«Тәуелсіздік декларациясынан»
«Біздің түсінуімізше адамдардың тең болып жаратылуы белгілі ақиқат, олардың барлығы да Тәңірі алдында ажыратылмайтын құқықтармен: өмір сүру, ерікті болу және бақытқа ұмтылу бостандығымен қамтамасыз етілген. Сол құқықтарды қамтамасыз ету үшін адамдар арасынан үкіметтер құрылады және оларға қарамағындағы халықтың келісіміне орай заңды өкілеттіліктер беріледі. Егер қандай да болмасын, өкімет үлгісі сол мақсаттарға қауіп төндірсе, халық оны өзгертуге немесе жоюға, жаңа үкімет құруға құқылы. Ол үкіметті құрудың принциптері мен ұйымдастырылуы, халық қауіпсіздігі мен бақытын қамтамасыз ететін үлгісі мен құзіреті халықтың пікіріне сәйкес орнатылуы ләзім
Қорытынды
Солтүстiк Америкада қоныстанған ағылшын отаршыларының әлеуметтiк-саяси тарихында қоғамдық-саяси құрылым және құқық мәселелерi бойынша идеялық пiкiрталастардың өзiне тән ерекшелiктерiмен сипатталатын екi кезеңдi аңғаруға болады. Оның алғашқы кезеңi XVII ғасырдың басынан бастап XVIII ғасырдың ортасына дейiн созылған отар қоныстардың метрополияға бағыныштылығымен сипатталса, екiншi кезеңi тәуелсiздiк үшiн күреспен айқындалып, XVIII ғасырдың екiншi жартысын қамтиды.
XVIII ғасырдың екiншi жартысында өздерiн штаттар (яғни мемлекеттер) деп атаған колониялар мен метрополиялар арасындағы шиеленiс салық салу мәселесiне байланысты күшейе түстi. Көптеген публицистер (Д. Адамс, Т. Джефферсон, А. Гамильтон және т.б.) өздерiнiң саяси памфлеттерiнде барлық отар иелiктерiндегi қоныстанушылар заң шығарушы жиналыста өз өкiлдерiнiң болуы керектiгiн, өзiн-өзi басқару принципiн ұстану қажеттiгiн айтып, отаршылардың саяси талаптарын табиғи-құқықтық негiзбен байланыстырды. Азаматтардың табиғи құқығы мен бостандығы туралы бұл ой тек публицистикада (көсемсөзде) ғана емес саяси және конституциялық құжаттарда да мойындалды: Виргиния штаты құқықтарының Декларациясы (Дж. Мейсон және Дж. Мэдисон, 12 маусым 1776 жыл) және Тәуелсiздiк Декларациясы (Т. Джефферсон, Б. Франклин, Дж. Адамс, 4 шiлде 1776 жыл). Тәуелсiздiк Декларациясын 13 штат бiрауыздан қабылдады. Табиғи құқық теориясының идеяларын талдау барысында халықтың саяси таңдауы мен дербес өмiр сүру құқығының және халық егемендiлiгiнiң конституциялық принциптерi жарияланды. Теориялық жаңашылдықтың тағы бiр маңызды нәтижесi билiктiң бөлiнiсi принципiн нақтылау болды.
Достарыңызбен бөлісу: |