тұлғаларды төмендегіше анықтайды: «Қатысымдық тұлғалар – тіл арқылы қарым-қатынасты қамтамасыз
ететін, белгілі бір орта мен араласу жағдайында жүзеге асатын, тиянақты ойды хабарлау және қабылдау
қасиеті бар, ерекше деңгейге көтерілген тілдік тұлғалардың қатысынан тұратын, қарым-қатынастық мәні
бар бірліктер» [1, 24].
Ғалым тілдік қатынаста орын алатын қатысымдық тұлғаларға сөз, фразеологиялық тіркестер, сөйлем
және мәтінді жатқыза отырып, мәтінді тілдік қатынастың бір бүтін тұлғасы болып табылатын,
адамдардың қарым-қатынасын іс жүзіне асыратын сөйлесімдік материал деп көрсеткен.
Тілдік қатынаста мәтіннің атқарар рөлі ерекше, өйткені мәтін – сөз арқылы жеткізілетін, сөйлеудің
шығармашылық нәтижесі. Мәтін арқылы барлық тілдік бірліктер іске қосылатындықтан, ол ерекше
күрделі тілдік таңбаға жатады. Соған орай мәтінді талдау мен мәтінді тану оның түзілімі мен құрылымын
саралау, мәтінжасам барысындағы тілдік бірліктердің қызметін анықтау өзекті мәселе екендігі белгілі. ХХ
ғасырдан бастап мәтін сөйлеу бірлігі және ерекше сөйлеу шығармашылығы ретінде зерттеле бастауы
мәтін лингвистикасы пәнін дүниеге келтірді. Мәтін ұғымымен бірге оны танып-білудің жолдары, амал-
тәсілдері пайда болды. Ал мәтінді тілдік жақтан тану тілдік бірліктердің қызметін, мағыналық қырларын
анықтаумен пара-пар.
Ф.Оразбаеваның тұжырымдауынша, мәтін – ойлау, хабарлау, баяндау, қабылдау, пайымдау
құбылыстарымен байланысты, адамдар арасындағы тілдік қатынастың іске асуына негіз болатын
қатысымдық жүйелі тұлға. Осы ретте тілдік қатысымда үлкен рөл атқаратын мәтінмен қатар жүретін
дискурс ұғымының да орны ерекше. Өйткені, мәтін – сөз актісінің жазудағы көрінісі болса, ал дискурс –
қолданыстағы мәтін. Кейінгі грамматикалық еңбектерде дискурстың жекелеген ұғымдарын генеративті
грамматиканың моделіне енгізу мақсаты көзделеді, себебі мәтін де, дискурс та құрылымдық нысан. Екі
құбылыс та морфосинтактикаға әсер ете алады. Соңғы кезде «мәтін ұғымы бар жерде «дискурс» ұғымын
да қатар алып жүру байқалады.
Дискурс – негіз етіп өрбитін нысаны адам болғандықтан, қамтитын аясы өте кең, кешенді ұғым.
Дискурс – коммуниканттардың сөз жағдаятын ескере отырып, шынайы өмірдегі оқиғаларды өздерінің
когнитивтік, тілдік, аялық білімін, прагматикалық мүмкіндіктерін пайдалану арқылы коммуникативтік
72
мақсатқа орай өз тілдеріндегі лексикалық, грамматикалық, фонетикалық жүйелер арқылы тілге көшіруі,
диалогқа түсу әрекеті. Олай болса, дискурс та тілдік қатынастағы құрал болады. Дискурс дегеніміз –
шынайы өмір үзігіндегі көріністің сөйлеу әрекеті арқылы санаға көшуі мен тілдік бірлікте таңбалануы.
Дискурс – дайын мәтіннің сөйлеу әрекетін туғызушылар мақсатына сай күрделі әрі нақты
коммуникативтік жағдайға айналуы. Олай болса, ғалым Ф.Оразбаева еңбегінде тілдік қатынаста басты
орын алатын қатысымдық тұлғаның ең күрделісі ретінде берілген мәтін тілдік қарым-қатынасты жүзеге
асыратын сөйлеу құралы деп көрсетілсе, дискурстың да тілдік қатынастағы, қолданыстағы мәтін ретінде
қарым-қатынас құралы бола алатындығы анық. Сол себепті ғалымның қатысымдық тұлға ретінде мәтінді
ерекше атауы, оған берген тұжырымдары дискурс мәселесіне де қатысты, өйткені зерттеушілердің
пайымдауынша, дискурс – фреймі – «автор», «сөз актісі», «адресат» және «сөз жағдаяты» (сөздің қандай
ситуацияда айтылғаны) деген құрылымдардан тұрады (Н.Уәли), дискурс ‒ қолданыстағы мәтін, яғни
сөйлеу тілінің нақтылы коммуникативтік қарым-қатынас орнатудағы қызметі (Ж.Кеншінбаева), дискурс
дегеніміз – мәтін мен интеракцияға қатысушылар және коммуникативтік жағдаят қосындысы
(Г.Бүркітбаева). Олай болса, дискурс дегеніміз – дайын мәтіннің сөйлеу әрекетін туғызушылар мақсатына
сай күрделі әрі нақты коммуникативтік жағдайға айналуы. Ал Ш.Нұрмышева дискурсты
коммуниканттардың сөз жағдаятын ескере отырып шынайы өмірдегі оқиғаларды өздерінің когнитивтік,
тілдік, аялық білімін, прагматикалық мүмкіндіктерін пайдалану арқылы коммуникативтік мақсатқа орай
өз тілдеріндегі лексикалық, грамматикалық, фонетикалық жүйелер арқылы тілге көшіруі, диалогқа түсу
әрекеті деп есептейді. Сөйтіп, дискурс та сөйлеу әрекетінде тілдік қатысымның тұлғасы бола алады.
Ғалым Ф.Оразбаева тілдік және қатысымдық тұлғалардың әрқайсысына тән ерекшеліктерді қарастыра
келіп, олардың мынадай ерекшеліктерін болуы керектігін ескерткен:
1.Сана мен ойға қатысты мазмұнның тиянақтылығы.
2.
Баяндау ғана емес, хабарлау, жеткізу қасиетіне ие болуы.
3.Ми жүйесі арқылы қабылдануы.
4.
Белгілі бір жағдайға, ортаға байланысты жұмсалуы.
5.
Тіл мен сөйлесімге байланысты қарым-қатынаста қызмет атқаруы[1, 20-21].
Дискурстың да қатысымдық тұлға ретінде осы ерекшеліктерге сай қызмет ету мүмкіндігі бар, өйткені
дискурс мәтін ішінде көрінетіндіктен, дискурста осы қасиеттердің барлығы қамтылады.
Ғалымдардың дискурс терминіне берген анықтамалары түрліше болғанымен, олардың барлығының
да дискурсқа тән деп көрсеткен белгілері бар: бұл – дискурстың диалогтік сипаты, сөз жағдаятына сай
орындалатын сөйлеу әрекеті екендігі.
Дискурстың диалогтік сипатына коммуникацияға қатысушылар санының кем дегенде екеу болуы
жатпайды, сөйлеуші түзіп, қолданысқа түсірген мәтіннің қандайда бір тыңдаушыға бағытталуы
жатқызылады. Тыңдаушыға бағытталған диалогтік сипаттағы дискурс тыңдаушыны тілдік диалогқа
қатысуға мәжбүр етеді. Өйткені тыңдаушы сөйлеген адамның сөзін тыңдап, жауапсыз қалдырмайды,
сөйтіп сөйлеуші мен тыңдаушы арасында тілдесім болады. Ал Ф.Оразбаева тілдесімнің өзін алты түрге
бөліп көрсеткен (ресми, бейресми, қалыптасқан, кәсіби, әлеуметтік, дербестік). Дискурс
мазмұнына,мақсатына сай осы тілдесімдердің түрлері де дискурстық диалог кезінде қолданылады.
Мәтін мен дискурстың тепе-тең ұғым емес екендігі ақиқат. «Тіл мәтінде орналасып, дискурста
жанданады, туындайды» деген пікірге сүйенсек, мәтін мен дискурс қатынасы дискурстың динамикалық,
ал мәтіннің статикалық (тұрақты, қозғалыссыз) сипаттары арқылы танылады деп түсінеміз. Мәселен,
қандай да бір автордың көркем шығармасы біз қолға алып оқығанға дейін «тыныш күйінде» тұрып, мәтін
ретінде танылса, оқырман қолына тиіп, коммуникациядағы тілдік құрылым – мәтіннің динамикалық
күйіндегі сипатын дискурс деп тануымызға болады. Бұл жерде де тікелей болмаса да, автор мен оқырмен
(адресат пен адресант) арасында «хабар алысу» жүреді.
Сондай-ақ, ғалым Н.Уәли көркем дискурстың құрылымы әлдеқайда күрделі болатынын көрсете
отырып, оның ретін мынадай жүйеде көрсетеді: «мәтінге дейінгі бөлігінде автордың ойлаған көркем
идеясы, сол идеяны тілдік құралдармен объективтендірудің тәсілдері мен амалдары ойластырылады.
Автор өзінің санасындағы тілдік парадигмадан (вертикал түзуден) тілдік бірліктерді таңдап атай
бастайды. Ой елегінен өткен бірліктер синтагмалық (көлбеу түзу бойынша) тізбекке түседі. Сөйтіп,
автордың «нені айтсам?», «қалай айтсам?», «кімге айтсам?» деген мәтіндік құрылымға ойша сөзі, яғни
екінші кезеңге – сөз актісінің бір бүтініне айналады, бірақ коммуникация аяқталмайды. Коммуникация
мәтінді оқырман қабылдаған соң, автордың идеясын, нені айтқанын, қалай айтқанын, кімге айтып
отырғанын, не мақсатпен айтқанын игерген соң аяқталады [2, 14]». Дискурс негізінен коммуникативтік
әрекет ретінде танылғандықтан, барлық көркем мәтіндерге де (көлемді де, шағын да) қатысты болып
келеді және барлық жағдайда да адресат пен адресант факторы арасында лингвокогнитивтік-ментальдық
73
құрылым болып есептеледі. Басқаша айтсақ, дискурс – коммуникативтік қатысым процесі ретінде
анықталса, мәтін – оның жемісі ретінде ұғынылады.
Мәтін мен дискурстың айырмашылығы: егер дискурсты актуалды сипатта айтылған мәтін ретінде
танысақ, ол кезде мәтін – айтылған ойдың абстрактылы, грамматикалық құрылымы, ал дискурсты
актуалды айтылым әрекетіне қатысты сөз (речь) деп есептесек, ол кезде мәтін – тілдік жүйеге немесе
формалды лингвистикалық білімге лингвистикалық компетенттілікке қатысты ұғым болып табылады.
Негізі, мәтінді дискурстық аралық сатысы ретінде сипаттаған жөн. Өйткені дискурс ретінде екі бірдей
коммуниканттың ойлау-сөйлеу әрекеттерінің жиынтығы деп түсінеміз. Сондай-ақ, мәтін шындықтың
объективті фактісі ретінде дискурс нәтижесі, өнімі ретінде қарастырыла алады. Өркениетті адам тілдік
қарым-қатынастың әртүрлі формаларын жете меңгеруі керек. Бұл – нарық пен демократияға бет бұрған
заманның талабы. Әсіресе нарық заманының адамы тілдік қатынаста тек өз саласымен шектеліп қалмай,
шаршытоп алдында айтыс-тартысқа түсудің логикалық, әлеуметтік, психологиялық жақтарынан хабардар
болуға тиіс. Ал тілдік құралдарды талғау, саралау айтыс-тартыстың логикалық, әлеуметтік,
психологиялық жайттарына тәуелді. Осы жайттарды дұрыс аңғарғанда тілдік құралдарды, стильдік амал-
тәсілдерді мүмкіндігінше тиімді пайдалануға зор жәрдемі тиеді.
Профессор Ф.Оразбаеваның көрсетуінше, тілдік қатынас – сөйлеу тілі арқылы түсінісу дегенді
нақтылай келіп, жай ғана қарым-қатынас дегеннен гөрі тамыры тереңге жеткен, өмірде өзіндік орны бар,
қоғамның дамуы үшін ең қажетті қоғамдық-әлеуметтік ақпараттардың жиынтығы арқылы адамдардың
бір-бірімен пікір алмасуы, адамдар қатынасының түп қазығы дегенді білдіреді. Жоғарыда айтылғандай,
ғалымның адамдардың ойлауы, белгілі бір оқиғаны, мәліметті хабарлауы, баяндап жеткізуі, жасаған
тұжырымдары тілдік қатынаста басты орын алатын қатысымдық тұлға ретінде мәтінді көрсетуі
дискурспен де тығыз байланысты, өйткені дискурс мәтін ішінде көрінеді. Алайда бір мәтіннің ішінде
бірнеше қарама-қайшы және аяқталған дискурстар кездесуі мүмкін. Дискурс, бір жағынан, мәтінжасау
тәжірибесі, мәтінді шығару, кеңістік пен уақытта жария ету процесі; екінші жағынан,дискурс – мәтінді
ой-санадан өткізу процедурасы (мысалы, оқу барысында, конспектілеу барысында, аудару барысында
және т.б.) болып табылады.
Қорыта айтқанда, профессор Ф.Оразбаеваның тілдік қатынас теориясына қатысты тұжырымдары
тілдік қатынастың құралы ретінде мәтін мен дискурстың рөлін, олардың қолданыстағы орнын тереңдетіп
көрсетеді деп есептейміз.
Достарыңызбен бөлісу: |