Көшпелілер немесе Дала өркениеті - түркі тектес халықтардың, соның ішінде қазақтардың материалдық және рухани құндылықтарының даму сатысы, этномәдени жүйенің қалыптасуындағы табиғи-тарихи тұрпаты. Адамзат тарихын зерттеу барысында өркениет атауының өзіне әр түрлі, кейде бір-біріне қарама-қайшы анықтамалар қалыптасты. Америка тарихшысы Л.Морган (1818-1881) мен Ф.Энгельс оны адамзат дамуындағы жоғары, жазу сызуды енгізу кезеңі ("тағылық — жабайылық — "өркениеттілік" үштағаны арқылы) ретінде сипаттады. Кейінгі кездері бұл термин адамзат дамуының аймақтық, салыстырмалы түрде бір-біріне тәуелсіз жетілген пішімдерін бейнелеу үшін қолданылып жүр. Еуропаға әсіре табынушы кейбір ойшылдар өздігінше жетілген мәдени-тарихи аймақтардың санын түгендеп, кейде — 8 (О.Шпенглер), кейде 36 өркениет ошағына (А.Тойнби) жеткізіп қойды. Әйтсе де, осы тұжырымдаманы жақтаушылар Алтайдан Карпат тауларына дейінгі ұлан-байтақ кеңістікте көшпелі-отырықшы тұрмыс кешкен түркі тектес халықтардың өткеніне астамшылықпен қарап, "тарихи дамудан тысқары қалған қауым" ретінде көрсетуге тырысты. Соған қарамастан, өркендеп-өрбу негізі, географиялық-табиғи аясы далалық болып саналатын, көшпелі шығыс жұртының өзіндік өркениеті хақында дәйекті пікір түйген ғалымдар аз емес. Белгілі орыс археологы, академик А.П.Окладников (1908—1981) зерттеу еңбектерінде далалықтардың этномәдени жүйесін "Батыс Сібір өркениеті шығысқа қарағанда батыспен тығыз байланыста болған сияқты", – деп атап көрсеткен. Ә.Марғұлан, К.Ақышев, К.Байпақов, т.б. ғалымдар "көшпелілер өркениеті" атауын жиі қолданса, Л.Н.Гумилев, О.Сүлейменов б.з.б. ІХ ғасырдан б.з. ХІ ғасыр аралығында көшпелілер мәдениетінің өрлеу дәуірі, Жерорта теңізі жағалауы және Қиыр Шығыс елдерімен салыстырғанда «жасампаздық эволюцияны» бастан өткергенін дәлелдеді. Соның нәтижесінде кеңестік тарихнама жоққа шығарған Еуразия кеңістігіндегі тарихи-мәдени ерекше құбылыс, ғылымға "Дала өркениеті" – деген атпен ене бастады. Оның әлемдік өркениетке қоскан үлесіне үндінің саяси қайраткері Д.Неру "Әлемдік тарихқа көзқарас" атты еңбегінде әділ баға беріп, "Атлас картаны ашсаң, алып Азия құрлығының қойнына кіріп жатқан кішкентай Еуропаны көресің. Ол өз алдына дербес құрлық емес, Азияның жалғасы сияқты. Ал тарихты оқитын болсаң — ұзақ уақыт бойы, белгілі бір кезеңде Азияның үстемдік құрғанына көзің жетеді. Еуропаны жермен-жексен еткен де, өркениетке жеткізген де солар. Азияның әлде-бір өңірінен шыққан арийлер, сақтар, ғұндар, моңғолдар, түркілер Азия мен Еуропаға қанат жайып, жаппай қоныстанды. Еуропа ұзақ уақыт Азияның отары сияқты болды» - деп атап көрсетті. Азия мен Еуропа арасындағы алып кеңістік — ежелгі Дешті Қыпшақ төсінде эволюция жолымен қалыптасқан мәдени-экономикалық, рухани тұтастықты, жартылай көшпелі, жартылай отырықшы тұрмыс кешкен дала тұрғындарының этнотарихи жүйесін Дала өркениеті деп атауға толық негіз бар. Климат құбылмалылығына жаппай әрі тікелей тәуелді күйдегі көшпелі мал шаруашылығы далалықтардың геоэкономикалық, геосаяси, геомәдени икемділігін белгілі бір дәрежеде шектегенімен, тұйыққа қамай алмады; керісінше, бұл солтүстік- еуразиялық кеңістік тұрғындарының өзіндік ерекшелікке толы әлеуметтену үрдісі мен нәсілдік-генетикикалық бірігуіне жол ашты. Жабайы жылқылар мен түйелерді қолға үйретіп, осыған орай арба мен әбзел ойлап табуы көшпелілерді өркениет даңқына жетелеген алғашқы, тың қадам болды. Металл өңдеу, қыш ыдыс жасау, мата тоқу, зергерлік кәсіп қарқынды дамып, "жұлдыз барлап, жол табу" арқылы алғашқы астрономия, ғарыштық түсініктері орныға бастады. Қандық-туыстық байланыстар мен әлеуметтік ұжымдасудың жан-жақты, қатаң түрде сатыланған жүйесі қалыптасты.