабақ 
берді.  Сырымызды  ашты.  Бұл  күйде  тұра  берсек,  мұнан  кейінгі  заманда  тағы  да  осындай 
оқиғалар  болмасына  кім  кепіл?», - деп  жазды.  Төңкерісті  пайдаланып,  жеке  бас  мүддесін 
күйттеп,  билікке  қол  жеткізу  Алаш  зиялыларына  жат  нəрсе  еді.  М.Дулатов  аталмыш 
оқиғадан  арада 10 жыл  өткеннен  кейін  «Еңбекші  қазақ»  газетінде 1926 жылы  жазған 

66 
мақаласындағы төмендегідей жолдар бар: «Төңкеріс жолында қазақ жұрты құрбан болып-ақ 
кетсін деуге дəтіміз шыдамады. Сондықтан, біз екінші жолды қаладық – көну керек дедік». 
Ол  мақаласында 1916 жылғы  қазақтан  қара  жұмысқа  жігіттер  алу  туралы  маусым 
жарлығы  шыққаннан  кейінгі  ауыр  ахуал  жағдайындағы  қазақ  интеллигенциясының 
дағдарысты  көңіл-күйін  былай  бейнелейді: «…бір  күні  төбеден  түскен  жайдың  оғындай 
июнь жарлығы сарт ете түсті. Бұл жарлықтың бізге жайдың оғындай көрінуі – қалың қазақ 
еліне  оның  əсері  қандай  болатындығын  сезгенімізден  еді.  Бұл  жарлықтың  қазақ  арасына 
қалай тарайтыны, қазақ елі не күйге ұшырайтыны көз алдымызға елестей қалды»[3,211 б]. 
Кезінде  қыспақтан  шығар  жол  таңдаған  Ə.Бөкейхан,  М.Дулатұлы  жəне 
А.Байтұрсыновпен  бірігіп  жоғарыдағы  дағдарыстан  шығудың  төмендегідей  бағытын 
ұсынған  еді:  патша  шешіміне  «көнгенде  жұртқа  қандай  ауырлық  бар,  көнбегенде  қандай 
ауырлық  бар?  Көнгенде  шаруаға  кемшілікте  келер,  барған  жігіт  қазаға  да  бейнетке  де 
ұшырар,  бірақ  елдің  іргесі  бұзылмас  (қазаға  ұшырар  деп  ауру-сырқаудан  болған  қазаны 
айтамыз, əйтпесе солдат қылып алмайды, соғыстан өлмейді) - Көнбегенде көретін ауырлық: 
бағынып  тұрған  үкіметтің  жарлығынан  бас  тартсақ,  жау  жағадан  алғанда,  бас  қорғап  үйде 
қаламыз  деп  мемлекетке  қамшымыздың  ұшын  бермесек,  үкімет  құр  өкпелеп  қоймас,  күш 
жұмсар, ол күшті законға сүйеніп істер.  
Он  жылдан  кейін  Əлихан,  Ахмет,  Міржақып  бастаған  арыстар 1916 жылды  көтеріліс 
ретінде мойындай бастады. Көтеріліске он жыл толғанда, 1926 ж. «Еңбекші қазақ» газетіне 
Ə.Бөкейхан  бұның  көтеріліс  екенін  айтып  мақала  жариялады [4]. Яғни,  көзқарас 
эволюциясы  өзгерді.  Алғашында  Алаш  арыстары  халыққа  «қырылып  қаласыңдар», 
«отаршылдардың жазалаушы, жаттықтырылған əскеріне қарсы тұра алмайсыңдар, қазақтың 
бытыраңқы  наразылығын  қырып  тастайды»  деп  көтеріліске  қарсы  болды.  Алайда  олар 
көтерілісті мойындаған соң да «ұлт-азаттық» деген сөзді бəрібір айта алмады.  
1929  жылы  Мəскеудегі  Бутырька  абақтысында  отырған  А.Байтұрсынұлына  елдегі 
жағдайды  меңзеп,  тергеуші  Павловтың  «азамат  соғысы  бастала  қалған  күнде  қолдарыңда 
қару  жоқ,  қалай  қорғанбақсыңдар?»  деген  сұрауына  А.Байтұрсынұлы «1916 жылы  қазақ 
халқы қарусыз-ақ көтеріліске шықты ғой, демек оның тағы да қарсылық көрсетуге күші бар 
деп  айтуға  болады»  деген  ойын  білдіреді.  Оның  осындай  пікір  айтуындағы  бір  мақсат 
орталықты  (большевиктерді)  қазақ  халқының  пікірімен  санасуға  шақырғаны  деп  түсінген 
дұрыс. 
Мұстафа  Шоқай  көтеріліске  өз  мақаласын  жазған.  Оның  мақаласы «1916 жылғы 
көтеріліс  туралы  большевиктердің  өтірігі»  деп  аталады.  М.Шоқай  «ұлт-азаттық»  сөзін 
қолданбайды.  Бұл – патша  үкіметіне,  оның  отаршылдығына  қарсы  бағытталған  ұлттық 
қозғалыс еді. Ешқандай ұлт-азаттық күрес емес. Шоқайұлы «1916 жылғы көтерілістің баса 
назар  аударатын  ең  маңызды  тұсы  қайсы?»  деп  сұрақ  қояды.  Бұл  сұраққа 1916 жылғы 
қозғалыс  жалпы  алғанда,  ұлттық  қозғалыс  еді,  онда  таптық  күрестің  елесі  де  жоқ  еді  деп 
жауап береді [5]. Бұл туралы профессор Т. Омарбеков  «қазір біз сол өтіріктен көтерілістің 
шындығын  ашып  алған  жоқпыз. «Ұлт-азаттық»  сөзін  қолданып  жүрген  мына  біздер. 
Меніңше, «ұлт-азаттық» дегеннен арылуымыз керек» деп түйіндейді.  
М. Шоқай сонымен бірге «... ішкі ресейлік губерниялардан қазақ жеріне қоныс аудара 
келген  шаруалар  болғандығы  мəлім.  Патшалық  үкімет  мұжыққа  таянса,  мұжық  патшалық 
үкімет  жүргізіп  отырған  жер  саясатының  игілігін  көріп  кенелді» [6]. деген  сөзі  өмірлік 
тəжірибеге  сүйенген  тұжырым  болатын.  Яғни, 1916 жылғы  көтеріліс,  əрине,  ең  алдымен 
негізгі отарлаушы күш патшалық əкімшілікке, сондай-ақ қазақ жері мен елін отарлау ісіне 
атсалысқан басқа да əлеуметтік күштерге қарсы бағытталды. 
Т.  Омарбеков: «бұл  көтеріліс  Кеңес  өкіметінің  кезінде  жақсы  зерттелді.  Көптеген 
құжаттар жиналды. Дегенмен, орысқа қарсы рулы ел болып көтерілгендер туралы деректер 
құпия болып қалды. Мысалы, «Қарқара көтерілісі» мүлде айтылмайтын. Тəуелсіздік кезінде 
де  бірталай  құжаттар  жинақ  болып  басылып  шықты.  Бірақ,  бұл  зерттеулердің  барлығы 
шашыраңқы,  тиіп-қашты  дүниелер.  Кейінгі  жылдары 1916 жылғы  көтеріліс  емес, 1929-31 
жылғы  коллективизация  кезінде  болған  көтерілістер  бірінші  орынға  шығып  кетті.  Яғни, 

67 
«Адай  көтерілісі», «Созақ  көтерілісі» «Қарақұм  көтерілісі»  жəне  т.б.  бұған  дейін  мүлде 
зерттелмеген  болатын.  Кеңес  өкіметі  бұларды  «бандиттік», «контробандалық»  көтерілістер 
ретінде  қаралап,  ал  мұрағаттағы  құжаттары  жабық  болған.  Сондықтан  тарихшылар 
тəуелсіздік  алған  тұста  жаппай  осы  тақырыптарды  зерттеді.  Мұндайда  тарихи  сабақтастық 
ескерілмей, 1916 жылғы  көтеріліс  тасада  қала  бастады... . Жаңа  жағдайда 1916 жылғы 
көтерілістің  басшылары  туралы  алып-қашты  пікірлер  де  бой  көтерді.  Амангелді  Иманов 
туралы Мұстафа Шоқайдың бұрынғы жазғаны жарық көрді. Ол былай жазады: «1918 жылы 
уақытша өкіметтің кезінде, Торғайды аралап жүр едім. Бір жігіттер келді. Олар: «Сіз қыпшақ 
екенсіз. Сауатты, оқыған адамсыз. Бізді Амангелді мен Əбдіғаппар жіберді. Мынау Торғайда 
арғындар  көтеріліп  жатыр  екен.  Сол  арғындарға  қарсы  соғысайық.  Біздің  қыпшақтарды  сіз 
бастаңыз»,  −  деді.  Мұнан  ары  қарай  Мұстафа  Шоқай  тағыда: «Мынау  Амангелді  батыр 
«большевик» сөзін «қыпшақ» деп ойлайтын сияқты», − деп жазады. ...Десек те, Амангелдінің 
саяси  білім  деңгейі  өте  төмен  еді.  Оған  əрине  ол  емес,  заманы  кінəлі.  Кезінде  Міржақып 
Дулатұлы  оған  сабақ  берген  екен.  Кейбіреулер  олардың  ұстаздық,  шəкірттік  жақын 
қатынасын  ескермейді.  Сондықтан  да  «Міржақып  Амангелдіні  өлтірді»  дегенді  ойлап 
шығарды дейді [4]. 
Санжар Асфендияров 1935 жылы шыққан  «Қазақстан тарихы» деген оқулығында бұл 
көтерілісті  «ұлт-азаттық  көтерілісі»  ретінде  сипаттаса  да,  бұл  оқиғаны  таптық  көзқарасқа 
бұрмалады.  Ол  көтерілісті  төңкеріс  (революция)  ретінде  батыл  атап  көрсетпей,  оның 
мазмұнынан  «ұлттық  азаттық,  ұлттық  бірігу  (қалыптасу)  үшін»  ұмтылысты  іздегенін  де 
естен шығаруға болмайды. Бұл тарихи шындықты мойындау еді. Дегенмен де, оның «қазақ 
ұлттық  революциялық  қозғалысын» «Ресей  пролетариатының  революциялық  күресіне 
тығыз  тəуелді  етуге»  ұмтылысын  тарихи  шындықтан  ауытқу  ретінде  қабылдауға  тура 
келеді.  Өзінің  еңбегін  сталиндік  таптық  көзқарастармен  сəйкестендіруге  барынша  күш 
салған  С.Асфендияров  өзінен  бұрын 1916 жылғы  көтеріліске  əділетті  баға  беруге 
талаптанған Т.Рысқұловтың жəне М.Тынышбаевтың көзқарастарын «маркстік емес, тікелей 
меньшевиктік»  пиғыл  ретінде  сынға  алды [7]. Ол  зерттеуінде  М.Тынышпаевтың, 
Б.Қаратаевтың  жəне  Ж.Сейдалиннің  осы  мəселеге  байланысты  пікірлеріне  шолу  жасай 
отырып,  қазақ  ұлттық  интеллигенциясының 1916 жылы  ұстанған  бағытына  «қорқақтық», 
«сатқындық», «орыс  монархтары  алдындағы  жиіркенішті  жағымпаздық» — деген  тəрізді 
сорақы айыптауларға негізделген біржақты бағалар береді. 
Т.Рысқұловтың 1916 жылғы  Орта  Азия  елдеріндегі  көтерілісті  ұлт-азаттық  көтеріліс 
ретінде  қарастыру  ұстанымын  қырғыз  елінің  белгілі  мемлекет  қайраткері, 1927-1933 
жылдары  қырғыз  үкіметін  басқарған  Жүсіп  Əбдірахманов  та  қолдады  «О  восстании 1916 
года»  аталатын  мақаласында  ол «1916 жылғы  көтерілістің  сиаптын  анықтаудың  тарихи 
маңызы  зор»,  ал  оның  «қозғаушы  күші  тек  бұратана  халық  болды,  өз  ретінде  ол 
Түркістандағы  орыс  шаруаларының  ғана  емес,  тіптен  аз  ғана  орыс  жұмысшыларының  да 
қолдауын  ала  алған  жоқ.  Ондай  қолдау  орыс  мұжығының  тарапынан  болмайтын  да  еді, 
өйткені  патшалықтың  жүргізіп  отырған  отарлау  саясаты  жағдайында  оның  мүддесі 
жергілікті халықтың мүддесімен мүлдем үйлеспейтін еді», - деп жазды [8]. Жалпы кеңестік 
тарихнамада, 1916 жылғы  көтеріліске  байланысты  «прогресшіл,  революцияшыл,  халық-
азаттық  сипат  алып,  патшалық  билікке,  сондай-ақ  феодалдық-бай  элементтерге  қарсы 
бағытталды» деген мағынадағы дүдəмал, бұлыңғыр баға беріліп келді. 
Белгілі қоғам қайраткері Темірбек Жүргенев те ашық айта алмай, оны «ауылдың қалаға 
қарсы көтерілісі»  деп бағалады. Өйткені ауылда қазақ, қалада орыстар тұрады ғой.  Əрине, 
жалпы алғанда большевиктік ұстанымдағылардың бəрі де бұны «ұлт-азаттық» көтерілісі деп 
айта  алмай, 1917 жылғы  «революциялық  қозғалыстың  құрамдас  бөлімі»  деп  тігісін 
жатқызып,  тарихта  қалдырмақ  болды.  Ұлы  Отан  соғысы  кезінде  Мəскеуден  келген 
тарихшылар 1943 жылы,  Ермахан  Бекмахановтың  қатысуымен  «Қазақстан  тарихын» 
жазғанда,  бұл  көтеріліске  «ұлт-азаттық»  деген  анық  баға  берді.  Алайда  олар  көтеріліске 
əлеуметтік-таптық сипат берді [4].  

68 
1926 жылы көтерілістің он жылдығына байланысты Т.Рысқұлов  «Восстание туземцев 
Туркестана 1916 году»  атты  мақаласын  жариялап,  большевизм  идеологтарының  аяғын 
басқандай қарсылық тудырды. Оларға ұнамағаны Т.Рысқұловтың Орта Азия халықтарының 
1916  жылғы 25 маусым  жарлығына  байланысты  кенеттен  жəне  жаппай  көтерілуін 
«бұратаналардың  көтерілісі»  ретінде  бағалауы,  яғни  көтерілістің  жаппай  ұлттық  сипат 
алғандығына  басымдылық  беруі  еді [8]. Т.Рысқұлов  аталған  еңбегінде 1916 жылғы  патша 
жарлығына  байланысты  жергілікті  халықтардан  соғыс  қажеттілігіне  жұмысшылардың 
алынуын  көтерілістің  шығуына  түрткі  болған  оқиға  ретінде  қарастырып,  ал  көтерілістің 
негізгі  себебі  «патшалықтың  Түркістанды 50 жыл  бойы  тоқтаусыз  отарлық  қанауға  алуы 
болды» деп көрсетті. Түркістан Ресей үшін «айтарлықтай кең қанау объектіне, өз өнімдерін 
өткізетін  базарға  жəне  шикізат  көзіне,  сондай-ақ  еркін  үлестіріп,  иемденуге  болатын  мол 
жері бар өлкеге айналды», - деп жазды [9]. 
Ал  енді  бүгінгі  тəуелсіздік  кезінде  бұл  көтеріліс  жайлы  қалам  тартып,  өз 
тұжырымдарын  ортаға  салған  тарихшылардың  пікірлеріне  келсек.  Манаш  Қозыбаев 1916 
жылғы көтеріліс туралы: «Бұл қозғалыс көтеріліс деңгейінен шығып, революция дəрежесіне 
көтерілген  тарихи  оқиға»  деп  баға  берді[5,19б].  М.  Қойгелдиевтің  пікірі  бойынша «1916 
жылғы  ұлт-азаттық  көтеріліс  революция  деңгейіне  көтерілуі  үшін  қоғамдағы  негізгі  саяси 
күштердің,  ең  алдымен  оның  мақсат-мүддесін  анықтап,  бағыт-бағдар  бере  алатын 
интелегенцияның  қолдауын  алу  керек  еді»  дейді.  Хандардаң,  батырлардың  емес,  яғни 
ұлттық интелегенцияның қолдауы керек екен. Кез келген ұлт-азаттық революцияның түпкі 
мақсаты  болады.  Сондықтан,  бұл  көтеріліс  революция  бола  алмайды  дейді.  М.Қойгелдиев 
бір  кездері  тіпті «1916 жылы  оқиғасына  байланысты  ғылыми  əдебиетте  болашақ  Алаш 
партиясының  негізін  қалаған  қазақ  интеллигенттерінің  «сатқындық»  ролі  туралы  пікір 
қалыптасқаны айтылды» [10,27 б.] дейді. Бұл пікірдің сыңаржақ тұжырым екендігін өмір өзі 
көрсетіп  берді.  Алаш  көсемдері  көтерілісшілерге  де,  майданның  қара  жұмысына 
шақырылғандарға  да  ешқандай  сатқындық  жасаған  емес.  Қайта  қазақ  көшбасшылары 
қасіретті  кезеңде  басты  міндет  халықты  астан-кестен  болып  жатқан  өзгерістерден  қорғап, 
оның этникалық тұтастығын сақтап қалу деп білді. А.Байтұрсынов ол туралы 1913 жылдың 
өзінде-ақ, «қазақ  ұлтының  өмір  сүруінің  өзі  өткір  проблемаға  айналды» - деп  жазған 
болатын [11,104б.]. 
Т.Омарбеков  «Бұл – ешқандайда  ұлт-азаттық  емес,  рулық  қозғалыс.  Қозғалыс  күші – 
қазақ  рулары.  Неге  бытыраңқы  болғанының  себебі,  Қарқара  көтерілісі – Албан  көтерілісі. 
Торғайдағы  көтерілісте  екі  хан  сайланды.  Мысалы,  қыпшақтар  Əбдіғапарды  хан  сайлады. 
Бұл – рулық  қозғалыс  болғанын  айтуымыз  керек.  Халықты  азат  етудің  орнына  олар  хан 
сайлады.  Ру-руға  бөлінгендіктен,  орталықтан  басқаратын  адам  болмады.  Яғни,  бірлік 
болмады.  Ұлт-азаттық  көтеріліс  болса,  оны  неге  Алаш  азаматтары  басқармады.  Ал  Алаш 
қайраткерлері  бұл  көтерілістің  ұлт-азаттық  сарынға  ұласа  алмайтынын  білді.  Қазақтың 
жеңіске жете алмайтынын түсінді. Бұл жай ғана жергілікті жерлердегі көтеріліс болып қана 
қалады. «Азаттық» деген сөзді Кеңес үкіметінің тарихшылары шығарған. Ру-ру болып Ресей 
отаршылдығына  қарсы  күресті.  Бірақ,  біріге  алмады»  деп  тұжырымдайды  тарихшы [12]. 
Осы  ойға  байланысты  М.  Қойгелдиев «...Егер, 1916 жылғы  көтерілісті  «рулық,  тайпалық 
негізде  ұйымдасқан  «ұлт-азаттық»  көтеріліс  еді»  деп  қарастырар  болсақ,  онда  мұндай 
тұжырым өткен ғасырдың 20-ншы  жылдары  оған  «ұлт-азаттық»  қозғалыс  ретінде берілген 
бағадан кейін кету болып шықпай ма деген сауал ойға оралады. 
Біздің  түсінігімізше,  қазіргі  уақытта  да 1916 жылғы  көтеріліс  қазақ  халқының 
мемлекеттік  дербестігі  мен  территориялық  тұтастығы  үшін  жүргізіп  келе  жатқан  ұлт-
азаттық  қозғалысының  табиғи  жалғасы,  кезекті  көрінісі,  сондай-ақ  ол  рулық,  тайпалық 
негізде  емесжалпыұлттық  ауқымда көрінген тарихи қозғалыс ретінде қарастырған дұрыс, 
сондай-ақ мұндай көзқарас тарихи шындыққа қайшы келмейді. Егер 1916 жылғы көтерілісті 
рулық,  тайпалық  реңк  алған  құбылыс  ретінде  қарастырар  болсақ,  онда 1905 жылы  өмірге 
келіп, патша үкіметіне жолданған «Қарқаралы петициясын», «Орал жəне Торғай облыстары 
ишандары  мен  билерінің  дін  жəне  жер  туралы  наразылығы»  сияқты  құжаттарды  қандай 

69 
ұстаным тұрғысынан бағалауымыз керек? Ал мəтінінде ру, тайпаның иісі де жоқ бұл тарихи 
құжаттар  ұлттық  бірегейліктің  (идентичность)  нақты  көрінісі  еді  ғой.  Яғни,  бұл 
бағдарламалық сипаттағы құжаттар  жалпы қазақ  елі атынан орталық үкіметке  жолданған 
арыз-тілектер  болатын...»  деп  бұл  көтерілістің  жалпыұлттық  қозғалыс  болғандығын 
айқындайды [8]. 
Елбасы  Нұрсұлтан  Назарбаев  өзінің  «Тарих  толқынында»  атты  кітабында  былай  деп 
жазған  еді: «Тарих  бəрін  де  сыйға  тарта  алады,  бірақ  ішкі  еркіндіктің  формасы  ретіндегі 
тəуелсіздікті  сыйға  алуға  болмайды.  Тəуелсіздік – бұл  тарих  толқынында  субъект  болу 
құқығын  түсінетін  жəне  осы  үшін  жауап  беретін  халық  болмысының  бірден-бір 
формасы...»[13,277б.]. 
Халықтық  қозғалыс  барысында  өкімет  құрылымы,  қарулы  күштер,  басқару  аппараты 
құрылды.  Ауқымдылығы  мен  қатысушыларды  қамтуы  жəне  зардаптары  жағынан  алғанда, 
ол  империя  құрамындағы  отаршылдық  құлдықтың  бүкіл  кезеңіндегі  азаттық  күресінің 
шырқау шыңы болды. Шын мəнінде, 1916 жыл-XX ғасырдың соңында қазақ халқының қолы 
жеткен саяси тəуелсіздігі мен ұлттық мемлекеттігі үшін күрестің бір белесі болып, тарихта 
өз орнын алды. 
 
Əдебиеттер тізімі: 
1.  Қазақстан  тарихы. (көне  заманнан  бүгінге  дейін).  Бес  томдық. 3 том. – Алматы: 
«Атамұра», 2010. 768 б. 
2.  Мұхамедов  М.Б.,  Сырымбетұлы  Б.  Қазақстан  тарихы.  Оқу  құралы. – Алматы: 
«Қарасай», 2009. -344 бет. 
3.  Дулатов М. Шығармалары. Алматы, 1991. 
4.  http://turkystan.kz/suhbat/11270. 19 шілде, 2016 ж. 
5.  Шоқай  М. 1916 жылғы  көтеріліс  туралы  большевиктердің  өтірігі.  Таңдамалы. –
Алматы, 1998. 1 т. -218-219 бб. 
6.  Шоқай М. Таңдамалы. І т., 2016 б. 
7.  Асфендияров  С.Д.  История  Казахстана  (с  древнейших  времен...). -Алматы, 1993. -
292-293 бб. 
8.  Рыскулов  Т. «Восстание  казахов  и  киргизов  в 1916 году». -М., 1927 г.; 
http://www.inform.kz/kz/ 1916-zhylgy-koterilis-ulttyk-biregeyliktin-korinisi_ a2928746. 2016 
жыл, 21 шілде. 
9.  http://turkystan.kz/tarih/11423. 21 шілде, 2016 ж. 
10. Бөкейханов Ə. Шығармалалар. Алматы: Қазақстан, 1994. 384 б. 
11. Брайнин С., Шафиро Ш. Алашорда тарихы жөніндегі очерктер. - А., 1935 ж. 
12. Омарбек  Т.  Тарих  ешкімнің  ықпалына  түспеуі  керек. //Түркістан»  газеті, -№27, 7 
шілде, (профессор  Талас  Омарбектің  журналист  Жəнібек  Ғалымға  берген  сұхбаты. 
http://turkystan.kz/suhbat/11270. 19 шілде, 2016 ж. 
13.  Назарбаев Н. Ə. Тарих толқынында. «Атамұра», 1999. 
 
 
ХАН ОРДАСЫ: ӨТКЕНІ, БҮГІНІ, КЕЛЕШЕГІ 
Рамазанов А.Қ.  
Ғылыми жетекші: т.ғ.д., профессор Қалыш А.Б 
Əл-Фараби атындағы ҚазҰУ 
 
Тарих – өткеннің  сабағы,  бүгінге  өнеге.  Халқымыздың  құндылықтары  мен  ұлттық 
тарихи – мəдени  мұраларын  жинап,  сақтап,  көпшілікке  насихаттап – зерделеуде  отандық 
тарихымыздың  дамуына  өзіндік  үлес  қосып  келе  жатқан  мəдени  білім  беретін  орталықтың 
бірі – Бөкей ордасы тарихи – мұражай кешені. 
Бөкей  ордасы  тарихи – музей  кешені – Батыс  Қазақстан  облысы,  Бөкей  ордасы 
ауданы, Хан ордасында орналасқан. 

70 
Бөкей ордасы – Ресей елімен щекаралас, тарихы терең, құмы мен қыры төрт түлікке 
толы, табиғат болмысы ерекше, заманға сай инфрақұрылымы жетілген аудан. 
Бөкей ордасының негізін Бөкей хан қалап, Жəңгір хан əке жолын жалғастырған, сын 
кезеңді  басынан  өткерген  тарихи  мекенде  осындай  орынның  болуы  да  тегін  емес.  Бөкей 
ордасы – тарихы да, табиғаты да бай өлке [ 1, 111-126 бб.]. 
XIX  ғасырдың  бірінші  жартысында  Еділ  мен  Жайық  аралығында  орналасқан,  Ішкі 
немесе  Бөкей  ордасы  аталған  қазақ  хандығының  тарихы – Кіші  жүз  ханы  Əбілқайыр 
немересі  Бөкей  Нұралыұлының  өз  ықпалындағы  қазақтарды  Еділ  мен  Жайық  өзендері 
аралығындағы бос жатқан аймаққа көшіруінен басталады. Бұл аймаққа қоныс аударуға Ресей 
императоры  Павел I 1801 жылдың 11 наурызында  рұқсат  берген  болатын.  Жаңа  қонысқа 
орналасқаннан  кейін  он  бір  жылдық  сұлтандық  дəрежеде  басқарған  Бөкей  Александр I 
патшаның бұйрығымен 1812 жылы хан болып сайланады. 
Бөкейден кейін оның тақ мұрагері Жəңгір елді 22 жыл хан дəрежесінде билейді. Ішкі 
Орданың  іргесі  бекіп,  сол  кезеңде  Бөкей  ордасы  территориясына  қазіргі  Батыс  Қазақстан 
облысының Бөкей ордасы, Жəнібек, Жаңақала, Казталовка; Атырау облысының Құрманғазы, 
Махамбет;  Ресейдің  Астрахан  облысының  Қарабайлы,  Құмөзек,  Володар;  сондай-ақ 
Волгорад  облысының  Палласовка  аудандары  енген.  Еділ  мен  Жайық  өзендерінің 
аралығында,  Ресей  губерниялары  ортасына  кіре  орналасқан  бұл  аймақ  тарихта  “Ішкі  Қазақ 
ордасы”  деп,  кейіннен  иелігіне  қарай  Бөкей  ордасы  аталды.  Бөкей  ордасы  Астрахан  жəне 
Орынбор əскери губернаторларының құзырында болды. Ішкі Қазақ ордасын хан-сұлтандар: 
Бөкей  Нұралыханұлы,  Шығай  сұлтан  Нұралыханұлы,  Жəңгір  хан  Бөкейұлы  басқарды. 
Бөкейдің  билігі  кезінде  кіші  жүз  қазақтарының  бұрынғы  ата-бабасы  мекендеген  жерлерді 
қайтарып, 1806 жылы мамырдың 19-да Патшалық Үкіметтің арнайы жарлығымен хандықтың 
территориялық  көлемі 6500 десятина  болып  бөлінеді.  Еділ  мен  Жайық  аралығында 
орналасқан  Бөкей  ордасының  солтүстігіне  Самар  губерниясы,  шығыста – Орал  облысы, 
оңтүстікте  Каспий  теңізі,  батыс  жағында – Астрахан  губерниясының  Царев,  Енотаев  жəне 
Краснояр  уездерімен  шектескен  жерді  заңдастырып  алуымен  ерекшеленсе,  Шығай 
сұлтанның  ел  басқару  ісіндегі  тəжірбиесі  ішкі  ру  тартыстарына  жол  бермей,  сыртқы 
қатынастарда  да  елдің  бірлігі  мен  елдігін  сақтайды.  Ал,  Жəңгірдің  хандық  билігі  қазақ 
даласында реформаторлығымен ерекшеленді [2, 34-36 бб.]. 
Жəңгірдің жаңашыл істеріне тоқталып өтсек: 
Хан  Жəңгір 1827 жылы  халықты  отырықшылыққа  көшіру  мақсатында  Бөкей 
ордасының Жасқұс деген жерінен үлкен үй салдырса, 1828 жылы өз сарайында “Қару-жарақ 
палатасын” ұйымдастырды. 
1826  жылы  Бөкей  ордасында  тұңғыш  рет  шешек  ауруына  қарсы  егу  ісін 
ұйымдастырды. 
1828  жылы  Хан  Жəңгірдің  тапсырмасымен  Бөкей  ордасының  жағрафиялық  картасы 
жасалды. 
1831  жылы  табиғатты  қорғау  мақсатында  ағаш  көшеттерін  отырғызды.  Сусыған 
құмды тоқтату шараларын қолға алды. 
1832 жылы Орданың іргесінде хан жəрмеңкесі ашылды. 
1835 жылы Ордада тұңғыш мұсылмандар мешіті ашылды. 
1838 жылы Хан ордасында архив мекемесі қалыптасып, архивариус іске кірісті. 
1838 жылы Бөкей ордасында алғашқы дəріхана іске қосылды. 
1840  жылы  ветеринарлық  пункт  ашылды,  мал  тұқымын  асылдандыру  жұмыстары 
жүргізілді. Осы жылы пошта байланысы іске қосылды. 
1841  жылы 6 желтоқсанда  Жəңгір  хан  тұңғыш  қазақ-орыс  училищесін  ашты. 
Училищеде арифметика, жағрафия т.б пəндер оқытылды. 
1845  жылы  Жəңғір  хан  дүниеден  өткен  соң  Бөкей  ордасында  Уақытша  кеңес  билік 
жүргізді,  кеңес  төрағасы  болып  сұлтан  Əділ Бөкейханов  тағайындалды.  Осы  кезеңде  Ресей 
билігі Орданы басқарудың жаңа жобаларын дайындап, іске асыру жолдарын қарастырды. 
Жəңгір ханның жаңашыл істері ол өлгеннен кейін де жалғасын тауып жатты. 

71 
1852 жылы Ордада тұңғыш аурухана ашылды. 
1862 жылы Хан Ставкасында кітапхана ашылды. 
1920 жылы Бөкей ордасы негізінде Бөкей губерниясы құрылды. Əкімшілік орталығы – 
Орда,  бұрынғы  Хан  қаласы  болады.  Губерния 1925 жылы  таратылып,  Орал  губернисының 
құрамына  енгізілді. 1928 жылы  Бөкей  уезінің  аты  Орал  облысының  Орда  ауданы  болып 
өзгертілді.  Осы  уақыттан  бастап  Бөкей  ордасы  атауы  жойылды. 1952 жылы 
территориясының  біраз  бөлігі  сынақ  аймағына  берілуіне  байланысты  Орда  ауданы 
таратылды.  
1872  жылы  Орда  ауданы  қайта  құрылды. 2001 жылы  Бөкей  ордасының 200 
жылдығына  орай  Қазақстан  Республикасы  Президентінің  жарлығымен  Бөкей  ордасы  атауы 
қайтарылып берілді [3, 3-10 бб.]. 
Бөкей  ордасы  тарихындағы  маңызды  орын  алатын  оқиға – Исатай  Тайманұлы  мен 
Махамбет  Өтемісұлы  бастаған 1836-1838 жылдардағы  ұлт-азаттық  көтеріліс.  Мал-жанның 
көбеюі,  соған  байланысты  жердің  тарылуы,  мал  шаруашылығына  қолайсыз  жерлердің 
берілуі, бекіністердің салынуы халықтың қолына қару алуына себеп болды. 
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Сталинград майданының жақын тылы болған 
Орда  жəне  Жəнібек  аудандары  еді.  Ордада  санинструкторлар  жəне  атқыштар  курстары 
ұйымдастырылды. Отанын қорғауда ерлігімен танылған үш ордалық Темір Масин, Ахмедияр 
Құсайынов,  Мəншүк  Мəметова  Кеңес  Одағының  батыры  атанса,  Хиуаз  Доспанова  Халық 
Қаһарманы атанды, сол кеңестік кезеңде Қазақстандағы тұңғыш болып генерал-майор шенін 
Шəкір Жексенбаев иеленді. 
Сондай-ақ  Орда – талантты,  ұлы  тұлғалардың  мекені.  Қазақтың  белгілі  күйшілері 
Құрманғазы,  Дəулеткерей,  Дина,  тұңғыш  дирижер  Ш.Қажығалиев,  халық  композиторлары 
Б.Жұманиязов, М.Сағатов т.б. Орда топырағынан. 
Осындай  тұнған  тарихты  кейінгі  ұрпаққа  насихаттап,  халыққа  көрсетіп  танытуда 
Бөкей  ордасы  тарихи-музей  кешені  жарты  ғасырдан  астам  уақыт  бойына  қызмет  жасап 
келеді. 
Бөкей  ордасы  тарихи-мұражай  кешенінің  ұйымдастырылуына  Азамат  соғысының 
ардагері,  жергілікті  ұстаз,  өлкетанушы  Ахметфайыз  Юсупұлы  Тажетдинов  ерекше  еңбек 
сіңірді. 1962 жылдың 15 желтоқсанында  қоғамдық  негізде  ашылған  Орда  тарихи-
революциялық  музейінде  алғашқыда  небəрі 55 экспонат  бар.  Олардың  дені 
А.Тажетдиновтың  жеке  архивіндегі  өзі  түсірген  фотосуреттер  мен  жəдігерлер  болды. 
Сондықтан экспозицияда Азамат соғысы мен атты əскер полкі, Екінші дүниежүзілік соғысы 
мен сол кезеңдердегі тарихи тұлғалар туралы деректер экспозицияланды. Алғашқы жылдары 
қоғамдық  негізде  қызмет  көрсеткен  Орда  тарихи-революциялық  музейі 1967 жылы 
мемлекеттік  музейлер  санатына  алынды.  Осыдан  кейін  мұражайға  үкімет  тарапынан  көңіл 
бөліне  бастады.  Музей  экспозициясы  көпшілікке  тек 1971 жылы  есігін  айқара  ашты. 1978 
жылдан  музейді  басқару  Темірболат  Мақымұлы  Махимовке  тапсырылды.  Табиғатынан  қай 
істің  де  кілтін  таба  білетін  осы  тұлғаның  қолына  тиген  кезден  бастап  музей  қызметі  жаңа 
бағыт  алды.  Музей  қорындағы  əр  заттың  құжатын  жаздырып,  ел  ішіндегі  көне  мұраның 
ертеңгі ұрпақ үшін мəні зор дүние болатындығын халыққы түсіндіріп, көптеген жəдігерлерді 
музей қорына жинады.  
Бөкей  ордасы  үшін 1990 жыл  елеулі  жыл  болды.  Сол  кезеңдегі  Қазақ  КСР-нің 
Президенті  Н.Ə.  Назарбаев  қасиетті  Нарын  топырағына  табан  тіреді.  Ел  басшысы 
уақытының  аздығына  қарамасқан  жаяу  аралап,  көненің  көзіндей  сақталып,  күтімсіз  қалған 
қоңыр  үйлерді  мемлекеттік  қорғауға  алу,  қайта  қалпына  келтіру  мəселесін  қолға  алуды 
жүктеген еді. Ел басшысының тапсырмасы біртіндеп орындала бастады. Дəрігер А.Сергачев 
үйі мен Торғын мектебі ғимараттары музей қарамағына берілді. 1997 жылы аты да, заты да 
ескірген “Орда тарихи-революциялық музейіні” атауы “Бөкей ордасы тарихи музейі” болып 
өзгертіліп,  ғимаратына  күрделі  жөндеу  жұмысы  жүргізіп,  экспозициясы  атауына  сай  қайта 
жасақталды.  Осы  жылы  Ішкі  Қазақ  ордасының  ханы,  ұлы  реформатор  Жəңгір  Бөкейұлына 
кесене  салынды.  Қазақ  мемлекеттігінің  негізін  қалаған  қазақтың  соңғы  ханы  Жəңгірдің 

72 
кесенесін  салтанатты  түрде  ашуға  Елбасы  Н.Ə.  Назарбаев  арнайы  келген  еді.  Айтылған 
сөзінің атқарылған іске айналғанын көрген Елбасы кесененің ашылу салтанатында сөйлеген 
сөзінде:  Біз  халқымыздың  рухын  көтеруіміз  керек.  Өмірде  топтасып  өзінің  рухына,  өз 
тархына қарамаған халықтың болашағы жоқ”, - деген болатын. 
2000  жылы  Хан  Жəңгір  кесенесінің  жанынан  дəулескер  күйші  Дəулеткерей 
Шығайұлына, 2001 жылы  ғалым-этнограф,  Орыс  географиялық  қоғамының  мүшесі 
М.Бабажановқа кесенелер тұрғызылды. 
Құрамына 
бірнеше 
тарихи-мəдени 
жəне 
архитектуралық 
ескерткіштердің 
шоғырлануына  байланысты  “Бөкей  ордасы  тарихи  музейі”  Батыс  Қазақстан  əкімиятының 
2002 жылы 16 қаңтардағы қаулысы бойынша “Бөкей ордасы тарихи-мұражай кешені” болып 
қайта құрылды. 
Бөкей  ордасы  тарихи-мұражай  кешені 2003 жылы  Халықаралық  Музейлер 
қауымдастығының  мүшелігіне  қабылданып,  Парижде  тіркелсе,  кешен  басшысы  Т.Махимов 
Қазақстан  музейлер  қауымдастығының  вице-президенті  болып  сайланды.  Бүгінде  мұражай 
коллекциясы 15 мыңға жуықтады. 
Біз  Н.Ə.  Назарбаевтің  Бөкей  орданың  тарихына  ерекше  мəн  беретіндігің  жоғарыда 
атап өткен болатынбыз. 2004 жылы мемлекеттік “ Мəдени мұра ” бағдарламасы қабылданған 
кезде  батыс  өңірі  бойынша  алғаш  болып  осы  Бөкей  ордасы  тарихи-мұражай  кешені 
енгізілген болатын. Бағдарлама негізінде қазақтың қайраткер қызы А.Оразбаева мен тұңғыш 
инженер-металлург  М.Бегалиева  білім  алған, 1883 жылы  салынған  “Қыздар  училищесі” 
ғимараты  жаңартылып,  онда 2007 жылы  мұнда  “Бөкей  ордасында  халыққа  білім  беру 
мұражайы”  ашылады.  Осы  мемлекеттік  бағдарлама  бойынша  Хан  сарайының  негізгі  бөлігі 
мен  батыс  флигелі 2010 жылы  бағдарламадан  бөлінген  қаражат  есебінен  тұрғызылды.  Бұл 
ғимаратта  Хан  сарайы  мұражайының  жаңа  экспозицияларын  жасақтау  жұмыстары 
жүргізілуде. 
Бұған қоса “Мəдени мұра” бағдарламасы негізінде 2013 жылы кешен территориясына 
бұрынғы  баспахана  ғимараты  салынып,  онда  “Бөкей  ордасындағы  қазақ  баспаханасы” 
мұражайы ашылып, халыққа қызмет көрсетуде [4, 6-23 бб.]. 
Бөкей ордасы – жеті жұрт жайлап-қонған қасиетті мекен, құтты қоныс. Екі ғасырлық 
тарихында талай тартысты өткеріп, бабалар көзіндей бізге жеткен баға жетпес байлығымыз. 
Хан  ордасын  ашық  аспан  астындағы  музейге  айналдыруға  мүмкіндіктер  бар.  Егер  “Бөкей 
ордасы  тарихи-мұражай  кешені”  негізінде  “Бөкей  ордасы  тарихи-мəдени  жəне 
этнографиялық қорық музейін” ашсақ, туризм саласының дамуына қосар үлесі сүбелі болары 
сөзсіз.  

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   42




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет