Білектей арқасында өрген бұрым,
Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын.
Камшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты,
Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін.
Абай
Кіріспе
«Қолаң қара шашы бар жібек талды...»
Әр нәрсеге мән бере қараған ойлы халқымыз сұлудың көркі – шаш, шаштың көркі – шаштеңге деп есептеген. Ұлт мәдениетінде әр бойжеткенді шашы мен бойына қарап бағалаған.
Әйел шашы табиғатына қарай қолаң шаш, сүмбіл шаш деп, өріміне қарай жалғыз бұрым, қос бұрым деп аталады. Оның әр талын жібектей деп, өрілген бұрымды білектей деп салыстырған. Ұзындығы тілерсек соғатын алтын, күміс шолпы тағылған сұлу бұрым, бойжеткен көркін одан әрі арттыра түседі. Ақындар оларға «Қолаң қара шашы бар жібек талды» (Абай), «Сүмбіл шаш, пісте мұрын, лағыл иек, шынардай он саусағың құлжа сүйек» (Ақан сері) деп таңданған.
Шаш күтімі, оны тарау, өсіру, өру – үлкен бір тәрбие мектебі. «Ақ үйден бір қыз шықты көзі күлген, шаштарын он күн тарап, бес күн өрген» деген халық өлеңіндегі ғажап сурет – осының бір дәлелі.Шашқа қосатын, жалғайтын, кигізетін, тарайтын, жағатын, тағатын зергерлік әсем бұйымдар бар. Шашты тарау үшін тісі әртүрлі сиыр мүйізінен жасалған тарақ қолданылады. Сыртынан әдемі көріну үшін шаш тарақпен бастырады. Шашты жалтырату үшін шашмай жағады.
Қыздарға Алтыншаш, Қарашаш, Сұлушаш, Шолпы деп ат қоюдың өзі шаш қасиетін көрсетеді. Жеңгелері қайын сіңлілеріне ат қойғанда Шашбаулым, Шаштеңгелім, Сырғалым деп сызылуында да сұлу сыр жатыр.
Шаш тек сұлулық пен мәдениеттілік белгісі ғана емес, ол – әйелдер қауымының, яғни Хауана мен Бибі Фатима анамыздан бастап берілген Алланың айрықша сыйы, құрметі, сәні, еншісі. Ал шолпы, шашбау, шаштеңге, шашқап – сол сый-құрметке сай, әрі әйелдің әсем табиғаты мен нәзік жаратылысына лайықталған қазақтың талғампаздық үлесі, әрі ұлттық сыр-сипаты.
1
Достарыңызбен бөлісу: |