Көз бұршақ-пішіні сопақша келген, екі беті дөңес линзаға ұқсас мөлдір құрылым.Көз бұршақ капсуласымен қапталған,капсуланың ішкі беткейі эпителиймен жабылған.Көз бұршақтың ауруларына катаракта жатады.Көз бұршақтың болмауы – афакия дейді.
Катаракта – көз бұршағының жартылай немесе толық бұлыңғырлануы. Көру қабілетінен толық айырылуға алып келуі мүмкін. Статистика бойынша окулистке көрудің нашарлауы сияқты шағыммен келетін науқастардың 1/3-не осы диагноз қойылады. СЕБЕПТЕРІ 10 адамның 9-ында бұл ауру жасқа байланысты болып табылады, 70-80 жаста науқастардың 45%-ында катаракта болады. Көз бұршағының бұлыңғырлануына зат алмасу бұзылыстарының нәтижесіндегі жасқа байланысты өзгерістер және басқа да көз аурулары әкеледі.
КЛИНИКАЛЫҚ БЕЛГІЛЕРІ Катарактаның негізгі белгісі көз алдындағы үлдірдің (пелена) болуымен сипатталады. Бұл симптом көз бұршағының бұлдырлануын тікелей растайды. Ол көру қабілетінің төмендеуімен қатар жүреді. Сонымен қатар катарактаның симптомдарына мыналар жатады: түрлі түстерді қабылдаудың нашарлауы; жарық көзі айналасында шеңберлердің пайда болуы; күн сәулесі немесе жарық сәулеге сезімталдық; түнгі уақытта көрудің нашарлауы;
Катаракталар пайда болу мерзіміне, күңгірттенудің орналасуына, этиологиясына қарай жіктеледі. Туындау мерзіміне қарай катаракталар жүре пайда болған және туа біткен болып бөлінеді.
Этиологиялық факторлар бойынша жүре пайда болғанкатаракталар қарттық, асқынған, жарақаттық , сәулелік болып бөлінеді.Жүре пайда болған катарактаның кең тараған түрі — қарттық катаракта. Қабықтық катарактаның клиникалық ағымында төрт саты болады: бастапқы, пісіп-жетілмеген, пісіп-жетілген, тым жетіліп кеткен.
Туа пайда болған катаракта ол көз алмасының барлық даму ақауларының 60%-ын құрайды.
Туа пайда болған катаракта түрлері:
Пайда болуына байланысты:тұқым қуалаған және құрсақ ішілік;
Зақымдану симметриясына байланысты:бір жақты немесе екі жақты үдеріс.