Тақырып №4 Сабақта оқушылардың өзбетімен жұмысын ұйымдастыруды басқару
1.Шағын жинақты бастауыш мектептерде өздік жұмыстың қандай түрлерін барынша жиі қолдануға болады?
Өздік жұмыс – оқушының күрделі іс-әрекеттерініғ бір түрі немесе оқу жұмыстарының арнайы бір формасы болып табылады. Шағын жинақты бастауыш мектепте оқу-тәрбие жұмыстарының ерекше көңіл аударатын бір саласы – оқушылардың өздігінен орындайтын жұмыстары. Бірнеше сыныппен жұмыс істейтін мұғалімнің негізгі педагогикалық міндеті – жеке сыныппен жұмыс істейтін мұғалімнің алдына қойған міндетпен бірдей. Ол да оқу жоспарын, бағдарлама талаптарын орындауға тиіс.
Өздік жұмыстардың нәтижелі болуы үшін алдымен «өзіндік жұмыс» деген ұғым нені білдіріп тұрғанын анықтап алу қажеттігі туады: біріншіден, өз бетінше жұмыс балалардың түрлі тапсырмаларды, жаттығуларды ешкімнің көмегінсіз орындаулары, екіншіден, мұндай жұмыстар балаларды ұқыптылыққа, тәртіптілікке, жинақылыққа, бақылай білуге тәрбиелейді.
Өздік жұмыс түрлерін ұйымдастыруда мынандай талаптарды орындау керек:
1.Өздігінен орындайтын жұмыстың мазмұны бағдарлама талаптарына сай болуы керек;
мұғалімнің басқаруымен оқушылардың дербестігінің мөлшері, олардың жұмысты өз еркімен және қалауымен істеуі;
оған әсер ететін мотивтер.
Өзіндік жұмыстың түрлері сан алуан. Оларды топтастыру - күрделі мәселе. Оның жиі кездесетін бір тобы – сабақ мақсатына қарай қолданылатын жұмыс түрлері:
а) Жаңа білімді меңгеру (материалды жан-жақты талдау, мұғалімнің ауызша баяндауының жспарын, конспектісін жасау т.б. тәсілдерге үйрену).
ә) Жаңа білімді бекіту (түрлі жаттығулар, есеп шығару, түрлі жазбаша, графикалық, практикалық т.б. жұмыстар).
Өздік жұмысқа мынадай талаптар қойылады:
1) Тапсырма әрбір оқушының білім деңгейіне байланысты таңдалуы керек.
2) Өздік жұмысты орындауға жеткілікті уақыт берілуі керек (8-15 мин. ұзақ болмайды).
3) Міндетті түрде тексерілуі керек.
4) Жұмыс сабақтың мақсатына байланысты (жаңа материалды қабылдауға, өткен материалды бекітуге, қайталауға, білімді тиянақтауға) таңдалады.
5) Өздік жұмыстың мақсаты, орыдау әдісі оқушыларға түсінікті болуы тиіс.
6) Өз бетімен жұмысқа оқушылар білім деңгейіне байланысты әр түрлі уақыт жұмсайтынын ескеріп, тақтаға не карточкаға қосымша материалдар дайындап әкелу керек.
7) Ескертпе, түсініктеме-карточкалар, перфокарталар дайындау қажет. Оқушыларға өзіндік жұмыс ретінде пәндер бойынша мынадай тапсырмалар беруге болады.