Нарық сыйымдылығы – нарықтық сұраныстың шекті мәні немесе сұраныс арқылы анықталатын, осы нарықтағы тауар сатудың ең максималды көлемі.
Нарық сыйымдылығының әлуетті және нақты 2 деңгейін бөліп көрсетуге болады.
Нарықтың әлуетті деңгейі жеке және қоғамдық қажеттіліктермен анықталып, тауар өткізудің осымен барабар көлемін бейнелейді. Нарықтың нақты сыйымдылығы оның әлуетті сыйымдылығына сәйкес келмеуі мүмкін.
Нарық сыйымдылығы көптеген факторлар ықпалымен қалыптасады. Олардың әрқайсысы белгілі жағдайларда нарықтың дамуын үдетуі де, шектеуі де мүмкін. Нарық сыйымдылығына әсер ететін барлық факторлар жиынтығын жалпы және ерекше деп 2 топқа бөлуге болады.
Жалпы сипаттағы факторлар – кезкелген тауар нарығының сыйымдылығын бейнелейтін әлеуметтік-экономикалық факторлар, оның ішіне тауар ұсынысының көлемі мен құрамы, шығарылған бұйымдардың сапасы мен сұрыпталымы; импорт көлемі; тұрғындардың өмір деңгейі мен қажеттіліктері; нарықтың толығуы; сауда, өткізу және қызметтік сервис торабының жағдайы; нарықтың географиялық орналасуы сияқты факторлар кіреді.
Ерекше факторлар жеке тауар нарығының дамуын анықтайды, әрбір нарықтың өзіне тән факторлары бар. Ерекше фактор көбінесе тауарға деген ұсыныс пен сұраныстың қалыптасуы мен дамуын анықтайтын фактор болуы мүмкін. Ерекше факторларға ұлттық-тұрмыстық салт-дәстүрлер, табиғи климаттық жағдайлар, сән үлгісінің (моданың) өзгеруі, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, гардероб және т.б. жатады.
Нарық сыйымдылығы өндіріске және тауарды сатуға кететін шығынды өтеу және пайда табу үшін өткізу көлемінің жеткіліктігін белгілеу мақсатымен анықталады.
Ол фирма іс-әрекеті ауқымына орай ұлттық (мемлекеттік) және территориялық деңгейде немесе фирма тауарының әрбір үлгісі (маркісі) бойынша бағаланады. Ұлттық нарық сыйымдылығын мына формула бойынша анықтауға болады:
Eрн=Пі+Ui+Зі+Эі; дана,теңге (1)
Мұндағы: Eрн - ұлттық нарықтың сыйымдылығы;
Пі – і – тауарын ұлттық деңгейде өндіру;
Ui – і – тауарының импорты;
Зі – і – тауарының қорлары;
Эі – і – тауарының экспорты.
Территориялық (географиялық) нарықтың сыйымдылығы ондағы өткізудің әлуетті көлемдерін қосып, соның жалпы санын шығару тәсілі арқылы табылады. Ең алдымен осы тауардың әлуетті тұтынушыларын анықтап алу керек, мысалы, белгілі бір территорияларда орналасқан станоктарды өткізу нарығы - өндірістік кәсіпорындар, құрылыс ұйымдары, жөндеу шеберханалары, т.б. болуы мүмкін. Салалық нормалардың көрсеткішіне сәйкес әрбір тұтынушы сатып алуы ықтимал станоктар саны белгіленеді. Тнрриториялық нарық сыйымдылығын мына формула бойынша анықтайды:
EРТ=∑Ті*ni=Ti1+Ti2+...+Tin; дана, теңге (2)
Мұндағы: EРТ - территориялық нарық сыйымдылығы;
ni - әрбір тұтынушының і тауарын тұтынатын тұтынушылар саны.
Нарық сыйымдылығын дұрыс анықтау үшін тұтынушылар тобын тек белгілі бір сегменттеу белгілері бойынша ғана емес, сол тауарды нарықта жылжытудың ең негізгі параметрлері (тауар үлгісі, маркі, баға және т.б. ) бойынша да сегменттеу керек. Тұтынушылар тобы бойынша нарық сегменттерін бөліп көрсету және оларды талдау үшін алынған факторлармен салыстыру негізінде бұл мақсаттарға парметрлердің қайсысы керек екендігі анықталады. Одан кейін үлгі, маркі, баға, өткізу арнасы бойынша бұл тауарды өткізу нарығының әлуетті сыйымдылығы есептеледі. Әрбір тауар маркісі бойынша нарық сыйымдылығын анықтау формуласы мынадай:
n m
Ерф = ∑ ∑ Тіz ∙Bіz; дана, теңге (3)
z=1 i=1
мұндағы: Ерф – тауар бойынша, тауардың әрбір үлгісі бойынша і нарық сегментінің сыйымдылығы;
Тіz - z географиялық нарық сегментінде сатылған жалпы тауар көлемі (саны);
Bі - z географиялық сегментіндегі тауар бойынша і нарық сегментінің үлесі;
i=1,2…n – тауар,үлгі (модель), марка, баға бойынша тауарлы нарық сегментінің индексі;
z= 1,2,…m – географиялық белгі (облыс, қала, аудан және т.б.) бойынша нарық сегментінің индексі.
Содан кейін, табылған мәндерді 3-фомулаға сүйеніп, қосып барлық географиялық нарық сегменттері бойынша әрбір аймақта қанша і тауарын және қандай маркіні өндіріп сату керек екендігін анықтауға болады.
Нарықтағы фирма үлесі (Dp) – осы нарықтағы фирма тауарының болжамды сату көлемі. Былайша алғанда, маркетинг ауқымындағы түрлі күш-жігер жұмсайтын нарықтың белгілі бір үлесін бақылау коэффиценті.
Нарық үлесінің азая бастауы нарықтағы фирма жағдайының нашарлауын көрсетеді. Сондықтан да осы жағдайдың себептерін іздеп, талдап анықтау қажет. Фирманың нарықтағы үлесінің азаюы мыналарға байланысты болуы мүмкін:
бәсекелестердің жаңа тауарларының пайда болуы;
тауарға деген сұраныстың ұлғаюы кезіндегі нарық сыйымдылығының өсуі.
Нарық үлесі кәсіпорының нарықтағы жайғасқан деңгейін және онда жетекші орын алуының шешуші факторы болып табылады. Нарық үлесінің азаюы маркетинг тұжырымдамасында маркетинг маманының көңіл бөлуін қажет ететін әлсіз жақтардың бар екенін бейнелейді.