«Топ» және «ұйым» ұғымдары. Қарым-қатынас «топ», «ұйым» деген ұғымдармен тікелей байланысып жатады. Адам баласы жалғыз жүріп, көздеген мақсат-мұратына жете алмайды, сондықтан ол ылғи да басқалармен бірлесіп тіршілік етуі тиіс. Біршама тұрақты, құрамы жағынан саны онша көп емес, бір-бірімен тікелей қарым-қатынас жасап отыратын ортақ мақсатқа ұмтылған адамдардың бірлестігі «шағын топ»деп аталады. Осындай топтың барлық мүшесінің күш-жігері бір мақсатқа (оқу, еңбек т.б.) бағытталады. Мұндағылар бірін-бірі жақсы біледі, топ алдында тұрған ортақ міндетті орындау кезінде өзара қоян-қолтық қатынаста болады. Шағын топ мүшелерінің саны екі-үш адамнан құрылып, өрісі 30-40 адамнан аспауы тиіс. Отбасы, өндірістік бригада, ұшақ пен ғарыш кораблінің экипажы, поляр станциясында қыстаушылар, мектептегі сынып сияқты бірлестіктер шағын топ деп аталады. Мәселен, кейбір оқушы мектепте жүргізілетін әр түрлі іс-шаралардың бәріне де қатысады. Ол футбол командасының, не пән үйірмесінің мүшесі, не жетекшісі, т.б. Бірақ осылардың біреуіне ерекше ден қояды. Шағын топтағылардың өзара қарым-қатынасына шек қойылмайды. Әркім топтағы кез-келген адаммен өз қалауынша, нақты қажетіне қарай қатынасқа түседі, оның бір мүшесі екіншісін жақын тұтады, бір-бірімен жиі араласып жүреді, байланыстары тұрақты сипат алады. Осындай шағын топтар формалы (ресми), формасыз (бейресми) болып бөлініске түседі.
Формалы топ мүшелерінің арасында белгілі құжаттардың талабына сәйкес әр түрлі сипаттағы іскерлік қатынастар орнайды. Ондай қатынастардан жетекшіге бағыну, тиісті құқықты орындау, ресми орындардың алдындағы жауапкершілікті сезіну ерекше көрінеді. Формасыз (бейресми) топ – бұл ұнату, көзқарас бірдейлігін тану сияқты психологиялық себептер бірлігі негізінде туады. Мұндай топ ресми құжаттарды, тиісті нұсқауларды қажет етпейді. Мәселен, бірлесіп балық аулау, аңшылықпен айналысу, отау тігу, дос жарандық қатынаста болу – осындай топтың мысалдары. Нақты топтардың жоғары дәрежеде ұйымдасқан түрі – ұйым (коллектив) деп аталады. Адамдардың ерекше ұйымшылдығының арқасында олардың мүдделерінің бір-бірімен ұштасып, «бір жеңнен қол», «бір жағадан бас» шығаратындай халге жетуі, топтың психологиялық ахуалының орнауы, онда «ырың-жырыңның» орын алмауы, дамудың биік деңгейіне көтерілу – ұйымның басты белгісі. Топ және ұжымдағы тұлғааралық қатынастар. Адам тұлға ретінде топта қалыптасады, топ ішіндегі қатынастарды тікелей көрсететін амалданған көрсеткіш. Тұлға үшін топтың маңыздылығы мынада: топ – белгілі бір әрекеттер жүйесі. Топтың өзі белгілі бір әрекет түрінің субъектісі болады және сол арқылы қоғамдық қатынастардың жүйесіне енеді.
Топ ұғымының шығуы күрделі. Европада бұл сөз 17 ғасырдың аяғынан кейін пайда болды. Дәл осы кезде француз суретшілері Италиядан техникалық терминді отанына «әкелді». Топтарды өлшемі бойынша былайша бөлу кең таралған: үлкен, шағын топтар. Үлкен топтар шынайы және шартты болып бөлінуі мүмкін. Шынайы топтар дегеніміз – белгілі бір іс-әрекетке түсетін күрделі түрде ұйымдасқан адамдар тобы (мектеп ұжымы, зауыт ұжымы және т.б.). Шартты топтар бір-бірімен тікелей не жанама объективтік арақатынас жасамайтын субъектілерден тұрады. Шағын топтар бұл – ортақ мақсаттармен немесе міндеттермен біріктірілген, әрқашанда тікелей қатынас жасайтын жеке адамдар. Шетел зерттеушілері шағын топқа ерекше назар аударған. М.Г.Ярошевский бұл қызығушылықтың бастауы деп адам іс-әрекеттерінің бөлінуінің күшеюі салдарынан жалпы қоғам өмірінің күрделенуі, қоғамдық ағзаның күрделенуін біледі. Адам өмірінде шағын топтардың рөлі объективтік көтерілуде, өйткені топталып шешім қабылдау қажеттілігі өсуде.
Ұжымның қалыптасу заңдылықтарын зерттеуге А.С.Макаренкоүлкен үлес қосты. Ол ұжымдасудың маңызды сипаты ретінде бірлескен әлеуметтік-позитивтік іс-әрекетті қарастырды. Егер ұжым қоғамға пайдалы іс-әрекеттің міндеттерін орындайтын адамдарды біріктірсе ғана оның болуы мүмкін. А.С.Макаренко ұжымды нақтырақ былай сипаттайды: ортақ әрекетпен, ортақ мақсатпен біріккен және басқару, тәртіп, жауапкершілік органдары бар еңбекшілердің еркін тобы. А.С.Макаренко жасаған ұжымның даму кезеңдері: