Таласбек Əсемқұлов талтүс І тарау



Pdf көрінісі
бет3/3
Дата06.09.2023
өлшемі1,01 Mb.
#106358
1   2   3
Байланысты:
Талтүс

ІІІ тарау
Мөлдір қара көзінің аласы көкшіл нұр шашып тұратын. Жайнаған
ақсары жүз, құндыз қабақ, иыққа ақтарылған тал жібек шаш. Көркінен
көз айыру қиын еді.
Алғаш кластың табалдырығын аттағанда ұлы бар, қызы бар, жиырма
шақты бала тегіс аңтарылған. Есікте қымсынып тұрып қалды. Тақтада
есеп жазып жатқан Сəулебай мұғалім жаңа оқушыға бір көз тастап
өтті де отыруға рұқсат берген. Ортаңғы қатардың соңғы партасына,
үнемі жалғыз отыратын Серікболдың жанына барды.
— Мына жер бос па?
— Бос.
— Онда мен отырайын.
Сəулебай мұғалім есепті жазып болып, қолына жұққан борды
орамалымен сүртіп орнына отырды. Класс журналын ашты.
— Тəəк, бұл жаңадан келген бала Іргебаева ғой, солай ма? Іргебаева
Гүлшат.
— Иə, — Қыз орнынан тұрды.
— Отыра ғой, — деді Сəулебай.
— Серікболдың бағы ашылды дей бер, — деді Əжігерейдің парталасы
Ерік, — Байғұс, он жыл бойы бір қыз қарамай қойып еді. Құдай берем
десе оңай екен ғой.
Үзілісте, кластың қыздары жаңа құрбыларын ертіп далаға шығып
кетті. Сол сəтте ұл балалар Серікболға лап қойған.
— Құттықтаймын, — деді алдымен жеткен Ерік, бүгежектеп тұрған
Серікболдың қолын зорлықпен алып қысып жатып, - Оңайынан,
тезінен берді деген осы.


— Əй, кетші, — Серікбол қолын босатпақ болып жұлқынды.
— Əй, күйеу, сен өйтіп тапырақтама, — деді Ахмет. — Одан да
айтсайшы, былай. Қалай екен өзі, былай.
Қылжақбас Марат адам айтқысыз мекер дауыспен əндетіп қоя берген.
— Еркем-ау дəнекерсің-ау, айнадағы, Шашақсың жалаулатқан-ей,
найзадағы.
Достарының əжуасынан запы болған Серікбол келесі сабақтан қашып
кетті. Гүлшат жалғыз қалған. Серікболдың тасасынан дұрыстап көре
алмап еді, енді қыздың көркін армансыз тамашалады. Шашы алғаш
көргенде шымқай қара сияқты еді. Алдамшы көрініс екен. Жирен мен
қоңырдың арасындағы көз қуантатын алқоңыр түс. Шашының
арасынан нəзік сырғалығы анда-санда көрініп қалып отырады.
Бəденді. Үстіне қоңыр мектеп формасын, аяғына ауылдық жер үшін
таңсық қара шілтер шұлық киген. Өзіне сұқтана қадалғанды сезіп,
əредік-əредік жалт етіп қарап қояды. Сол сəтте жүзі қызарып кетеді.
– Мə, сілекейіңді сүрт, — деді бұдан көз алмай отырған қушыкеш
Ерік, — Партаны былғадың.
Келесі үзілісте ұлдар енді бұны қамады. Бұрышқа тығып, қолын бұрап
тырп еткізбей тастаған.
– Опасыздық деген осы, — деді Марат көкірегі қарс айрыла күрсініп,
— Бірге оқитын жан досының үйленейін деп жүрген қызын айырып
алып, жалғыз өзі иемденеді.
— Не оттап тұрсың өзің? — деді Əжігерей жұлқынып.
— Совет адамының адамгершілік келбетіне лайық емес қылық, — деді
Марат күйзеліп.
Бірі атып, бірі қуып осылай зықысын шығарған. Достарының адам
төзбес қалжыңдарына шыдап сабақтың аяғына дейін отырды. Мақсат,
жаңадан келген қызбен жақынырақ танысып, үйінің қай шамада
екенін білу. Қоңырау шылдырлағанда елдің алды болып дəлізге шықты.


Топырлаған оқушының арасынан Гүлшаттың қай тұста келе жатқанын
байқап алып, тіркесе жүрді. Шыға берісте, əр қимылын бағып, ащы
жымиып Марат тұр екен. Қолпаштай, еркелете күліп, бұған қолымен
белгі берген.
– Көресің əлі, — деді Əжігерей.
Гүлшат мектептен шығып кеңсенің сол қапталын ала орналасқан
үйлерге қарай жүрді. Əжігерей қуып жетіп қатарласқанда жалт етіп
қарап сықылықтай күлген. Өнебойына от төгілгендей болып, тірсегі
қалтырап, ыбылжып қалды.
— Ұлдар мазақтады ма? — деді Гүлшат.
— Иə. Оны қайдан білесің? — деді Əжігерей.
Екеуі бұрыннан таныс адамдардай бірден “сенге” көшкен.
— Білемін. Бағана қыздар, барлығымыз терезеден білдірмей қарап
тұрдық. Əуелі анау Серікбол деген баланы мазақтады. Содан кейін
сені ортаға алды.
— Иə, сондай... қылжақбас өздері. Тілдері тура тікенек.
— Сенің атың Əжігерей ғой. Орыс мектебінен ауысып келгенсің.
— Иə. Оны да айтқан екен ғой. Ал өзің....
— Менің атым Гүлшат, — Қолын ұсынды. Алақаны дымқыл, жып-
жылы екен.
— Əжігерей, — Жұп-жұмсақ алақанды аялай ұстаған.
— Біз Абай ауданынан көшіп келдік, — Гүлшат мамыражай əңгімеге
ауысты, — Негізінен біз осы жақтың адамымыз. Көкем оқуын бітіріп,
сол Абай ауданына жіберіліпті. Міне, көп жылдан кейін, жерсінбей өз
ауылына қайтып келіп отыр.
— Ал біз ежелден осы ауылда тұрып жатырмыз, — Əжігерей тақырып
таппай қиналған.


— Бүгінге осы да жетер, — Гүлшат етегі дөңгелене бұрылды, — Сау
бол. Көріскенше.
Көрер таңды көзбен атқызған. Гүлшаттың ай жүзін, келбетінің əр
қырын ойша елестетіп, тамашалап, қараңғыға көзін қадап қанша
жатқаны белгісіз. Таң қылаң беріп келе жатқанда мызғып кетіпті. Түс
көрді. Гүлшат... бұның жалғыздығынан, күрсінісінен жаратылған əн
болып елестеді. Бірақ... керемет мұңды əн екен дейді. Түсіне алмайды.
Олай болуы мүмкін емес қой, алда қаншама бақытты өмір бар, неге
бұлай болуға тиіс... түсініксіз... Əйтеуір мұңлы əн... артынан қаншама
қайғы ерткен, жүрек елжірететін мұңлы əн санада қалықтап тұрып
алады.
Жүрек сайрағанмен, тіл мүкіс. Бұдан кейінгі қатынас бұл ойлағаннан
əлдеқайда қиын болып шықты. Гүлшат таныспай жатып суық тартты.
Таңертең сабаққа елпілдеп барған көңілі, ыңғай бермей теріс
айналған, селқос қана тіл қатысқан қыздың қылығынан мұқалып
қалатын. Адамның қас-қабағына көп мəн беретін, көңілге қарағыш
Əжігерей сөз таба алмай дал болатын. Осындай не өлі емес, не тірі
емес күйде қыс та келді. Мектепте болған бір əдебиет кешінде
Гүлшаттың домбырашы екені анықталды. Сахнаға еркекше адымдап
шыққан Гүлшат “Көңіл ашар” мен “Адайды” дүрілдете тартқанда
өнерпаз ауылдың адамдары шалқасынан түсті. Кештен кейін Гүлшатты
жеке құттықтамақ болған Əжігерей оны кеңсенің бұрышынан тосып
алған.
Түн. Сықырлаған сары аяз. Бұны алыстан байқаған Гүлшат
жақындаған сайын жүрісін баяулатып, таяқ тастам жерге келіп
тоқтады.
– Ал, не айтасың? — деді биялайын шешіп, қолын демімен жылытып
тұрып.
— Кел, қолыңды жылтайын, — Əжігерей қызға қарай бір қадам
жасады.
Гүлшат шегініңкіреп тұрды.
— Рахмет. Керегі жоқ.


Екеуі үнсіз қалды.
— Осылай тұра береміз бе? — Гүлшат Əжігерейдің жүзіне кекете
қараған, — Менің қолымды жылыту үшін тосып алдың ба?
– Жоқ, — Əжігерей жөткірінді. Сөз таппағандағы əдеті.
Гүлшат күлді.
– Тақтада жауап бере алмай тұрған сияқтысың.
Əжігерейдің басы əбден шатысты. Гүлшатты не үшін тосып алғанын
есіне əзер түсірген.
– Айтпақшы, ұмытып барады екем. Құттықтаймын. Өзің жақсы
домбырашы екенсің.
– Рахмет, — Гүлшат қолғабын киді, — Ал, болдық па? Басқа айтарың
жоқ қой.
– Бар!..
Əжігерей тағы жөткірінді.
Гүлшаттың түсі ілезде суыған.
— Білемін не айтқың келетінін. Жалпы, ұлдардың не айтқысы
келетінін мен жақсы білемін. Саған көптен бері айтайын деп
жүргенмін. Менен аулақ жүрсең жақсы болар еді. Бүкіл кластың
аңдыған-баққаны екеуміз. Қыздардан ұялып біттім. Өтінерім — менен
алыстау жүрші.
Əжігерейдің жүрегі мұздай суыған. Неге ұяласың, неден ұяласың,
адамның қоры мен бе едім деген. Əрине, іштей айтты.
— Айтарым сол, — Гүлшат бұрылып жүре берді.
Осы қазір көңіліндегі ғашықтық сөзін айтпаса, мəңгібақи
айырылысатындай көрінген.
— Гүлшат, тұра тұршы, — деді жанұшыра.


— Тағы не айтайын деп едің? — Гүлшат бұрылып, əңгіме бітті емес
пе дегендей бүған аңыра қараған.
Əжігерей қыздың жанына жетіп келді. Бірақ тағы да тосылып сөз
таппай тұрып қалды.
— Осылай ары-бері жүреміз бе енді? Мені апам тосып отыр. Аяғым да
тоңды, — Гүлшат пимасын бір-біріне соқты.
Кенет өзінің не істеп жатқанына есеп бермей қыздың белінен қапсыра
ұстап құшағына тартқан.
— Тыңдашы... тыңдашы сен... менің саған айтайын дегенім...
Гүлшат айқайлап жіберіп екі қолын бұның кеудесіне тіреген.
Əжігерей сасып қалып қолын босатып қоя берді. Гүлшат құлаштап
тұрып жұдырықпен бір перді. Əжігерей аузының ішінде қанның
кермек дəмін сезді. Қарға бір түкірген.
— Бұл саған алғашқы қан, — деді Гүлшат. Содан соң бұрылып, жүгіре
жөнелген. Өксіп жылап бара жатқаны естілді.
— Гүлшат, тұра тұршы, — деді Əжігерей құлазып.
— Ақымақсың, — деді Гүлшат иығынан асыра айқайлап, - Оңбаған!
Кет аулақ!
Қар сықыр-сықыр етіп, қақпаның ашылып-жабылғаны естілді. Аязға
шыдамай ызыңдаған электр бағандарының əнін тыңдап көшеде
жалғыз қалған.
Бойында əлдебір селқостық пайда болды. Үйге ұйқылы-ояу күйде
келіп, тамаққа да қарамай жата салды. Ертеңіне сырқаттанып оянған.
Ыстығы көтеріліп, маужырап, ып-ыстық өзеннің түбіне шым
батқандай, үнсіз-тілсіз жата берді.
Сабыт бұл тұра қоймағаннан кейін, жанына келіп, алақанымен
маңдайын сипап көрді.
— Түу, күйіп жатырсың ғой, жарығым, — деді мазасызданып, - Суық
тигізіп алғансың-ау.


Үшінші күні, ыстығы қайтып, тəуір болғанда кластас достары кіріп-
шыққан.
— Сейфіл-Мəлік достым, халің қалай? — деді Марат əдетінше, —
Бəдиғұл Жамалдың бір рет домбыра тартқанын естіп үш күн ауырып
жаттың, бара-бара не болмақсың?
— Бəдиғұлы несі? — Күлбағила ернін сылп еткізді, — Баяғы,
Аякөзден келіп жол жөндейтін пияншік Бəдиғұл ма?
— Иə, сол, — деді Марат мырс етіп.
— Ол домбыра тартушы ма еді?
— Ой, қойшы енді кемпір, сен де қазбай, — деді Сабыт кейіп, —
Балалар қалжыңдап басқа біреуді айтып отыр, соны да түсінбейсің бе?
Одан да шай бер, Əжікеннің достарына.
— Сенің орның бөлек екен, — деді Марат шайды сыңғытып отырып,
— Балалардың тең жартысы, кімнен көшірерін білмей екі алды.
Тезірек қайт енді сағындырмай.
Əжігерейдің үнсіз сауалына жауап қайтармады.
— Артынан айтам, — деген бар болғаны.
— Гүлшат та ауырып жатқан көрінеді, — деді Ахмет оңаша қалғанда.
– Екеуің сол түні не істегенсіңдер, айтсайшы енді ынтықгырмай, —
деді Марат.
– Ештеңе де болған жоқ, — деді шамданып қалған Əжігерей, — Мен
мүлдем басқа себеппен ауырдым. Маған суық тиген.
– Қандай жағдайда? — деді Марат тағы да мырс етіп.
– Қой енді, — деді Ахмет, — Қарамайсың ба? Ыстығы көтеріліп
жатыр емес пе.
Ертеңіне мектепке қобалжып аттанған. Сол күні Гүлшат та сабаққа
келді. Көзі кіртиіп, жүзі солғын тартыпты. Бұған қараған да жоқ.
Əжігерей бірнеше рет, біреу мойнын күшпен бұрғандай Гүлшат


отырған қапталға көз тастаған. Тақтадан көз алмай сабақ жазғансып
отыр. Тек жалт етіп бір рет қарады. Қайсар, илікпес көзқарас. Бұның
əнтек қылығын кешпегені көрініп тұр. Сабақтың аяғына қарай алдына
хат келіп түсті. Гүлшаттың қолы. “Əжігерей, сабақтан кейін сол баяғы
жерде кездесейікші. Есіңде ме, кеңсенің артындағы бақтың есігінде.
Айтатын əңгіме бар. Гүлшат” делінген. Хатты оқып отырып бойын
балалық кездегі таныс сезім биледі. Теперіш көріп, меселі қайтқанда
көзінің алды қарауытып, бойын осындай мұлғын күй басатын. Бəріне
де қолды бір сілтеп кетіп қалғысы келді. Бірақ тағы да... тағы да
адамның көңіліне қарағыш, ынжықтықпен шектес бір сезім ұстап
жібермеді. У ішсең де тойып іш, бұны да көрейік, не айтар екен деді
іштей. Қоңырау шылдырлап мектеп тарап кеткенде, əлдебір міндет
атқарғандай, алып-ұшқан көңіл жоқ, ешқандай сезімсіз, келісілген
жерге барып тұрды.
Гүлшат кешікпей жетті. Бір қадамдай жерге келіп тұрып Əжігерейге
бажайлай қараған. — Сен маған өкпелеп жүрсің бе? — деді көңілсіз
жымиып.
— Жоқ. — Əжігерей алыстағы қырға көз тастады. Салт атты адам бір
жаққа шауып барады. Қайда, неменеге шауып барады, бұл шабыста не
мағына бар деген немқұрайды ой келді. Содан соң алдында тұрған
қызға бұл да бажайлай қараған. Түсі суық. Мен көрмеген түс пе деді
іштей. Кенет күлкісі келді.
— Жоқ, өкпелегем жоқ, — деді мырс етіп.
Гүлшат шамданып қалды.
— Неменеге күлесің?
— Мені тергеуге шақырып па едің? — деді Əжігерей. Тағы да күлкісі
келген. — Сен маған өкпелеме, балалық кездегі бір оқиғалар есіме
түсіп кетті.
Гүлшатты алғаш көргендегі кешкені, түйсінгені бəр-бəрі бекер болып
көрінді. Ешқашан болмайтын, болуы мүмкін емес зая дүние.
Гүлшат бұның жеңіне қол тигізді.


— Мен саған бір нəрсе айтайын, түсінсең.
Осы мағынасыз тұрыстан жалыға бастаған Əжігерей шорт кескен.
— Тезірек айт. Сонымен қоштасып-тарасайық.
— Міне, көрдің бе, бұл да сенің балалығың, — деді Гүлшат. Дауысы
бір түрлі шаршап, сынып естілді, — Менің айтайын дегенім — мен
сенен үлкенмін. Түсінесің бе, үлкенмін.
— Түсіндім, — деді Əжігерей, — Сенің жасың менен үлкен. Мен
сенен кішімін. Осынша жұмбақтамай баяғыда айта салатын адамсың
ғой... Мен де...
Сөзі аяқталмай қалған. Гүлшаттың көзінен қос тамшы жас үзіліп
түсті.
— Ақымақ-ау, қалай түсінбейсің, — деді қыз өксіп тұрып, - Менің
көңілім ересек қой сенен. Осыны да түсінбейсің бе?
Əжігерейдің бойын қуаныш кернеді.
— Тұра тұршы, — деді Гүлшаттың қолынан ұстап, — Тілге келейікші.
— Сен жақсы баласың, — деді Гүлшат.
— Ал, сен жақсы қызсың, — деді Əжігерей.
— Саған неге кездестім екен, — деді Гүлшат баяу күрсініп. Даусынан
өкініш сезілді.
— Маған өмірімде бұндай сөзді ешкім айтқан емес, – деді Əжігерей.
Гүлшат жауап бермеді. Шегініңкіреп барып бұрылды да артына
қарамай, жылдам басып жөнелді. Еңкеңдеп, асығып кетіп бара жатқан
қыздың соңынан қарап тұрып Əжігерейдің көкірегін түсініксіз түйсік
биледі. Мұң да, өкініш те, сонымен қатар, Əжігерей бұны тіпті іштей
мойындаудан қорқатын, болашақ айырылысуды аңсаған жəне бір
түсініксіз сезім бар.
Қыс өтіп көктем келді. Бір күні класс жетекшісі Сəулебай мұғалім
сабақтың соңын ала, түстен кейін мектепке келіңдер деп тапсырма


берген. Тамақтарын ішіп тыңайып алған балалар қайта жиналғанда,
совхоздың парторгын ертіп мектеп директоры класқа кіріп келді.
Елдің барлығы дүркірей орнынан тұрған.
— Отырыңдар, балалар, — деді Сəулебай.
— Ал, балалар, сөз қысқа, — деді парторг орындыққа жайғасып
жатып, — Осы таяу күндері ауданда совхоздардың арасындағы
көркемөнерпаз сайысы басталады. Ауылдың өнерпаз жастары
жеткілікті. Əн айтатын, басқа өнер көрсететін адамнан кенде емеспіз.
Бірақ мəселе былай болып тұр. Ауданнан түсірілген разнарядка
бойынша бір жеке домбырашы Тəттімбеттің “Саржайлау”,
“Сылқылдақ” деген күйлерін орындауы керек екен. Араларыңда
сондай бала бар ма?
— Гүлшат, — деді барлығы бірдей. — Гүлшат домбырашы.
— Кəне, айналайын, — Парторг Гүлшатқа жылұшырай қарады. — Осы
күйлерді тартып көрсетші. — Күйсандықтың үстінде тұрған
домбыраны иегімен меңзеген. — Кəне, кəне, қысылма. Өзіңді сахнада
тұрғандай сезін.
Орнынан созалаңдай тұрған Гүлшат қызарып төмен қарады.
— Аға, кешіріңіз. Мен ондай күйлерді тарта алмаймын.
Парторг ілезде селқос тартты.
— Енді не тартасың? Домбырашы деген бəрін тарту керек қой.
— Менің тартатыным “Кеңес”, “Келіншек”, “Көңілашар”...
Гүлшат тағы бір күйлерді есіне түсіре алмаған адамдай төмен қарап
мүдіріп қалды.
Парторг Сəулебайға қарап күлді.
— Енді не істейміз, Сəке? Айтылған шығарма орындалмаса бағамыз
төмендейді. Ең соңғы орынға түсіп қалуымыз мүмкін.
Сəулебай иығын қиқаң еткізді.


— Оңбайсыңдар, — деген содан кейін бүкіл класты шолып шығып, —
Сөйлегенде сөздің түбін түсіресіңдер, біреуің домбыра ұстай
алмағаның ба, ей?
Əжігерей орнынан тұрды.
— Маған бола ма?
Бүкіл класс Əжігерейге аңтарылды.
— Сен бе-ей? — Сəулебай Əжігерейге ықыластана қараған.
– Иə, мен, — деді шамданып қалған Əжігерей.
– Несіне таң қаласыз, бұның атасы домбырашы ғой, – деді өзін оқушы
емес, енді мұғалімнің əріптесі сезіне бастаған Марат.
– Бұл кімнің баласы? — деді парторг.
Директор Əжігерейге қарап ризашылықпен бас изеген.
– Осы ауылдың баласы ғой. Сабыт ақсақалды білесіз бе? Сол кісінің
баласы.
– Ал, кəне, тарт, — Парторг ыңғайлана отырды.
– Мына домбыра жарамайды, — деді Əжігерей, — Егер күтсеңіздер,
мен үйден атамның домбырасын алып келейін. Сол домбырамен
тартып берейін.
Сүт пісірімнен кейін қайтып келген Əжігерей тақтаның алдындағы
орындыққа жайлана отырып домбыраның құлақ күйін баппен
келтірді. Содан соң “Саржайлаудан” бастады. Əдетінше қолы
кібіртіктеді. Бара-бара, бірінші буынның орта тұсына келгенде
саусақтары өзінің қалыпты қимылын тапқан. Бəрін ұмытып күй
тұңғиығына шомды.
... Күйден басқаның бəрі бекер, бəрі пəс. Күй ғана алдамайды. Күй
ғана ішіндегі сырын күлбілтелемей, риясыз ашық ақтарады.
Тəттімбеттің соңғы демімен шыққан қамырықты күй бөлме ішін
кернеп бара жатты. Ешқашан бұлай тартпағанын сезіп отыр. Перненің
жоғарғы шекесінен түскен саусақтары ішекті ырғап жіберіп дір етіп


тұра қалғанда домбыра адамша күрсінеді. Сонымен қатар, енді осылай
тарта ма екенмін деген өкініш күйдегі құсамен бірге көтеріліп,
ескінің кемел өрнегі бүгінгі өрнекпен астасты. Əжігерей жұрт
алдында отырғанын баяғыда ұмытқан. Атасы көп айтатын Жерұйықта,
көк майсаның үстінде, алқаракөк аспанның аясында, бетін самал
желпіп отырғандай. Самалдай салқар күйлер бірінен кейін бірі
төгіліп, маңайды нұрға бөледі. “Саржайлау” мен “Сылқылдақтан”
кейін қанша күй тартқанын білмейді. Арасын бөлмей, еш кідіріс
жасамай шерте беріпті. Бір кезде оң қолының салыққанын сезді.
Ертегідей ғажап дүниемен қимай-қимай қоштасқан.
— Аплодисменты! — деді парторг орнынан тұрып. Өзі бастап қол
соққан. Кластың іші дуылдап кетті. Директор келіп үлкен адамдай
қолын қысқан.
– Бұл сенің алғашқы концертің ғой деймін, ə, – деді риза кейіпте, —
Өнерің өрісті болсын, айналайын.
– Слушай, мына бала өзі қалай... — Парторг сөз таппай мүдіріп қалды,
— Сөзім жоқ. Барасың! Ауданның аузын аңқитып кетеміз.
Поздравляю, айналайын. Біздің мектептен бұндай өнер шығады деп
кім ойлаған.
Бірақ ең үлкен құттықтау бұл емес еді.
Кластастар бұны ортаға алып, жау түсіргендей шуылдасып далаға
шыққан. Осы боймен үйге дейін шығарып салды. Бəрі қайтып
кеткенде Гүлшат топтан жырылып қалған, қарсы келіп, екі қолын
артына айқастырып, Əжігерейді көзімен елжірей аймалаған.
Əжігерей, алыстап кеткен, болмастай көрінген дүниенің енді қайта
қайрылып, қол созым жерге келгенін сезді.
— Əжікен, — деді Гүлшат баяу дауыспен. — Сен мен туралы жаман
ойлама. Мен сенің қадіріңді білем. Сен жақсы баласың. Бірақ бүгін
бұрынғы білгенім жайына қалды. Мен енді сенің мүлдем басқа адам
екеніңе көзім жетті.
Кенет Əжігерейдің қалжыңдағысы келіп кетті.


— Баяғыда серілер мен салдар ауылдың сыртына келіп жығылады
екен. Сұлу қыз бен сұлу келіншектер сұлап жатқан серілерді бетінен
сүйіп, кілемге салып, ауылға алып келеді екен. Аяғының ұшынан
жүріп қызмет қылады екен. Қандай тілегі болса да жерде
қалдырмайды екен. Ал сендер, бетімізден сүймей-ақ қойыңдар,
кілемге салмай-ақ қойыңдар, бір ауыз жылы сөздеріңді қиюға болады
ғой. Əлде татымаймыз ба?
Гүлшаттың көзі жарқ етті.
— Енді қандай тілегің болса да жерде қалмайды, Əжікен.
— Осы көріп тұрғаным түс емес пе, айтшы маған, — деді Əжігерей,
— Əлде түс пе?
Гүлшат күміс шашқандай етіп сықылықтай күлген.
– Жоқ, түс емес. Бəрі де өңіңде болып жатыр.
Артынша күлкісін тыя қойды.
– Айтшы, Əжікен, осынша өнерді қайдан үйрендің? Күй шерткеніңді
тыңдап, радио тыңдап отырғандай болдым ғой.
– Атам домбырашы ғой.
– Атаңның домбыра тартқанын тыңдауға бола ма?
– Болады. Міне, біздің үй. Кір, дəм тат, қонақ бол.
– Жок, қазір емес. Арнайы дайындалып бір күні келейін.
Гүлшат қоштасып кетіп бара жатып, жалт етіп кері бұрылды.
Əжігерейдің жанына жүгіріп келіп қолынан жұлқып қалды.
— Сау бол, алтыным! Мен сені жақсы көрем.
Кешке жатқаннан кейін ұзақ аунап, ұйықтай алмай қойды. Түннің бір
уағында əлдебір гуілді сезді. Киініп далаға шыққан. Төңірек əлдебір
сұрғылт реңге батып тұр. Жып-жылы. Есік алдындағы орындыққа
отырып, енді оянып келе жатқан жаңа тіршіліктің лебін, жердің


даусын селт етпей тыңдады. Атасы да далаға шықты. Үн-түнсіз
Əжігерейдің жанына келіп отырған.
— Естимісің, — деген сəлден кейін.
— Иə, естіп отырмын, — деді Əжігерей.
— Көктем келіп, жер зорайып барады. Енді көп ұзамай көк шығады.
Ее, дүние-ай, өлмеген құлға... — Сабыт төмен қарап мұртын қайзады.
— Баяғыда, — деді содан соң сөзін жалғап, — Біздің бала кезімізде,
наурыз басталатын кезде, түн осындай жылы болушы еді. Наурыз күні
жұрт ерте тұрады. Көже пісіреді. Ол кезде мұндай үлкен ауыл болып
отыру деген жоқ. Шағын-шағын. Осындай түн ортасында тұрып алып
тойлауға кіріседі. Əлі есімде, жайлауға көшіп бара жатырмыз. Маған
атап қойған ат бар еді, ағаларым желігіп соны ерттеп, мені
отырғызып, аяғымнан шандып байлап тастады. Көбегеннен асып,
қонатын жерге тақап қалғанбыз. Екі жағынан қыспақта келе жатқан
шу асау, қалай сытылып шыққанын білмеймін, тасырлатып ала
жөнелді. Шылбырды қолынан шығарып алған ағам ойбай-аттанға
басты. Қапелімде ешкім қайрат қыла алмады. Арындаған асау, өзі
майбалықтай семіз анда да соқты, мында да соқты, қалың тоғай ішіне
жапырып кіріп барғанда бетімді, үсті-басымды бұтақ сыдырды. Əкем
жарықтық бірнеше жігітпен əлгі асауды қуалап жүріп тоғайдан айдап
шықты. Жазыққа шыққаннан кейін маған ертоқымға жат деп
айқайлады. Ердің алдыңғы қасына еңкейдім. Сол-ақ екен бірнеше
жылқышы жігіт сарт-сарт еткізіп шалма тастады. Шалманың барлығы
дарыды. Сонда əлгі асау төрт-бес бұғалық, əрқайсысы білектей қыл
арқан, соның өзіне бой бермей жұлқынып жүр. Аттан түсірді. Төрт-ақ
жастамын. Сүйек-сүйектің бəрі сынған. Сынықшы келіп киізге
құндақтап тастады... Жаз жайлау бойы сол бөленген күйде жаттым...
Өмір деген қызық қой. Қазір есіме түсірсем, көрген түс сияқты. Болды
ма, болмады ма, тіпті соған күмəнім бар.
Екеуі бүкіл дүниені кернеп келе жатқан қуатты лепке құлақ тосып
тағы да үнсіз қалды.
— Балам, неғып мазасызсың. Неге ұйықтамайсың.
Əжігерей жауап берген жоқ.


Қанаты сусылдап бір құс ұшып өтті.
— Ата, бұл не құс?
— Ұзақ қой. Енді қыстың шегінетін жері қалмады, – Сабыт мейірлене
күлген.
Сүйегі сықырлай орнынан тұрды. Аулағырақ барып беті-қолын жуды.
Шəугімнің салдырлағаны естіліп тұр.
— Əлі де біраз уақыт бар. Сабақтың алдында тынығып ал, — деді
Əжігерейдің жанынан өтіп бара жатып.
* * *
Күй барған сайын қабындаған. Əжігерей атасынан көз ала алмады.
Сабыт екі беті алаулап, көзі жарқырай төңкеріліп, жастық алауы
бойына қайта құйылғандай əлі толғап отыр. Құж-құж əлуетті
саусақтары, отқа қызғандай от шашқан ішектің үстінде тасырлатып
небір өрнек салған. Кенет Əжігерейге атасы домбыраны соңғы рет
тартып отырғандай көрінді.
Гүлшат та үнсіз. Басы салбырап, қоңыр жібек шашы оюлы текеметке
жете төгіліп, сарасын тапқан сөзге мойынсұнған адамдай бұйыға
тыңдауда. Анда-санда ғана ақсары жүзіне лыпып шыққан қызыл бояу
мен Сабытқа жалт етіп елжірей караған көзінен күйге елтіп, босап
отырғанын аңдауға болады.
Күлбағила жұмсақ мəсісімен естіртпей басып үнсіз дастархан
қамдауда. Тағы бір күйден кейінгі үзіліс кезінде, – Саба, шай дайын,
— деген ақырын ғана.
Сабыт домбыраны алдына көлденең қойып қақпағын сипап,
тамашалап сəл отырды да қабырғаға сүйеді. Шаршаған саусақтарын
сытырлатып, Күлбағилаға жымия қараған.
— Бүгінгі өнерім қалай, Күлеке?
— Баяғыда, ұрын барғанда да бұлай тартпаған шығарсың, – деді
Күлбағила, ол да жымиып.


— Мына балам келгеннен кейін, ұятқа қалмайын деп жатқаным ғой,
— Сабыт Гүлшатқа қарай иек қақты, — Баяғыда Кемпірбай деген
ақын болған. Сол Əсетке айтыпты деген бір өлең бар. Бір жерінде,
«шаба алмай кəрі тарлан сылпылдасын» дейді ғой. Сол құсап
сылпылдадық қой.
— Бағана, шаруаға айналып ести алмай қалдым, қарағым. Қай үйдің
баласысың? — Күлбағила Гүлшаттың жүзіне сынай қараған.
— Былтыр көшіп келген Сабырды білесіз бе, соның баласымын, —
Гүлшат алдында тұрған кесеге имене қол созған.
— Жей ғой, қарағым, — Сабыт үстел үстіндегі дəмді Гүлшаттың
алдына сырыңқырап қойды. — Жақсы бала екенсің. Өзің Əжікенмен
бірге оқиды екенсің. Риза болып отырмын. Баяғы əлгі, кейін
піркəншік болып кеткен Сағадаттан соң күй іздеп, күй сұрап келген
қыз бала өзіңсің. Өзіңнің де өнерің бар-ау?
— Домбыра тартады — деді Əжігерей.
— Қай Сабыр, əлгі мал емдейтін зартехник Сабыр ма? — деді
Күлбағила.
Гүлшат қымсына күлген.
– Иə, зоотехник.
— Қазіргі балалар басқа өнер жолына түсті ғой. Баяғыда ауылға əнші-
күйші келсе бір адамдай жиналып, соның аузына қарайтынбыз, — деді
Сабыт қонағының жүзіне жұмбақтай күле қарап, — Ал қазір...
домбыра ұстаған адам аспаннан түскендей болып көрінеді. Əр
заманның өз өнері бар деген осы.
Шайдан соң Сабыт домбыраға қол соза қоймады. Бұл жолы
домбыраны Əжігерейге берген. Анда-санда ғана қатені байқағанда,
қабағы дір ете қалады.
— Əкелші, — дейді шыдай алмай. Пештің бойын жағалай төселген
қалың бөстекте көлбей жатқан жерінен атып тұрып домбыраны
қолына алады да Əжігерейдің қателескен жерін түзетіп, қайыра
тартып шығады.


— Міне, осылай, — дейді қайтадан жайғасып жатып. :
Гүлшат əкелі-балалы екеуінің күй дəрісін аузы аңқия тамашалаған.
Анда-санда ғана таң қалып басын шайқап қояды.
— Өмір бойы осылай үйретіп келе жатырсыз ба? — деген шыдай
алмай.
— Өмір бойы осылай, — деді Сабыт төбеден көзін айырмаған күйі, —
Мына жатысымды кешір, қарғам. Бұрынғыдай сағаттап қақайып отыра
алмаймын. Оның үстіне мына ауыруы түскір де шаршатып жіберді.
Отыра алмаймын. Бұл Əжігерей деген баланы осылай үйреттік қой.
Өзімді қалай тəрбиеледі, мен де солай тəрбиеледім. Ең əуелі
домбыраның құлағын босатып тастайсың. Соны бұрап үйренеді. Оң
бұрау, теріс бұрау, үш ішекті домбырадан мына қос ішектіге көшкен
шалыс бұрау деген болады. Асан-қайғының “Желмая” деген күйі
тартылады. Осыларды үйретесің. Содан соң бір-екі қайырым əндерді
тартқызасың. Осылай кете береді. Күндердің күнінде күй шертуге де
жетесің.
— Алғашқы үйренгенің қай күй? — деді Гүлшат Əжігерейге қарап.
— Алғашқы үйренгені “Сылқылдақ”, — деді Сабыт бұрынырақ жауап
беріп, — Кəне, мына балама соны тартып берші.
– Ол кезде Əжікеннің бойы осы домбырадан сəл ғана қалқыңқы, —
деді Сабыт күй шертіліп болғаннан кейін сөзін сабақтап, —
Кішкентай. Қолы жетпейді. Саусақтары да қысқа. Амал жоқ, өзіне
арнап домбыра шабуға тура келді.
Кеш ұзаққа созылған. Терезеге, батып бара жатқан күннің қанқызыл
арайы шағылды.
— Рұқсат болса мен қайтайын, — деді Гүлшат орнынан тұрып.
— Бір малдың басын жеп кет, — деді Сабыт қалжыңдап. Гүлшат күлді.
— Рахмет, ата.
Əжігерей мен Гүлшат сыртқа шықты. Жер едəуір құрғағанымен, ауада
дымқыл леп бар. Екеуі үн-түнсіз қырға қарай жүретін жолға түсіп,


сарқырап жатқан арықтың жағасына келді. Лай су ағаш көпірдің
үстімен жүріп кетіпті. Гүлшат қоймалжың ағынға қарап бір сəт үнсіз
қалды.
— Осы жерден қал, ары қарай бармай-ақ қой, — деді баяу дауыспен
əндете сөйлеп.
Əжігерей қыздың қолынан ұстады.
— Керегі жоқ, — деді Гүлшат, — Бүкіл ауыл қарап тұр.
Əжігерей күрсінді.
— Сені жібергім келмейді.
— Сенің атаң керемет адам, — деді Гүлшат. Ағыннан көзін алып
Əжігерейге мұңая қараған, — Мен бір нəрсе айтайын. Бағана домбыра
тартып отырғанда, басына байлаған ақ шыты оқшырайып, биік таудың
басындағы қардай болып көрінді Мəңгі ерімейтін қарлар болады дейді
ғой.
Əжігерейдің есіне осыдан бір апта бұрынғы оқиға түсті. Ауылға
жылжымалы флюрография келген. Бір айдай ауыз жаппай жөтелген
атасын ертіп апарып сүретке түсірткен. Ертесіне дəрігер Əжігерейге
сүретті көрсетіп отырып, — Аякөзге рентгенге апару керек. Бұл
кісінің жөтелі мүлдем басқа себептен болған сияқты, — деді.
Дəл сол күні Алматыдан бір жылдан бері хат-хабарсыз кеткен
Базаралы ағасы келген. Болған жайды естіп сəл тіксініп қалған ол
əкесі мен Əжігерейді машинаға салып алып Аякөзге барды. Рентгенге
түскеннен кейін қаладағы жамағайындардың үйіне қонып қалған.
Ертесіне Базаралы екеуі ауруханаға барды. Көзінде үлкен көзілдірігі
бар, ақ шашты, мол денелі рентгенолог екеуін кабинетіне алып кіріп,
алдарына бірнеше сурет қойған.
— Аксақалдың жағдайы қалай? — деді Базаралы.
— Кеш қалдыңыздар, — деді рентгенолог, — Өте кеш. Ақсақалдың
жағдайы қиын. Енді тек демалып үйде жату керек. Асқазан рагы.
Міне, қараңыз, — деді сүретті жарыққа тосып, — Тармақталып


метастаза берген. Метастазаның біреуі өкпені қытықтап тұр.
Жөтелген себебі сол.
— Ешқандай шара жоқ па? — деді Базаралы дəрігердің жүзіне
үміттене қарап.
— Операция жасауға болады. Алматыда онкологиялық орталық бар,
сонда сəуле терапиясын жасайды. Бірақ, ақыл білсеңіздер оның
ешқайсысына бармаңыздар. Сіздер дұрыс түсініңіздер, мен ақсақалға
шын жаным ашып айтып отырмын. Пышақ тисе ісік өршіп кетеді. Ал
сəуле бүкіл ішкі ағзаны өртеп жібереді. Қарияның азабын көбейтіп
қайтесіздер. Үйге қайтып тыныш қана жату керек.
Екеуі далаға шығып, аурухананың ауласындағы орындыққа отырды.
— Аға, енді не істейміз? — деді Əжігерей.
Базаралы жауап берген жоқ. Алыстағы бір нүктеге көзін қадап не
замат үнсіз отырды.
— Қайран əкем, — деді күрсініп, — Қайран менің əкем. Көргенің
аздай, бұл ненің зауалы болғаны сонда?
Дəрігер жазып берген азынаулақ дəріні алып үйге келгенде Сабыт
буынып-түйініп дайын отыр екен. Базаралы екеуіне сұраулы жүзбен
қараған.
— Мына дəріні ішіңіз, — деді Базаралы əкесінің бетіне қарамай көзін
тайдырып, — Асқазанда аз-маз кінəрат бар дейді.
Сабыт күліп басын шайқаған.
— Əй, балам-ай, соныңды мен Аякөзге келмей-ақ, ауылда отырып
білдім ғой. Несіне сонша əуре болдың?
Үй иелерімен қауқылдаса қоштасып, етігі даңғырлап далаға шықты.
— Қой, қайтайық, — деді кеудесін кере дем алып, — Мына қалаңның
ауасы тар екен, өкпем қысылып бара жатыр.
Жол бойы терезеден қырға көз тастап, күрсініп келді.


Анда-санда қалжыңдаған болады. Базаралы мен Əжігерей күлген
болады. Атасы басқа дүниенің шегінен аттап кеткендей жат көрініп
суық тартқан. Араларында бір түсініксіз, ыңғайсыз сезім, жазаға
кесілген адамның алдындағыдай ыңғайсыз сезім орнағаны есінде.
— Атамды өлімге қимаймын, — деді мұңайып.
Гүлшат шошына жалт қарады.
— Неге олай дейсің?
Кенет Əжігерейге, бүкіл дүниеде осы Гүлшаттан жақын адам жоқ
сияқты көрініп кетті. Қолынан ұстап, бетіне төніп барып, бір кезде,
бала кезінде атасына шағынғандай асыға-аптыға бар сырын айтып
салған. Гүлшат ауа жетпегендей ентігіп омырауын ағытты. Содан соң
əлдебір шарасыз күйде еңіреп жылап жіберген. Теріс бұрылып
көпірден өтті де еңкеңдеп жүгіре басып жөнелді.
Бекер айттым деді Əжігерей. Неменеге елжірей қалдым, қызды
жылатып өзіңе табындыру, ол не əдет, деді қынжылып. Ауыр ойда үйге
келген. Сабыт төрде əдетінше малдас құрып, өзінің жалғыз кітабы
Құранды алдына өңгеріп отыр екен.
— Атаң оқымысты болып қалды, — деді Күлбағила. — Кел, шай іш.
— Мешайт етпе, — деді Сабыт. Құранды жауып дорбаға салған. —
Көрдің бе, ойымды бөліп жібердің.
— Енді не оқысаң да күнəң жуылмайды, — деді Күлбағила, - Құранды
қайтесің, шал-ау. Одан да пештің түбінде шайыңды ішіп тыныш қана
жатпайсың ба.
— Баяғының қазағы, аяғым үзеңгіде, қаруым қолымда, жау қолынан
өлсем деп тілейді екен. Қартайып, төсек тартып өлгенді қорлық
санайды екен. Енді түсіндім. Қартайғанның, қайратың қайтқанның
қорлығы осы екен ғой, — деді Сабыт Əжігерейге көзін қысып, —
Байқайсың ба, қолымнан күш кеткеннен бері, мына əжең күшейіп
кетті.
Шайды сораптап, табақтағы тураулы қазының бір тілімін ұзақ шайнап
əзер жұтты.


— Бір қызық айтайын саған. Баяғыда біреу, жасы келген адам болса
керек, бəйбішесі өліп тағы бір үйленіпті. Алғаны жастау біреу екен.
Бір күні соғым сойып, етті бұзып отырып, мə, мынаны ұзынсары
келгенде асып жейміз деп шимайлының барлығын əйеліне бөлек
қойғыза беріпті. Күндердің күнінде əлгі адам жол жүріп кетеді.
Сөйтсе бір бойы ұзын сары адам қонаққа келе қалады. Əлгі əйел
жылы-жұмсақтың барлығын қазанға салып, асып береді. Риза болып
ол кетеді. Енді күйеуі қайтып келеді. Көктем кезінде, бір күні, ал
қатын, əлгі мүшелеріңді ас депті. Қайдағы мүше. Əлгі, ұзынсары
келгенде асатын мүшең ше. Мен оны, бір ұзынсары адам келді, соған
асып бердім депті. Қап, мен саған күн ұзарған, көктемнің кезінде
жейміз деп едім ғой деп санын соғыпты əлгі бай.
Күлбағила мен Əжігерей қосыла күлді.
— Əкем жарықтық осы əңгімені айтып, сол ұзынсары, əй, бір
үңіреңдеп жеген шығар деп күліп отырушы еді, — деді Сабыт өзі де
күліп.
Шай ішіліп дастархан жиналды.
— Ал, Əжікен, — деді Сабыт жүзі нұрланып, — Бұл қай бала? Жіп
таққаның осы емес пе?
— Қой, əрі, — деді Күлбағила, — Шашын қырыққан, етегін
шолтитқан жаман қыз. Ол келін болып жарытпас.
— Шашын қырықса, етегін шолтитса, ол да өз заманының сəні шығар.
Баяғыда қыздар, осы, ауылда өскен байдың еркетотайлары-ақ қалаға
барып, ілезде қалаша киініп, жүріп-тұрып кететін, — Сабыт
Күлбағилаға қызыға қараған, — Сенің де шашыңды қиып,
жуындырып, киіндіріп қойса, əлі де жорға шығатындай шамаң бар-ау.
— Мына шал жынданайын деген екен — деді Күлбағила кейіп, —
Құдай-ай, тəубасынан жаңылмай, алжымай кетсе деп едім. Құдай ол
тілегімді де бермеді ғой.
Сабыт Күлбағиланың сөзін құлағына да ілмеді. Ыңғайлана отырып
Əжігерейге ықыластана қараған.


— Апырай, не деген көргенді бала еді. Баяғының қыздары сияқты.
Сөзі тамшылап, қылығы қамырдан қыл созғандай неткен жан еді. Əр
лебізінен бойым балқып отырды. Саған шын өмірлік жар болатын
адам осы. Қадіріңді біледі. Осы баладан кейін көз жазып қалмайық,
Əжікен.
Бұрын атасымен бұндай тақырыпқа сөйлесіп көрмеген Əжігерей, не
айтарын білмей састы. Есіктен жау түсіргендей даңғырлатып Шерім
атасы кіріп келгенде “үф” деген.
— Бұл əңгімені ұмытады деп ойлама, — деді Сабыт Əжігерейге,
орнынан қозғалмаған күйі, Шерімге қолын ұсынып жатып, — Бұл
əңгімені қайтадан пысықтаймыз əлі.
— Ол не əңгіме? — деді Шерім жайғасып жатып.
— Кемпір, шай əкел, — Сабыт бұрышта сүйеулі тұрған домбыраны
алып Шерімге ұсынды. — Мына Əжікен, бүгін бір баланы ертіп келіп
көрсетті. Соны келін қылып түсіріп алсақ деген ой ғой.
— Шалың албытып, алжып отыр, — деді Күлбағила.
— Е, несі бар, баяғыда он төрт-он бесінде үйленетін, — Шерім
домбыраны тыңқ еткізіп бір шертті де іргеге қоя салды.
Əңгіме қалыпты арнасына түсті. Аздан соң домбыра қайтадан қолға
алынды. Əжігерей өмірінде бірінші рет əн мен күйді селқос тыңдаған.
Бар ойы далада. Көз алдынан Гүлшаттың жүзі кетпейді. Əбден қас
қарайғанда амалын тауып сыртқа шығып кетті. Асыға басып таныс
қақпаның алдына келді. Ай жарық.
Кең ауланың ортасында тұрған көк шатырлы үйдің барлық терезелері
самаладай жарқырап тұр. Қоршауды жағалап үйді бір айналып
шыққан. Тым-тырыс. Терезеден ешкім көрінбейді. Бір кезде көкшіл
пердеге көлеңке түскен.
— Гүлшат, — деді ақырын ғана.
Көлеңке тосылып қалды. Аз тұрып ішке қарай беттеді. Сыртқы есік
ашылған. Гүлшаттың жүрек елжіреткен даусы естілді.


— Əжікен, бұл сен бе?
— Иə, мен.
— Кірмей тұра тұр. Мен қазір.
Үстіне жылы күрте киіп, басына түбіт шəлі орапты. Əжігерейдің
білегінен мықтап ұстап, жетелеп қораны айналды. Бетіне бетін тақап,
— Неге ұйықтамай жүрсің? — деді. Көзімен аймалап сəл тұрды да
Əжігерейді мойнынан құшақтап бетінен ақырын ғана сүйді. Дүние
шыркөбелек айналған. Бас салып ернінен құшырлана, тістей сүйді.
Гүлшат жалына ыңыранып, басын шайқады. Содан соң Əжігерейдің
тегеурініне мойынсұнып, бойы қалтырап тұрып қалды. Қаны басына
теуіп көзі қарауытқан Əжігерей аяғы тəлтіректеп, қызды құшағынан
шығармаған күйі қораның қабырғасына сүйенді.
— Мас болып қалдың ба? — деді есін жиған Гүлшат.
— Иə, маспын. — Əжігерей қыздың иісі аңқыған омырауына басын
тықты, — Сені көрген күннен маспын.
Гүлшат күліп Əжігерейдің шашынан сипады.
— Шашың керемет қалың.
Əжігерей қыздың құлағынан иіскеді. Сырғасы мұздай суық екен.
Дымданып тұрған ернінен қайтадан өпкен. Гүлшат бұл жолы демі
үзіліп кете жаздап, құшырлана жауап қатты. Артынша Əжігерейдің
қолын сырып тастап, кейін шегініңкіреп тұрды.
— Менің де есім шығып кетті, — деген қулана жымиып, - Енді бір рет
сүйсең, не істеп, не қойғанымды білмей қалармын. Осымен тоқтайық.
Əжігерей қызды тағы да құшағына тартпақ болды.
— Жоқ, — деді Гүлшат қолын бұның кеудесіне тіреп, — Енді қайт,
Əжікен.
Кірпік қақпай таңды атырды. Мектепке дел-сал күйде барған. Гүлшат,
сəл кешігіп келген бұған “назар аудармады”. Тек жалт етіп бір
қарағанда байқады, көзі кіртиіп кетіпті. Үзілісте қыздар əдетінше


бөлек жиналып, өздерінің бітпейтін əңгімелеріне кіріскен. Əжігерей
қызға қалай жақындасарын білмей дал болды. Ақыры Серікболға өз
орнын беріп Гүлшаттың партасына ауысқан.
— Ұйықтамағанбысың, — деді Гүлшат ернінің ұшымен.
— Қалай ұйықтаймын? — деді Əжігерей. Көзімен “кешегіден кейін”
дегенді айтты.
Гүлшат жымиды.
— Өзің де... ұйықтамаған сияқтысың, — деді Əжігерей.
— Қалай ұйықтаймын, — деді Гүлшат.
Екеуі қосылып дыбыссыз күлген.
— Əй, анау екеуің, не істеп отырсыңдар? — деді Бибігүл апай, —
Əжігерей, осы сен жұп-жуас бала сияқты едің, бітіретін жылы өзіңе
бір желік біткен сияқты ғой. Кəне, тыныш отыр.
— Кешіріңіз, — деді Əжігерей.
Екеуі қайтадан күлген. Гүлшат бір жапырақ қағазға хат жазды.
“Тыныш отыр. Өтінем” депті. Əжігерей “Бүгін кешке кездесеміз бе?”
деп жауап жазды. Енді Гүлшат жауап жазды. “Тəртібіңе қараймыз.
Тəртіпті болсаң, кездесеміз”.
Бұдан кейінгі кештер мүлдем жаңа дүниеге есік ашты, тіршілігіне
мүлдем жаңа өлшем əкелді. Ессіз құшақ, риясыз ақтарылған сыр...
Бұрын өзін тасбауыр жетім қозы сезінетін, қатыгез санайтын. Енді
бойынан осыншама мейірім табылғанына өзі таң қалды.
Соңғы жылы балалардың арасында ерекше бір ықылас пайда болған.
Бұрын қысылып-қымтырылып, бір-біріне деген сезімін көзбен ғана
жеткізетін 
қыз-жігіттер 
енді 
тартынбай 
сөйлесіп, 
ашық
қалжыңдасады. Жиын көбейген. Бүкіл класс болып аз-маз ақша
жинап, оның біразын тамақ алыңдар деп қыздарға береді де қалғанын
ұлдардың 
өздері 
жұмсайды. 
Арақ-шарап 
ішу 
қашаннан
ересейгендіктің белгісі саналатын. Апта сайын, кейде екі-үш күн
сайын бір кластастың үйіне жиналады. Əн, күй, би. Масайып қалу,


мастықтың үстінде ерсілеу əңгімелер айту, кейде тіпті жұдырықтасып
төбелесіп қалу үйреншікті нəрсеге айналған.
Бұл жолғы қонақ қабылдау кезегі Ахметтікі еді. Кеш бата бүкіл класс
бір адам қалмай жиналған. Ұлдар жағы ертерек “тастап алып” қыз-
қыз əңгіме үстінде отыр. Қыздар Ахметтің шешесімен бірге далада
дастархан қамымен жүр.
— Қашанғы отырамыз, əкелші анауыңды — деді масаңдау Марат, —
Құйшы. Əжігерей қалып келді, бұған штрафной.
— Мен ішпей-ақ қойсам қайтеді? — деді Əжігерей.
— Неге? — Марат ажырая қараған.
— Атам ауырып жатыр еді.
— Мынау қызық-ей, — деді Серікбол, — Ауырып жатқан атаң ғой.
Сен емес. Давай, кəне.
— Атаңды құрметтейміз, — деді Марат бұған ұсынылған стақанға
көзін төңкере қарап, — Бірақ сен ішесің.
Амалсыз қолына алған. Аз тұрып, қайтарса, ұлдардың бəрібір
қоймайтынын, ары-беріден соң келемежге айналатынын ойлады да,
іше салды. Қыл арқан жұтқандай тамағын қырнап, көзінен жас шықты.
— Мə, кері қарай шығып кетпесін, мынаумен тығындап жібер, — деді
Серікбол шанышқыға түйрелген қиярды ұсынып жатып.
— Па, шіркін! — деді Марат тамсанып, — Əжігерейдің ішкеніне
қарап Сабыт ақсақалдың тастасын танып тұрмын.
— Əй, кетші. Не айтып тұрсың өзің? — деді Ерік. — Бұл орыс
класынан ауысып келгенде ішкіш болып келген. Ақсақалың не, айтып
тұрған?
— Атасынан үлгі алған, ақсақалдың тəрбиесін көрген деп мына біздің
Сəкенді айтсайшы, шіркін, — деді Серікбол Сəкенді құшақтап, —
Стақан ұстасына дейін атасынан айнымай қалған, жарығым.


Аздан соң бастаңғының өзі басталды. Əжігерейдің көз алдында дүние
көгілдір нұрға бөгіп, денесі жұмсарып, былқ-сылқ болып қалды.
— Мына шоқыншық орыс, кəйіп болып қалған ба-ей? Не болған-ей
саған? — Марат Əжігерейді иығынан ұстап ары-бері ырғады.
— Əй, қойшы сен, — деді Гүлшат Мараттың қолын ысырып, — Қазақ
деген осы Əжігерейдей-ақ болсын.
— Қарашы, жігітін қорғап өліп барады, — деді Марат көзі жарқ етіп,
— Екеуі тура ерлі-зайыпты сияқты.
— Шіркін-ай, — деді Ерік аузын кемпірлерше сылп еткізіп, - Нағыз
адал əйел болатын адам осы Гүлшат қой.
Əжігерей күлді.
Марат Əжігерейге мүсіркей қараған.
— Өзі күледі. Кəдімгі жас сəби сияқты.
— Əй, қойыңдар енді, Əжігерейден басқа айтылатын əңгіме таусылып
қалып па, — деді Мəриямхан, — Одан да əн айтайық.
— Əжігерейге күй шерткізейік, — деді Гүлнар.
— Əжікен қазір қателесіп басқа пернелерді басып қоюы мүмкін, —
деді Серікбол, — Ол қазір күй шертетін жағдайда емес.
— Сендердің жағдайларың оңып тұр, — деді Мəриямхан. Ахметтің
шешесі үйеме табақ буы бұрқыраған қуырдақ алып кірді.
— Жасасын Ахметтің мамасы! — деді Марат табаққа қасық салып
жатып.
Аздан соң Əжігерейдің мастығы тараған.
— Енді ішпе, — деді Гүлшат бұның құлағына сыбырлап, - Қазір менің
қайтатын уақытым болып қалды. Мені шығарып саласың.
Кеш ұзаққа кетті. Əлденеше дастархан ауысып, жұрт дүрлігіп далаға
неше рет шығып, əбігер тоқтайтын емес. Үстелдер қабырғаға


жылжытылып биге дайындалғанда, Гүлшат орнынан тұрды.
— Ал, рұқсат болса, мен қайтам.
— Рұқсат жоқ, — деді масайып қалған Марат, — Жалпы бүгіннен
бастап, кім қайда барады, бəрінің рұқсаты менде. Болашақ комсомол-
жастар бригадасының бригадирі екенімді ұмытпаңдар.
— Мына түріңе қарап, бригадаңның немен айналысатынын шамалап
тұрмын, — деді тілі ащы Ерік.
— Алматыға оқуға кетіп бара жатырсың, əйтпесе қолыма түссең қара
өгіз құсатып жұмысқа салар едім, — деді Марат, - Əттең дүние, Құдай
тілегімді бермеді ғой.
Содан соң Гүлшаттың білегінен ұстаған.
— Рұқсат жоқ, ұқтың ба? Қазір бəріміз билейміз.
— Маған сенің билігің жүрмейді, — деді Гүлшат қолын босатқысы
келіп жұлқып.
— Рас айтады — деді Ерік, — Ұмытып қалғансың ғой, Гүлшат қойдан
босатылған, оқуға аттанып бара жатқан ат төбеліндей аз адамның бірі.
Мал бағып қалатын сендер ғой бұл жерде.
— А, иə, айтпақшы, солай екен ғой. — Марат Гүлшаттың қолын босата
салды, — Жалғыз қорықпайсың ба? Шығарып салайын ба?
— Жанымда арыстай болып Əжігерей тұрғанда неден қорқам, —
Гүлшат Əжігерейге көзін төңкере қараған.
— Қарашы, көзді бір ойнатып жіберді, — деді Гүлшаттың əр қимылын
қалт жібермей бақылап тұрған Ерік, — Бүгін бір керемет болады-ау,
сірə.
— Сендерге қызыға қараймын, — деді Марат, — Жоқ, бұл қызғаныш
емес. Басқаша түсініп жүрмеңдер. Риза болып қараймын. Бірақ
шынымды айтсам, мектепті қимаймын. Қайтадан оқы десе оқыр едім.
Гүлшат құрбыларымен қоштасып, төртеуі далаға шықты. Есіктің
алдындағы ошақтың қасында қараң-құраң адам. Марат шалқыған


түтінді рахаттана иіскеді.
— Тамаша. Қидың иісіне не жетсін. Содан соң көктемде үй ішін
жусан сыпыртқымен сыпырады ғой. Соның иісі де керемет.
— Содан соң жаңа ашылған бөтелкеден шыққан иіске не жетсін, —
деді Ерік кекетіп.
Марат досының қалжыңына назар аударған жоқ. Əжігерей мен
Гүлшатты қолынан мықтап ұстап алып жай басып сыртқа беттеген.
— Сендерді қимаймын. Қызығамын. Ертең жан-жаққа тарайсындар.
Алматы, Семейге барасыңдар, оқуға түсесіңдер. Көп ұзамай бізді де
ұмытарсыңдар.
— Сендей адамды қалай ұмытамыз, — деді Ерік қайтадан кекетіп, —
Сен менің жүрегіме мəңгілікке байландың. Басқаңды айтпағанда,
сенен жеген таяғымды қалай ұмытайын.
Əжігерей күлді.
— Несі бар, ол таяқты қайталап жіберуге болады, — деді Марат зілсіз,
— Иə, мектепті қимаймын. Қайтадан оқы десе оқыр едім.
— Он жыл не қарап жүрдің, — деді Ерік, — Кезінде дұрыстап оқу
керек еді. Енді осы онжылдықты үш қайтара оқысаң да ештеңе
шықпайды. Сенен вообще ештеңе шықпайды. Мектепті қимаймын
деген əншейін сөз ғой. Ұялғаныңнан айтып тұрсың.
Бұл жолы төртеуі қосыла күлді. Қазан-ошақтың жанындағы адамдар
да бұлардың əр сөзін естіп отырса керек, олар да күлген.
— Мына Ерік пе, бұл оңбайды, — деді Гүлшат.
— Жарайды, ғашықтарды босатайық, — деді Ерік, — Сау болыңдар.
Ертең кездесеміз ғой.
— Біздің ұлдар сұмдық қылжақбас, — деді Гүлшат былай шыққананн
кейін.
— Иə, — деді Əжігерей, — Серікбол, Ерік, Ахмет пен Марат адамды
ортаға алғанда, кірерге есік, шығарға тесік таппай қаласың.


— Сені ерекше қыжыртады. Бағана шоқыншық деді ғой, есіңде ме? —
Гүлшат көзін төңкеріп күлген.
Əжігерей де күлді.
— Орыс мектебінен ауысып келгенімді айтады ғой. Мектеп басқа
болғанымен ауыл бір. Бəріміз де қитабан қазақ ауылында өстік қой.
Орысша оқығаныма өкінбеймін. Екі тілді де біліп шықтық.
— Орыс мектебіне қалай барып жүрсің?
— Атам, орыстың тілін білу керек деп апарған ғой.
Гүлшат шашын сілкіп қалып сыңқ етті.
— “Орыстың тілі — дүниенің кілті”.
— Дұрыс айтылған сөз, — деді Əжігерей.
Екеуі қол ұстасқан күйі ауылдың шетіне, өзеннің жарқабағындағы
бұзылған ескі тамның жанына келді. Гүлшат аспандағы алтын қоңыз
сияқты құж-құж жұлдызды, күміс нұры шалқып тұрған балғын айды
тамашалап сəл тұрды да Əжігерейге бұрылды.
— Айтшы, Əжікен, мына тұрған ай неге ұқсайды?Орыс кітаптарында
не айтады ай туралы?
— Қалай айтсам, — Əжігерей маңдайын уқалады, — Орыс кітабынан
ай туралы не оқығаным есімде жоқ... Қауынның тілігіне ұқсайды.
— Ол көп айтылған сөз, — Гүлшат жарамайды дегендей қолын
сілтеді. — Басқа бір нəрсе айт.
— Ай саған ұқсайды, — деді Əжігерей.
Гүлшат еркелей күлген.
— Қойшы.
Өзеннің жағасына барып, бұрала басып ары-бері жүрді. Қызғылт
қоңыр шашы аймен шағылысып, иығына от төгіліп тұрғандай.
Қозғалған сайын дір-дір етіп тұрған анары мен жырта қарыс биік


өкше қызылкүрең туфли киген мəрмəр діңгектей аяқтарына көзі
түскенде ішін от құрсау алып, тізелері қалтырап кетті.
— Тоңып тұрсың ба? — деді Гүлшат қулана күліп.
— Иə, тоңып тұрмын, — деді Əжігерей, лақылдаған демін естіртіп
алмас үшін керенау сөйлеуге тырысып.
Гүлшат қарсы алдына келді де бір аяғын алға созып, тілін шығарып
күлді. Содан соң өкшесін Əжігерейдің аяғына қадаған.
— Ауыра ма?
— Жоқ, ауырмайды.
— Ауырғанша басамын, — Гүлшат бар салмағымен өкшесіне тұрды.
Əжігерей енді шыдай алмасын білді. Гүлшаттың мамықтай белінен
ұстап өзіне тартты.
— Жүр, қыдырайық.
— Қай жаққа?
— Өзеннің ар жағына, екінші арнаға барайық.
— Ол жақта су перісі жоқ па? Сүйреп алып кетпей ме? - Гүлшат төніп
келіп, шапалақпен ақырын ғана бетінен ұрған, — Ақымақ.
Бұрылып, түйетайлы жерден өзеннің арнасына түсті де туфлиін
шешпеген күйі суды кешіп өтті. Əжігерей өз бақытына өзі
сенбегендей, демін ішіне тартып, Гүлшаттың соңынан ерді.
Бұрқыраған қара топырақ, қалың шилеуіттен өтіп, екінші арнаға
түскен. Əжігерей қыздан озып барып, тез-тез шешінді де суға күмп
берді. Қолын еспей, жып-жылы су түбіне баяу батып, жұмсақ
балдырдың үстіне етпетінен жата кеткен. Демі таусыла бастағанда
барып шөп аралас құмдауытты сипалап асықтай бір тасты тауып алды
да су бетіне қалқып шықты. Гүлшат жағада, үңіліп қарап тұр екен.
— Мені қорқытпашы өйтіп, — деді еркелеп, — Əйтпесе шынында да
су перісі сүйреп алып кетер.


Əжігерей үстінің суын сорғалатқан күйі Гүлшаттың жанына жетіп
келді де солқылдап тұрған талшыбықтай денені қолына көтеріп алған.
— Бір ғана су перісі бар, ол — сен!
— Əжікен, суға түскеннен кейін өзіңе бір күш біткен сияқты ма,
қалай? — деді Гүлшат бұның шашынан сипап.
Бірнеше аттап барып көк шөпке тізерлей отырды. Аймен шағылысып
жалтырап тұрған көзінен, ернінен құшырлана сүйді. Гүлшат көзін
жұмып, үзілдіре жауап қатқан. Ар жағы... отты сандырақ. Түннің қай
мезгілі екенін білмейді. Гүлшаттың төсіне басын салып дамылдап
жатыр екен. Кенет қолын екі жаққа жайып, атқалақтаған жүрегін əлі
баса алмай жатқан Гүлшат сақылдай күлген. Лəззаттың дəмін енді
ғана татса да көкірек көзімен құштарлықтың небір хикметтерін бұдан
əлдеқайда балауса кезінде түйсініп болған Əжігерей, қыздың күлкісін,
ондағы сезімсал сыр мен тілекті жырынды еркектей таныды.
Өнебойына қайтадан от құйылып, қыздың балғын денесін бауырына
алған. Таң атып келе жатқанда ұйықтап кетіпті. Гүлшат түртіп оятқан.
Қайтадан құшағына алмақ еді, қолын кеудесіне тіреп тоқтатты.
— Болды, жетеді енді.
Күшке салайын деп еді.
– Ренжимін. Өкпелеймін, — деді кеудесінен итеріп тастап, -
Қарамайсың ба, ауыл жақтан бір кісі қой жайып келе жатыр.
Екеуі келіскендей көк шөптің үстімен домалап барып қалың шидің
арасына жасырынды. Күн бұлыңғыр. Үстіне қойқиған брезент плащ,
басына малақай киген қария астындағы құла қасқа атын сипай
қамшылап шағын отарды айдап келеді.
Етпетінен жатқан Гүлшат қарияға иегімен меңзеп тілін шығарып
күлді. Əжігерей де шыдамай күліп жіберген.
— Атқа мініп бара жатқан аюдың қонжығы сияқты, — деді аузын баса
сыбырлап.
— Үстіне плащ, басына малақай киген қонжық, — деді Гүлшат.


Қойшы көзден таса болғаннан кейін де, ешқандай себепсіз, көздерінен
жас аққанша күлген.
— Қой, қайтайық, — деді аяқ астынан мұңайып қалған Гүлшат.
Орнынан созалаңдай көтерілген. Əжігерей қыздың жолына кес-кестей
тұрды.
— Жібермеймін.
— Кетші, — деді Гүлшат. Жұп-жұмсақ жұдырығымен Əжігерейді
кеудесінен бір перген, — Бір түрлі тоқмейіл жымиясың. Противно.
— Несі противно?
— Бір түрлі.
— Несі бір түрлі?
— Кексе еркек сияқтысың. Мен сені ондай кекселікке қимаймын.
Мəңгілік бала күйіңде қалсаң деймін.
— Ол қандай бала бейне?
— Сені алғаш сүйгендегідей.
Алқынып кеткен Əжігерей қызды бас салып құшақтаған.
— Тоқташы... сен не дедің... Тоқташы... Қайталашы...
Гүлшат Əжігерейдің қолын қағып тастап жерге жүресінен отыра
қалды да еңіреп жылап жіберді.
Əжігерей сасып қалды.
— Неге жылайсың? Неге? Ренжіп қалдың ба? Əлде өткен түніңе
өкінесің бе?
Гүлшат басын көтерді. Өксігі басылмаған. Жүзінде я шаттық, я мұң
екені белгісіз, бір түсініксіз сезім.
— Мен бе? Мен неменеге өкінем? Мен жыласам... енді ешқашан бұлай
болмайды... соған жыладым. Өткен түнгідей.. енді ешқашан да олай
болмайды... енді ешқашан да қайталанбайды.


Екеуі өзеннің арнасынан шығып шилеуітпен жүрген.
– Ерме артымнан, — деді Гүлшат.
Əжігерей кетіп бара жатқан қыздың сұлу бəденінен көз айыра алмай,
мас адамдай мəңгіріп тұрып қалды. Жауыннан шылқыған көйлегі
етпен ет болып жабысып қалыпты. Бұрала баскан күйшіл, сылқым
жүрісіне қарап тұрып, əйел затының жаны қайғырса да, табиғаты
қайғырмайды екен ғой деген ой келді. Гүлшат көзден таса болғаннан
кейін жауыннан қайнап жатқан өзенге түсіп, жып-жылы суды
армансыз кешкен.
Көкірегінде өткен сиқырлы түн, қыздың ұмытылмас қылықтары...
Түйетайлы жолмен өзеннің жарына шықты. Жауынның кіреукесі
астында бұйығып жатқан ауылын жаңа көргендей тамашалап ұзақ
тұрды. Мұрнына қидың қоңырсыған иісі келді. Тізеден батпақ кешіп
жүріп үйге жеткенде есік алдында самауыр қойып жатқан Күлбағила
жақтырмай күңк етті.
– Қайда жүрсің қаңғырып? Əне, атаң түнде қысылып қалды.
— Қысылғам жоқ, — деді түпкі үйде жатып даладағы əр дыбысты қалт
жібермей тыңдап жатқан атасы, — Əжікен мұнда кел.
— Қазір, ата.
Сүртініп, киімін ауыстырып төргі бөлмеге кірді.
— Кемпір айта береді, — деді Сабыт, — Кел, жаныма отыр.
Əжігерейдің жүзіне бір қарағанда-ақ бəрін түсінген.
— О, жарығым, — деді күбірлеп.
Əжігерейден көз алмай жүзі нұрланып сəл жатты.
Атасының көзінен əлдебір мазасыз ой, мұңның кіреукесі арылмаушы
еді. Бұл жолы басқаның бақытына деген шексіз құрмет қана бар.
— Бара ғой, балам, — деді Сабыт естілер-естілмес, — Бара ғой.
* * *


Гүлшатпен бұдан кейін де бірнеше рет кездесті. Əр кездесу айтып 
жеткізгісіз хикаяға айналады. Қыздың қылығы дегенді талай естіген,
бірақ оның шын мəнінде не екенін енді түсінгендей. Гүлшаттың
қылығынан бір суып, бір ысып, бір сəтте қаншама күй кешеді. Ессіз
қыз жанында отырып сағындырады, бір ауыз сөзбен жалт беріп жат
қылады, сол сəтте қайтадан үзілдіріп ғашық қылады.
Өз күйін күйттеп жүріп атасының ауруы меңдегенін де байқамай
қалыпты. Бұрын жігіттей болып бой түзеп жүретін Сабыт белі бүгіліп,
аяғын əзер басатын болды. Уақытсыз уақытта демалу дегенді
білмейтін қайратты, қажырлы еді. Енді жиі-жиі жатып қалады, кей
күндері тіпті төсектен тұрмайды.
Күн бейсенбі еді. Əжігерей мектептен ертерек келіп, киімін
ауыстырып жатқан. Сырттан атасы кірді. Сақал-мұртын жақсылап
бастырған. Үстіне тойға ғана киетін көк барқыт пенжегін киіпті.
Күндегісінен қунақ. Əжігерей аңырып тұрып қалды. Сабыт жымия тіл
қатқан.
— Əжікен, қайда барайын деп жатырсың?
— Көшеге, — Əжігерей əлдебір толқу үстінде тұрған атасының жүзіне
қадала қараған.
— Бүгін бармай-ақ қой, — деді Сабыт төмен қарап. Кібіртіктеп сəл
тұрды, — Екеуміз, осы, ауылдың сыртына қыдырыстап қайтсақ
қайтеді.
Əжігерей əлдебір кептің тақағанын сезді.
— Жарайды, ата, — деді естілер-естілмес.
Бала кезіндегі серуендері есіне түсті. Атасы пішен шауып, кешке қарай
екеуі арбамен үйге қайтып келе жатады. Ауада балғын құрақ, қияқтың
иісі. Жолдың екі шетіндегі қалың шөп ормандай тіреліп тұрады, анда-
санда иіліп келіп бетіңді қытықтайды. Өткен өмірдің елесі жүрегін
жадыратып өткен.
Сабыт өзінің қара биесін, Əжігерей Торытөбелді ерттеді.


Көктем енді маздап келеді. Жаңа ғана ақ жауын себелеп өткен. Жеңіл,
шарбы бұлт батысқа қарай қалқып барады. Жауынмен жуынған өлке,
мың сан асыл тас шашылғандай жайнап жатыр. Сонау биікте, шатыр
көкте бозторғай өзінің тынымсыз жырын жырлайды.
Сабыт көктемнің жұпар ауасын рахаттана жұтып келеді. Алыстағы
Сағаның көгілдір тауларын, енді ғана жасыл киіне бастаған қалың
тоғайды, арыны əлі басылмай сарқырап ағып жатқан өзенді сүйсіне
тамашалап, Əжігерейге қарап, мына кереметті көрдің бе дегендей
ризашылықпен бас изеп қояды. Асықпай жүріп отырып Ысқақтың
қорасынан асып, калың өскен долана, ұшқатпен көмкерілген шағын
алаңқайға келіп тоқтады.
— Аттарды тұсап жібер, — деді Сабыт ертоқымды алып жатып.
Тоқымды жерге төсеп ошарыла отырған, — Қартайғандікі ғой,
астымнан сыз өтетін болыпты. Ой, дүние-ай, баяғыда ат үстінде
жүргенде деймін, талай рет ақ қар көк мұзда далада түнедік қой.
Сонда суық дегенді миземейтінбіз. Енді, міне, көрдің бе...
Əжігерей қалың қияқтың үстіне малдас құра отырды.
— Оқуың қалай болып жатыр, балам? — деді Сабыт.
— Жақсы бəрі. Ойдағыдай, — деді Əжігерей. Бұның бəрі үлкен
əңгіменің алдындағы көр-жер кіріспе екенін сезіп отыр.
Сабыт үнсіз қалды. Алдында, қалың шөптің ішінде быж-быж қайнаған
тіршіліктен көз алмайды. Əжігерей атасының қалай жүдеп, арығанын
енді көрді. Əдемі дөң мұрыны қоңқиып кеткен. Көзі оңған
шүберектей сұрғылт тартыпты. Жағы суалған. Алып денесі жиырылып
қушиып қалыпты. Бірақ еңсесі əлі биік. Бұның тесіле қарағанын сезіп
басын көтерді. Көзінде кəрі адамдарға тəн беймазалық, үрей атымен
жоқ. Тек тағдырдың дегеніне амалсыз көнген тəкаппарлық бар.
— Азамат болып қалыпсың ғой, балам, — деді Сабыт. Сырты құж-
құж, күректей алақанымен Əжігерейдің басынан сипады. Артынша
жеңіл күрсінген. Əжігерей басын көтергенде атасы əлдебір аңсарын
күткендей көкжиекке көзін қадап отыр екен. Тағы да үнсіздік орнады.


– Иə, — деді Сабыт, — Өмір деген осы екен... Менің əкем Стамбай үш
ағайынды болыпты. Стамбай, Арыстанбай, Шəкіжан. Əкем кенжесі
екен. Əкеден қалған дəулетті шашау шығармай, еселеп өсіріп,
ақырында жер қайысқан мал иесі болды. Елдің бəріне жаға алмайсың.
Ағайынға пана болғанда да сыртынан талай өсек естігенбіз. Бірақ
жұрт ойлағандай сараң емес еді. Үнемшіл болатын. Ысырап, кепиет
дегенді білмейтін. Иə. Сөйтіп жүргенде, Құдай баладан қысыпты. Бір
ұлға зар болыпты. Үш рет үйленген. Баланың бəрі қыз. Шаңырағымды
иеленіп қалатын бір ұл бермегені ме, деп қапаланып жүреді екен.
Бірде жоғалып кеткен бір үйір қысырақтың ізін қуалап бір ауылға
барыпты. Сонда, ұрлығын тыймаған барымташы ауылдың бір үлкені:
“Əй, саған малдың не керегі бар. Сырты түк, іші боқ бес жандықты
қуалап келіп отырсың. Артыңда ізіңді басқан ұлың да жоқ, қубас
емессің бе”, — депті. Содан əкем, мынадай ауыр сөзді көтере алмай,
үйге келіп, теріс қарап жатып қалыпты. Нəр сызбай, қайғы жеп жата
беріпті. Ақырында жеңгелері ақылдасыпты. Қой, Стамбайды тағы бір
үйлендіріп көрейік. Құдайдың алды тар, арты кең деген, мүмкін енді
ұл берейін деп тұрған шығар депті. Маңайдан жақсы қыз іздейді.
Ақыры үлкен жеңгесі тектіден текті аралап жүріп, мынау Тарақтының
ішінде Таңдай деген ақынның Қали есімді, оң жақта отырған жақсы
бір қызы бар екен, соны айттырыпты ғой. Сол Қали біздің анамыз еді.
Төрт ағайынды болдық. Жүніс — үлкен ағамыз. Одан кейін — мен.
Менен кейін Зухайра деген қарындасымыз болды. Одан соң
Жұмагелді деген кенже ініміз болды. Тоқалдан туды демесең
жолымыз үлкен болды. Үлкен анамыз, бəйбішенің өзі, Қалиды
ардақтап төбесіне тұтты. Иə. Сондай да сондай кеп болған.
— Олардың барлығы қайда? — деді Əжігерей, — Біз неге жалғызбыз?
— Олардың барлығы... — Сабыт сəл мүдіріп қалды... — Жасы жетіп,
дəмі таусылып өлді... Зухайра мен Жұмагелді, мен айдауда жүргенде
аштық жылы өліпті... Əкенің дəулетінің арқасында уайым-қайғы
көрмей бұлғақтап өстік. Жүніс пен Жұмагелді шаруаға шөгел еді,
қойшы болды. Мен өнер қуалап тойшы болдым. Он бесте отау тіктім.
Он алтымда перзент сүйдім. Сенің əжең, мына жүрген Күлбағила
емес. Əжеңнің есімі Ақзиба еді. Күлбағиламен елі бір Қырғыздың
қызы болатын.


Сабыт жер шұқылап үнсіз отырып қалды. Күреңіткен қабағынан,
томсырайған жүзінен ықылымға кеткен сол заманды қайта кешіп
отырғаны анық сезілді. Əжігерей бойын кернеген алай-дүлей сезімді
тежеп, үндемеуге тырысқан.
— Содан соң зілзала заман келді. Бірақ сендердің кітаптарыңда
айтылғандай емес, мүлдем басқаша болған. Лек-лек, бірінен кейін бірі
келген аузы түкті кəпір қазақтың қанын судай шашты. Арқадағы ел
пана таппай, тоз-тоз болып кетті. Біреу сартқа қарай, біреу шүршітке
қарай ауды. Қаншама адам қолына қару алып кескілесті. Тайталаста
каншама ер өлді. Жазмыштан қайда қашып құтыласың. Ел қарасы
болып біз де жүрдік. Əкеден қалған мал кім көрінгеннің тақымында,
жетегінде кетті.
Əжігерейдің көз алдына, Құдайдың өзі қамқор болуға лайықтаған,
бірақ қамқор бола алмаған адаммен екі арадағы сиықсыз туыстық,
бағасыз дəм-тұз қайтадан елестеп өткен.
— Мына жүрген адам туған əжем емес екен... олай болса менің өз
əжем қайда? — деген қыстығып.
Сабыт əр сөзді қинала теріп сөйлеген.
— Əжең... Айтайын, балам... Балшабектің əңгімесіне қандық. Опа
таппайтынымызға көзіміз жетті. Енді Қытайға ауатын болдық.
Осының алдында ғана бірнеше рет көш бастап өткенбіз. Аман-есен
Алтайға жеткізіп салғанбыз. Енді өз ауылымды алып өтетін болдым.
Осы... мына Көгілдірдің тұсында, қаншама ел жиналды. Елу-алпыс
шаңырақ. Отыз шақты жігіт қаруланып, сайланып шыққанбыз. Əуелі
Қапал жақтан келетін қара жолға соқпай, шығысты бетке ұстап
қиялай жүрдік. Содан соң Ақшатауға күндік жер қалғанда оңға
бұрылып, Аякөздің жоғарғы сағасынан өттік те, тау-таудың
арасындағы қалың тоғайды сағалай көштік. Күндіз тығылып жатамыз.
Түнде ғана жүреміз. От жағылмайды. Содан Қытайға таман бардық-ау
дегенде жау қолына түстік. Дəмге дауа бар ма... Қанша елді аман алып
өткенде, өз ауылыма пана бола алмадым... Таң алды болатын. Межелі
жерге жете бергенде алдымыздан тосқауыл шықты. Жасырынып күтіп
тұрған ғой. Дүркімен атқанда жанымдағы отыз жігіт қаруын да
суырып үлгермей ат бауырына түсті. Самсаған əскер қоршап алды. Əлі


есімде, қариялар белдіктерін мойындарына салып, қызыл кəмəндірдің
аяғына жығылды. Бірақ кəмəндір илікпеді. Содан қырғын басталды.
Шашылған жүк, жылаған бала... Құдай ондайды саған көрсетпей-ақ
қойсын, құлыным.
Сабыт алқынып барып тоқтады. Дірілдеген саусақтарымен омырау
түймесін ағытқан.
— Əжең... сол жерде оққа ұшты, жарығым. Базаралы екеуміз ғана
аман шықтық... Түсіме кірсе шошып оянам. Базыкен кішкентай бала
ғой ол кезде. Менің алдымда жылап келе жатыр. Атым жүйрік еді.
Сытылып шықтым. Бірақ өзенге келгенде күркіреген ағынға беттей
алмай осқырып тұрып алды. Қызылдар қуып келеді. Амал жоқ атты
тастай салып суға қойдық та кеттік. Арғы жағаға шығып, ұшы-қиыры
жоқ қамысқа кірдім. Алдымызды ораған əскердің бір бөлігі өзеннің
арғы жағасынан бері қарай сүзіп келеді екен. Аллаға сиынып,
Базаралыны бауырыма басып, белуарымнан су ішінде отыра бердім.
Құдай сақтап аман қалдық. Қас қарайды. Арғы бетке өттім. Арып-
ашып Шəуешекке жеттім. Туыстарын тосып отырған ел... менің
хабарымды естігенде аңырап жылағанын көрсең. Иə... Өлген адам
өлді, тірі адам тіршілігін істейді. Бір байдың қойын бақтым.
Осылайша үш жыл өтті. Байқаймын, балам қой соңында жүріп мақау
болып бара жатыр. Бір күні ой келді. Бұл жүрісім қай жүріс. Өзімнің
түрім мынау. Баламның түрі мынау. Ертең қара танымай қалса,
құрбысынан кем болса, обалы маған емес пе. Қой, қайтайын дедім.
Ұстаса ұстасын, өлтірсе өлтірсін. Естуімше, елде балалар үйі, детдом
деген ашылыпты. Балаларды оқытып хат танытады дейді. Байдың бір
жақсы атын міндім де елді бетке алдым. Аякөзге келіп, баламды
детдомға өткіздім. Сол жерде ұсталдым. Айдалып кете бардым. Ал
Қалима... ол кезде шиеттей еді ғой. Емшектен айырып Сабырбек
нағашың алып қалған. Базыкен кейіннен əскердің оқуын оқып үлкен
бастық болыпты. Жиырма екі жыл дегенде, ақыры өкімет бостандық
беріп елге қайттым. Қызымның жайын Алматыдан естідім. Ақтоғайда
тұрады екен. Келдім. Ес білмейтін кезде қалып еді ғой. Көзіме оттай
басылды. Шешесінен айнымай қалыпты. Ол да бірден таныды. Қызым
осылай, мен жоқта бойжетіпті, мен жоқта тұрмыс құрыпты. Ақсақ
құдам үшеуміз, құлындай бір шұрқырастық қой. Арада төрт жыл
дегенде ұлымды да көрдім. Үсті-басы сарала киім. Əскербасы. Е,


дүние-ай. Құдай азаматты жылата көрмесін. Теректей жігіт алдыма
тізерлей жығылып аңырап жылағанда төбе құйқам шымырлап, сай-
сүйегім сырқырап кетті.
— Ал енді бүгінгі əңгіменің үлкені бұл емес, жарығым, — деді Сабыт
сəл дамылдап алып, — Сен... сен менің балам емессің. Сенің əкең
Баймұқан, шешең — анау жүрген Қалима.
Сезетін. Жалт еткен көзқарасынан, шамадан тыс ықылас-кұрметінен.
Бірақ жөн сұраудан, анығына жетуден қорқатын.
— Мен... өз өмірімде əжеңді жақсы көргендей ешкімді жақсы
көрмеппін... Əжеңді ғана шын жақсы көріппін.
— Ал... мына кісі ше?
— Бұл кісі... Ештеңенің анығын білмегеннен кейін айтып отырсың
ғой, жарығым... Бұл да... бұл да бір бейбақ... Құлыным, саған айтар
ақылым, кешірімді бола біл. Білмесең айтайын. Сол Ақзиба əжең
өлетін шамада кездескем бұл Күлбағиламен. Бұл өзі... ертеде, мына
қырғызда Тұрлыбек деген би болған, соның қызы ғой. Ол кезде...
оннан жаңа асқан тырнақтай қыз еді. Өзіңді айтайын, он жасыңда не
біліп едің. Иə. Солай. Ол кезде адамның өлімі үйреншікті нəрсе. Бүкіл
дала қан сасып жатқанда, оның несіне таңқаласың. Бір күні жол жүріп
келе жатып тоғай ішінде шырт ұйқыда жатқан, əбден арыған, үсті-
басы алба-жұлба бір қыз балаға жолықтым. Аяп, ит-құсқа жем
болмасын, ала кетейін деп оятқанымда шыңғырып, жылап тұра қашты.
Содан əке-көке деп əзер жұбатып, жөн сұрағанымда Тұрлыбек бидің
қызы болып шықты. Бидің ауылын қызылдар шауып, бала демей, шаға
демей бəрін қырып кетіпті. Күлбағиланың қалай аман қалғанын бір
Құдайдың өзі біледі. Артынан баспалап бидің ауылын көріп қайттым.
Небір сұмдықты көргенде тітіренбеуші едім. Бірақ мына кепті
көргенде көзім қарауытып кетті. Ал соны көрген бала... қандай күйде
болады... Кейіннен абақтыдан босап елге қайтқанда екінші көрдім.
Көркіне көз тойғандай əйел болыпты. Күйеуі соғыста өлген. Басы бос.
Адам жалғыз жүре алмайды ғой... Қиын ғой... Көркіне қызығып
үйленіп едім. Одан кейінгіні өзің көрдің, несін айтайын.


Ақылың бар ғой, түсінерсің. Сені анаңның емшегінен айырып
бауырыма басқанда, өнерімді ғана ойлап едім. Күн төбеден ауды.
Ешкім мені іздеп келмеді. Өнерлі едің ғой деп елеп-ескерген ешкімді
көре қойғам жоқ. Ойға қалдым. Жасым болса келді. Шəкірт жоқ.
Өнерімді ұстап қалатын бір адам табылмады. Енді не істеймін.
Жатсам-тұрсам ойлағаным осы қайғы. Ауылдың өнерлі-ау деген
балаларын баулып көрдім. Ештеңе шықпады. Міне, сені анаңнан
тартқандай қылып алып кеткенде, асылық айтты деме, мені Құдайдың
өзі жетелеген сияқты. Білем, өміріңді өксіттім. Кеш мені, қарағым.
Мен енді саған ештеңе де айтпаймын. Өзің білесің. Қайтадан анаңмен
табысасың ба, əлде... мына адаммен қаласың ба, менің шаңырағымды
ұстайсың ба - өз еркің. Орнымды басып қал деп қолқаласам, менің кім
болғаным. Бірақ, қайда жүрсең де өнерімнің қара шаңырағы сенде.
Есіңде болсын, құлыным, сен менің қанатымсың.
Кенет сол баяғыдай... естен кетпес сол бір кештегідей атасы екеуінің
арасынан періште ұшып өткендей болды. Атасының дауысы алыстан
талығып жеткен.
— Бір ғана тілек, бір ғана өсиет, құлыным. Басыңа əлі талай қиын-
қыстау күн туады. Өнеріңді саудаға сал, бірақ өнермен саудаласпа.
Өнермен саудалассаң, өнердің кəріне ұшырайсың, киесі соғады. Міне,
мен бүгін күйді қайырдым. Ендігі күй сенікі.
Жаңбыр сіркіреді. Кенет аспан қақ айрылғандай болып жер дүние
солқ ете қалды. Əжігерейге күннің күркіреп найзағайдың ойнағаны,
атасының аузынан шыққан сөздің жалғасындай көрінді. Содан соң
аспанның түбі түскендей сарқырап мамырдың дүркіреген қалың
жауыны басталды. Сабыт орнынан ауырсына көтерілген. Əжігерей
атасының жүзіне қарады. Өзі көргенде көзінен бір тамшы жас шығып
көрмеген атасы əжім басқан жүзін мөлдір жас шылап, ағыл-тегіл
жылап тұрғандай. Əлде тынымсыз сорғалаған жаңбыр бетін жуды ма
екен.
* * *
Арада тағы бірнеше күн өткеннен кейін Шерім атасы келді. Сабыт
Əжігерейді жанына шақырып алып кеш бойы домбыра шерткізген.


Анда-санда басын жастықтан көтеріп, "мынаны көрдің бе” дегендей
Шерімге мақтана қарайды.
— Тəуба, — деген, ымырт үйіріліп дастарханға отырғанда. – Қазірдің
өзінде қолында тегеурін бар. Менің машығым бар. Бірақ жеттім деме.
Адам ешқашан да өнердің түбіне жете алмайды. Өзімді айтайын.
Арқаны армансыз кездім, алты арыс елдің ішінде небір жорғалар
болды, бəрін мойындаттым, бəрін бүгілдірдім. Міне, менің өзім,
үйрететін адам болса əлі де үйренер едім.
— Ой, тарланым-ай, — деді Шерім күліп, — Əй, жалықпайсың-ау.
— Ал, ендігі əңгіме былай, — Сабыт дастарханды шұқылап бір сəт
үнсіз қалды, — Мен өлгеннен кейін кімге барасың, енді кімнен
үйренесің, соны айтайын.
– Ой, шал, қой, ойбай, — деді Шерім, — Осы қазір өлгелі жатқандай...
— Сөзді бөлме, — Сабыт кеудесін керіп тіктеліп отырды, - Заманында
өзім көрген шеберлердің көбі бұ дүниеде жоқ. Əр кезде хабарын
алдым. Біреуі соғыста өлген. Біреуі жасы жетіп өлген. Міне, қаңырап
қалған қала сияқтымыз. Ешқашан болмағандаймыз. Ескен желдей
кетті бəрі. Ал енді Өксікбай атаңның ізін таба алмадым. Біреулер
Үржар жақта дейді, біреулер Ақсуатта дейді. Егерде тірі болса, таба
алсаң, ендігі ұстазың сол. Ал енді жастардан бір-ақ адам көрдім.
Баяғыда, сен ол кезде ес білмейсің, осы мынау Шұбартау жақтан
Жұман деген бір бала сəлем беріп келді. Ойпырай, əлі жиырмаға
толмаған, бірақ жас адам да осынша жүйрік болады екен. Екеуміз үш
күн бойы ырғастық. Ол баланың өлі-тірісін, қай жерде екенін
білмеймін. Тірі болса, ол да сенің ұстазың. Міне, балам, менің
айтарым осы.
— Кейіннен ол бала сол күйдің оқуына барған дейді, — Шерім сəл
қозғалақтап қойды, — Родиядан күй шерткенін естідім. Ойпырай,
сенің айтқаныңдай бар-ау. Жетпістен асқан қарияның шертісі сияқты.
Сабыт болар-болмас бас изеді.
Соңғы рет бой жазғаны екен. Келесі күндері біржола төсек тартып
жатып қалды. Бойына батпайтын болғандықтан, асқа да қол созбайды.


Əжігерей атасы мен екі арада əлдебір шекара пайда болғанын сезді.
Бұрынғы сыйластық өзгермей сол қалпында қалғанымен, екеуін
əлдебір жаттық бөліп тұратын сияқты. Алғашында бұл жаңа түйсіктің
не екенін түсіне алмай, ойланған, ойдың ұшығына жете алмаған.
Кейіннен түсінді. Ажал бұл үйдің табалдырығын баяғыда аттапты.
Өлім ертең емес— бүгін екен. Ажалдың дені келіп болыпты,
атасының басынан өткен замана сол ажалдың еншісінде екен.
Əлдебір ұлы хикаяның соңғы беттері парақталып жатқандай үй
ішіндегілердің барлығы селқос, енжар тартқан, бір-бірімен сирек тіл
қатысады.
Бір күні ертерек тұрып, əдетінше өзен бойлап, жалғыз жүріп тоғай
араламақ болған. Атасы мен Күлбағила сөйлесіп отыр екен. Əңгіме
баяғыда басталса керек.
— Саба, енді не істеймін? — деді Күлбағила жым-жырт тыныштықты
бұзып.
— Білмеймін, — деді атасы — Мен енді ештеңе білмеймін.
Белуарынан көрде жатқан адамнан не сұрап білгің келеді?
Тағы да сілтідей тыныштық.
— Енді көп қалмаған сияқты ғой. Бірақ бұдан да жылдам болса деп
едім, — деді атасы сəл ыңыранып, — Асатыдан ажал бер деп Тəңірге
жалбарынушы едім. Ол тілегімді де бермеді ғой.
Күлбағиланың сыңсып жылағаны естілді.
— Неменеге жылайсың, қарағым-ау? — деді атасы кейіп, - Жылама.
Азапқа қалып бара жатқан сендерді жоқтап одан да мен жылайын.
Таңғы шай үстіне Қалима келген. Əжігерей, бар сырға қанған
Əжігерей анасының жүзіне бажайлай қарады. Ерекше көркін бүгін
көргендей. Бауырына тығылып мауқын басқысы келді. Өзін-өзі əрең
тежеген.
Атасының үстіне алып кірді. Аппақ төсеніштің үстінде көзін жұмып
баяу ғана дамылдап жатқан Сабыттың денесі ерекше ұзарып, кеудесі
бұрынғыдан биіктеп кеткендей. Қалима естілер-естілмес күрсініп,


оятып алмайын дегендей, əкесінің жанына еппен отырды. Сабыт көзін
ашты.
— Əке, амансыз ба? — деді Қалима, — Халіңіз қалай?
— О, жарығым, — деді Сабыт. Қызының қолын алып, кеудесіне
қойып, көзіне көзін қадады.
— Тілеуқорым, — деді күбірлеп.
Үшеуі де үнсіз қалды.
— Өзіңнің халің қалай? — деді Сабыт.
— Аманбыз, — деді Қалима сыбырға жақын үнмен.
— Аман болыңдар... Өзің енді көп ештеңеге қайғыра берме... Əйтеуір
өзің ептеп... — Сабыт ентігіп біраз жатты, - Əйтеуір өзің ептеп...
өзіңді өзің жей берме, қарағым.
Қалима қалтырай жылаған.
— Жылама... Қайтесің... Жылама... — Сабыт қызының қолын сүйді, —
Бара ғой, жарығым... Бір-біріңе сүйеу болыңдар.
Кешке қарай Шерім бастаған тұстастары, ішінде Жұмға бар,
Сабыттың көңілін сұрай келген.
— Мен сендерге бүгін бір еркелейін деп жатырмын, — деді Сабыт аз-
маз жөн сұрасқаннан кейін реңсіз жымиып — Мені қырға
шығарыңдаршы. Киіз алып, бір тегене қымыз алып шығайықшы.
Бір топ адам үй сыртындағы қыраттан асыңқырап барып, қыстан
қалған ақтық жусанның үстіне киіз-көрпе төсеп, қоралана жайғасты.
Жұмға менен Шерім Сабытты екі жағынан сүйеп ұстап отырды.
— А, шіркін, — деді Сабыт маңайға көз тастап, — Ауа қандай.
Сапырыңдаршы қымызды. Иісі аңқысын. Ішіңдерші.
— Ой, Саба, — деді Шерім көзіндегі қаймыжық жасты сүртіп, —
Тамағымыздан қалай өтеді.


Бəрі төмен қарап үнсіз қалды. Сабыт, ақселеуге шырмалып батып бара
жатқан нарт қызыл күнді алғаш көргендей тамашалады.
— О, керемет! — деді басын шайқап.
Содан соң алыстан қол бұлғап тұрған Сағаның көгілдір тауларына
қарады. Түсі оңған көздерімен кектемнің нұрына балқып жайнап
жатқан бүкіл өңірді қимай-қимай шолып өтті.
— Қайран елім. Қасап жұртым, — деді күбірлеп, — Бəріне де
ризамын.
Кенет талықсып кеткен. Шерім мен Жұмға былқ-сылқ еткен денені
еппен жатқызып, қалғандары киізді жан-жағынан қармай көтеріп үйге
алып қайтқан.
— Шерім, Жұмға, екеуің бүгін осында болыңдар. Енді қанша қалды
дейсің. Жанымда отырыңдар, — деді Күлбағила жұрт тарай
бастағанда.
Ымырт үйірілді. Төрт адам дастарханға отырды. Бірақ бұл бұрынғы
мəз-мереке дастархан емес еді. Ешкім де дəмге қол созбайды. Бір
құйылған шай ішілмей тұра береді.
— Шай алыңдар, — дейді Күлбағила.
— Алып отырмын, — дейді Шерім.
— Рахмет, алып отырмын, — дейді Жұмға.
Бірақ екеуі де шынаяққа қол созбаған күйі меңірейіп отыра береді.
Күлбағила даладан қып-қызыл шоқ алып келіп, шəугімді қайтадан
жылтады. Шай жаңартылып құйылады.
Осылай түн ортасынан ауғанда шешінбеген күйі отырған жерлеріне
жата кеткен.
Таң алды еді. Кенет түпкі бөлмеден Сабыттың қатты дауыстағаны
естілді.
— Естідім, естідім! Амандастым!


Төртеуі бірдей атып тұрып төргі үйге жүгірген. Сабыт, көзі жұмулы
күйде сөйлеп жатыр.
— Көрдім, көрдім! А, Жаратқан, көрдім! Сендім, сендім!
Шерім еңіреп жіберген. Сабыт бір сəтке ғана есін жиды.
Таңның бозаң жарығымен сəулеленген бөлмені, жанында өзін қоралай
отырған адамдарды көзбен бір шолып өтті.
— Бақұл болыңдар... — деді соңғы демімен.
Иек қағып жүре берген. Шерім Сабыттың үстіне аңырай құлады.
— Ойбай! Ойбай, Саба! Ойбай, Саба! Өлме, ойбай! Өлме! Кетпе!
— Сабыр ет, Шерім. Сабыр ет, — деді Жұмға. Шерімді иығынан
тартқан. Бірақ ағыл-тегіл жылаған Шерім Сабытты тас қылып
құшақтаған күйі айрылмады. Жұмға теріс қарап көзінің жасын
сүрткен. Күлбағила да дауыс салып жылады.
Əжігерей далаға шықты. Күйіп-жанған бетін таңғы самал аймалады.
Жай жүріп көрші-қолаңға хабар беріп шықты. Содан соң өзеннің
жағасына жетіп, арнамен жоғары өрледі. Қызық деді іштей, беті ауған
жаққа кетіп бара жатып. Неге жылағым келмейді. Неге ішім боп-бос.
Жоқ деді содан соң, атамды өзімше жақсы көрем, өзімше қайғырам.
Бірақ дəл қазір жылағым келіп тұрған жоқ. Атасы екеуі отырып
əңгімелескен алаңқайға жетіп, қалың шөпке бауырлай жығылған.
Өзінің қалай ұйықтап кеткенін білмейді. Ешқандай түссіз, елессіз,
қап-қара түнекке батып кеткендей. Шекесін күн қыздырып оянды. Түс
болып қалған екен. Өткен түн мен таңның оқиғалары біртіндеп есіне
түсті. Иə, айтпақшы, мен кісісі өлген қаралы адаммын ғой деді іштей.
Қаралы жəне... жаралы. Еңді не қалды... Əке баяғыда өлген. Баяғыда
өліпті. Оның əке екенін енді ғана анық біліп отыр. Атасы өлді. Енді не
қалды... Он жетіден асқанда жаңа туыс іздеу... Содан соң... Кенет
атасының көз жұмардағы түрі елестеген. Түршіккен жоқ. Басқа, бөтен
адамдай. Атасы сонша алыстап кетіпті... Неліктен... Кім біліпті...
Осылай болу керек... Иə... Бəрі дұрыс... Балалық өтті, не білдің депті
ғой біреу... Балалық өтті... Балалық болып па еді... Иə... Болған... Енді
сол балалық өтті. Енді не қалды... Үйге қайту керек. Айтпақшы,


қайтқанда, қай үйге қайтпақсың... Үйің қай үй... Анамның үйі... Кенет
Қалиманың қалтырай жылағаны көз алдына келіп қалды. Бұрын атасы
сияқты қайратты болатын. Еңсесі биік болатын... Соңғы рет иығының
сұлқ түскенін, белінің бүгілгенін аяныштан жүрегі елжірей байқаған.
Ол енді Сабыттың қызы емес, ол енді кəрі əйел... Өмірдің тауқыметін
көп көрген, ауыр еңбектен белі бүгілген, кішкентай ғана қап-қара 
қолдары қағаздай жұқарған... кəдімгі кəрі əйел... Самайына ақ
жүгірген, беті əжім-əжім... Əр əжімінен мейірім нұры төгіліп
тұрады... Шашынан сипап, бетінен сүйсем, қап-қара алақанынан
сүйсем... суалған омырауынан иіскесем... мейірім қанар ма еді...
Бұл келгенде аулаға екі киіз үй тігіліп үлгеріпті. Есіктің алдында
қолдарына ақ таяқ ұстаған бірнеше туыс қатарлас отырыпты. Кірген-
шыққан, ат қойып келіп жатқан адам көп. Үйге кірді. Күлбағила белін
таянып дауыс салып отыр.
Алтын ерден қас кетті,
Бір рулы елден бас кетті.
Ауа жетпегендей тұншығып далаға шықты. Туыстардың біреуі қолына
таяқ ұстатқан.
- Мен одан да шаруашылыққа көмектесейін, — деді таяқты қабырғаға
сүйеп...
Бел жазбай жұмыс істеді. Мал сойды. Су тасыды. Отын жарды.
Ертеңіне кластастары, достары келіп көңіл айтқан.
Марқұм жерленді. Қарасы өтті. Ештеңе өзгермегендей. Əлдебір жанды
тетік сияқты ештеңеге селт етпей, талмай қызмет етумен жүрді. Тек
жетісі өткізілгеннен кейін, туыстар өздері қалғанда қаншалықты
шаршағанын сезді. Шешемен сөйлесудің реті сонда келген.
Ағайын-туған естерін жиып, киіз үйге жиналып шайға кіріскенде
Əжігерей тамға барып төр алдына аяғын созып рахаттана жатқан.
Үстіне Қалима кірді.
— Барып шай ішпейсіз бе, — деді Əжігерей, — Шаршадыңыз ғой.
Қанша күн жүрдіңіз.


— Ішіледі ғой, — деді Қалима. Төмен қарап текеметтің оюын сипап,
əлдебір толқыныстан жүзі нұрланып үндемей ұзақ отырды. Басын
көтеріп көзімен аймалай қараған.
— Əкей... бəрін де айтқан шығар сізге, — деді сəл мүдіріп.
— Иə, айтты, — деді Əжігерей. Шынтақтап тұрып, малдас құра
отырған. — Бəрін де айтты. Мен... қуаныштымын. Қуанып отырмын.
— Енді не істейсіз? — деді Қалима бұның жүзіне үміттене қарап, —
Өзіме қайтып келесіз бе?
Əжігерейдің көңілі босап кетті.
— Иə... қайтамын... Бірақ... бірақ... бүгін емес, — деді бөліп-бөліп.
Тоқтамай кідіріссіз сөйлесе тамағына тығылған жас ақтарылып
кететінін сезіп отыр.
Қалима Əжігерейдің күйін жазбай таныды.
— Жарайды, — деді орнынан тұрып. Даусы өксіксіз естілді. - Өмір
бойы күттім ғой. Енді бес күннің арысы не, берісі не.
— Қырқы өтсін, шеше, — деді Əжігерей. Даусын меңгеріп, бойын
жиып алды. — Қырқы өткеннен кейін қайтамын.
Сағыздай созылған күтіс басталды. Күндіз көр-жер шаруамен
айналысады. Өлікке келе алмай қалған алыс ағайын бірінен кейін бірі
келіп көңіл айтып жатты. Үйде кісісіз болмайды. Алғашқы қайғы
басылған. Енді өткенді еске алған, бүгінгіні күйттеген мамыражай
əңгіме ғана қалған. Кешке, ел жатқаннан кейін өзімен өзі қалады.
Шарқ ұрған ойы тек қана атасының маңайын кезеді. Таудың шын
нобайы алыстан ғана көрінбек. Күн өткен сайын ұзап бара жатқан
адамның шын қадірін, шын сырын енді біле бастағандай. Адам, бар
болғаны жел өтінде өскен бір тал құрақ, жаратылыстың ішіндегі ең
əлсізі. Бірақ та ол — ойлай алатын, сезе алатын құрақ. Оның ғұмырын
қию үшін бүкіл болмыстың күшінің керегі жоқ. Бір тамшы судан
қысса болды, семеді де қалады. Артынан қара боран соқса, тамырынан
жұлынып кете барады. Бірақ болмыс адамды жоя алғанымен, адам
бəрібір болмыстан биік, себебі ол... болмыстан əлсіз екенін, өмірінің


таусылғанын сезе алады, жанын қиып кете алмай қиналады, ал болмыс
ештеңені сезбейді, ештеңені түйсінбейді. Адам өзі жақсы көретін
етжақын адамының өлгенін көрмейінше өлімнің не екенін
пайымдамайды, түсінбейді. Жақсы көрген адамың өлгенде ғана
өліммен шын жолығысасың. Өлімде ешқандай мағына жоқ. Баяғыда
атасы айтқан əңгіме есіне орала береді. Бақса ол əңгіме ешқашан
есінен кетпепті де... Дүние есігін жаңа ашқан періште баланың өлімі.
Енді, міне, атасы кетті бұл дүниеден. Өлімде ешқандай мағына жоқ.
Жасың сегізде ме, сексенде ме, дүниеге жаңа келдің бе, я қартайып
талқаның таусылды ма, оған бəрібір. Адамың өлгенде, өзің жақсы
білген, жақсы көрген, жаныңның бір бөлігіне айналған адамың
өлгенде, сенің ішіңде де бір нəрсе өледі. Адам болғаннан кейін, пенде
болғаннан кейін қайғырасың, ойың құлазиды. Өлім — адам өзгерте
алмаған жалғыз ғана байлам екен. Басқаның бəрін өз ақылына
бағындырды, айтқанымен жүргізді. Өлім ғана адамның билігінен тыс,
пəк күйінде қалыпты. Пенденің арманы таусылған ба. Қолынан келсе
өлімге де билік жүргізер еді. Бірақ өлім адам ешқашан аттай алмайтын
шектің ар жағында, тылсым дүниесінде тұр. Адамның қолы оған
ешқашан жетпейді. Адам тек қана өле алады. Бірақ өлімнің сырына
ешқашан қана алмайды. Сондықтан, өлім дүниедегі жалғыз ғана
шындық, кір шалмаған жалғыз ғана ақиқат. Өлім бұрыннан белгілі,
қалыпты дүниеңнің босағасын бұзып кіргенде өмір өзінің барлық
мəнінен айрылады екен. Иə. Өмірде шынында да мағына жоқ. Өлім
барлық ақиқатты ашады, əр заттың дүниедегі шын орнын көрсетеді.
Өліммен бетпе-бет келгенде қара жер табаныңның астынан тайып,
шыр айналып жөнеледі. Кенет... жақыныңның бұл өлімі өзіңнің
өліміңе меңзеп тұрғанын түйсінесің. Себебі, əр өлім — əркімнің
өлімі. Себебі, əр өлім — бəрінің өлімі. Бақидың табалдырығын
аттағанда не сезінді екен. Кім біледі... Бірақ соңғы шекке жеткенде,
қажыр мен үміттің соңғы тамшысы түгесілгенде, өзінің махаббаты,
қамрығы мен қасіреті, басқаға деген жанашырлығы қолтығынан
демегені, иығына қонған періштесі болғаны анық. Атасы мейірімді
болатын. Түсі суық болса да... Жүрегімен мейірбан болатын. Ол өз
ойымен... жəне басқаның қасірет-қайғысымен, басқаның қуанышымен
ғұмырын кешті. Əр таңның атқанын Тəңірінің сыйы деп қабылдады.
Адам болу үшін көп көру керек. Өнер алды — адам болу. Атасы өз
бағасын өзі айтқан адам болатын. Өз бағасын білген адам басқаны да


түсінеді, барлық адамды түсінеді. Атасын жақсы көретін. Жақсы
көретін жөні көп, бірақ ең бастысы бұның ырқы мен ықтиярына деген
құрметі үшін жақсы көретін. Түптеп келгенде өмір деген рахат та
емес, қасірет те емес. Өмір деген — іс. Атасы өз ісін аяғына дейін
адал жеткізді. Бір адамға осынша хикметтен өту оңай ма. Таң атқанша
ықылымға сіңген аяулы бейнені ойша əлденеше рет елестетеді.
Көзінің алды буалдыр тартып, көңілі босап, өзін қанша жұбатып,
алдарқатқанымен санасымен құлазып қалады.
Айтылған күні қырқы өтті. Адам көп жиналды.
— Ал, Күлбағила, қарағым, енді көп қайғырып, тоза берме, - деген
Шерім атасы жұрт тарағаннан кейін, — Ажалға не шара бар. Қайтейік,
бəріміз де қайғырамыз. Міне, қарап отырсам, сексен екісінде қайтыс
болыпты. Арамызда жүре тұрғаны жақсы еді. Бірақ, өлмек - парыз
деген. Парызын атқарды. Өлген өлді. Тірі кісі тіршілігін істейді. Енді
бой жазып, еңселеріңді көтеріңдер. Ертең Əжікен, Қалима үшеуің
біздің үйден дəм татып кетіңдер.
Ертеңіне кешке қарай Күлбағила екеуі бір қабат таза киімдерін киіп
Шерімнің үйіне барды. Есік алдында қазанның астын қағыстырып
отырған Келбет, бұларды көріп орнынан тұрып қарсы жүрді.
Күлбағиланы құшақтап, бауырына басып, үнсіз жылап тұрып қалған.
— Жарайды енді, — деді өзінің де көңілі босап кеткен Шерім, -
Жарайды, — Есікті меңзеді, — Үйге кіріңдер. Төрлетіңдер.
Сəлден соң Қалима келді. Келбет оны да құшақтап көзіне жас алған.
— Ой, дүние-ай, — деді Шерім, жұрт мауқын басып дастарханға
отырып жатқанда, — Қасиетіңнен айналайын, Сабам. Бір рулы ел жер
бетінен көшіп кеткендей болды ғой.
— Өмір деген осы, — деді Келбет, — Қалима, əкем өлді деп қайғырма,
қарағым. Əкең өлсе де əкеңнің көзін көрген өлмесін деген ғой.
Қалима алақанымен көзін басты.
— Қиын екен, — деді содан соң жасын сүртіп.


— Ой, қарағым-ай, — деді Шерім, — Əкеңді өмір бойы осылай
жаныңа байлап жүрмексің бе? Мен өлме, шал өлме, кемпір өлме,
сонда кім өледі-ей?
Жұрт ду күліп бір серпіліп қалды. Шай орталанып қалғанда Шерім
домбыраны қолына алып, əлі де томсырайыңқырап отырған Қалимаға
қарады.
— Қалима, мен енді бүгін сенің қабағыңа қарайын. Əкеңнен шалып
қалған күйлерден біраз тартайын.
Ауыр қара домбыра ақырын күрсінді. Шерім бойына алау құйылып,
екі беті қызарып, ескі сарын бірнеше күйді шертіп берді. Күлбағила
жаулығының ұшымен көзін сүртті.
— Ал, енді домбыраны мына жас періге берейін, мынадай домбырашы
отырғанда шерте бергенім жарамас, — деді Шерім домбыраны
Əжігерейге ұсынып.
Əжігерей атасы ерекше ұнататын бірнеше күйді шертті.
— Көңіліңнің хошы жоқ сияқты, — деді бұның бет-əлпетінен, қағысы
мен ішек басысынан көз алмай отырған сыншыл Шерім, — Жарайды,
маған бер олай болса.
Домбыраны бабына келтіріп бұрап алып бірден “Гаухартасқа” басқан.
Қайырмасына келгенде ерекше арқаланып кетті.
— Беу, беу, гаухартас
А, құсни құрдас
Раушан жүзіңді көргенде
Сабырым қалмас.
Əжігерейдің көз алдына ақылмен танып болмас, тек жүрекпен ғана
түйсінілетін ел өмірінің суреттері, атасының тағдыры қайтадан
елестеп өткен.
Келбет дастарханның үстін реттеп жіберіп, ортаға үйеме табақ ет
қойды. Шерім қойдың басын бөлек табақшаға салып жанына пышақ


қойды да Əжігерейге ұсынды. Əжігерей сəл тосылып қалған.
— Ал, ал, — деді Шерім, — Əкең өлді, енді бас ұста.
Əжігерей осы кеште Шерім атасына қатты риза болған. Ақылды қария
дастархан бойы күлдіргі əңгіме айтып, əн салып, жалықпай жұрттың
көңілін аулады. Тек анда-санда əңгімесін үзіп алып, сəл меңірейіп
отырып қалатынына қарап, оның да қайғыдан арыла алмағанын
аңдауға болар еді.
— Ойхой, дүние-ай, — деді Келбет, — Баяғыда деймін, Сабаң біздің
ауылға келді ғой. Бұлғақтаған байдың ұлы. Үстіндегі шапаны тазадан
тіккен. Тазадан. Басында құндыз бөрік. Аяқта санжұтқан саптама.
Сонда, қырғыздың қыздары, күйеуді талаймыз деп лап қойғанда,
қалтасынан тек Мекалайдың қып-қызыл сөлкебайын уыстап алып
шытырлатып үлестіріп келеді. Қыз-қырқын күйеумен айтысамыз деп
жиналып, қамап отырып алды. Сабаң сонда домбырасын күркіретіп,
көзі жайнап отыр. Айтысуға сол бойы ешкім батпады ғой. Жездем
керемет еді ғой. Айтсақ сол Сабыттың əңгімесін айтайық бүгін.
— Қырғызға қыз алуға барғаны ғой, сенің айтып отырғаның, — Шерім
домбыраны бауырына басып Келбетке ойлана көз тастаған.
— Алғанының барлығы қырғыздың қызы еді ғой, — деді Күлбағила.
— Қарағым, Күлбағила, — деді Шерім кенет серпіліп, - Сенің бетіңе
шіркеу салғаным емес, дұрыс түсін. Өткен өмір ғой, — Домбыраны
қағып қалды, — Екеуміз де он бестеміз. Жасты едік қой. Қырғыздың
ауылына аттандық. Үлкендер бөлек. Ертерек жол жүріп кеткен.
Жастар жарты күн қалып бардық. Жол бойы ойын-күлкі. Əлі есімде,
мынау Қаратұмадан асып шатқалдың ішіне кіргеніміз сол еді,
алдымыздан көлденеңдеп бір қасқыр өте берсін. Қиқулап тұра қудық.
Жер қара. Адымын аштырмадық. Сонда əлгі қасқыр сасқанынан,
кездескен бір інге кіріп кетті. Қамалап қоршап тұрмыз. Жігіттердің
біреуі інге бұрау салды. Бұрау жүнін терісімен қосып шиырған болу
керек, қаңқ ете қалғаны естілді. Бақыртып жүріп суырып алсақ...
көкшулан бір ит екен. Елдің бəрі қыран-топан күліп жатыр. Əлгі
итіміз босап шығып қашып бара жатыр. Жолдағы бір бай ауылдың иті
болып шықты. Сол ауылға түсіп, қонақасы жедік. Ол да бір қызық


қой. Қыздың ауылына жеттік. Қырғыздардың бір жақсы əдеті болушы
еді. Қызды тұмшаламай еркін ұстайтын. Əлі есімде, Ақзибаның үстіне
екеуміз кіріп бардық. Сабыт бір тізерлеп отыра қалып Тəттімбеттің
өрт күйін тартты. Сонда деймін, бүгінгідей көз алдымда, нанасың ба,
қарағым, сонау шымылдықтың ішінде отырған Ақзибаның жүрегі
аттай тулап алқынып отырғанын естідім. – Шерімнің көзі кенет
мөлдіреп кетті, – Содан не керек, түні бойы той. Қаншама жамбы
тіктік. Таудай ет, көлдей сорпа. Ішкен мас, жеген тоқ. Қанша əн
айтылды. Қанша күй шертілді. Жастық-мастық қой. Көз шырымын
ғана алдық. Таңертең түк болмағандай сергекпіз. Қырға шықтық.
Көктемнің кезі. Дала інжу төккендей жарқырап, туырылып жатыр.
Жусан көкірегіңді қабады. Сабыт пен Ақзиба, Сағаны бетке алып шаба
жөнелгенде, аттарының тұяғы менің жүрегімдей дүрсілдеді ғой,
шіркін. Ойхой, дүние, ол да бір заман екен ғой.
Шерім көзі жасаурап, төмен қарады...
Түн ортасынан ауа тарасқан. Ай жарық. Ауыл қалың ұйқыда. Төңірек
күміс нұрға бөгіп ертегі мекендей елестеген. Əжігерей біреу
жетелегендей таныс қақпаның алдына барды. Бұның келгенін күтіп
тұрғандай верандадан біреу қараң етіп өтті. Есік ашылды. Гүлшат
екен.
– Мені іздеп келдің бе? — деген сыбырлап.
— Сені іздемегенде кімді іздеймін? - деді Əжігерей, –Жүр, кеттік.
Гүлшат қайда баратындарын сұраған да жоқ, еріп жүре берді. Өзеннің
жағасына жетіп асығыс айқаласқан. Гүлшат бəріне де үнсіз көнді.
Əжігерей қалай күйіп жанса да қыз мінезінде əлдебір өзгерістің
барын байқаған. Əрине, ықыласында мін жоқ, барлық тілегін берді.
Бірақ міндет атқарып жүргендей, мұқият қана ықылас. Алқынған
құмарлық басылып екеуі үнсіз қалды.
Əжігерей теріс қарап жатқан қызды иығынан тартты.
— Гүлшат.
— О, не?


— Неге үндемейсің?
— Не айтайын?
— Айтатын нəрсеміз таусылып па еді?
— Жоқ, əлі таусылған жоқ.
Əжігерей Гүлшатты бауырына тартып жүзіне зер сала қараған. Қыз
бұның қолын жайымен сырып аулағырақ жатқан.
— Үйленейік, — деді Əжігерей.
Гүлшат мырс еткен. Содан соң орнынан тұрып тіктеліп отырды.
Əжігерей сəл тіксініп қалды.
— Неге күлесің?
— Мен күлгем жоқ.
— Онда неге мырс еттің?
— Мен күлгем жоқ, — деді Гүлшат күрсініп.
Əжігерейдің бетіне тік қараған. Қыздың əлпеті ілезде өзгергеніне
қайран қалды. Түсі сұп-суық. Көзінде қатқыл жарқыл. Бұрынғы
Гүлшаттан нышан да қалмағандай.
— Мен күлгем жоқ, — деді Гүлшат нығарлап, — Мен жылап
отырмын.
— Нені жоқтап?
— Сені жоқтап жылап отырмын.
— Мен əлі өлгем жоқ қой, — деді Əжігерей бір түрлі жайсызданып.
Гүлшаттың жүзінде түсініксіз бір аяныш пайда болған.
— Қайран Əжігерей, — деді даусын созып. — Аңғалсың-ау. Осы
аңғалдығыңнан талай опық жерсің əлі. Сенің атаңдай адам жер


бетінде жоқ. Өткенде, мен сендердікінде қонақ болғанда ол кісінің
айтқан бір сөзі есімде қалды. Бақсам, сол сөзді маған айтқан екен.
— Не айтып еді?
— Өнерді сор ғана көтереді деген. Баламның мандайының соры бес
елі, тағдырыңды қоса қалсаң, осы есіңде болсын дегені ғой. Əжігерей,
сенің сорың қалың, өйткені өнерің биік.
— Мен сені шын жақсы көрем. Есіңде ме, бірде мен, сені неге
кездестірдім екен деп едім ғой. Ол сөзді өкінгендіктен айтқам жоқ.
Неліктен айтқанымды өзім де білмеймін. Бірақ əйтеуір жамандықтан
шыққан сөз емес. Сені кездестіргеніме ... бақыттымын. Сенімен
кешкен аз ғана қызық... жоқ, сенімен татқан күйік... жүрегімде күйік
болып қалады. Тəтті күйік болып...
— Сен ештеңенің жөнін білмейтін аңғалсың, бірақ сенің аңғалдығың
басқаның ақылынан артық. Өмір бəрін үйретер, білмей жатқаның
болса білерсің, үйренерсің. Бəріне де жетерсің. Мен сені шын жақсы
көрем. Бірақ сен менің маңдайыма сыймайсың. Жұлдызың биік,
арманың асқақ. Сен жүйріксің, мен шабанмын.
Əжігерей басын шайқаған.
— Жүйрік, шабан... Ол не? Осы сөзді саған мен айтпасам болды емес
пе?
— Арамызда сөз болғаннан кейін, сен айттың не, мен айттым не? —
деді Гүлшат.
Екеуі үнсіз қалды. Гүлшаттың сөзімен дүниедегі дыбыс атаулы бірге
өшкендей. Сілтідей тыныштық. Анда-санда ғана ауыл жақтан маң
төбеттің манаурай əуп еткені естіледі. Таң алдындағы өлкектен шидің
басы баяу тербеледі.
— Мен əнеукүні-ақ Семейге кетіп қалар едім. Сен үшін қалдым.
Тілдеспей, түріңді бір көрмей кете алмадым, — Гүлшат еңкейіп бара
жатқан айға иек қаққан, — Мен жыладым. Айға қарап көп жыладым.
Екеумізді неге осындай қылып жаратты екен деп. — Көзінде жас,


Əжігерейге елжірей қараған, — Алғашқы түніміз есіңде ме, Əжікен?
Онда да осындай ай туып еді ғой.
— Ол түнді қалай ұмытайын, — деді Əжігерей. Кенет ішінен бір нəрсе
солқ етті. Іші-бауыры езіліп көзінен дию жас болып шыққан.
— Жарығым, алтыным, — деді Гүлшат Əжігерейді жанұшыра
құшақтап, бетінен, ернінен сүйіп, — Жыламашы. Асылым.
Жыламашы. Еркектің жылағанынан қорқамын. Жыламашы, жарығым.
Əлі талай қызды көресің. Бұның бəрі бір күнгідей болмай ұмытылады.
— Сендей болмас, — деді Əжігерей өксіп. Жылағанына ұялған жоқ.
— Сендей жар маған жоқ. Болмайды да.
— Еш адам бір қалыппен жүрмейді, — деді Гүлшат бұны арқасынан
қағып жұбатып тұрып. Содан соң құлағын өртей сыбырлаған, —
Əжікен, таң атып барады ғой.
Екеуі көк шөпті жапыра құлаған. Бұл жолы қыз сынаптай сырғып
естен тандырған. Шығыс жақ қызыл мұхиттай көтеріліп күн шығып
келе жатқанда сілесі қатып ұйықтап барады екен. Түсініксіз бір
жалғыздықтан шошып оянды. Гүлшат жоқ. Жалғыз өзі. Төңірек
жаздың жаухар нұрына шомылып, бүкіл өңір тіршілік жырына ұйып
тамылжып тұр. Көз алдына Гүлшаттың шұғылалы жүзі елестеді. Міне,
мен сені биік белден асырып, жерұйыққа жеткіздім, енді арманың
жоқ шығар, жолыңды тап, қош бол деп артына қарай-қарай кетіп бара
жатқандай.
Кенет, жүрегінде Тəңірінің мөріндей таңбаланып қалған, болған-
болмағанынан ешқандай дерек жоқ, санасынан арылмайтын мəңгі түс
қайтадан бойын билеген. Əлдебір мейірімді адам... кім екені белгісіз...
əйтеуір мейірімді екенін біледі... қолынан нық ұстап жетелеп келеді.
Жолда, иісі аңқыған қаншама өзен-көлдер... гүлі бұлықсыған қаншама
ойран көгалдар кездеседі. Бірақ екеуі ешқайда мойын бұрмайды... Тек
алға қарай жүре береді, жүре береді...
* * *
Кейін көп ойланған. Алғашында асау көңіл ештеңені мойындағысы
келмей шапшығанымен, артынан ақыл тоқтата келе Гүлшат айтқаннан


артық амал таба алмаған. Шын махаббат қашанда қайғы ғана əкеледі.
Бұл — фəнидің бұлжымас заңы, себебі махаббат жүрегіңнен жаңа жол
ашады, айрыққа қояды. Махаббаттың дерті келгенде ненің ақиқат,
ненің жалған екені ашылады, ненің мəнді, ненің мəнсіз екенін
түсінесің. Сол сəтте өзіңнің тамырың фəниде екенін көресің – қайғың
осыны білгеннен. Махаббат келгенде өзіңнің мұратың неде екенін
танисың, алыстан құзар шың көзіңе шалынады, бірақ сен ол шыңның
басында емессің, сен жердесің — қайғың осыны білгеннен. Алдыңа
келген - елес, бар болғаны елес. Түсіңде Жаратқанның əуезін
естігендейсің, ал оянғанда жаныңды аялаған сол əуезден айрылдың.
Білесің, бір нəрсе болды, бірақ шындыққа айналмады. Самалдың
лебіндей келді де кетті. Егер махаббат қайғы əкелмесе, онда ол
махаббат болмағаны. Себебі, махаббат пен қайғы, махаббат пен
қасірет - егіз. Махаббат Жаратқанның алқауымен келген деседі. Екі
жүрек бір біріне жақындайды, арасы қыл өтпейтіндей болып
қабысады, бірақ сол жақындықтың өзі екеуінің екі бөлек
болғандығынан.
Адам жүректен ары бара алмайды — қайғың осыны білгеннен. Мұрат
жақын, қол созым жерде, бірақ бəрібір жете алмайсың. Махаббат
үміттендіреді, бірақ арманыңа жеткізбейді. Ол үмітіңді ақтамайды —
қайғың осыны білгеннен. Бала жасынан қуаныштан, бақыттан
қорқатын, себебі бақыттан кейін, қуаныштан кейін келген қайғы екі
есе ауыр. Ол қасіретке ғана сенетін. Қасірет — кемеңгер. Қасірет
ешқашан алдамайтын адал, себебі ол қашанда жаныңнан табылады.
* * *
Гүлшат Семейге жүріп кеткен түні ұйықтамай шықты. Балалық шағы
өткен төрт қабырғаның əр бұрышынан озған өмірдің елестері атойлай
көтеріліп, өң мен түс арасында кірпік қақпай жатқан да қойған. Таң
алагеуімнен тұрып, ауланы, өзі талай жасырынбақ ойнаған қораны
аралап шықты. Күлбағила шайға шақырған. Бір шыны ішіп кесесін
төңкерді.
— Тағы іш, — деді Күлбағила.
— Рахмет, — деді Əжігерей.


Екеуі үнсіз қалды.
— Əже... — деді Əжігерей ауыр тыныштықты бұзып. Күлбағила селт
еткен жоқ. Осы əңгіменің болатынын күні бұрын білгендей.
— О не? — деді естілер-естілмес, — Бұрын мені былай атамаушы едің
ғой.
Əжігерейдің көкірегінде əжесіне деген, баяғыда ұмытылған
ықыластың бір нышаны қайта елес берді. Қанша толқып отырса да,
көңіліне қаяу түсірмейін деп əр сөзді мұқият теріп сөйлеуге
тырысқан.
— Өзіңіз де біліп отырған шығарсыз... атам өлерінде маған барлық
сырын айтып кетті.
Күлбағила ештеңе деген жоқ. Тек басын сəл кегжитіп, ішіңдегінің
бəрін айт дегенді көзбен білдіріп, тəкаппар отыр. Бірақ осы тəкаппар
отырысының өзі аянышты еді. Əжігерейдің жүрегі шымыр ете қалған.
— Атам... өзің біл... өзің шеш деген. Жаман болар, жақсы болар, аз
дəм татыстық. Осы күнім үшін мен сізге қарыздармын. Қалима менің
анам, ал асыраған адам — сіз. Сондықтан мен барлығын да сіздің бір
ауыз сөзіңізге тіреп отырмын. Егерде сіз қал десеңіз, міне — Алла,
міне — аруақ, қаламын. Өле-өлгенше сыйласып өтеміз. Атам өлді,
бірақ атамның орны өлген жоқ.
Құдайы шыны осы еді. Күлбағила жауап бермей сəл тосылды.
– Рахмет, – деді содан соң демін ауыр алып, – Дəм-тұзға адал болғаның
үшін рахмет. Сен маған қарыздар емессің, қарағым. Құдайға ғана
қарызсың. Өйтіп жаныңды жеме. Сен ішкен бір аяқ көжені қонақ та
ішер еді. Бағыңды байлап қайтейін. Арқаң бос, жарығым. Атаң
жетпеген биікке өзің жет енді. Анаң да сен келеді дей-дей əбден
шаршаған шығар. Бар қуант.
Əжігерей кетуге дайындалды. Ештеңеге қол тигізген жоқ. Тек
қабырғада ілулі тұрған домбыраға қол созып, бола ма дегендей
əжесіне қараған.


– Ал, ал, – деді Күлбағила – Атаңнан қалған мүлік қой. Сен алмағанда,
кім алады.
Əжігерей есіктің тұтқасынан ұстады.
– Сырғалы қыз, сіргелі өгіз бізде де болған. Артыңа қарайлай жүр, –
деді Күлбағила күрсініп, – Қайда жүрсең де аман бол.
Əжігерей үн-түн демей ауыз үйге шықты. Осы кезде Күлбағила
əндетіп қоя берген.
“Гүлдариға!”
Басында Баянауыл ойнайды арқар,
Арқырап таудың суы төмен сарқар.
Бірге өскен кішкентайдан, сəулетайым,
Қайғы-шер қатып қалған қашан тарқар.
Бұл əнді əжесі жас кезінде бұның атасына алғаш ғашық болғанда
айтқан деседі. Кімнен естігені есінде жоқ. Сəл қарлығыңқы дауыспен
ешқандай нəшсіз, ешқандай əшекейсіз айтылған əн жанының терең
түкпіріне жетіп, бұрын сезіп-білмеген, жүрек елжіреткен аяулы
мұңды оятты. Əн, біреу үшін өнер болса, біреу үшін қасірет пен
күрсініс екен.
Соқыр адамдай есікті сипалап далаға шықты. Ауладан өтіп қара жолға
түсті. Артына бұрылып тағы бір қараған. Төбесі жапырайған,
қабырғасы ойдым-ойдым там, батысқа қараған қос терезе жетімсіреп
көрінген. Ескі дүние бұған қол бұлғап, қош десіп тұрғандай. Басын
биік ұстап жүріп кетті.

Document Outline

  • ТАЛТҮС
  • І тарау
  • ІІ тарау
  • ІІІ тарау


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет