Аузына түкірту. Бұл – қазақтардың ертеден келе жатқан ырымы. Олар батырлар мен билерге, ақындарға, тағы да басқа атақты адамдарға баласының аузына түкіртіп алатын болған. Түкіргенде оның ырымы ғана жасалады. Бұл ырым баламыз сондай адамға ұқсап, өнегелі болсын дегеннен туған. Баласының аузына бір адамға түкіртсе, жеткілікті.
Аяғына жығылу. Кешірім сұраудың ең үлкен, кішіреюдің ең ауыр түрі – осы ғұрып. Оны орындағанда айыпты адам жанына абыройлы, қадірлі кісілерді ертіп алып, тиісті адамның үйіне рұқсат сұрап кіріп, кешірім сұрайды. Айыбы үлкен болса, айыпкер өзі кінәлі болған адамның аяғына жығылып, оны құшақтаған қалпы жылап, кешірім сұрап, жалынған. «Аяғына жығылу» – әрі ғұрып, әрі жазаның бір түрі.
Байғазы беру. Үлкеннің кішіге, яғни балаға беретін сыйы. Жас ұл-қыз, бойжеткен, бозбала жаңа киім кигенде, жаңа зат алғанда аға, апа, ата-әжесінен, туған-туыстарынан оған байғазы сұрайды. Олар байғазыға ақша, мал, мүлік, әйтеуір бір зат беріп, құтты болсын айтады. Базарлық әкелу. Алыс сапарға шыққан, қыдырып қайтқан, сауда жасап келген адамдар туған-туысқандарына, көрші-көлемдеріне, дос-жарандарына ірілі-ұсақты сыйлықтар әкеліп береді. Мұны базарлық деп атайды. Ол жақсы көргеннің, сыйлағанның белгісі.
Бастаңғы жасау. Үйдегі үлкендер жолаушылап кеткенінде қалған жастар өздері бас қосып (келіндер, абысындар, күйеулер, балдыздар болып), немесе замандастарын шақырып, ойын-суық өткізеді, әңгіме-дүкен құрады, әр түрлі дәмді тағамдар жасап ішеді. Бұл әдет-ғұрыпты бастаңғы жасау деп атайды.
Бәсіре атау. Ежелгі әдет-ғұрыптардың бірі. Ата-анасы баласына арнап жас төлге ен салады да оны «бәсіре» деп атайды. Бәсіре аталған төл өскен соң сол баланың қажетіне, тойына жаратылады. Оны ен салып, малды таңбалаумен шатастырмау қажет.
Босаға майлау. Жастар шаңырақ құрғанында немесе біреу жаңа үй алғанында жақын туған-туыстары келіп жаңа үйдің босағасына май жағу салтын жасайды. Ол осы үй берекелі, майдай жұғымды, көптің үйі болсын деген ниеттен туған. Босағасын майлаған адамға шаңырақ иелері кәде береді.
Достарыңызбен бөлісу: |