Тақырып. Тоқырау жылдарындағы Қазақстан (1965-1985 жж.). 1965ж экономикалық реформалар: себебі, мазмұны және нәтижесі



бет2/2
Дата27.01.2023
өлшемі34,25 Kb.
#63314
1   2
Байланысты:
Дәріс 7. Тоқырау жылдарындағы Қазақстан (1965-1985 жж.)

7.2 Қазақстан тоқырау жылдарында

"Тоқырау” кезеңі дейтін 1971-1985 жылдар аралығында Қазақстан экономикасы бұрынғысынша техникалық прогреске қабілетсіз, қарабайыр әдіспен дамыды. Бұл жылдары өнеркәсіпті өркендетуге 40,8 млрд. сом немесе халық шаруашылығына бөлінген барлық қаржының 32% жұмсалды. 15 жыл ішінде өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 2 есе, ал машина жасау, химия өнеркәсібі сияқты салаларда 3 еседен астам артты. Энергетикада электр қуатын өндіру одан әрі шоғырланып, орталықтандырылды. 1975 жылы республиканың барлық кәсіпорындары дерлік бір орталықтан энергиямен жабдықталды. Шевченко қаласында шапшаң нейтронға негізделген дүние жүзіндегі аса ірі атом реакторы жұмыс істеді. Машина жасау және металл өңдеу саласындағы өсудің жылдық орташа қарқыны 12%-ке жетті.
Бұл көрсеткіштер оныншы және он бірінші бесжылдықтарда да кеміген жоқ. 1980 жылға дейін 250-ге жуық кәсіпорын, ірі өндірістер мен цехтар іске қосылды, өндірістің жаңа салалары пайда болды. Дегенмен осы жылдарда КСРО-ның бірыңғай халық шаруашылығы жүйесіне әбден кірігіп кеткен Қазақстан экономикасы қарқынды дами алған жоқ. Республика өнеркәсібінің жартысына жуығы одақтық министрліктің қарамағында болды. Одақтық ведомстволар республиканың шикізат ресурстарын өздеріне тасып алып, аса зор пайда тапты. Бірақ, олар Қазақстан бюджетіне инфрақұрылымды дамытуға қаржы жұмсамады. Олар өз қарауындағы кәсіпорындар арқылы жылына 15 млрд. сом жалпы табыс алып отырса да, республикалық бюджетке бар болғаны 31 млн. сом немесе 1 проценттен аз қаржы аударды. Міне, осындай және тағы да басқа себептерге байланысты өнеркәсіп өнімінің кейбір түрлерін өндіру жөніндегі жекелеген экономикалық көрсеткіштер бойынша жоспарлық тапсырмалар орындалмады. Өндірісті жоспарлауда кемшіліктер орын алды, жаңа өндірістік қуаттар кешігіп іске қосылды. Еңбек тәртібін бұзушылыққа жол берілді, ғылым мен техниканың жетістіктері өндіріске жеткілікті дәрежеде тез енгізілмеді. Сонымен бірге өндіріс тиімділігі мен өнім сапасын арттыруда, ғылыми-техникалық дамуда, қазіргі заманғы техника мен технологияны игеруде капиталистік мемлекеттерден кейін қалу күшейе түсті.
Республика ілгерілеу қарқынынан айырыла бастады, шаруашылықтың барлық саласында іркіліс көбейіп, қиыншылықтар үсті-үстіне жинақталып, шиеленісе түсті, шешілмеген проблемалар көбейді. ІХ бесжылдықта жоспардың күрт төмендетілгеніне қарамастан өнеркәсіп көлемі 12,6%-ке орындалмады. Оныншы бесжылдық - 25%-ке, ал он бірінші – 3,6%-ке орындалған жоқ. Соның салдарынан қаралып отырған жылдарда ұлттық табыстың өсу қарқыны баяулап, 80-ші жылдардың бас кезінде экономикалық тоқырауға жақындатқан деңгейге дейін төмендеді. Мысалы, республика ұлттық табысын 60-70%-ке өсіру міндеті қойылса, ол іс жүзінде 36%-ке ғана орындалды.
Республиканың көптеген шаруашылық қызметкерлері ұлттық байлықты молайту қамын ойламай, қайта белгілі бір салаға материал мен еңбекті, жұмыс уақытын көбірек жұмсап, оны қымбатырақ бағаға өткізуге әуестенді. Осының салдарынан өнімнің “жалпы саны” өскенімен, бірақ тауарлар жетіспеді. Қазақстан дамыған басқа елдерге қарағанда өнімнің бір өлшеміне шикізатты, энергияны, басқа да қуаттарды едәуір көп жұмсады. Мәселен, АҚШ пен Жапония өнімнің бір өлшеміне бізге қарағанда шикізат пен энергияны 30-40% кем пайдаланды. Маңғыстауда өндіретін мұнайдың және онымен қосылып шығатын газдың тек қана 8-10% ғана пайдаланылды. Аса ірі кәсіпорындар салу арқылы шикізат салаларын дамытуға бағыт ұстау ғылыми прогресс арқылы өркендейтін өндірісті тежеді, өңдеу, қайталап өңдеу, жаңа тауарлар шығару салалары баяу дамыды. Елдің экономикасының ондаған жылдар бойы экстенсивті жолмен дамығаны көбінесе осы себептен еді.
Өндірістің теңестірілмеуі, әкімшілік арқылы басқарылуы жағдайында жылдық, тоқсандық және айлық тапсырмаларды өзгертіп отыру үйреншікті іске айналды. 1981-1985 жылдары Қазақстанда әртүрлі министрліктер мен ведомстволардың жоспарлары 300-ден астам рет өзгертілген. Күрделі құрылыстарда бітпеген объектілер саны өсті, жоспарлы құрылыстардың орнына жоспардан тыс көптеген құрылыстар салынды, қосып жазу, құрылыс материалдарын талан-таражға салу көбейді.
Тоқырау кезеңін қамтыған үш бесжылдық аралығында ауыл шаруашылығын 1965 жылдан басталған реформалау әрі жалғастырылды. Аграрлық салаға қаржыны көптеп бөлу, селоның әлеуметтік проблемаларын шешу, шаруашылық есепті енгізу, ауыл шаруашылық өнімдерінің сатып алу бағасын арттыру шаралары белгіленді. Осы бағытта тек 1971-1978 жж. ауыл шаруашылық саласына 58,2 млрд. сом бөлінді. Мұның нәтижесінде 1985 жылға дейін негізгі егін шаруашылығы жұмыстары – жер жырту, тұқым себу, дәнді дақылдарды жинау, мал шаруашылығы саласындағы жұмыстар 75-90% техникаландырылды. Алайда, ауыл шаруашылығы проблемаларын тек күрделі қаржыны көбейту арқылы шешу жолы тиісті нәтиже бермеді. Аграрлық секторда аса маңызды орын алатын жердің құнарлылығын арттыру, электрлендіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын және өңдейтін кәсіпорындар жеткілікті дәрежеде салынбады. Сондай-ақ село еңбеккерлерінің әлеуметтік-экономикалық проблемалары шешілмей қалды, сөйтіп бұл салада күткен бетбұрыс болмады, нәтижесінде ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру тұрақсыз болды. Егістіктің шығымдылығы азайды, мал шаруашылық өнімдерін өндіру төмендеді.
Мал шаруашылығының жем-шөп базасы нығайтылды, жем-шөптік дақылдар егілетін алқаптар ұлғайтылды. Дегенмен мұның барлығы тек экстенсивтік шаруашылық негізінде іске асырылды. Атап айтқанда, жемшөптік дақылдар егілетін алқаптар сегізінші бесжылдықтағы 6678,4 мың гектардың орнына ІХ бесжылдықта 8824,6 мың гектарға дейін жеткізілді. 1985 жылы жоспарланған 50 млн. қойдың орнына тек қана 35 млн. қой болды. Оған шопанның ауыр еңбегіне немқұрайлы қарау, малды күтіп бағудағы қазақтың еңбек дәстүрін елемеу, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан, сыннан өткен технологиясының жоғалып кетуі үлкен әсерін тигізді.
Осы жылдарда ауыл шаруашылығында келеңсіз жағдайлар қалыптаса бастады. Мал аурулары көбейіп, нәтижесінде мал саны азайып кетті. Азық-түліктік астық өндіру жөнінен одақта алдыңғы орындардың біріне шыққан республика жыл сайын жемге арнап басқа жерлерден миллиондаған тонна астық сатып алып отырды. Мұнда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, сақтау, халыққа сату ісі сұранысты қанағаттандырмады. Көліктің, элеваторлардың, қоймалардың жетіспеушілігінен, жолдың нашарлығынан жыл сайын жиналып алынған өнімнің 20%-тен 40%-ке дейінгісі ысырап болды. Ауыл тұрғындарының еңбегі тиісінше бағаланбай, олар қалаларға, басқа жақтарға көшіп кетуге мәжбүр болды.
ХХ ғ. 70 және 80 жж. бірінші жартысында Қазақстанда халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруде бірсыпыра істер атқарылды, жұмысшылар мен қызметшілердің орташа айлық табысы едәуір өсті. 70-жылдардың І-ші жартысында халық шаруашылығының өндірістік салаларында жаңа еңбек ақы белгіленді, ең төменгі жалақы 70 сомға жеткізілді. Колхозшылардың кепілді еңбек ақысы көбейді, халықтың төмен айлық алатындары орташа айлық алатындар дәрежесіне көтерілді.
Алайда, бұл шаралардың халықтың тұрмыс дәрежесін көтеруге ықпалы аз тиді. Өйткені мемлекеттің және кәсіпорындардың бағаны көтеруі, тауарлар сапасының нашарлауы, тапшылықтың өсуі, еңбек ақы төлеудегі теңгермешілік және т.б. халықтың тұрмыс жағдайының төмендеуіне әкеп соқтырды. Оған ақшаның құнсыздануы әсер етті, тек 1970-1986 жж. құнсыздану 20%-ке өсті. Әлеуметтік саладағы ең өткір проблеманың бірі тұрғын үй проблемасы болды. Халық санының өсуіне байланысты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі аяғына дейін шешілмеді, оған үй салуға бөлінген қаржының азаюы себеп болды, тұрғын үй құрылысының жоспары орындалмады. Тек, 11-ші бесжылдықта ғана республикада 1,2 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмеді, мектеп, аурухана, балалар бақшасын салу жоспары орындалмады.
Қазақстанда экологиялық жағдай нашарлай түсті. Бұл өнеркәсіптің шексіз өсуінің, ғылыми, әскери зерттеулерді жүргізуде табиғи ресурстарды ойланбай пайдаланудың ел аумағына әскери полигондпрды орналастырудың нәтижесінде болды.
Кеңестік дәуірдегі ирригациялық жүйе мен жерді ешбір агротехникалық шараларды сақтамай, есеспсіз игеру тәсілдері Арал теңізін жоға жеткізді. КСРО Су шаруашылығы министрлігінің кінәсінен Арал аймағы өлі аймаққа айналды. Сырдария мен Әмудария өзендерінің суларын мақта егісіне көптеп бөлуден Арал теңізі тартылып, оның суы азайды. Теңіз түбі 27 мың шаршы шақырымға құрғады, оның жағалауы 70-150 шақырымға кейін шегініп, тұздылығы 4-5 есеге артып, 1 л судың құрамы 20-30 грамға дейін тұз құрайтын болды. Егер 1950 жылы балықтың 24 түрі өсіріліп, балықаулау жылына 500 тоннаға жетсе, 80-жылдардың соңына қарай балықтың 20 түрі мүлдем жойылып кетті, балық шаруашылығы маңызын жоғалтты. Жұмыссыздар саны өсіп, кеме жасау зауыттары өз жұмысын тоқтатты. Теңіздің кепкен табаны тұз жиналатын ас алып ошаққа айналды. Тұзды дауылдар қоршаған ортаға өзінің залалын тигізе бастады. Арал өңірі экоогиялық апат аймағына айналды.
Республикада 1985 жылға дейін әскери өнеркәсіпті қамтитын 43 ірі кәсіпорын орналасты. Олар экологиялық жағынанхалықтың денсаулығы мен қоршаған ортаға зиянын тигізді. Қазақстан аумағында атом т.б. қаруларды сынау үшін Семей ядролық, Орал, Сарышағандағы полигондар жұмыс істеді. 80-жылдары әр түрлі әскери объектілер республиканың 18 млн га жерін алып жатты.
Сөйтіп, тоқырау кезіндегі келеңсіз процесстер әлеуметтік саланы мықтап шарпыды. Әлеуметтік-мәдени саланы дамытуға қаржы бөлудің “қалдықтық принциптері” қалыптасты, яғни ол салаға таза өндірістік мақсаттардан артылған қаржы ғана бөлінді.
Қорыта келгенде, 70-80-жылдары республика экономикасында тұтастай Одақтың халық шаруашылығына тән үйлесімсіздіктердің бәрі көріне бастады. Бұл ең алдымен басқарудың әміршіл-әкімшілдік әдістерінің әбден орнығуы еді. Экономикалық ынталандыруды жоққа шығара отырып, қалыптасқан жүйе экономиканы экстенсивтік даму жолында ұзақ ұстап қалды. Еңбекақы төлеу жүйесі еңбектің нәтижесімен байланыстырылмады. Кәсіпорындардың ешқандай дербестігі болған жоқ. Халық шаруашылығы иесіздіктен, жаңа техника мен технологияны нашар енгізуден үлкен зиян шегіп жатты. Экономикалық ведомстволар түріндегі орталықтың әміріне бағыну республикадағы жағдайды одан әрі қиындата түсті. 80-ші жылдардың ортасында республика экономикасы дағдарыс жағдайына ұшырады. 
ХХ ғ. 70-80-жылдары республиканың қоғамдық-саяси өмірінде де күрделі жағдай қалыптасты. КОКП-ның әлеуметтік-экономикалық саясаттағы қателері ұлттық қатынастарға да әсерін тигізбей қойған жоқ. Брежневтік басшылық бұл салаларды мүлтіксіз әрі ешқандай проблема жоқ деп санады. Ұлт мәселесін шешудегі табыстарды асыра бағалау кемелденген социализм концепциясынан туындады. Нақ осы кезеңде ұлт мәселесіндегі проблемалар шешілуінен гөрі шапшаңырақ қордаланды.
1922 ж. федералдық мемлекет ретінде құрылған КСРО іс жүзінде унитарлық мемлекетке айналып кетті. Оның құрамындағы Одақтас республикалардың құқықтары шектеліп, нақты егемендігі жоқ автономия ретінде дамыды. Ұлттардың өзін өзі билеуі іс жүзінде ұмыт болды. КСРО-дан еркін шығу құқы болғанымен бірде-бір халық оны пайдалана алмады. Бұл жерде нақты өмір шындығы есепке алынбады, саяси демократияның бұрмаланғандығы салдарынан бұлайша ерік білдірудің өзі мүмкін емес еді.
Ұлттық проблеманың бәрін тек интернационалдық тәрбиені жақсарту арқылы ғана шешуге болады деп пайымдалды. Бұл бағыттағы тәрбие нақты өмірден алшақ жүргізілді, интернационализм идеяларын насихаттаумен шектелді. Осы мағынада алғанда интернационалдық тәрбие ұлттық саясаттың орнына жүрді немесе бүтіндей оны ауыстырды.
70-80 жж. ұлттық салт-санадан гөрі кеңестік салт-сана көбірек дәріптелді. Қоғамдық-саяси өмірде европоцентризм басым еді. КСРО халықтары мен ұлттарының дамуындағы орыс мәдениетінің рөлін асыра бағалау етек алды. Біздің тарихымыздың бөліп алуға болмайтын бөлігі болып табылатын көшпелілік өркениеті мен шығыс мәдениетінің бүкіл қабаты жауып тасталды, адамдардың тарихи санасын жою процесі жүрді. 1917 ж. Қазан төңкерісіне дейінгінің бәрін ұмытуға табандылықпен мәжбүр етілді. Мұның керісінше Кеңес дәуірінің тарихы барынша дәріптелді. Ресми органдар мен насихат қазақ халқының және Одақтың басқа халықтарының нағыз тарихы тек 1917 жылдан басталады деп жұртты сендірді.
Шұғыл интернационалдандыру, ұлттық мүдделерді есепке алмай бюрократтық және күштеп қудалау әдістерімен біртұтас совет халқының қалыптасуын шапшаңдатуға тырысу ұлт саясатында өрескел ағаттықтар мен елеулі қателіктер жіберуге әкеліп соқтырды. Ал шынайы интернационализм “өз” ұлтыңның да және басқа ұлттардың да ұлттық мүдделерін түсініп, мойындамайынша мүмкін емес еді. Ұлтшылдық ең алдымен ұлттық мүдделерді кемсітуден пайда болады.
Қазақстанда тіл саясатында да кемсітушілік орын алды. Орыс тілін республикада қазақтардың 60%-і меңгерсе, қазақ тілін орыстардың 1%–нен де азы меңгерді. Қазақ тілі тек тұрмыстық саламен шектеліп, іс жүргізуде, мемлекеттік, дипломатиялық, әскери өмірде, жоғары мектептерде қолданылмады. Кітаптың 95% орыс тілінде басылды, теледидар хабарларының 70% эфирге орыс тілінде шықты. Бұрынғы КСРО-дағы империялық тіл саясаты ең алдымен орыс тілін білмейтін адамдардың әлеуметтік өсу мүмкіндіктерін шұғыл тарылта беру мақсатын көздеді.
Ұлт саясатындағы бұрмалаулар, саяси ахуалдың қаталдандырылуы, еркін ой-пікір айтуға өкіметтің төзбеушілігі, әсіресе, зиялылар арасында наразылық туғызды. Ол түрліше көрінді. Студенттер, шығармашылық және ғылыми интеллигенция арасында республиканы орыстандыру саясаты айыпталды, қазақ тілінің жағдайына, республиканың егемендік құқының жоқтығына алаңдаушылық білдірілді.
Партиялық-мемлекеттік құрылым қызметінің 70-80-жж. басындағы өзекті бағыты бұрынғыша ұлтшылдыққа, жершілдіктің көріністеріне және патриархалдық құрылысты дәріптеуге қарсы күрес болды. Өзгеше ойлаудың барлық түрі қудаланды. Өмір сүріп тұрған жүйенің идеологиясы мен жаттанды догмаларына сай келмеген өз көзқарастарын әдебиет пен өнер шығармаларында бейнелеген интеллигенцияның өкілдері қудалауға ұшырады. Мысалы, ақын О.Сүлейменовтың “АзиЯ” деген талантты кітабы осындай қасіретке ұшырады. О.Сүлейменовтың оппоненттері “Молодая гвардия”, “Москва”, “Звезда” және басқа журналдардағы мақалаларында кітаптың идеологиялық бағыты мен мақсатына күмән келтірді. Ол ұлтшылдық, пантюркистік шығарма және орысқа қарсы деп айыпталды.
Кеңестік билік ғалымдар арасындағы ой-пікір бостандығына барынша тиым салып отырды. Мысалы, 1976 жылы философия институтының авторлар ұжымы даярлаған “Дәстүрлі қазақ өнерінің дүниетанымы” деген кітапты басып шығаруға тиым салды. Антрополог О.Исмағұловтың “Қазақстанның этностық геногеографиясы” деген кітабы идеялық тұрғыдан зиянды деп табылды. Авторға методологиялық қате жіберген, ру-тайпалық факторларды бүгінгі заманмен байланысты біржақты баяндаған деген айып тағылған. Кейінірек бұл айыптың бәрі алынып тасталды.
1979 жылы жазда Ақмолада болған оқиға ұлттық қатынастардағы ұлғая түскен қарама-қайшылықтардың көрінісі еді. Ол ұлттық қатынасты түпкілікті халықтың мүдделерін есепке алмай орталықтың әміршілдік әдіспен реттеуінің мезгілі өткенін көрсетті. Қазақстанда 1979 жылы неміс автономиясын құру әрекеті және оған қазақ тұрғындарының қарсы шығуы республиканың саяси тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі. Қазақстанда неміс автономиялы облысын құру туралы шешім 1979 жылы көктемде КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мәжілісінде республиканың үкіметі мен Жоғарғы Кеңесінің келісімінсіз қабылданды. Бұл автономиялы облысқа Ақмола, Павлодар, Қарағанды және Көкшетау облыстарының бірсыпыра аудандары беріліп, Ерейментау қаласы оның орталығы жасалмақ болып белгіленді.
Автономиялы облыс құру туралы мәлімет республикаға тез тарап, қазақ халқының заңды қарсылығын туғызды. Маусымның 16 күні таңертең негізінен облыс орталығындағы жоғары оқу орындары мен техникумдарының студенттері қатарындағы қазақ жастары қаланың орталық алаңына жиналды. Жастар қазақ және орыс тілінде “Қазақстан бөлінбейді!”, “Неміс автономиясы болмасын!” және басқа ұрандар жазылған транспоранттар алып шықты. Митинг Кремльдің неміс автономиясын құру туралы шешімін айыптаған үндеу қабылдады. 19 маусымда Ақмолада тағы бір демонстрация болды. Оны аудандардан келген соғыс және еңбек ардагерлері бастады. Оған 2 мыңнан 4 мыңға дейін адам қатысты. Демонстрацияға қатысушылар облыс басшыларына автономияны құруға қарсы үндеу тапсырды. Ақмоладан кейін шағын митингілер мен демонстрациялар Атбасарда, Ерейментауда, Көкшетауда өтті.
Республика халқының наразылығының нәтижесінде орталық өз шешімін өзгертуге мәжбүр болды. Сөйтіп, Қазақстан жерінде неміс автономиялық облысын құру жөніндегі шешім іске аспай қалды. Бұл бой көрсетулерден соң жазалау науқаны шектеліп жүргізілді (бұл тоқырау заманы үшін болмаған оқиға) және тіпті әкімшілік істері бойынша да сот процесі жүрген жоқ. Алайда республиканың басшылығы және Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті демонстрация туралы хабардың кең тарап кетпеуі үшін барлық күш-жігерін жұмсады. Баспасөз беттерінде бұл оқиғалар туралы ештеңе жазылған жоқ. 
70-80-ші жылдары мәдениет саласын нығайтуда біраз жұмыстар істелді. Селолық жерлерде 6 мыңнан астам клубтар мен мәдениет сарайлары қызмет көрсетті. Оларда 12 мыңнан астам көркемөнерпаздар ұжымы істеді. Ауыл-село тұрғындарының тұрмысына теледидар, радио, баспасөз, кино бұрынғыдан көбірек ене бастады. Қазақстанның село зиялыларының мәдени дәрежесі сан және сапа жағынан едәуір өсумен сипатталды. Орта есеппен бір колхоз бен совхозға 70-ші жылдардың басында 45 жоғары және арнайы орта білімі бар маманнан келді.
1970 жылға қарсы теледидар республиканың барлық облыстарына дерлік енді. Қазақстанда теледидардың 15 программалық орталығы және осынша студиясы, сондай-ақ теледидар бағдарламасын тарататын және қабылдап алып қайта тарататын жүйелер істеді. 4 республикалық және 19 облыстық бағдарламалар арқылы радио хабарлары қазақ, орыс, ұйғыр, корей тілдерінде жүргізілді. 1976 жылдың аяғында 10282 кино қондырғысы болып, олар бір жылда 290 миллион кино көрерменіне қызмет көрсетті.
Халық ағарту ісі де бірсыпыра алға басты. Мысалы, республиканың жалпы білім беретін 10154 мектебінде 1970 жылы 3 млн. 140,8 мың бала оқыса, 1977 жылы 9217 мектепте 3 млн. 266,1 мың бала оқыды. Мектептің оқу ісінің алдына 70-ші жылдары жаппай орта білім беру міндеті қойылды. 1984 ж. балаларды алты жастан бастап оқытуға көшу, еңбекпен ұштастыра оқыту үшін оқу-материалдық база жасау, оқу бағдарламасына жаңа пәндер қосу жөніндегі мектеп реформасы басталды. Бірақ, осымен бірге мектептегі оқу ісін дамытуда кемшіліктер де орын алды. Мектептерге партиялық әмір күшейе түсті. Оқу-тәрбие процестерін саясаттандырудың үстіне жалпы көрсеткішті қуалау, оқу процестерін жасанды жүргізу, оқушылардың оқуға немқұрайды қарауы қосылды. Ұлттық мектептерді қысқарту тенденциясы күшейіп, орыс мектептерінің саны көбейді. Мектептегі оқу ісінің дағдарысы экономикадағы, саясат пен идеологиядағы бұрмалаулардың көрінісі еді.
1970 жылы Қазақстанда 46 жоғары және 190 арнаулы орта оқу орны болып, оларда 416 мыңнан астам студент білім алды. Студенттер 160 мамандық бойынша әзірленді. Республиканың техникумдарында жастар 182 мамандық бойынша оқытылды. 1986 жылы республикада жоғары оқу орындарының саны 55-ке, ал арнаулы орта оқу орындарының саны 246-ға жетті. Жоғары оқу орындары мен техникумдарда 550 мыңдай студент оқыды. Республика халқының әрбір 10 мың адамына 160 студенттен келді.
ХХ ғ. 70-80 жж. қазақ әдебиеті І. Есенберлиннің, Ә.Нұршайықовтың, М. Мақатаевтың, Т. Айбергеновтың, О. Сүлейменовтың, М. Шахановтың, Қ. Мырзалиевтің, Ф.Оңғарсынованың, Ә.Кекілбаевтың, О.Бөкеевтің және басқалардың шығармалары арқасында елеулі табыстарға жетті. Сазгерлер Ш.Қ алдаяқовтың, Л. Хамидидің, Н.Тлендиевтің, Ә. Еспаевтың, І. Жақановтың әндері Қазақстанның музыкалық мәдениетінің алтын қорына кірді. “Ботагөз”, ”Аққан жұлдыз”, “Менің атым Қожа”, “Қыз Жібек”, “Атаманның ақыры”, “Транссібір экспресі”, “Бейбарыс сұлтан” кинофильмдері республика кино өнерінің таңдаулы туындылары деп бағаланды. Қазақ киносының табыстары көбінше артистер Н. Жантуриннің, Ы. Ноғайбаевтың, А. Әшімовтың, Ә. Боранбаевтың, режиссерлар Ш. Аймановтың, М. Бегалиннің, С. Ходжиковтың, А. Қарсақпаевтың, Т.Теменовтың және басқалардың шығармашылық қызметтерімен байланысты.
Ә.Қашаубаев негізін салып кеткен ән өнеріндегі игі дәстүрді Б.Төлегенова, Е.Серкебаев, Ә.Дінішев, Р.Жаманова, Р.Бағланова, Р.Рымбаева т.б. жалғастырып байыта түсті.
70-80-ші жылдары ғылым саласында да біраз табыстарға қол жетті. Республика Ғылым Академиясының бірсыпыра ғылыми зерттеулерін дүние жүзі таныды. 1976 жылы биолог ғалым М.Ә. Айтхожин генетика мен микробиология саласында Лениндік сыйлыққа ие болды. Ғалымдардың зерттеулері оңтүстік Маңғыстауда және Орал-Ембі атырабында мұнай мен газдың ірі кендерін игеруге, Ертіс-Қарағанды каналын салуға, егін шаруашылығында топырақ қорғау жүйесін енгізуге көмектесті.
Осы жылдары бес томдық «Қазақ КСР тарихы», он томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», он бір томдық «Қазақстанның металлогениясы», тоғыз кітаптан тұратын «Қазақстанның сүт қоректілері», тоғыз томдық «Қазақстанның өсімдіктері» және диалектикалық логика жөнінде бірсыпыра іргелі монографиялар мен зерттеулер жарық көрді. Әл-Фарабидің, Ш.Уәлихановтың, Ы.Алтынсариннің мұраларының зерттеліп басылып шығарылуы қоғамдық ғылымдағы елеулі оқиға болды. Алайда Қазақстан ғылымының табыстарымен бірге оның қайшылықтары мен шешілмеген ірі проблемалары да болды. Машина жасау, радиоэлектроника, радиотехника, автоматика сияқты ғылыми-техникалық прогрестің аса маңызды салалары бойынша ғылыми кадрларды даярлау және ғылыми мекемелерді ұйымдастыру кенже қалып келді. Академиялық, жоғары оқу орындарындағы және салалық ғылымды нашар ұштастыру көп тақырыптылыққа, ғылыми күштердің шашырап кетуіне, олардың аса маңызды бағыттарды зерттеуге тиісінше шоғырландырылмауына, ғылыми жұмыстардың бірін-бірі қайталауына әкеп соқты. Ғылыми зерттеулердің тиімділігі күрт төмендеді. Мысалы, 1985 жылы өндіріске енгізілген бір зерттеудің экономикалық тиімділігі 1980 жылмен салыстырғанда екі есе төмендеді. Республиканың бірде-бір ғылыми мекемесі елде құрылған ғылыми-өндірістік комплекстердің құрамына кіре алмады.
Осылайша, экономикадағы тежеу мен тоқырау құбылыстары қоғам өмірінің мәдени салаларына да, ғылымның дамуына да салқынын тигізбей қоймады. Мәдени салалардың мәселелерін жете бағаламау, олардың дамуына қаржыны “қалдықты” принцип бойынша бөлу республика мәдениетінің кең көлемде дамуына өзінің теріс әсерін тигізді. Сонымен, тоқырау өмірдің барлық салаларында: қоғамдық-саяси өмірде, идеологияда, мәдениетте, адамдар арасындағы қарым-қатынаста және т.б. орын алды. Брежневтің жеке басына табыну етек алған жағдайда, әсіресе, 70-ші жылдардың аяғы мен 80-ші жылдардың бас кезінде бұл жағдай барған сайын өрши түсті. 









Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет