Роман-эссе (1927) ТАРТУ Тіршіліктің ескірген
Өнімсіз тәсілдерін тастап,
Өнімді өнер тәсілдерін жасаушы;
Ескірген надан әдетті,
Бақытсыз тұрмысты жойып,
Бақытты жаңа тұрмыс жасаушы;
Қазақстанның жас жұмыскер табының
Екпінді жастарына,
Ұлы өзгеріс, ұлы асудағы
Көрген,
Білген
Әңгімелерді кітап қылып
Тартамын.
Сәкен. 1926 жыл, 17 сәуір.
БЕТАШАР
Бұл «Тар жол, тайғақ кешу» әңгімесінің бас жағы бұрын «Қызыл Қазақстан» журналына бөлшектеніп басылған еді. Сол басылғандарды жиып, жөндеп, тағы қосып жазып кітап қылдым. Бірақ уақыттың тарлығынан асығыс жазылды. Сөзді шеберлеп, түзетіп тізіп отыруға уақыт жоқ... Мақсұт: 1916-17-18-19 жылдардағы тарихи қозғалыстың, ұлы өзгерістің (революцияның) Қазақстандағы өзім көрген, өзім білген оқиғаларынан баспа жүзінде қалдыру. Мұнда талай кісілердің аттары аталды. Тарихи қозғалыстың көрген, білген оқиғаларын жазған соң, әрине, кісілердің аттары кірмеске болмайды. Мақсұт біреуді көтеру, біреуді жамандау емес. Зор қозғалыстың, зор өзгерістің әр кезінде, әр түрлі пікір, әр түрлі әрекет болған. Ол — тіршіліктің, тарихтың ісі.
Азын-аулақ қазақтан шыққан, ұлы өзгеріске қатысқандардың ұстазы Ресей большевик партиясы болып, революцияның жалпы жауларына қарсы шығысқанда, күрескен дұшпанының бірі «Алаш» еді.
Бұл кітапта «Алаш» туралы көп әңгімелер айтылды. «Алаш» туралы әңгімелер айтылғанда әлгі айтқандай сол Алашордада болғандарды айыптамақ ниетімен айтылып отырған жоқ. Тек тарихи мағлұмат ретінде ғана баспа жүзіне шықсын деген оймен айтылды.
«Алаш» деген,«Алашорда» деген болды. Оның Октябрь төңкерісіне қарсылық еткенін жұрт өзі де қазір тегіс көріп отыр. Ұлы өзгеріс, революция уақытында «Алашордада» болған адамдардың талайы адасқанын мойнына алып, Совет үкіметіне мойынсұнды. Талайы большевик партиясына кіріп те отыр. «Адасқанның айыбы жоқ қайтып үйірін тапқан соң».
Бұл кітапқа «Қызыл Қазақстанда» жазылған мақалаларымның «Тар жол, тайғақ кешу» деген атын қойдым. «Ұлы өзгеріс», «Ұлы өткел», «Ұлы асу» деген аттар ойыма келіп еді. Көзбен көргендерім кітапта көбірек айтылған соң, «Тар жол, тайғақ кешу» деген атты лайықтырақ таптым. Бұл атты, жалпы, суретті мағынада алдым. Газеттерден мағлұматтар көп кірді. Бірақ «Бірлік туы», «Жас азаматтар», «Үш жүз», «Тіршілік» газеттерінің керекті номерлері қолыма түспеді. Өйткені мен бұл кітаптың көп жерлері тарихи мағлұмат болуға жарар деп білдім.
Сәкен. 1926 жыл, 17 сәуір. Қызылорда.
I. РЕВОЛЮЦИЯНЫҢ АЛДЫҢҒЫ ЖЫЛЫ – 1916 ЖЫЛ
Омбының учительская семинариясын бітіріп, 1916 жылы май айында Ақмола уезіне келдім. Күзге қарсы Ақмола уезінде Нұра өзенінің бойындағы Бұғылы елінде жаңа ашылмақ ауылдық школаға бала оқытуға тағайындалдым. Оқу басталуына екі-үш айдай бос уақыт болған соң, сол жылы жалпы Россияда болған ауыл шаруашылығының санақ қызметіне кірдім. Ақмола уезінің барлық қазақ елін оңтүстікке және солтүстікке бөліп, екі жағынан екі санақ комиссиясы шықты. Оңтүстікке шыққан санақ комиссиясының бастығы Томск университетін сол жылы ғана бітірген Асылбек Сейітұлы болды. Солтүстікке баратын санақ комиссиясының бастығы мен болдым. Біз бес кісіміз. Аралап есебін алатын еліміз — он екі болыс ел.
Жаздың басы. Елге шықтық. Ақмола қаласынан күнбатысқа қарай шыға отыз бес шақырым Есіл бойындағы елге барып түстік. Елінің болысын, старшындарын жинап, келген жұмысымыз туралы түсіндіріп, елді жинатып, малының, жанының, егінінің, соқа-саймандарының, нұсқаларымыз бойынша санағын ала бастадық. Ол елдің санағын алып болып, Есіл бойын жағалап, екінші елге жүріп кеттік. Және ол елдің санағын алып болып, Ақмоланың «Ақсирақкөл» деген Атбасармен шектес, ең шеткі бір елге барып түстік. Елінің көбі «Шұбыра» деген жерде. Болыс, старшын, тілмаш, поштабайлармен «Шұбыраға» келдік.
«Шұбыра» деген — қалың, жиі, сулы томар. Томардың іші, айналасы, маңы — жайқалған көк шалғын. Ұшы-қиыры жоқ тәрізді, ылғи белес. Әр белестің асты ойпаң томар. Маңайда көрінген тау да жоқ, орман да жоқ, адыр да жоқ, жалғыз-ақ белес-белес пен көк иір қалың томар. Шұбыраның қалың ел отырған жерінде кішкене өзенсымақ бар. Белес те, томар да, жай ойпаң жер де — бәрі де көгал. Бәріне де тұтас жасыл кілем жайғандай. Жасыл кілемге түрлі жібекпен кестелеп түр салғандай. Жаздың басы. Жаздың тамылжып тұрған жас уақыты. Суы молырақ томардың басында, өзен өлкесіне жағалай, айнала жайылып тізіліп отырған қалың ел. Бізге оңаша, бір томардың басына үй тікті. Болыс, старшын, тілмаш өздеріне де бізбен қатар бір үй тікті. Көк шалғынға тіккен үйлерге төсеніш керек те емес. Сонда да көк шалғын үстіне кілем төседі. Үйге қазақша дөңгелек аласа үстелдерді әкеліп орнатты. Тіккен үйге кіріп, қағаздарымызды жайып тастап, жиналған жұрттан санақ ала бастадық.
Он екі болыс елдің бір шеті мен бір шеті мың шақырымдай.
Бұл ел — бай. Бай ел күйлі. Қымыздың мол уақыты. Қазақ ұйқысы қанып тұрғаннан кешке шейін мең-зең, алқа-салқа болып қыдырып қымыз аулауда.
Жұрттың көбі жұмыссыз болса да санақ алған жерден шықпайды. Сылқылдаған босбелбеу, арамтамақ, буына семірген бұқалардай мырзалардың баққаны күнде кешке ойын, күлкі, сауық, қызойнақ, ән салу, өлең айту. Жақсы әнші, домбырашылар көп. Бас қосып жиналса, күжілдеп-куілдеп, сылқ-сылқ күліп, бірін-бірі сықақ қылғаннан басқа жұмыстары жоқ. Болыстың, старшынның, билердің бәрі — жуан, дүмді мырзалар. Жиналып отырып сөйлескендеріне қарап отырсаң, бәрі де көкке тойып топтанып, топырақ шашып, күжілдеген бұқалар тәрізді. Маңқиған семіз өгіздер тәрізді. Жалғыз-ақ ертеден кешке шейін қыбырлап, күнге күйіп қап-қара болып, маңдайларынан тері шып-шып шығып, пысынап, байдың жұмысын қылып малайлар жүреді, малшылар жүреді. Күн ыстықта қап-қара болып түтігіп, мал бағатын да малайлар, күнге шыжып шыбындаған асау биелермен арпалысып сауын сауып, қымыз жасайтын да малайлар. Жапан түзді қыдырып, еріндері кезеріп, тезек теріп әкеліп, от жағып, ас пісіретін де малайлар. Өзінің қолымен жасаған ісінің рахатын көре алмайтын да жалғыз-ақ сол малайлар.
Қазақ малын жасырады. Жасырмайтын қазақ кемде-кем.
Шұбырадағы елдің санағын алып болдық. Енді жүрмекпіз. Бірақ ешкім асықпайды. Біз де асықпаймыз. Шұбырадағы елді қиып тастап кеткіміз келмейді. Бұл елден шыққан соң, баратын еліміз алыс. Болыс пен тілмаш, старшын бір-екі күн жатуымызды сұраған соң, бір-екі күнге тоқтадық. Қара сабаның жанды құмар қылатын тәтті иісі аңқыған сары қымызы. Бағлан тоқтының еті. Таза ауа, көкорай шалғын, сыңсыған бай бейбіт ел кімді айналдырмайды.
Күн төмен түскен уақыт еді. Күннің денеге жібек торғындай ыстық лебі қайтып, жер де, аспан да көк торғындай еді. Жер-дүние тып-тыныш. Сол кезде барлық жаратылыс жаздың жұпарына мас болып манаурап тұрған тәрізді. Жер-дүние тып-тыныш. Шұбырадағы сыңсып отырған ел де тып-тыныш. Белеске шығып қарасаң, төңірек қаптаған мал, бырдай болып тізілген ел...
Үш жігіт атқа мініп, бой көтеріп келуге шықтық. Аттарымыз да сейдін, көңіл де сейдін. Белеске шықтық, томарларды араладық. Күнбатысқа қарай жүгіртіп кетіп, елдің ең шетіне шықтық. Атбасар уезі мен Ақмоланың шекарасына келдік. Бір белеске шығып, аттарымыздың басын тартып, жан-жаққа қарап тұрдық. Аттарымыз ойқастап, жер тарпып, ауыздықтарын қарш-қарш шайнайды. Төңірек ылғи бір белес, ылди, ойпаң. Тұтасқан қап-қара көк. Қалың көк шөп, көк шалғын тұтасып, жер-дүниені қаптаған тәрізді. Жер үсті қап-қара көк теңіз тәрізді. Күн еңкейген мезгіл еді. Алтын күн аспаннан сұлу жерге еңкейген тәрізді. Күннің алтын шұғыласы көк теңіздей тұнған төңіректі неше құбылтады. Ақырын ескен майда ескек тұтасқан көк теңізді ақырын ғана қозғайды. Қара көк жердің қиырсыз үсті тұтасыменен ақырын ғана ырғалады. Жер үсті ұшы-қиыры жоқ алқара көк теңіздей құлпырады. Теңіздей ырғалады. Құлпырған жердің қырсыз шеті аспан көкпен қабысқан тәрізді. Төңірек тып-тыныш. Күнбатыста, Атбасарға қарайтын жақта, алыстан бұлдырап қатар жатқан екі көл көрінеді... Қара көк қамыстары мұнартады. Сол елдің жігіті — жолдасымнан, мұнартып бұлдыраған көлдерді сұрадым.
— Анау не көл? — дедім.
— Ол — Әупілдек, Алакөл, — деді.
— Уай! Әупілдегің әлгі, кәдімгі өлеңдегі «Әупілдек» пе? — дедім.
— Ие, сол өлеңдегі Әупілдек. Сол өлеңді шығарған қызды алған адам, сол Әупілдекті мекен қылатын елдікі ғой. Елі қазір сол көлдің ар жағында отыр. Бірақ бұл жерден көрінбейді, — деді.
— Е, е, өлеңдегі Әупілдек осы десейші... Ол келіншек қазір өлген ғой, ә? — дедім.
— Иә, өлген, бейшара, сол қайғыдан өлді ғой! — деді...
Ұшан-теңіз белестердің ортасында, ат үстінде, әлгі көлдерге қарап тұрдық...
«Сүйгеніне бара алмаған, малға сатылған сорлы қыз қайғыдан өлді ғой...»
...Көз алдыма келіп елестеді: Оның жылағаны... Сатылып барған жерінен Әупілдек көлін жағалап, неше рет жаяу қашқаны көз алдыма елестеді... Тап осындай тып-тыныш жер мен көк... Төңірек тым-тырыс, елсіз, шалқыған көл. Жылап келіп, көл жағасында отырған жалғыз әйел. Манаураған жер мен көк — меңіреу. Меңіреу жаратылыс көздің жасын көрмейді. Жылаған жанның қайғысын сезбейді. Жалғыз-ақ еңіреген әйелмен бірге көлдің қамыстары ғана теңселіп сыбдырласып, сусылдасып сөйлейді. Көлдегі құстар ғана еңіреген әйелмен бірге сыңсып, шулап жырлайды... Әйел жылайды... Әйел жырлайды.
Қамысы Әупілдектің мүше-мүше,
Сарғайдым осынау көлдің суын іше!
Қос қанат құсқа біткен маған бітсе,
Барар ем қалқажанға әлденеше!..
Қар басты Әупілдектің қамыстарын,
Айтады әркім көрген қасірет-зарын,
Түседі қайғылыға қара тұман,
Кім білер сол тұманның ашыларын?!
Еріксіз Әупілдекті мекен еттім,
Жасым жас, он алтыға жаңа жеттім!
Айырған екі ашықты еңіретіп
Ісіне бар ма шара құдіреттің!..
Тағы да көп сурет көз алдыма елестеп, біраз Әупілдекке қарап тұрып қайттық...
Кешке жақындағы бір ауылда ел жігіттері ойын жасады. Ойын жасаушы жігіттердің бастықтары — старшындар, болыстың тілмашы, Байсейіт және басқа пысық жігіттер.
Ойынға бізді де шақырды. Біз төрт кісіміз. Екеуі ноғай жігіт, біреуі орыс, төртіншісі мен. Орыс Михаил деген шалдау кісі. Екі ноғай жас жігіттер. Екеуі де мұғалім. Біреуі Ғалымжан, Ақмоладағы қалалық ноғай мектебінің мұғалімі. Біреуі Нұрғайын, қазақ арасында орысша мектепте учитель. Ойынға Михаил мен Нұрғайын бармады. Нұрғайынның сол күні бір тісі ауырған еді. Ойынға Ғалымжан екеуміз бардық.
Ішін жөндеген, жағалай кестелі тұс киіз ұстап, кілем төсеген, безеген, оңаша отау үй. Лық толған қыз-келіншек пен бозбала. Біз Байсейіт пен Ғалымжан және бес-алты ел жігіттері — бәріміз отауға кіріп келдік. Бізді күтіп жатыр. Жоғары, араластырып отырғызды. Жұрт отауда дөңгелек айналып отыр. Бізге таяу, бізге қарсы бір әнші старшын мен тағы да сондай бес-алты бастық жігіттер келіп отырды. Біраздан соң болыс пен бес-алты ірі кісілер де келіп, төрге шығып отырды. Болыс пен біраз ғана ірі кісілерден басқа жігіттер мен қыз-келіншек араласып отыр. Байсейіт, Ғалымжан үшеумізді де бірыңғай қатар, қыздардың араларына отырғызған. Жағалай қымыз беріп жатыр. Қымыз ішіп болғанға қарамай-ақ жұрт дуылдасып ойнап отыр. Қыз-келіншектер барын киген. Қозғалса, шаштарына таққан күміс шолпылары, білезіктері сылдырайды. Жібек киімдері көлдің қозғалған көк құрағындай судырлайды. Бәрі де әдеппен сызылып, қасындағы жігіттермен аңдысып сөйлесіп отыр. Күні бойы қымыз ішкен жұрт тағы да қымыз ішкен соң тегіс қызып алды. Екі-үш жерде шам жанулы. Отау лық толған. Отау сықырлайды. Болмай кіріп кеткен бала-шағаларды шығарып, есік жақта екі-үш жігіт жүр. Әнші старшын жігіт біздің қарсы алдымызда домбыраны безеп, сыңқылдатып шертіп отыр. Отырған жанның бәрі де тіпті ішпей мас. Қоп-қою сары уыз қымыз. Көкпеңбек болып жайнаған жаз. Жаздың барқыттай жұмсақ кеші. Неше түрлі кілем, тұс киіз, перде ұстап безеген отау. Арқаның жұтынған, мөлдіреген сұлулары. Бәрі қосылғанда кімді мас қылмас, кімді балқытпас. Түрлі ойын ойналып жатыр. Ойынның бәрінің де шарты өлең мен ән болып шығып жатыр. Домбыра қолдан-қолға көшеді. Әнді бір жігіттен бір жігіт асырып салады. Бір қыздан бір қыз асырып салады. Жеке-жеке де салады. Екі-екіден қосылып та салады. Неше түрлі құбылған, бұралған, кестелі, өрнекті сұлу ән естіледі. Неше түрлі өлең естіледі. Ғалымжан екеуміздің арамыздағы қыз жеке ән салды. Тағы бір қызбен қосылып салды.
Бір кезде Байсейіт екеуміздің арамыздағы қыз ән салды. Бұл бір — орта бойлы, қара торы жастау қыз. Жасы не он бес, не он алтыда, көп болса он алты, он жетіде. Бұған ән салатын кезек келгенде отырған жұрт тына қалды.
Кейбір бастық жігіттер:
— Қабиба домбырамен айтсын, домбырамен! — деді. Өзге қыздар домбырамен айтқан жоқ еді.
— Бұл бала домбырамен айтушы ма еді? — дедім.
— Иә, иә, домбырамен айтатын бала, — десті.
Қабиба домбыраны алды. Дуылдап отырған жұрт теп-тегіс тынған. Домбыраны алып, жөнделіп, қозғалып отырды. Мен де қозғалып, Қабибаның орнын кеңіттім.
Қабиба маған қарап жымиып:
— Отыра беріңіз бұрынғыңыздай, — деді.
— Қане, қане, шырағым, бөгелме, ана қасыңда отырған сый балалар лебізіңді естісін!.. — десті.
Қабиба домбыраны дыңылдатып бұрап, күйге келтіріп, әдемі сүйріктей саусақтарымен пернелерді сыдыртып, желдіртіп домбыраны қағып-қағып жіберді.
— Е, шырағым!.. — деп болыспен қатар отырған үлкендер қозғалып қойды.
Кеудесін қозғап, ілгері керіңкіреп тастап, Қабиба домбырамен бірге шырқап қоя берді.
Үйдегі лық толған жұрт тым-тырыс. Барлық жұрттың көзі Қабибада. Сылдыраған әдемі дауыспен Қабиба шырқады. Әнінің, дауыстың ырғағына ертіп, домбыраны да шырқатты... Жаз күні жырлаған бозторғай шырқап-шырқап, мың құбылтып даусын құйқылжытып, көкке қарай өрлейді. Қалтыраған, сылдыраған дауыспен бірге қанаттарын қалтыратып қағып, биік шарыққа көтеріледі. Бір уақытта төңкеріліп, ұйтқып, құйқылжыған дауыспен төмен түседі. Бір уақытта шарқ ұрып серпілген дауыспен қайта көкке шығады. Көкте жүріп шыр көбелек айналып, тағы мың құбылтып жырлайды. Бір уақытта дөңгеленіп тұра қалып, бір ноқатқа қадалып, қанаттарын қалтыратып, әдемі, зарлы сұлу дауыспен жырды үзілтіп-үзілтіп, түйдек-түйдек тізбектейді. Сөйтіп, бозторғай мың құбылтып жырлайды...
Бозторғайдың жырын тыңдайсың. Жалғыз сен емес, бозторғайдың жырын жер мен көк те тыңдайды. Бозторғайдың жыры маужыраған жер мен көкті тербетеді... Міні, тап сол бозторғай Қабибада бозторғайдай шырқап сұлу даусын көкке өрлетті. Бұл да даусын көкте неше түрлі құбылтып төңкерді. Бұл да даусын қалтыратып, неше түрлі құбылтты, неше түрлі ойнатып даусын төмен қалықтатты. Және неше рет шарқ ұрып серпілдіріп даусын көкке шығарды... Бір уақытта даусын үзіп Қабиба тоқтатты. Отырған жұрт әрең қозғалды. Әнге сұқтанды. Әдемі дауысқа сұқтанды. Қабиба домбыраны таяу отырған бір жігіттің алдына сұлық қоя салды. Жұрт тұс-тұсынан Қабибаға: «Тағы да, тағы да!» — деп жабырлады. Біз де тағы да айтуын сұрадық. Қабиба тағы да айтты. Тағы да үш-төрт әнге салды. Енді Қабибаның әнінен басқа ән естігіміз келмеді. Ойын қызды. Жұрт Қабиба әнінің әсерімен әуеленіп алды. Менің қасымдағы Ғалымжан туғалы қазақтың мұндай ойынын, мұндай ән естіген жоқ екен. Енді Ғалымжанның есі шығып кетті...
Таң атып келе жатқанда ойын тарқады.
Біз жаяу үйге қайттық. Үйге келіп жатып ұйқыға кіргенше, Ғалымжанның ақыл-есі кіріп жеткен жоқ.
Үйге қайтып келе жатқанымызда:
— Ну Сәкен, қазақты мен жаңа ғана білдім! Шарық музыкасының не екенін жаңа ғана аңладым. Қазақ болмағаныма ырза емеспін. Қазақ ішінде өспегеніме ырза емеспін! — деді. Және: — Үйленбей тұрған кезімде қазақтың мұндай екенін білсем, қаладан безіп, қазақ арасына сіңіп кетер едім! — деді.
Шұбырадан аттандық. Ендігі баратын еліміз алыс. Таң ертеден қос-қос атпен кешке шейін жүгіртіп, ара қонып, әрең жеттік.
Ақсирақкөл елінен (Шұбырадан) шығып келіп санағын алған еліміз «Моншақты» елі, «Қарабұлақ» елі, «Қызылтопырақ» елі, бұлар — үш болыс ел.
Бұл елдердің санағын алып болып, Қанжығалы «Қоржынкөл» еліне келдік. «Қоржынкөл» елі Семей губерниясының Павлодар уезімен шектес болады. Қанжығалы «Қоржынкөл» еліне июньнің ақырғы кезінде келдік. Елі болыстыққа таласқан екі партия. Бір партияның басы болыс, екінші партияның басы тағы да бір жуан, былқыл мырза. Болыстары әмірін еліне қаттырақ жүргізіп, тізесін елге қаттырақ батырып, көпшілікті өзіне қарсы қылып алған екен. Бір болыс елдегі мың жарымдай үйде болыс жағында жүз шамалы-ақ үй қалған екен. Бірақ болыс қалам қолында болған соң қасқырдай дүрдиіп, бұрыннан ықтап қалған елді беттескенде әлі де қорқытатын түрі бар екен. Болыс ауылына күн бұрын хабар жіберген едік. Ауылы «Ащыкөл», «Қасқаат» деген қатар екі әдемі көлдің басында екен. Күн төмен салбырап тау басына таянған кезде бір белес төбеден асып түсіп, «Ащыкөлдің» құбыла жақ үстінен шыға келдік.
Көлдің бір жақ басында аз ғана үйлі екі-үш ақ ауыл. Екінші жақ басында тағы да аз ғана үйлі екі-үш ауыл. Төрт-бес атты кісі көлдің бергі басында, көлге жылқы жауып жүр екен. Қара жолмен көлге қарай ентелетіп келе жатқан бізді көріп, жылқы жауып жүрген атты кісінің бірі бізге қарай жүрді. Келе жатқан адам жүзіктің көзінен өткендей әдемі жарау атқа мінген, астында ақ күміс ер-тоқымы күнмен шағылысып, жарқ-жарқ етеді. Әдемі қара ат жігіттің астында. Үстіндегі күміс ер-тоқымды жарқылдатып, ойқастап, сылаң-сылаң етеді. Қара аттың үстіндегі ұзын аққұба жігіт. Үстіндегі киімдерінің жалғыз-ақ шапаны қазақша. Өзгесі әдемі қала киімдері. Баста әдемі панама қалпақ, аяқта әдемі бәтеңке. Мен тани кеттім. Бұл—Төлеубай. Бұл — қазір осы «Қоржынкөл» елінің болысының тілмашы. Болыс — осы Төлеубайдың әкесімен бір туысқан Олжабай дейтін кісі. Төлеубай менімен жасынан ашына еді. Екеуіміз Ақмолада бірге оқып жүргенде бір үйде бір жыл бірге жатқан едік.
— Ассалаумәлекім!
— Уәликімсәләм!
— Уа, мал-жан аман ба?
— Уа, шүкір! Ой-бой-ой! Көрісетін күн де болады екен ғой!
Амандастық. Оқып жүргендегі таныспен шұрқырасып, қуанысып, шүйіркелесіп қалдық.
Бізді болыстың кандидаты-орынбасары, немере інісінің үйіне әкеліп түсірді. Біраз сөйлескеннен кейін Төлеубай маған қарап:
— Сен есіттің бе, қазақтан әскер жұмысына жігіт алатын болыпты дейді ғой?.. Бізге он тоғыз бен отыз бірдің арасындағылардың есебін алып жібер деген отношение бар, — деді.
Мен:
— Жоқ... Біз ондай сөзді естігеніміз жоқ. Қалай алады екен, кімді алады екен?.. Қашан алады екен?.. — деп бұл хабарды естімегенімізді білдірдім.
— Бұл хабарға жұрт нанар-нанбасын білмейді, үрпиіңкіреп, құлағын түріп қана отырған түрі бар. Осы хабардың анығын біліп келуге, көкем қалаға кетіп еді. Кеше келмекші күні еді, келе алмады... Енді бүгін келер деймін, — деді...
Бұл туралы және басқа да түрлі әңгімелесіп отырдық.
Болыстың ауылы қатар біткен екі әдемі көлдің жағасында, ауыл көкорай шалғынның үстінде. Біз отырған үй — алты қанат ақ отау, іші таза. Жасаулы емес, бірақ төсеніштер жақсы. Кереге-уықтары сырлы... Тысқа шығып-кіріп, самауырды жөндеп қайнатып, басқа шай жабдықтарын ыңғайлап, болыс орынбасарының қатыны жүр.
Күн қызарып батуға таянған. Күннің күндізгі ыстығы қайтқан. Көл басының ауасы жанға жұмсақ, қоңыр майда мезгіл. Домбыра тартып, малдасын құрып болыстың орынбасары отыр. Іргеге жағалай қабаттап салған көрпелердің үстінде және іргеге жағалай тастаған діңкиген кірлеу тартқан ақ тысты жастықтарға сүйеніп біз жатырмыз. Күн ыстықта жолды-жолсыз жерлермен жүрген соң, солқылдақ арбаның соққанынан шаршап қалған екенбіз. Жастыққа шынтақтап қисайып жатырмыз.
Дөңгелек аласа үстелді жасады. Шашақты, гүлді көкшіл дастарқанды жайды. Қызыл кәрден шыны аяқтарды сылдыратып жасап, қымызға илеген, жаңа пісірген ақ бауырсақты дастарқанға төкті. Үлкен қылып шаққан түйір секерді үстелге жаудырды. Екі шыны табаққа сары май салып, күжілдетіп ақсамауырды келтіріп, шайға ишарат қылды... Үстелге иіріліп отырып шайды іштік. Ол екі арада маңайдағы үш-төрт көлдің басындағы елдің адамдарын жинатуға болыстың тілмашы бұйрық қылып, кісі шаптырып жіберді.
Кеш батқан соң сонда түнеп, ертеңінде тілмаш өз үйіне қонаққа шақырып, сонда бардық. Жұрт аздап жиналып жатыр... Түс уақтысында қаладан тілмаштың әкесі, болыстың ағасы Барекең келді. Ауыл жігіттері сәлем беріп алдынан шығып, атын ұстап, аттан түсіріп алып, құрдай жорғалап, есік ашып енгізіп, күтіп жатыр. Үйде отырған біраз ел кісілері түрегеліп, Барекеңмен қол ұстасып амандасты. Біз де амандастық. Жұрттың бәрінің екі көзі Барекеңде. Төсек жағына, төрдің алдына шығып, Барекең шаршаған түрмен, бірдемеге қатты күйінген түрмен, «уһ!», «аһ».. деп, екі иығынан дем алып шешініп жатыр.
Жұрт амандасып:
— Қаладан не хабар бар? — деді.
Барекең отырып жатып: «Уһ! Шүкір... Не хабар сұрайсыңдар... Қазақтан кісі алатын болды ғой. Міні, жарлығы!» — деп, қалтасынан бүктелген, жуан әріптермен орысша басқан бір жарнаманы алып, тілмаш баласына тастай берді.
Баласы алып оқыды.
Жағалай отырған жұртта және тыстан кіріп, есік алдында иін тіресіп, телміріп қарап тұрған жұртта үн жоқ, бәрінің өңдері қашып кеткен. Жарнаманы Барекең баласына тастай бергенде, үйдегі барлық қазақтың өңі қашып кетті. Жарнаманы маған берді. Мен де алып қарадым.
«25 июньде патша ағзамның жарлығы бойынша қазақ халқының он тоғыз бен отыз бір жастың арасындағы еркегі әскерлік жұмысқа алынады...» — деп, Ақмола губернаторының қылған жарнама бұйрығы екен. Үйдегі жұрт үрейленді. Менен мұның «мәнісін» сұрады.
— Мен не дейін?.. Әскер жұмысына кісі керек болған соң, қазақтан алайын деген ғой!.. — дедім.
Әскердің қара жұмысы дегенге нанбайды.
— Бұл әншейін алдаған іс қой. Солдаттың нағыз өзі ғой бұл... Ой, құдай-ай, бұл не деген сұмдық?.. Ой, пірім-ай! — десті. Жұрт тіпті үрейленді...
Ол елдің санағын тезірек алып, әрмен жүріп кеттік. Болыс ауылынан шыға, екі-үш шақырымдай жердегі Қасқаат көлінің басындағы бір ауылға қондық. Ертеңінде екі бөлініп жүрдік. Ғалымжан мен Михаил бір бөлек Спасск, Қарағанды еліне кетті. Біз, Нұрғайын екеуіміз, қасымызда бір қазақ поштабайымыз бар, Сілеті бойындағы елге кеттік. Жүріп отырып, жүз шақырымдай жердегі екінші болысқа — Сілеті еліне жеттік.
Болыстың өз ауылына бармай, бергі бір қалың еліне түстік. Елге ымырт жабыла барғанбыз. Барысымен, тынығып жатып, ертеңіне ар жағындағы, ауылы елу шақырымдай жердегі болысына кісі жібердік.
Ол күні болыс келмеді. Бөлек тігіп берген бір жаппада біз тынығып жатырмыз. Күн ыстық. Ел, суы жоққа таңдық бір өзенше жардың жағаларында ел қалың, өзі кедейлеу. Қазақтар жиналып жүр. Болыс пен тілмаш келмейді, біз іс бастай алмай жаттық.
Сол елдің старшыны келген. Старшын бір саба қымыз әкеліп, біз жатқан жаппаның ішіне енгізіп қойды. Қымызды ішіп жатырмыз, жақсы қымыз. Әкелген тоқтыны сойып, етін сол үйдің жанынан қазған жерошаққа асып жатыр. Үйдің маңайында жиналған қазақ ыстық күнге күйіп, топтанып әр жерде отырып, жемтікке үймелеген күшігендерше үймелесіп сөйлесіп жүр. Үйдің ішіне жағалай жайылған киіздің үстіне кілем төсеп және жағалай іргеге көрпе төсеп, іргеге жағалай жастық тастаған. Жастықтарға сүйеніп, көрпелердің үстінде біз жатырмыз. Анда-санда тысқа шығып келеміз.
Күннің ыстығының әсерінен, жаңа ішкен қымыздың әсерінен тершіп, омырау түймемізді ағытып, желпініп, өз-өздерімізбенен әлекпіз.
Күн төмен түскенде болыс пен тілмаш келді. Екеуі де ат қағып, күнге күйіңкіреп келген екен. Аттарынан түсіп, үйдің жанында тысқа шығып тұрған бізбен амандасты.
Болыс келген соң қазақтар топтанысып, көбірек жиналысып қалды. Болыс пен тілмаш үйге кірді. Әңгімелесіп отырдық. Шай іштік. Шай ішіп болған соң, болыс пен тілмаш тұрып, бір үйге барып орнығуға, таяу ауылға кетті.
Кешке болыс пен тілмашты шақырып алып, ертең ерте санаққа кірісуге керекті қағазды даярлатып, әр старшынның списоктерін даярлатып, жатқанша іс істеп отырдық.
Санаққа керекті істерді бітіріп, ас жеп, жаттық. Жазғы түн қысқа, таң өте тез атады...
Күн көтеріліп, сәске болғанша ұйықтадық. Көп ұйықтай берер едік, біз жатқан оңаша үйдің сыртынан шыққан көп адамның күңіренген жылауы оятты.
Түсім ғой деп біраз жаттым. Күңіренген, ызыңдаған, жылаған дауыс құлағыма күңгірт естіледі.
Ызыңдаған дыбыс бірте-бірте жақындап, анығырақ естілді. Әйелдердің дауыстары тәрізді. Шулаған, жамыраған дауыстар, оларға араласқан еркектердің сөйлеген дауыстары естілді. Үйге біреу кіріп, қасымыздағы жігітті оятып, екеуі сөйлесіп күлісті. Кірген кісі күбірлеп:
— Ақымақ қатындар, өкірген сиыр тәрізді-ау өздері! Бұларға не жоқ екен?.. Бәрі, осы, таң атпай жиналысып, шуласып жылауда, —деді.
Оған біздің қасымыздағы жігіт тамсанып күбірледі.
— Онысы несі, анығына жетпей, өкірген сиырдай шуласқаны? Ә-әй, қатын ит-ай, ақымақтығың осы-ay! — деді.
Көзімді аштым. Үйдің іші көтерілген күннің ыстығынан ысыңқыраған. Түндік ашылған жоқ. Азырақ бір жақ шеті қайырыңқыланған. Үйдің іші жарық. Біздің жолдаспен сөйлесіп отырған жігіттің қағаз пакет салған үлкен аспа былғары қалтасы бар. Қайыс өткізіп омырауына асқан жарқыраған жез знагы (белгісі) бар. Тайдың тұяғындай. Әр жеріне жезден белбеу салған жалпақ қара қылышы бар. Бұларының бәрін шешіп алып, керегеге, тұсына қыстырып қойды. Өзінің қара бешпетінің иығына таққан өрген қызыл жіптен погон «шені» бар. Түріне, сыртқы белгілеріне қарағанда, қаладан келген шабарман жасауыл екенін айтпай-ақ білетін.
Мен басымды көтердім.
Жасауыл менімен амандасты... Үйдің артында едәуір жерде жылаған, ызыңдаған дауыс әлі естіліп тұр. Жасауылдан қысқаша жөн сұрап, үйдің артындағы шудың жайын сұрадым.
— Ақымақ қатындар ғой, таңертең Омбы жақтан келген біреулердің сөзінен және мен келген соң бет алдына үрейленіп, «балаларымызды солдатқа алады» деп, жиналысып, жыласып жатыр. Ақымақ қой, жылағанда қолдарынан еш нәрсе келмейді, әйтеуір, ақымақтықпен далбаса қылады, — деді.
Тез тұрып киіндім. Нұрғайын да тұрып киінді... Әңгіме былай болған екен:
Біздің жатқан еліміз Омбы уезімен шектес. «Әскер жұмысына қазақтың он тоғыз бен отыз бір жастың арасындағысы тегіс алынады» деген соң, Омбы уезіндегі жүрген осы елдің бір-екі жігіттері қорқып, қашып келіпті. Келгенде олар әңгімені көпіртіп, түрлендіре сөйлеп, бірте-бірте өңдеп: «Ойбай, солдат алатын болды. Мына жақта, Омбы уезінде алуға кірісіп жатыр. Қара жұмысқа дегені өтірік. Соғысып жатқан майданның ең алдына апарып қазақты шеп қылмақ дейді. Енді өлгеннен басқасы жоқ...» —деп келіпті. Және олар келіп отырғанда, қаладан түнделетіп, біздің жатқан жерімізге мына жасауыл келіпті. Жасауылдан ауыл адамдары бұл хабардың мәнісін сұраса, ол одан сайын қорқытыпты:
— Е, несі бар! Рас, бәріңді солдатқа алады. Алса қайтеді екен?.. Бармайсыңдар ма?.. Бұл патшаның жарлығы. Патшаның жарлығы екі емес. Онан да «Құдай» деп, даярлана беріңдер. Мына мен болыстарыңа үскірікпен бұйрық әкеліп отырмын. Бәлем енді сендер де солдат болыңдар... — депті.
Енді қазақтың үрейі кетпей қайтсін!..
«Ой, Алла-ай! Ой, құдай-ай, бұл не деген сұмдық!.. Құдай-ай, пірім-ай, бұл не деген заман болды! Алла-ай! «Ақсарбас!» Ой, Алла-ай, «бозқасқа!..» — деп, қазақ өгіздей өкіріп жылай бастаған. Қатындар күңіреніп, шуласып, балаларын, бауырларын айтып, азан-қазан болып, ауыл-ауылдан топтанысып шығып, жиналысып жылап, біз жатқан үйдің тұсына келген...
Біз тұрған соң қатындар топтанысып, біздің үйдің жанына келді. Қатындармен бірге біраз еркектер де келді.
Қатындар шулап, жамырап сөйлеп келеді:
— Балаларымызды солдатқа алуға келген екенсіңдер! Сендердің «санақ аламыз» дегендерің солдатқа алуға жарайтын адамдардың санын алайын дегендерің екен. Сен қазақ болсаң да орысқа сатылып, бізді орысқа ұстап берейін деп келген екенсің! Шырағым, қазақ емес пе едің?.. Мұсылман емес пе едіңдер?.. Бұларың қалай?.. Жап-жас баласыңдар. Бұл не қылғандарың?.. Өсте ме екен?.. Біз саған санақ бергізбейміз. Өзің келген ізіңмен қайт. Бізге тиме, — десті.
Бәрінің өңдері қашқан. Үріккен. Үрейі ұшқан. Айтқан сөзге түсінбейді. Сөзді тыңдамайды. Қатындардың көбінің қолында таяқ, шоттың сабы. Еркектер әдейі қатындарды сөйлетіп қоя беріп, өздері үндемейді. Бірақ осыны өздері білдіртпеген болады. Қатындарды тоқтатып басқан болады. Бірақ ішкі қулықтары қатындардан да жаман көрінеді. Халыққа ақыл ғып айтып, істің мәнісін түсіндіріп сөйледік. Болысын, тілмашын шақырып, әрең деп тоқтаттық. Біздің санағымыздың кісі алынатын іспен байланысының жоқ екенін айттық. Әрең деп қатындарды тоқтатып, еркектерді жинап, шала-пұла санақ алған болдық.
Бірақ халықтың бізге қарауы өзгерді. Ел бізге нанбайтын тәрізді, «үкіметке керекті адамның санын алып берейін деп жүр» деп жорығандай түрі бар.
Елде мінетін арба жоқ. Бәрін тығып қойса керек. Ауылдың старшыны бір арбаны әрең тауып әкеп жекті. Бізде жүріп кеттік. Болыс пен тілмаш та ауылдарына асығып жүріп кетті. Манағы қаладан келген жасауыл қазақтың он тоғыз бен отыз бірдің арасындағы жастарын әскери қара жұмысқа алу туралы бұйрық әкелген екен. Бұйрық тығыз. Тез сол он тоғыз бен отыз бірдің арасындағы жастардың санын алып, қалаға жеткізуге болыс-болысқа бұйырыпты. Сол себепті болыс ауылына асығыс жүріп кетті.
Біз ол елден шығып, Ақмола уезі мен Павлодар уезінің шекарасындағы Өлеңті деген өзеннің бойындағы, қара жол аузындағы мал докторы тұратын жерге соқпақпыз.
Екі ара екі жүз шақырымдай жер, елі сирек... Біз әлгі жатқан ауылымыздан шығып күншығыс-оңтүстікке қарай жүріп, бес шақырымдай жердегі сол елдің бір ауылына келдік. Тез лау бере қоймаған соң, қасымыздағы жігіт өзі салт атқа мініп, желі басынан ат ұстамақ болып жүріп, ауылдың бір жігітімен шаң-шұң жанжалдасып қалды. Біз байдың үйінде отыр едік. Біздің жігіт түсі бұзылып ентігіп, үйге кіріп келді. «Бір жігіт ат бермей, өзімді боқтап, ұрып жіберді. Ат беретін емес...» — деді.
Мен тысқа шығып азырақ ашу қылып, байға ақырып, қыр көрсетіп, қағаз-қарындаш алып, байдың және жанжал қылған жігіттің есімдерін қағазға жазып алған болдым. Бай азырақ қорқып, тезірек ат ұстатып, лау берді.
Жүріп кеттік. Мінген атымыздың бірі байдың желісінің басынан ұсталған тоқпақ жалды көк айғыр. Көк айғырға біздің жігіт салт мінді. Айдаңқырап жүріп кеттік. Ендігі мақсат қазақтан санақ алу емес, Өлеңтідегі мал докторына тезірек жетіп, сол жердегі малдың санын алып, қалаға тура қайту. Енді қазақтан санақ алуға болмайтынын білдік.
Жолшыбай бір-екі ауылға түстік. Еркегі көбірек ауыл ат беретін түрі жоқ және жылқылары да шамалырақ, кедейлеу ел екен. Қазақ елеуреңкіреп алған тәрізді.
Кешкі күн батуға айналғанда, бір жалғыз ауылға келдік.
Жылқылары жоқ кедей ауыл екен. Бірен-саран мініп жүрген аттарын тығып, бізге көлік берген жоқ. Мініп келген өзге аттарымызды сол ауылдан қайырып, әлгі байдың көк айғырын алып қалғанбыз. Енді жалғыз соған арбаны әрең деп жегіп, шүу деп жүріп кеттік. Айғыр асау екен. Тулап, арбаны дала мен тауға ала жөнелді. Жолсыз жермен арбаны анда-санда аяғын жерге бір-бір тигізіп, қаңғалақ ойнатып, тарсылдатып алып қашып келеді. Айғыр тулай шабады. Айғырдың басына жігіт ие бола алмай, әлі жетпей келеді. Божы тізгіннен ұстап мен де жігітпенен қосыла тарттым. Болатын емес. Біз бір төбеден асқанда, қамыттың құлақ бауынан арбаның тертесі сыпырылып кетіп, салдыр-гүлдір етіп, асты-үстіне келіп, опыр-топыр болды... Арбаның астында қалып, тез аунап, домалап ұшып түрегелдік. Бел жібі аттың ершігіне ілініп қалып, арбаның алдыңғы белдік екі дөңгелегімен, белжіптің бір ұшы байланған тертесін айғыр тепкілеп сүйретіп, бізді айнала шауып жүрді.
Қамалап айғырды ұстадық. Айғыр қалш-қалш етеді. Әрең деп арбаны жинап, айғырдың көзін белбеумен тартып, ернін қайыспен бұрап, қайта жегіп, ақырын жүріп кеттік.
Күн батты. Ел көрінбеді. Кеш болды... Ымырт жабылды... Ел жоқ. Дыбыс жоқ. Күнбатыс құбыла жақ—адыр. Күншығыс жақ— дала. Төңірек тым-тырыс. Тірі жан жоқ. Аспан бұлтты. Жаңбыр болмаса игі еді деп қорқамыз. Бір тарлау жолмен жүріп келеміз. Жол жалғыз аяқ соқпақ болды. Аяңдап келеміз... Көп жүрдік. Бір мезгілде айғыр болдырды. Жаяу жүрдік. Айғыр салт арбаны аяңдап тартып келеді. Әбден түн болды. Тұрып тыңдап-тыңдап жүреміз. Дыбыс жоқ. Соқпақ бірте-бірте азайып, ақырында, бір шөпті, құрақты, кең ащылы құлмақанды сусыз көлге келіп бітті.
Соқпақ біткен соң кедір-бұдыр томарларға, шұқанақтарға соқтығып келеміз. Дүлейге түсіп кеттік. Мұрынға сусыз сортаң көлдің сасық иісі келеді. Қопаның ащы иісі келеді. Сүріне-жығыла әрең дегенде көлдің арасынан шығып, жолсыз беталды оңтүстікке қарай жүре бердік. Аяңнан артық жүрмейміз. Арбаның жанында жаяумыз. Айдалаға шықтық. Аспандағы қалың бұлт бірте-бірте ажырап ашылды. Бұлт тарқап, аспан ашылса да түн қараңғы. Бір уақытта соқпақ кез болды. Соқпаққа түстік. Жолдас жігіт көк айғырдың үстінде, біз екеуміз арбаның соңында салпақтап жаяу келеміз. Жүріп-жүріп таңға таянғанда, бір жерге келіп, атты доғарып жаттық. Атты қаңтарып арбаға байлап тастадық. Өзіміз арбаның қасына жерге ұйықтап қалдық. Жаздың қысқа таңы тез атты. Таң адырдан асып, талаурап-таңдақтанып келе жатқанда-ақ ояндық. Тұрып арбаны жөндегенше жер жүзі көрініп қалды. Қасымыздағы төбеге шығып қарадық. Бет алдымызда, құбыла жақта, қаптап жатқан жылқы көрінді. Түндегі жүріп келген соқпағымыздың беті солай екен. Соқпаққа түсіп жүріп кеттік. Айғырдың көзін таңып алғамыз. Жігіт айғырдың үстінде. Нұрғайын екеуміз арбадамыз. Жылқыға таянып, бір белге шыға келгенімізде, алдымызда төрт-бес ауыл көрінді. Қатарына келгенде жылқыдан бізге қарай бір-екі жылқышы шықты. Біз жылқыдан ат мінуге ойлап, жылқышыға бұрылып жолықтық. Бұл жылқышы астындағы атын жегіп, шеткі ауылға келдік. Павлодар уезіне қараған елдің шеті екен. Ауыл жаңа тұрған екен. Еркегі аз, бірлі-жарымды еркек, қатын, бала жиналып келді.
— Кім боласыздар?.. Қай жақтан келесіздер?—деп таңырқасып жатыр.
Енді өтірік айттық. Санақ алушы едік демей, жер өлшеуші землемерміз, Ақмола, Омбы, Павлодар уездерінің шекарасын көріп жүрміз, — дедік.
«Енді Өлеңтідегі докторға барамыз», — дедік.
Менің үстімдегі киімдер семинария школасының формасы: сары түймелі киімдер болған соң, мен «жер өлшеуші төренің өзі» бола қалдым. Нұрғайын тілмаш бола қалды. Мен қазақша білмеймін. Орысша сөйлеймін. Нұрғайын перевод қылады. Бір қазақтың үйіне түстік. Шаршап келген бетімізбен мен жастыққа қисайып жатырмын. Нұрғайын отыр. Жігіттеріміз арбаның қасында, үйге кірмей тұрғанымызда, жиналған қатындар және бір еркектер мені «орысқа ұқсамайды, қазақ тәрізді екен» десті.
— Япырым-ай, құдды қазақ! Аусайшы! Ей, қазақ баласы ғой мына төре, шырағым, өзі қазақша біле ме?—деді бір аққұба қатын.
— Қазақша білмейді. Бұрын әкесі қазақ екен, орысқа шоқынып кеткен. Бұл өзі әдейі қазақ арасын аралап жүргенде қазақты жақын тартып жүр! — деді Нұрғайын.
— Е, е, алда байғұс-ай! Солай ма! Бәсе, қазақтан аумайды, көзін қарашы! — деді әлгі қатын.
Енді тағы да бетіме қарап, айналдыра бермесін деп, шаршаған болып, бетімді бүркеп жатырмын. Бірен-саран үйге кіріп, сөз сұраған кісілермен Нұрғайын сөйлесіп отыр. Көп сөйлеген қазақтарды өтініп үйден шығарып жібереді.
— Төре шаршап келіп еді, оянып кетер, бара тұрсаңыз қайтеді, — деді. Және: — Төре оянғанша, сонсоң мына шайын ішіп болғанша, аттарды даярлап қойыңыздар, — дейді. Қазақтар үйде болмаған кезде, маған ептеп орысшалап қояды. Азырақ көздің шырымын алып, шай іштік. Көк айғырдың иесі келіп, айғырын алып кетті.
Ол ауылдан лау мініп, тез жүріп кеттік.
Сол күні бесін ауған кезде Өлеңтідегі мал докторына келдік. Доктордың қасында мал фельдшері қазақ Құсайын Қожамберліұлы біздің ағайын. Менімен бір тұқымдас жігіт. Құсайын қатын-баласымен сол жерде екен. Енді соларға келіп, кенелдік те қалдық. Ол күні сонда қонып, ертеңінде Ақмолаға қарай жүріп кеттік. Сол Қанжығалының Ереймен елі деген екінші бір болысының ауылына келдік. Қазақ әбден ереуілдеп, атқа мініп алған. Қонған ауылдың еркектері көрінбейді. Бір жерде жиналыста болса керек. Бізді байдың қатындары мен малайлары бір иесіз үйіне түсірді. Қараңғы үйде жаттық. Ертеңінде бір жайдақ арбаға жаман түйені жегіп, екінші ауылға апарып салды. Бірте-бірте сатылап, алғашқыда айтқан Қанжығалының Ащыкөл басындағы бірінші болысының ауылына келдік. Әбден еліріп, атқа мініп алған ел. Гу-гу сөз. Топ-топ жиналыс. Жұрттың сөзі «солдатқа қазақты алу» әңгімесі, қазақтың оған «бармауға тиісті» екендігі. Көңілдеріне қиғаш сөз айтқанды дұшпан деп біледі. Жұрт әбден көтерілген.
Төлебай мен ағасы Олжабай және Барекеңмен әңгімелесіп, бой жазып қалдық.
Ол ауылдан шығып, қалаға қарай жүрдік. Топ-топ, кеу-кеулеген қазақ. Көзіне орыс көрінсе, жүндей түтпек. Бәрі қолдарына түкіреді. Кешке бір қазақтың ауылына келдік. Өте қорқынышты. Санақ алуға шыққанымызды біліп отырған елдің жастары бізге сенбейтін тәрізді. Қазақ енді лау бермек түгіл, өзімізді аман жіберуі екіталай. Біз түскен үй бізді танитын, баласы азырақ орысша оқыған Жаһуда деген кісінікі болып шықты. Біз үйге кіріп отырысымен, атқа мінген, елірген төрт-бес қазақ жігіттері үйге кіріп, бізді «тергеп», жөн-жобаларымызды сұрай бастады. Біз патшаның әділ емес екенін айтып, қазақтың кемшіліктерін айтып отырдық. Үйдің иесі Жаһуда ақсақал бізбен таныс кісі болған соң, біздің өзіміз патшаны жамандап отырған соң, көтерілген жастар бізден ешбір ілік таба алмаған соң желіккендік қыла алмады.
Енді орыс поселкелеріне кіріп, сол поселкелерді басып қалаға келдік. Қала үрейленген. Қала қорқуда екен. Жалпы қазақ көтерілген. «Қазақ қалаға келіп, қаланы шауып алмақ дейді» деген сөз жайылған. Қаланың тұрғын орыстарында үрей жоқ.
«...Тінәлі деген елге барған Иванушкин деген приставты Тінәлілер өлтіріп тастапты. Оған әскер шықпақ. Омбыдан әскер келеді» деген хабарды жұрт алып қашып жүр. «Губернатор Ечура Масальский келе жатыр» дейді. «Алыстағы қырдың қазақтары әскер даярлап жатыр. Өздері ортасынан пәлен жерде пәленді хан сайлапты. Түлен жерде түленді хан сайлапты. Өздері мылтық пен оқ-дәрі даярлап жатыр дейді. Найза, қанжар, айбалта істеп жатыр дейді. Оқ өтпейтін киімдер жасап алыпты дейді. Жастарды жинап әскер ісіне үйреніп жатыр дейді деген сөздер дүңк-дүңк етеді.
Қалада бір жұмадай болдым. Қала әбден елеңдеп, үрейленіп алыпты. Жұрттың бұрынғы ойын-күлкісі жоқ... Ақмола уезінің оңтүстік жағына доктор Асылбек Сейітұлы бас болып кеткен санақшылар да келді. Оларды Тінәлі-Темеш деген біздің елдер ұстап, ұрып, неше күн көгендеп байлап, шаштарын алғызып, намаз оқытып, қамап отырған жерінде, Ақмоладан барған бір Балуан Жұман деген саудагер босатып алыпты.
Губернатор келді. Управаға қазақтың даладағы және қаланың маңындағы ақсақалдарын, билерін, старшындарын, байларын жинап, губернатор сөз сөйледі. Жай бұқара халық та көп жиналды. Мен де губернатордың сөзін тыңдауға барып тұрдым.
Губернатордың түсі жазғытұрғы күйттеніп шабынған бура тәрізді. Түсі суық, өте қаһарлы. Жұрт бөріктерін қолына ұстап, иін тіресіп жиналып тұрды. Байлары, билері алдында, тілмаш арқылы губернатордың бөріксіз бастарға айтқан сөзі мынау: «Ақмола қазақтары патшаның әскери қызметіне бармауға, патшаның жарлығына мойынсұнбай, бунт шығарып, көтеріліс жасамақ болып жатыр», — деген хабарды естіп келдім. Қазақтың мұнысы құтырғандық, ақымақтық. Орыстың әскеріне, орыстың қару-жарағына қазақ қарсы тұра ала ма?.. Қазақ бұл ақымақтығын тастасын!.. Сендер, ақсақалдар, болыстар, байлар — қазақ халқының қадірлі адамдарысыңдар. Сендер бір жұманың ішінде ел-елге шығып, қазақты әскер жұмысына баруға көндіріп келіңдер. Өйтіп келмесеңдер, өздеріңді жазаландырамын. Қырға, әр елге әскер шығарып, қазақты қойдай қырдырамын!.. Қазақты шалғымен шапқан шөпше шаптырамын! Пулемет дегенді білесіңдер ме, бір минутте пәлен оқ атады. Оқты жаңбырша жаудырады! Сол пулеметпен әскер шығарамын!.. Бір жұмада сендер барып, хабар алып келе алмасаңдар, әскерді қырға, жан-жаққа шығарып, жол бойы көрінген қазақты атқыза беремін! Пулеметтерді оқ өтпейтін автомобильге салып алып жүреді. Қазақ қойша қырылады... Есіттіңдер ме!.. Білдіңдер ме?.. Бір жұмада бәрің жан-жақтағы елге шауып, қазақты көндіріп келмесеңдер, өздеріңді абақтыға жабамын, қырға тұс-тұстан әскер шығарамын... 15 минут өзді-өздерің ақылдасыңдар. 15 минуттан соң маған жауап бересіңдер», — деді.
Жиналып тұрған ақсақалдардың, байлардың сұрлары кетті. Өңдері қашты, бәрі дағдарды. Жандары мұрындарының ұшына келді. Ақсақалдар қауқылдап састы. Тысқа шығып, қораның ішіне алқа-қотан, малдастарын құрып отырды. Жемтікке үймелеген күшігендерше қожырайып отырысып, сөйлесіп ақылдасты.
— Ой, Алла-ай, енді қалай қыламыз? — десті.
Кейбіреулері:
— Ұзағырақ мұрсатана сұрайық, елдің көбі алыс қой, — деді.
Дағдарған бастар жамырасып:
— Сүйтейік! Сүйтейік! — десті. Губернатордан бір жұмадан гөрі ұзағырақ мұрсатана сұрамақ болды. 15 минуттан соң бөріксіз бастар терең толқыған ағын тасқын судан қорқып үймелеген қойларша, топырласып губернаторға барып, ұзағырақ мұрсатана сұрап еді, губернатор көнбеді.
Губернаторға қарсы сөз айтар кісі қайда?.. Барлығы бір ауыздан, жандарын шүберекке түйіп, толқыған, көтерілген елді тыйып, тоқтатып, бір жұманың ішінде көндіріп келуге елге шықпақ болды. Көбі елдің көнбейтінін біледі. Бірақ бәрі де губернатордың қаһарына шыдай алмағандықтан елге шықпақшы.
Ақсақалдар, байлар қысылып, лаждары құрып, тез елге шықпақ болып, күңіреніп тарқады. Ауыр күрсініп «Ой, Алла-ай» десті.
Тез, аласұрып даярланып, әр «отағасы» өзінің «қадірі жүрер» деген еліне шықты.
Сүйтіп, ақсақалдар мен байлар шабуылдап кетті.
Мен де елдің хал-жайын көруге ақсақалдардың ізімен елге шықтым.