Мал дәулеттің байлығы Бір жұтсаң жоқ болар, Оқымыстың байлығы Күннен-күнге көп болар, Еш жұтамақ жоқ болар.
Өзен Таулардан өзен ағар сарқыраған, Айнадай сәуле беріп жарқыраған. Жел соқса, ыстық соқса бір қалыпта, Аралап тау мен тасты арқыраған. Көңілің суын ішсең ашылады, Денеңде бар дертінді қашырады. Өксіген оттай жанып жануарлар Өзеннен рақат тауып басылады. Қынарда тілсіз тұрған тоғайлар да Шуылдап желмен бірге бас ұрады... Он мың мал айдап өтсең лай қалмайды, Тасыса су бармаған сай қалмайды. Тасыған өзен судың қуатымен Көк шығып шөп бітпеген жай қалмайды. Ел қыстап күн көреді жаныбында, Дәм болар алуан - алуан балығында... Тас таста, алтын таста сынамаққа, Сонда да аққан өзен қалыбында. Құдіретін құдайымның көресін бе? Не нәжіс тоқтар өзен денесінде... Арыстан демалуға суға кірсе, Балықтар шымшып ойнар терісіне...
«Бақша ағаштары» әңгімесі Жаздың әдемі бір күнінде, таңертең бір төре өзінің баласымен бақшаға барып, екеуі де егілген ағаштары мен гүл жапырақтарын көріп жүрді. - Мынау ағаш неліктен тіп-тік, ана біреуі неге қисық біткен? - деп сұрады баласы. - Оның себебі, балам, анау ағашты бағу-қағумен өсірген, қисық бұтақтары болса өсіп. Мынау ағаш бағусыз, өз шығу қалыбымен өскен,- деді атасы. - Олай болса, бағу-қағуда көп мағына бар екен ғой,-деді баласы. - Бағу-қағуда көп мағына барында шек жоқ, шырағым; мұнан сен де өзіңе әбірет алсаң болады; сен жас ағашсың саған да күтім керек; мен сенің қате істеріңді түзеп, пайдалы іске үйретсем, сен менің айтқанымды ұғып, орнына келтірсең, жақсы түзік кісі болып өсерсің, бағусыз бетіңмен кетсең, сен де мынау қисық біткен ағаштай қисық өсерсің,- деді.