Тақырыбы: Инклюзивті білім беру жағдайында критериалды бағалау Орындаған: Оңдасынова Айзара Тобы



Дата09.05.2023
өлшемі31,61 Kb.
#91163
Байланысты:
Оңдасынова А.13 апта срсп


Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті
Педагогика факультеті
Психологиялық-педагогикалық және арнаулы білім кафедрасы


Тақырыбы:  Инклюзивті білім беру жағдайында критериалды бағалау


Орындаған: Оңдасынова Айзара
Тобы: Арнайы педагогика 201
Тексерген: Ергарина Ж.М
2022-2023 оқу жылы
Критериалды бағалау білім алушылардың оқу жетістіктерін оқу процесіне қатысушылардың барлығына алдын ала белгілі бағалау критерийлерімен (қалыптастырушы бағалаудағы жетістіктер критерийлерімен және жинақтаушы бағалаудағы балл беру критерийлерімен) салыстыру арқылы, білім берудің мақсаты мен мазмұнына сәйкес жүргізіледі. Критериалды бағалау жүйесіне қойылатын талаптар оқу жоспарында көрсетілген нақты оқу пәндеріндегі әрбір тақырыптың бөлімі бойынша оқу мақсаттарының жүйесіне сәйкес жүзеге асырылады. Критериалдық бағалау жүйесі бағалаудың келесі түрлерін:

  • қалыптастырушы бағалауды;

  • ішкі жиынтық бағалауды;

  • сыртқы жиынтық бағалауды жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңына (15 сәуір 2016 жылы өзгертулер мен толықтырулар енгізілген) сәйкес уәкілетті орган білім алушылардың білімін бағалау өлшемшарттарын әзірлейді және бекітеді. Осыған байланысты, жаңартылған білім мазмұнындағы оқу бағдарламаларына сәйкес оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау талаптары сатылап критериалды бағалау жүйесіне көшіріледі .
Инклюзивті білім беру жағдайындағы білім алушылардың оқудағы жетістіктерін анықтауға негіз болатын бағалау критерийлері нормативтік құжаттарда көрсетілгендей оқушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптарына сәйкес әзірленуі тиіс.
Ескеретін жағдай, мектепте оқитын ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалардың басым көпшілігі зерде дамуы қалыпты және зерде дамуының тек жеңіл бұзылыстары бар балалар болғандықтан, дамуында ауытқушылығы жоқ өзінің құрбыластарымен білім мазмұнын бірдей игереді.
Инклюзивті білім беру жағдайында критериалды бағалау жүйесін жетілдіріп, оның келесі мүмкіндіктерін беретіндей көп атқарымды және қолданысқа жарамды болуын қарастыру қажет:

  • оқушының оқу материалдарын қаншалықты табысты меңгергенін МЖМБС талаптарына қаншалықты сай келетінін анықтауға мүмкіндік беруі;

  • танымдық іс-әрекет салаларында оқушылардың жетістік динамикасын қадағалап отыруға мүмкіндік беруі;

  • критериалды бағалау жүйесінің талаптарына түзетулер енгізу үшін жеке дамыту жұмыстарының нәтижесін ескеріп отыру;

  • оқушының жеке қажеттіліктеріне және оқу бағдарламасының мазмұнын игеру қарқынына байланысты бағалау талаптарына енгізілуі мүмкін түзетулерді болжау.

Критериалды бағалау жүйесі мектеп бітіруші түлектің тұлғасына қойылатын қазіргі заманғы білім беру парадигмасының талаптары бойынша, балалардың әртүрлі мүмкіндіктерінің, соның ішінде ерекше білім беруде қажеттіліктері бар балалардың мүмкіндіктерін ескере отырып қалыптастырылады.
Сондықтан, оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау жүйесі мектептегі құзыретті білім беру шарттарында келесі қағидаттарды ескеру арқылы әзірлену қажет:

  • меңгеру деңгейін саралау;

  • критериалды бағалау;

  • бағалаудың объективтілігі;

  • бағалауды дараландыру;

  • бағалауды жариялау.

Инклюзивті сыныптарда оқыту адамгершілік тұрғыда, тұлғаға бағытталған негізде, дамытушы, дифференциалды және жеке қажеттіліктерін ескере отырып жүзеге асырылады.
Жоғарыда аталған бағалау принциптерін ескере отырып, мектептің құзыретті білім беруге жағдайында қалыптастырылған оқушылардың білім жетістіктерін бағалау жүйесі мектеп практикасындағы жаңа білім парадигмаларының талаптары мен бағалау құралдарының арасындағы қайшылықтарды жоюға көмектеседі.
Атап айтқанда:

  • оқу материалдарын игеруіне қарай деңгейлеп дифференциациялау арқылы қалыптастырылған бағалау шкаласының критериалды бағалау платформасы білім алушылардың оқу жетістіктерін объективті бағалауға мүмкіндік береді;

  • бағалаудағы жариялылық көптеген психологиялық тұрғыдағы мәселелерді шешуге көмектеседі, соның ішінде, білім алушылар мен олардың ата-аналарының арасындағы қанағаттанғысыз бағаға қатысты қақтығыстар, білім алушылар мен олардың мұғалімдерінің арасындағы балаға қойылған бағаға келіспеушілік тұрғысындағы даулар, мұғалімдер мен ата-аналар арасындағы қостарапты түсініспеушіліктер.

Зерде дамуының бұзылыстары бар балаларды қоспағанда, дамуында және денсаулығында ауытқушылықтары анықталған, білім алуға арнайы қажеттілігі бар балалардың жалпы мектептегі пәндер бойынша оқу жетістіктерін бағалау, кейбір бұзылыс түрлеріне байланысты шектеулерді ескермегенде (көру, есту, сөйлеу, тірек-қимыл аппараттарының бұзылыстары, әлеуметтік-эмоционалдық бұзылыстар), жалпы сыныпқа арналған критерийлер мен көрсеткіштер арқылы бағаланады.
Түзете дамыту пәндері бойынша бағалау критерийлері кез келген тақырыпты игеру барысындағы оқу материалдарымен және қалыптастырылған дағдыларымен тығыс байланысты болуы тиіс. Олар білім алушының әртүрлі іс-әрекеттерінің жиынтығы болып табылады және жұмыс барысында оқу әрекеттерін жүзеге асыра отырып, білім деңгейін шыңдауына көмектеседі. Осылайша белгілі бір білім дағдыларының қалыптасуын жедел бақылап отыру жүзеге асырылады.
Түзете дамыту пәндерін қалыптастырушы бағалау критерилері жаңа сабақты игеру мүмкіндігіне қарай ерекше білім беруде қажеттіліктері бар оқушылар үшін, олардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып әр сабаққа жасалады.
Ерекше білім беруде қажеттіліктері бар оқушылар үшін оқу жетістіктерін критериалды бағалау жүйесін қалыптастыру барысында келесі ерекшеліктер:

  • оқу процесінің тұтастығын қамтамасыз ету (пәндік бағалау, пәнаралық және білім деңгейлеріне өту аралығыдағы тұлғалық қалыптасуы) ;

  • бағалау критерийлерін әзірлеуге біртұтас көзқарас, яғни жалпы білім беру жүйесі мен түзете дамыту жұмыстарының үйлесімділігін сақтау;

  • бақылау және бағалау әрекетіне білім алушыларды белсенді қатыстыру;

  • оқу мазмұнын игеру процесінде тәжірибелік және танымдық тапсырмаларды орындауда танытқан қабілеттерін жүйелі бағалау;

  • білім алуда арнайы қажеттіліктері бар оқушылардың оқу жетістіктерінің динамикасын бағалау;

  • білім сапасының артуын қамтамасыз ету мақсатында ішкі және сыртқы бағалау тетіктерін үйлестіру;

  • білім алушылардың оқу жетістіктерін қорытынды бағалау мен аттестаттауда дербестікті сақтау және білім жүйесінің даму тендециялары мен білім деңгейін сараптауда, басқа да аттестаттау мақсаттарында тәуелсіз бағалауды ұстану;

  • жоспарланған жұмыстардың нәтижесін қалыптастыруға және деректерді ұсыну барысына қажетті деңгейде көңіл бөлу;

  • оқушылардың жеке оқу жетістіктерінің динамикасын сипаттайтын жинақтаушы бағалау жүйесін (портфолио) қолдану;

  • стандартты жазбаша немесе ауызша бағалау әдістерімен қатар, практикалық жұмыс, жобалау, шығармашылық жұмыс, өзін-өзі бағалау, бақылау және тағы басқа тәсілдерді қолдану ескерілуі тиіс.

Ерекше білім беруде қажеттілігі бар оқушылардың ерекшеліктерінің ескерілуі жан-жақты бағалау өлшемдерін енгізуді талап етеді. Аталған бағалау өлшемдері бағдарламаны игеру процесінде білім алушының аздаған жетістіктерін және алға ілгерілеушілігін ескеруге мүмкіндік береді, түзете-дамыту жұмыстарының нәтижесін бағалауға және алдағы жеке дамыту жұмыстарының жоспары мен білім, білік, дағдыды икемді қалыптастыруға ықпал етеді.
Біріншіден, ерекше білім беруде қажеттіліктері бар оқушылардың оқу жетістіктерін критериалды бағалау жүйесі, арнайы қажетті жағдайлар жасалғанда ғана объективті болады.
Атап айтқанда:

  • білім, білік, дағдыларды тексеру жұмыстарын (шағын топтарда, жеке дара), ерекше білім беруде қажеттіліктері бар оқушылардың жеке ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып қолайлы ұйымдастырған жағдайда;

  • сыныптағы оқу-тәрбие жұмыстарына қолайлы жағдай туғызу (өз мұғалімінің немесе қажет болған жағдайда бөлінген әлеуметтік қызметкердің қатысуы, үйреншікті құралдар мен тірек аппараттары: сызбалар, аудио жазбалар, қажетті көрнекіліктер, тапсырманы орындаудың жалпы алгоритмі);

  • бастапқы кезеңде жалпы ұйымдастыру жұмыстарының этаптарының сақталуын және қалыптасуын қадағалап отыру.

Екіншіден, ерекше қажеттілігі бар баланы инклюзивті білім беру жағдайында оқытудағы критериалды бағалау жүйесінің тағы бір ерекшелігі, мұғалім оқу процесінде қолданылып отырған әдіс-тәсілдердің тиімділігін анықтап, алдағы уақытта жетілдіру үшін білім алушының оқу жетістіктерін зерделеп отырады.
Нәтижесінде ерекше білім беруде қажеттіліктері бар оқушылардың оқу жетістіктерін жалпы білім беру стандартына сәйкес, тиісті критерийлермен бағалау мүмкіндігі артады. Бұл түпкілікті нәтижеге жетуге бағытталған жұмыс болып табылады.
Оқу бағдарламасындағы түзете-дамыту компонентінен ерекше білім беруде қажеттіліктері бар оқушымен түзете-дамыту жұмыстары жүргізілген жағдайда, пән мұғалімі жеке дамыту бағдарламасының нәтижелерін өз жұмысының барысында ескеруі тиіс. Бұл жағдайда, критериалды бағалау жүйесінің икемділігі мұғалімге қалыптастырушы бағалау критерийлерін жекелеген тақырыптарды өту барысында өзгертіп отыруына мүмкіндік береді. Алдағы уақытта оқушыға қойылатын нақты талаптарды күрделендіріп отыруға болады.
Сондықтан ерекше білім беруде қажеттіліктері бар оқушылар мен білім алуда жеке қиындықтар туындаған оқушылар үшін оқу жетістіктерін бағалау тапсырмаларын бейімдеу келесі мәселелерді қамтуы қажет:

  • тұжырымдар мен анықтамалардың мазмұнын және грамматикасын жеңілдету;

  • көпбірлікті нұсқаулықтарды шағын бірлікті қадамдарға бөлу арқылы тапсырманың орындалуын жеңілдету;

  • тапсырмаға берілген жазбаша нұсқаулықтардан бөлек, қажеттілігіне қарай, мұғалім тапсырманы қосымша дауыстап, мағынасын келтіре отырып, баяу оқып беру;

  • тапсырманың мәтінін ерекше білім беруде қажеттілігі бар оқушылардың жеке ерекшеліктеріне сәйкес бейімдеу (үлкейтілген шрифт, тапсырмаларды бөліп беру және т.б.);

  • қажеттілігіне қарай жеке дара көмек көрсету: ынталандыру (мақұлдау, эмоциялық қолдау), ұйымдастырушылық (назарын қарата білу, зейінін жұмысқа аудару, өзін-өзі бағалау қажеттігін есіне салу), бағыттаушы (қайталау және тапсырмаға берілген нұсқаулықты түсіндіру);

  • тапсырманы орындауға берілген уақытты ұзарту;

  • сабақ барысында баланың шаршауы, жалығуы байқалған жағдайда, қысқа мерзімді (10-15 мин) сергіту сәттерін ұйымдастыру;

  • педагог тарапынан теріс көзқарастың болуына жол берілмейді, білім алушының эмоциялық күйзеліске түсуінің алдын алу қажет.

Зерде бұзылыстары бар (ақыл-ой кемістігі бар) оқушылар, танымдық қызметіндегі айтарлықтай шектеулері болуы салдарынан, МЖМБС талаптарын орындауға бағдарланбаған арнайы оқу жоспарларына және бағдарламаларына сәйкес білім алады.
Танымдық қызметінің және тұтас жеке тұлғасының анық жетілмеуі себебімен зерде бұзылыстары бар оқушылар оқу процесінде айтарлықтай қиыншылық көреді. Әлеуметтік тұрғыдан дұрыс ұйымдастырылған оқу мен тәрбие әсерінен балалардың білім сапасы дамиды, белгілі білім, білік, дағдыларды алады. Бірақ оқудағы осындай ілгері басқан қадамдар түрлі оқушыларда бірдей бола бермейді. Ақыл-ой кемістігі бар балаларды оқыту мүмкіндіктерінің түрлілігі даму бұзылысындағы тереңдігіне және таралуына байланысты болады.
Дегенмен, критериалды бағалау жүйесін қолдану, ақыл-ойының дамуында кемістіктері бар балалардың да даму динамикасындағы оң өзгерістерді анықтауға мүмкіндік береді. Түрлі мақсаттарға сәйкес, оқушылардың жетістіктерін қадағалау және бағалау орындалуы тиіс, олар жалпы бағалау нормаларына негізделе алмайды. Баға оқушының ілгері басуының дәрежесін ескеріп, оның оқу және даму процесін белсендендіріп, тәрбиелік және түзете-дамыту міндеттерін орындауы керек. Ақыл-ойының дамуында кемістіктері мен ауытқушылықтары бар балалар үшін олардың оқу жетістіктерін бағалаудың критериалдық жүйесі бойынша Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы «Мүмкіндіктері шектеулі балалардың оқу жетістіктерін критериалды бағалау жүйесі» тақырыбында әдістемелік ұсынымдарын әзірлеген.
Инклюзивті білім беру жағдайында оқушылардың оқу жетістіктерін бағалауға қойылатын басты талаптардың бірі, олардың жеке ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін ескере отырып, жалпы оқу мақсаттарының орындалуын қамтамасыз ету.
Сонымен қатар, бағалау критерийлерін, жалпы оқушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың қабылданған принциптеріне сүйене отырып әзірлеу қажет және ол білу деңгейінен бастап, нәтижені бағалау деңгейіне дейінгі аралықты қамтиды.
Оқушы:

  • өтілген оқу материалын білетінін және түсінетінін көрсете алады;

  • алған білімін стандартты және өзгеше жағдайларда қолдануға қабілетті;

  • тиісті тәсілдерді қолдана отырып, қандай да бір тапсырмаларды зерделей алады, заңдылықтарын таба алады, олардың арасындағы байланысты анықтай алады;

  • шартты белгілер мен тиісті сәйкес терминологияларды қолдана отырып, ақпаратты түсінікті жеткізуге қабілетті;

  • оқу міндеттерін шешу мақсатында таңдалған тәсілдердің дұрыстығы мен тиімділігін зерделеп, ойын айта алады.

Критерийлер оқу тапсырмасының қандай деңгейде орындалғанын нақты бағалауға мүмкіндік беретін көрсеткіштерге жіктеледі, ал бұл көрсеткіштердің әрқайсысы оқушының оқу мақсаттарын орындауда нәтижеге қандай дәрежеде жақындағанын анықтап береді. Критериалды бағалау жүйесін қолдануда әрбір тапсырма бағаланып отырады. Нәтиже әрбір тапсырманың жекелеген элементтерінің дұрыс орындалуына қойылған бағалаудан тұратын жиынтық балдық көрсеткішпен өлшенеді.
Критериалды бағалау жүйесі кері байланыс функциясын атқарады. Сондықтан күнделікті ағымдағы оқу тапсырмаларын орындау барысындағы ең қанағаттанғысыз нәтиженің өзін оқушы жеке оқу жетістіктерін жақсарту үшін берілген ұсынымдар деп қабылдайды. Критериалды бағалау жүйесінде әр балдық көрсеткіш жетістік деңгейін көрсетеді. Маңыздысы, бағалау шкаласының нөлден басталатынында, бұл оқушының жеке тұлғалық қасиеттері емес, керісінше оқу іс-әрекеті бағалаудың тағы бір көрсеткіші.
Оқушының білімін критериалды бағалауға арналған дескрипторлар тексерілетін әр тапсырмаға құрастырылады.
Қазіргі уақытта білім алушының оқу жетістіктерін бағалауда жалпы қолданысқа енген бірыңғай критерийлер жоқ. Себебі, оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау критерийлері қандай да бір педагогикалық мақсаттар таксономиясының негізінде жасалады.
Бүгінгі күні, деңгейлер санымен, сол деңгейлердің негізінде жасалған критерийлерімен, әрбір деңгейлерді тармақтарға жіктеп көрсететіндігімен ерекшеленетін көптеген таксономиялардың түрлері бар екені белгілі. Дегенмен, бұл мақсаттардың барлығы да білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау критерийлерін қалыптастыруға болатын негізгі төрт деңгейді қамтиды.
Инклюзивті білім беретін мектеп сыныптарындағы білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау критерийлерін әзірлеуде қандай мақсаттар таксономиясын негізге алуға болатындығы сол сынып оқушыларының үлгерімі мен сабақ үстіндегі өзара әлеуметтік қарым-қатынас орнату белсенділіктеріне байланысты анықталады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1 Инклюзивті білім беру мазмұны және әдістемесі: оқуқұралы / М.П. Оспанбаева. – Алматы: Қазақ университеті, 2019. – 232 бет. 
Ғ.Ә. Абаева, К.Ж. Төребаева, Г.С. Оразаева, Ж.Ж.Қартбаева “Арнайы педагогика”/ Қарағанды-2019. Б: 256 б.
https://ulagat.com/2020/07/18/

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет