Тас дєуірі кезењі, тарихи ескерткіштер


Ерте көшпенділер дәуірі. Сақтар



бет17/33
Дата18.11.2023
өлшемі0,9 Mb.
#124303
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   33
2.2 Ерте көшпенділер дәуірі. Сақтар

Б.д.д. І мыңжылдықта Қазақстан территориясындағы андроновтықтардың ізбасарлары сақтар болды. Ұлы дала тұрғындарының тарихта тәжірибесі кешікпей-ақ бұл далада тек көшпелі өмір салттан ғана бақыт табуға болатынына көз жеткізді. Жыл құсы сияқты ұдайы табиғаттың көктеміне ілесіп, бойлық бойынша шырқай көшіп-қону далалықтардың шаруашылық мәдени типін саралап, дара болмысын қалыптастыруға себепші болды. Сөйтіп, мал өндірісі негізгі шаруашылық түріне айналды. Адам еңбегі анағұрлым өнімді болып, кең-байтақ жайылым жерлерді пайдаланып, қосымша өнім өндіруге, оны сақтап иемденуге мүмкіндік берді. Мал мен мал шаруашылық өнімдері айырбастық құнға ие болды. Мал шаруашылығының негізгі 3 түрі: көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшылық қалыптасты. Мыс, қалайы, қорғасын, алтынмен қатар темір өндіріле бастады. Одан ертұрман әбзелдері (үзеңгі, ауыздық), қару-жарақ, тұрмыс бұйымдардың жаңа түрлері жасалды. Көшпелі тұрмыс жаңа баспана түрін – киіз үйді ойлап табуға әкелді, арба, күйме қолданылды. Қола дәуірінде алғашқы рулық қатынастың ыдырауы жалғасып, ертедегі таптық қатынас қалыптаса бастады. Қауымдық меншікпен қатар ішінара малға және жерге деген семьялық жеке меншік нығайды. Ру қауымға орын беріп, рулық институттар өз формасын сақтай отырып, ертедегі таптық қатынастарға бейімделді. Ерте темір ғасыры дәуірінде (б.д.д. І-мыңжылдық) тайпалық одақ негізінде мемлекеттік бірлестіктер қалыптасты.


Қазақстанның оңтүстік-шығыс және орталық аудандарын мекендеген тайпалар сақ тайпалары одағына, ал Батыс, Солтүстік аудандарындағы тайпалар савромат тайпалар бірлестігіне бірікті. Ертедегі таптық байланыстар мен мемлекеттік ұйымдасу нышандарының Қазақстанның Оңтүстігі мен Оңтүстік-шығысында пайда болғандығын сақ қорғандары (Бесшатыр, Есік) дәлелдейді.
Енді тайпалардың қоныстануы туралы жазба дерек мәліметтерге келсек біздің дәуірімізге дейінгі VIII – III ғасырларда, яғни ертедегі темір дәуірінде Қазақстан және Орал далаларында сақтар мен савроматтар үстемдік құрды. Олардың айрықша қару-жарақтары мен ат-әбзелдері, киім-кешектері және өнерде «Аң стилі» деп аталатын өзіндік ерекше қолтаңба-мәнерлері болды. Қазақстанның бұл ерте дәуір тарихы - антикалық авторлар еңбектері мен ежелгі Иран патшалары қалдырған жазбаларында жақсы сипатталған. Әсіресе, Қазақстан жерінде мекендеген ежелгі көшпенділер туралы жазбаша деректі - Заратуштра пайғамбардан қалған қасиетті «Авеста» кітабында шынайы мазмұндама көрініс табады. Ол - жалғыз құдайға сенім келтіретін әлемдегі алғашқы дін зороастризмнің негізін салды. Зороастризм ежелгі және алғащқы ортағасыр өркениеттерінің негізгі діндері бола отырып, иудаизм, буддизм, христиан, исламға бірқатар әсерін тигізді. Арий тегінің Спитама руынан болатын Заратуштра Ұлы Даладағы Еділдің шығысына қарай б.д.д. 1500-1200 жылдар аралығында, басқа деректерде б.д.д. І мыңжылдықтың басында немесе б.д.д. VІІІ-VІ ғасырлар аралығында өмір сүрген.
Авестаға жүгінсек, бактриялықтар, согдиалықтар мен хорезмдіктерден солтүстікке қарай Қазақстанның ұланғайыр далаларында «жүйрік мінген турлар» ғұмыр кешіпті. Турлар парсы деректерінде сақтар деп аталады, бұл сөз «еңсегей бойлы еркектер» дегенді білдіреді. Антика авторларының шығармаларында олар «скифтер» деген атпен мәлім болды. Б.д.д. VІІ-І ғ.ғ. Орталық Қазақстанды Тасмола мәдениетінің тайпалары - исседондар, Батыс және Солтүстік Қазақстанда – б.д.д. VII-V ғасырдағы савроматтар мен б.д.д. IV-ІІ ғасырдағы сарматтар, Шығыс Қазақстанды - аримаспылар, Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанды - тиграхауда сақтары, Арал маңын - массагет сақтары қоныстанды.
Б.д.д. 558 жылы Оңтүстік Батыс Иран үстірттіндегі парсы тайпасының басшысы болып ахаменид руынан шыққан Парсуаш елінің патшасы Кир сайланды. Оның кішірек патшалығында көрші ірі-ірі төрт мемлекет болды, олар: Мидия, Лидия, Вавилония және Египет. Б.д.д. 553 жылы Кир Мидия патшасы Астияға қарсы соғысып жеңді, ал б.д.д. 547 жылы Лидия патшалығы Крез де бағынған еді. Б.д.д. 539 жылы Вавилония Кирге бағынды. Б.д.д. 545-539 ж. Кирдің алғашқы жорығы туралы мәлімет өте аз және бір-бірімен дәлме-дәл сәйкес келмейді. Алайда Бехистун жазбасының арқасында Дарийдің Кирден мұрагерлікке Индияның солтүстік батыс шекарасын, соның ішінде сақ елінің жерлерін алғандығы белгілі болды. Сондай-ақ, ертедегі тарихи деректер бойынша сақтармен шекаралас Яксардқа (Сырдария) жақын жерде Курушти бекінісі салынғандығы (шындығында Курушкатта Кирдің қаласы болған) туралы хабарлайды. Кейінірек ол Александр Македонскийдің серігі Киропол болып аталды. Македондықтардың машиналары Кирополдың берік қабырғасын күшпен бұзды да, алынған қамал Александрию Эсхаты – «Шеткі Александрия» болып қайта аталды.
Сақтар сол заманда көптеген тарихи оқиғаларға қатысқан. Мәселен, парсының Кир деген патшасы Лидияның патшасы Крезбен соғысқанда, сақтармен одақ жасаған. Кейіннен Кир сақтарды өзіне бағындырғысы келеді де, мыңдаған қол жинап, соғыс ашады. Кирдің Шығысқа қарай екінші қатерлі жорығы оның қартайған шағында – б.д.д. 530 жылға тура келеді. Жүз жылдан кейін, Кирдің қарсыластарын Геродот «массагеттер» яғни «үлкен әрі күшті тайпалар» деп атайды. Геродоттың айтуынша, бұл кезде массагеттердің патшасы қайтыс болған патшаның жесірі Тұмарқыз (Томирис) еді. Кир оны өзіне әйел етіп алмақ ниетпен елшілер жіберіп, оған құда түспекші болады. Бірақ оның ұсынысын Томирис қабылдамайды. Томирис Кирдің өзіне емес, массагеттер патшалығына құда түскелі отырғанын түсінеді. Қулығы іске аспаған Кир, әскерлерімен Аракс өзеніне бет алып, массагеттерге ашықтан-ашық соғыс бастайды: әскерін өткізу үшін ол өзенге көпір салады, ал кемелер өткізілетін және жауынгерлер қарауылдайтын жерлерге мұнаралар орнатады. Кир осы жұмысты іске асырып жатқанда, Томирис оған жаушы жіберіп, мынадай сәлем айтады : «Кир, өз еліңе патшалық құр, біздің елге тиме, ал егер массагеттермен күш санасуға қатты құштар болсаң, біз өзеннен үш күндік жерге кетеміз, сонда біздің жерімізге өтіп ал». Кир сегіз күндік жер аралығында қарсыластарымен кездеспегендіктен, соғысқа жарамсыз әскерлерін және алуан түрлі тәтті тағамдар мен шарапты тастап кетеді. Массагеттер Кир тастап кеткен парсы жауынгерлеріне шабуыл жасап, оларды қырып тастайды. Сөйтіп, әзірленген асты көріп, тойғанша ішіп-жеп, бәрі ұйқыға кеткен кезде, парсылар оларға шабуыл жасап, көбін қырып тастайды. Сол кезде, массагеттерді бастап келген Томиристің ұлы Спаргапис тұтқынға түседі. Томирис патша өзінің әскерлері мен ұлының халін білуге жаушы жіберіп, сәлем айтады: « Маған ұлымды қайтар да, еліңе тай. Егер мұны істемесең, массагеттердің әміршісі Күнмен ант етемін, сен қаншама тойымсыз болсаң да, мен сені қанға тұншықтырамын»,-депті. Кир Томиристің айтқанын тыңдамай, оған шабуыл жасайды. Ақырында массагеттер жеңіп шығады. Томирис торсықты қанға толтырып алып, оған Кир патшаның басын салуға бұйрық береді: «Сен мені тірідей өлтірдің, өйткені зұлымдықпен менің ұлымды қыршынынан қидың, мен сол үшін сені қанға тойғызуға ант бердім. Енді сол қанды іш»,-депті. Томирис ханым мақсатына солай жеткен.
Кирдің мұрагері Дарий б.д.д. 519 ж. шошақ тымақты сақтарға қарсы жорық ұйымдастырады, осы шайқаста сақтардың көсемі Скунха туралы дерек бар. Келесі жортуылдардың бірінде Дарий патша (б.д.д.518 ж.), сақтардың қажырлы қарсылық көрсетудің арқасында жеңіліске ұшыраған. Осы соғыста болған таңғажайып оқиғалардың бірін ежелгі грек тарихшысы Полиэн былай деп суреттейді: «Шырақ (Ширак) деген бір сақ өз денесін өзі пышақпен жаралап, парсыларға қашып барып, өзін сақ бастықтарынан зорлық көрген етіп көрсетеді. Шырақ өз руластарынан кек алатын кісіге ұқсап, парсы әскерлерін оларға бастап барамын деп алдап, адастырып сусыз шөлге апарады. Парсының шапқыншы әскерлері шөлден қырылады. Ақырында Шырақ оларға: «Мен сендерді адастырып, қырғынға ұшыраттым, елімді аман алып қалдым, мен дегеніме жеттім. Енді қолдарынан келгендеріңді істей беріңдер», - дегенді айтып ерлік көрсетіпті. Сақтар тарихының жарқын беттерінің тағы бір әйгілі Ескендір Зулқарнайынмен (Александр Македонскийге) қарсы күресі. Ахеменидтер әулетін талқандап өзіне бағынышты еткен Македонский енді Орта Азияға ауыз салады. Б.д.д 330-327 жылдары Мараканда (казіргі Самаркан) қаласын алады. Әрі қарай ұлы жиhангер Сырдарияға бет түзеп, оның бұйрығымен Сырдарияда Александрия Асқата (Шеткері Александрия) қаласы тұрғызылады. Бұл қала жаңа мемлекеттің солтүстік-шығыс шекарасындағы иек артар бекінісі ретінде қарастырылды. Сақтарға жасаған жорығы сәтсіз аяқталып, өз қаласына қайта оралуға мәжбүр болады. Осы жорық кезінде Александр жараланыпты деген болжам бар. Міне, осылай сақтардың ерліктері - біздің ата тарихымыздың айшықты беттерінің бірі болып табылады.
Геродот жазбаларында суреттелетін, аңызға айналған амазонкалар нақты өмір сүрген адамдар екендігін археологиялық деректер анықтап отыр. Американдық археолог Жанина Дэвис Кэмбелл Ресей мен Қазақстан шекарасындағы «Покровка» деген кентке жақын жердегі савромат-сарматтардан қалған елу шақты қорғанды зерттеу нәтижелерін АҚШ-тың «Археология» журналында жариялады (1997 №1). Онда былай делінген: «Қорғандардан біз қоладан жасалған қанжар және садақ жебесінің ұштарымен қоса жерленген әйелдердің қабірлерін таптық. Бұл олжалар грек жазушыларының амазонкалар – жауынгер әйелдер туралы жазбаларының шындыққа негізделгенін танытады».
Ғалым дәрігер Гиппократтың да (б.д.д. 460-377) скифтер туралы деректері өте құнды. Ол тарихта бірінші болып скифтердің баспанасы – доңғалақты күркелерін суреттеді. Гиппократтың айтуынша, «скифтердің доңғалақты үйлерінің кішілері төрт доңғалақты, ал үлкендері – алты доңғалақты болып келеді. Олар айнала киізбен жабылып, үй тәрізді бір-екі, енді біреулері үш бөлмеден тұрады. Олардан жауын да, күн де, жел де өтпейді». Страбонның басты еңбегі «Жағрапияда» скиф тайпаларын мінездеуге байланысты айтқан екі қағидасы ерекше назар аудартады. Оның бірі – скифтерде қалыптасқан жоғары моральдік қасиеттер, ал екіншісі – методологиялық сипатта. «Номадтар (көшпенділер) қарақшылықтан гөрі соғыспен көбірек айналысады, әрі оны алым-салық алу мақсатында жасайды», - деп жазады Страбон. «Тонаушылық пен пайдакүнемділік қылықтарды отырықшы жұрттан көреді, олар: ең бейбіт, ең өркениетті адамдар қатарында саналғандарымен де, табиғатынан пайдакүнем болуынан тонау және басқа да баю жолына қатысты заңсыздықтардан тартынбайды»,- деп әділ бейнелейді Страбон.
Сақ дәуіріндегі қоғамдық тіршілігінде халық жиналысы маңызды рөл атқарды. Оған ер азаматтар қатысқан. Ер адамдардың орны ру-тайпасының деңгейіне қарай анықталып отырды. Қоғамдық құрылымы: Үй басы, Ру басы, Тайпа басы, Ел басы (патша) болып жіктелді. Б.д.д. I мыңжылдықта көшпелілердің үстемдік құрған дәуірін «ерте темір ғасыры», «ерте көшпелілер дәуірі», «сақ дәуірі» деп аталады. Сақтардың мәдени бірегейлігі жерлеу дәстүрі, әдет-ғұрыптардан, оларға қоятын ескерткіштерден, ыдыс-аяқ, тұрмыс-салт керек-жарақтарынан, аттың әбзел саймандарынан, өнерінен, идеологиясынан, қару-жарағынан айқын аңғарылады. Жалпы алғанда сақтардың немесе сақ-скифтердің «аң стилі» сақ тайпаларының дүниетанымынан хабардар етеді, мифологияны, бейнелеу өнері арқылы жеткізеді, көшпенділердің идеологиясын ерекше таңбалар жүйесімен түсіндіреді.
Сақтардың этникалық процестерге қатысқаны айқын, олар қазақ, қырғыз, өзбек, қарақалпақ, тәжік, сондай-ақ Ауғанстанның, Иранның, Үндістанның және Қытайдың кейбір халықтарының этногенезі болып табылады. Сақтар – қазақ тайпаларының көне ата-бабалары. Олар мал бағумен, егіншілікпен айналысқан. Олардың жерлерінде суармалы егіншілік жақсы дамыған. Қазбалардан табылған астық бастыратын және бидай түйетін құралдардың табылуы соның дәлелі. Олар өз заманына сай үлкен де күрделі ғимараттар сала білген. Оларға ағашты, тасты және қамысты қолданған. Мысалы, Алматыдан 50 шақырым жердегі Есік қорғаны. Есіктегі қорғанынан табылған сақ көсемінің үстіндегі киімі алтынмен апталып, күрделі әшекейлермен безендірілген. Бұл көсемнің аса құдіретті болғанын көрсетеді. Оны қарамағындағы тайпалар аспандағы құдаймен теңеген де болар. Ал оның үстіндегі киімі сол кездегі (әлем есебінде) патшалар киетін киімнің озық үлгісі. Солардың бірінде күміс тостағанның сыртқы жағына 26 таңбалы екі жолға жазылған аса құнды алфавитті руника жазуы табылды. Бұл жазуды оқыған белгілі түрік танушы, филология ғылымының докторы, профессор Алтай Аманжолов былай көшірді: «Аға, саңа очук! Без, чок! Букун ічре азук!..» Бұл былай қазақшаланды: Аға, саған (бұл) ошақ! Бөтен (жат ел адамы), тізеңді бүк! Халықтың қарыны тоқ (болғай)!
Сақ дәуіріндегі бұл көне жазуы, біріншіден: адам дүниеге барғанда өмір сүреді, азық-түлік керек етеді дегенді білдірсе, екіншіден: халықтың сыртқы дұшпандарды жеңуге бел байлағанын көрсетеді, үшіншіден: халықтың қағанағы қарық, сағанағы сарық болуға ұмтылған тілегін білдіреді. Бұл жазудың аса бір құндылығы – ертедегі Қазақстан жерін мекендеген тайпалардың (сақ тайпаларының) тілі көне түркі тілі болғандығын нақты дәлелдей түседі. Сондай-ақ, Қазақстан жерінде бұдан 2500 жыл бұрын түркі тілдес тайпалар алфавиттік жазуды білгендігін күәландырады. Түркі руникалық жазуы арғы ата-бабаларымыздың 1500 жыл бойы қолданған төл жазуы екендігі ешқандай күмән туғызбайды. Қорыта айтқанда, Есік қорғанынан табылған «Есік жазуының» жұмбағы шешілді. Бұл түркі тілдес халықтар тілі туралы жаңалық болды.
Себебі сақ тайпаларының бұрын қай тілде сөйлегені бізгі беймәлім болса, енді олардың тілі жөнінде нақты дерек табылды. Тек ерте заманда қытай, грек, парсы тарихшылары жазған деректердегі жалқы есімдер, ру, тайпа аттары, жер және адам аттары ғана біздің заманымызға жеткен болса, енді Есік жазуын талдау арқылы Қазақстан жерін біздің заманымыздын бұрын VI – V ғасырларда мекендеген сақтар тобы түркі тілдес екендігі дәлелденді. Сақтардың тобы иран тілінде сөйлейді деген болжамның қате екендігін ғалымдардың көпшілігі дәлелдеп шықты. Сонымен Есік, Шілікті қорғандары, Түгіскен мен Ұйғарақ кесенелері, сақтардың Шірік-рабат пен Баланды қалалары секілді сақ мәдениетінің көрнекті ескерткіштерін археологтардың ашуы тағы бір кедергіден өтуге мүмкіндік берді. Табылған жазбалардың, көрнекті өнер туындыларының жәдігерлеріне сүйене отырып, біздің дәуірімізге дейінгі І-мыңжылдықтың ортасында Қазақстан аумағында пайда болған көне сақ мәдениетін әлемдік тұрғыда озық өркениеттердің бірі есебінде санап, дүниежүзілік тарихқа өз ықпалын елеулі түрде тигізді деп айтуға болады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   33




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет