ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТІРЛІГІ ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
Механика-математика факультеті
Есептеу ғылымдары және статистика кафедрасы
СӨЖ Тақырыбы: Қазақтың белгілі қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының ұлттық сананы қалыптастырудағы рөлі.
Студент:
Оқытушы:
Алматы 2023
Қазақтың белгілі қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының ұлттық сананы қалыптастырудағы рөлі.
Қазақ халқының рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының XX ғасырдағы жерінен, дінінен, салтынан, бостандығынан айырылған қазақтың ұлттық санасын қалыптастырудағы, әр қадамындағы үрей мен қорқынышты жеңудегі, көкірегін ашудағы рөлі қандастарымыздың тағдырындағы өшпес жарық болды.
«Ахмет. Ұлт ұстазы» – Ахмет Байтұрсынов туралы түсірілген тұңғыш сериал. Алты сериалдан тұратын телехикаяның режиссері – Мұрат Есжан. Сценарийін Мұрат Есжан мен Ұларбек Нұрғалым жазса, продюсері - Айсәуле Әбділдаева. Басты рөлде Байғали Есеналиев. Тарихымыздағы орны өшпес ұлы тұлғаны түсірудің оңай еместігі бәрімізге белгілі. Жұртшылық мұндай тарихи жобаларға сыни көзбен қарайтыны тағы бір шындық. Бұл бірінші жағдай. Екіншіден, сериалда Ахмет Байтұрсыновтың ғана тұлғасы көрсетілмеген. Тарихта болған талай ірі Алаш зиялыларымыз туралы айтылады. Сол замандағы азаматтардың арасындағы саяси көзқарастар әралуандығы, талас-тартыстар да телехикаяға арқау болып отыр. Дегенмен бұл сериалдың ұтымды тұсы не дегенге келсек, актерлердің сәтті таңдалуы дер едім. Ең алдымен, портреттік ұқсастық. Бізге жеткен тарихи мұрағаттар ішінен сақталған фотосуреттерден Ахмет Байтұрсынұлының және өзге де тұлғалардың бет-келбетіне сай әртістердің таңдалуы кино индустриясына сендірудің алқашқы ұтысы. Кейін екіншіден, қазақ тарихымен үндес болуы. Кейіпкерлердің сөйлеу мәдениеті, ұлы тұлғалардың интеллигенциясына сай болуы, қазақы үндестігі сериалдың идеалын жоғарылатқаны сөзсіз.
Жазушы Арман Әлменбет телехикая туралы: ««Ахмет. Ұлт ұстазы» бірнеше мақсатқа жеткен деп ойлаймын. Алдымен, Ахмет Байтұрсынұлының байыпты мінезі, мықты ішкі тегеуріні, ауыр тағдыры – өте сәтті ашылған. Атқарып кеткен жұмыстарын көрсетуден бөлек, Әлихан мен Міржақыптың Ахаңа деген құрметінен бастап, ең ақыр аяғында тергеушінің өзі ол кісіні қалай сыйлап кеткенін сәтімен бейнелеген.»
Сериал көру барысында түсірілім ұжымының тағдырдың тәлкегінде жүрген қазақ халқының арасынан осынау ірі аңыз адамдардың шығуын, олардың беделін, халықтың қолдауын, жаналғыш қатігез патша үкіметін жеткізе алуы жанды қуантады. Әр телехикаясын көріп болған соң, өзгеше әсер туындайды. Бұл мақтаныш па, қуаныш па, әлде халқымның басынан өткен осы бір қиын қыстау заманның өткеніне бір ғасырдың әр жақ – бер жағының енді болғанынан жанға қаяу түседі ме? Түсініксіз аласапыран сезім. Алайда бір түсінерім, Ахметтей алдын арбап, жолын кессе де, сағы сынбайтын, елім десе жүрегі елжіреп, намысы ұлттық бейнеге енген, қиындықтарға берілмейтін алыптың дүниеге келмесі….
Телехикаяның негізгі идеясы ретінде Ахмет Байтұрсынұлының: «Бай болу үшін кәсіп қылу керек, білімді болу үшін оқу керек, күшті болу үшін бірлік керек һәм осы керектердің жолында әрекет қылу керек», – деген әйгілі сөзіндегі әрекет ұғымы алынған. Меніңше, өте ауқымды әрі саналы адамға түсінер мән-мағынаның, құндылықтардың жалпы айтары осы сөз. Жүрегіндегі ұлтым қазағым деген мәңгілік от осындай алып жобалар арқылы әлі де жанып тұрғандай.
»Біткен істің сыны көп, бітірген ердің міні жоқ» деген сөз бар. Телехикаяны түсірушілердің осы істі игі мұрат, жақсы оймен қолға алғаны қуантады бізді. Тек көңілге қонбаған тұстарының тыным бермейтіні бар. Ең алдымен телесериал болсын, қысқа метражды не болмаса толық метражды фильм болсын ол көркем дүние болуы керек. Бірақ өз басым ондай көркем дүние көрдім деп айта алмас едім. 1937 жылдан бастап көрсеткен телехикая шегіністер арқылы Ахметтің өмірінің өткен кезеңдерін көрсетіп отыратындықтан сценарийі қиынды-қиынды болып шыққан секілді және арасында баяндаулары көп. Реквизиттер нашар. Ол енді қаржы мәселесіне байланысты болар. Бірақ бірнеше тарихи телехикая түсірдік деп ортанқол дүниелерді ұсына бергенше бір фильмді дұрыстап шығаруға болар еді ғой. Тағы бір көңілге қонбаған тұсы кейбір оқиғалардың, тарихи тұлғалардың арасындағы шиеленістердің дұрыс көрсетілмеуі, деректердің бұрмалануы. Мәселен, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті көрсететін тұсын алып қарайық. Ахмет, Міржақып, Әбдіғапар үшеуі Амангелді бастаған қалың елдің алдында, таудың баурайында жалғыз ағаштың түбінде тұрып сөйлеседі. Тұтас қазақ елі қозғалған дүрбелеңді көрсеткені бұл. Әбдіғапар сол көтерілісте хан сайланып, майдан жұмысына қазақ жігіттерін беруге қарсы тұрған тұлғалардың бірі емес пе еді? Амангелді сардарбек болғанда, Әбдіғапар хан болып екеуі бір майданда күресіп, тізгіндесе жүріп, тізелесе кеңескен серіктер еді ғой сол дүрбелеңде. Ал мұнда «Ел мені де тыңдаудан кетті» деп тұрған Әбдіғапар қалың елдің сенім артып хан сайлаған айбынды тұлғасы деп айтуға мүлде келмейді. «Осы Торғайдан, оның ішінде Қыпшақтан мен тірі тұрғанда бір адам сендердің қызыл сөздеріңе ермейді» деген Амангелді тек қана Қыпшақ руының мүддесін көздейтін адам секілді сезіледі. Иә, рас Мұстафа Шоқайдың «Амангелді мен Әбдіғапар Арғындар Алашорда болып жатыр, біз Қыпшақ хандығын құрайық деп маған хат жазды» дейтіні бар. Бірақ Амангелді тек Қыпшақтың батыры ма еді? 1916 жылы Амангелдіні сардарбек қылған 13 болыс елдің 6 болысы Қыпшақ болғанда, 6 болысы Арғын, 1 болысы Найман еді. Солардың барлығы тағдырын тапсырып Әбдіғапар мен Амангелдінің соңына еріп еді ғой. Тарихта солай еді. Бірақ бүгін бізге көрсететін Амангелді неге тек қана қыпшақтың батыры болып қалады? Жалпы Торғай өңіріндегі сол бір дүрбелең уақыт туралы сөз бола қалса, неге Арғындар – Алашорда, Қыпшақтар – Большевиктер ретінде ғана айтылады? Кеше «Тар заман» мен «Кейкі мергенде» бүгін «Ахмет.Ұлт ұстазында» осылай көрініс тауып жатыр.
Телехикаядағы жиі көрінген бейненің бірі – Бәдрисафа. Ол кісінің Ахметке деген қызметі көп шығар. Бірақ Ахметтің ағартушылық саласында атқарған қызметтеріне ақыл айтып отыруы келіспеген дүние. Телехикаяда Бәдрисафа бейнесіне дәл мұндай басымдық бермесе де болар еді. Бәдрисафа Ахмет атамызды қызғанып жүретін Нүрила бейнесі кімді меңзейді? Телехикаяда Әлихан келгенде Міржақыптың «Ахаң жақында әйел баласына арнап өлең жазды ғой» деп оқитын «Н.Қ.ханымға» деген өлеңі Ахмет атамыздың Нәзипа Құлжановаға арнап шығарған туындысы. Бұл елдіктің жолында қызмет етіп жүрген Нәзипаға деген сый-құрметтен туған өлең, ер адамның әйел адамға деген сүйіспеншілігінен емес, «ұзақ жолға ниет қып бір шыққан соң» мақсат-мұраты бір жолда жүрген абзал досына айтқан серті, ашқан сыры. Бірақ телехикаяның өне бойында Ахмет пен Нәзипаның осы ақ пейіл достығына қарағанда, ер адамның әйел затына деген сүйіспеншілігін көбірек байқататын боламыз. Кез келген фильмде махаббат желісі болатыны рас. Мұнда да керек шығар. Бірақ оған Ахметтің Нәзипаға арнаған өлеңін қоспай-ақ ұтымды болмас па еді?.. Айтпақшы Ахметтің үйіндегі мәжілісте әйелдер қауымы ер адамдардан бөлек бөлмеде отыр, Міржақып Әлібимен саяси көзқарасы үшін емес, діни көзқарасы үшін алысқан сынды, дарға асылған адамдар діни ұстанымдары үшін жазаланып жатыр, ең соңында қаншама азапталған Ахметке оп-оңай жуынып-шайып, атылар алдында дәретін алып дайындалуға рұқсат береді. Мұның бәрінен Ахаңдар ұлт үшін емес, дін үшін күресіп жүрген секілді көрінеді. Ахмет секілді тұлғалар жайлы фильмде діни немесе саяси ұстанымдар емес, ұлттық идеология көрінуі керек емес пе? Тағы бір айтатын жағдай бұл, Міржақып пен Әліби аралығын, Жангелдиннің Алашордаға деген көзқарасын мұндай ұсақ қақтығыс түрінде көрсетпей-ақ, шиеленіс күйді басқаша танытса болмас па еді? Шиеленіс демекші Әлібидің жақтасы Лукашевтің Ахметтің ататын тұсы да бұрмалаушылыққа ұшыраған. Лукашевтің 1919 жылғы 27 қазан күні күні болған отырыста Байтұрсынұлына тапанша кезенгені рас, бірақ телехикаяда көрсетілгендей оқ атылмаған. Оқталғанын оқ атуға ниеттенгені десекте тарихи тұлға жайлы түсірілген бұл фильмде тарихи деректі бұрмаламаған дұрыс.
Қалай десек те, «Ұлт ұстазы» өз көрерменімен қауышты. Азын-аулақ кемшіліктерін ысырып қойғанда, телехикая «айналасы жұп-жұмыр», тілі көркем, жинақы шыққанын мойындауымыз керек.
ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының ең үлкен артықшылығы алғашқы білімді молдадан немесе медреседен алғандығы еді. Олардың барлығы діни сауатты болатын. Ахмет Байтұрсынұлының әр мақаласы, әр кітабы Құранның «Бисмиллахир-рахмани-рахим» деген сөздерімен басталған.Кейін түсіп қалған бұл сөздер, соңғы басылымдарда түпнұсқада қалай болған болса, солай беріліп жүр. Сонымен қатар, Ахаңның араб әріптері негізінде қазақтың алғашқы әліпбиін жасап шығуы оның көрегендігі дер едік. Ол кезге дейінгі түркі елдерінің 90 пайызы хат жазуда немесе қолжазбаларында араб таңбаларын пайдаланып келгені белгілі.
Ғалымның өзі Орынборда өткен Қазақ, қырғыз білімпаздарының съезінде сөйлеген сөзінде: «Жақсы әліппенің қасиеттері жылдам жазылу, баланы оқытқанда әріптерінің бөлек-бөлек оңаша тұрып көзге түсуі, жазбасына баспасының ұқсастығы. Қазіргі қазақ әліппесінен жер үстінде жақсы әліппе жоқ. Латыннан анағұрлым озық әліппеміз тұрғанда босқа латыншыл болудың керегі жоқ. Әріпке қызығып бүкіл мәдениетімізден айрылып қаламыз ба?» дейді. Осылай 1913 жылдан бастап Ахаң жасаған әліпби мұсылман медреселерінде, қазақ-орыс мектептерінде қолданыла бастайды. “Қазақ”газетінде (1913-1918) жарық көрген. Ұлттың зиялы қайраткерленінің мазмұнды мақалаларында дінге қатысты көптеген мәселелер көтерген. Соның бірі «Қазақ» газетінің бас редакторы Ахмет Байтұрсыновтың «Бастауыш мектеп» мақаласында: «…Хүкі-метке керегі мемлекеттегі жұрттың бәрі бір тілде, бір дінде, бір жазуда болу, әр халыққа керегі өз діні, тілі, жазуы сақталу. Солай болған соң, бастауыш мектеп, әуелі, миссионерлік пікірден, политикадан алыс боларға керек, яғни қазақтың діні, тілі, жазуы сұмдық пікір, суық қолдан тыныш боларға керек.
Қазақ дінге нашар күйден өткен, енді қазақты басқа дінге аударамын деген құр әурешілік. Қазақты дінінен айыруға болмаса, жазуынан да айыру болмайтын жұмыс. Араб әрпі ислам дінімен бірге келіп, қазаққа орнаған. Дінмен байласқан жазу дін жоғалмай, жоғалмайды. Қазақта газет, журнал, кітаптар жоқ кезінде жоғалмаған тіл газет, журналы шығып, кітаптары басылып, жылдан жылға ілгері басып келе жатқанда, қазақ тілі жоғалмас. Олай болса, мектеп арқылы қазақтың дінін, тілін, жазуын жоғалтып, орысшаға аударамын деген пікірден үкімет безіп, тиісті бастауы мектеп екі жаққа да (діні мен тілі) зиянсыз, пайдалы болуын көздеу»– деп жазады. 1916 жылы шыққан жарияланымдардың ішінде, мысалы, Уфадағы «Ғалия» медресесінің 10 жылдық тойы туралы жазылған. Мақала авторы, жаңаша құрылған медреселердің көшбасшысы Уфадағы «Ғалия» медресесі жағымды бейнеде сипатталады. Мұсылман ұстаздардың баға жетпес еңбегінің, ыждаһатының арқасында бұл оқу орны «діни білімнен басқа дүние ой, тағылым тәрбие берерлік түрге айналды», студенттерді «көп нәрседен хабардар етіп шығара алатын» озат зиялылық ошағы қызметін атқарғаны жазылады. Ол медреседе жылына қазақ баласынан 30-40 жігіт білім алады – делінеді. Ең басты нәтижесі, осы сынды реформаланған медреселерден , «миләт» яғни ұлтым деген, «ұлтын сүйетін рухы бар» азаматтар тәрбиеленіп шықты.
Тоқсан сөздің тобықтай түйіні – 92 ру біріккен қазақ халқының бастан кешірмеген ауыртпалығы жоқ. Осындай тағдыр тәлкегінде Ахметтей алып тұлғаның сөнбес жарығы, өшпес жалыны, баға жетпес мұрағаттары көпке мәлім болғаны үлкен мақтаныш. Асыл мен жасықтың, саф алтын мен сары жездің айырымын ажырата білетін ұрпақ Ахметтің жасаған көзсіз ерліктеріне, ғылыми ізденістеріне, ғаламат аудармаларына, отты көсемсөздеріне ғылыми тұрғыдан лайықты бағасын береді деп сенеміз. Бар ғұмырын ұлтының болашағы үшін қиған, өз кіндігінен тараған ұрпағы болмаса да, әр қазақ баласы кішкене болсын білім мен өнер үйренсін деп, ауыр да азапты, қамшының сабындай ғұмырын ғылым жолына, ұлт жолына арнаған Ахмет Байтұрсынұлы – біздер үшін идеал тұлға!