1923 жылы қараша айында «Тіл туралы» қабылданған тұңғыш Декретте қазақ тілі орыс тілімен қатар мемлекеттік дəрежеге ие болып, мемлекет тілі болып жарияланды. Декретте көрсетілгендей, мемлекеттік жəне қоғамдық мекемелерде, ұйымдарда іс қағаздарын орыс тілімен бірге қырғыз (қазақ) тілінде де жүргізу көзделді. Бұған байланысты ана тіліміздің қолданылу аясы біраз кеңейді. Қазақ тілінің бұрынғыдай тек сөйлесуде ғана емес, қоғамдық- əлеуметтік қызметі де жан-жақты дамып, арта түсуіне жағдай туды, ол күнделікті саяси, мəдени, ғылыми, үгіт-насихат жұмыстарында, оқу- ағарту ісінде кең қолданыла бастады.
Архивте сақталған құжаттарға сүйенсек, қазақ тілін жақсарту жөнінде 16, орыс тілі жөнінде 15, іс қағазын қазақ тіліне көшіру жөнінде 18, орыс жəне қазақ тілдерінде қатар жүргізу туралы 3 қаулы қабылданыпты. Алайда қазақ тілінде орыс тілімен қатар іс қағаздарын жүргізу жұмысы бірнеше рет қолға алынса да, бұл салада жұмыстар істелсе де, тиімді нəтиже шықпағаны мəлім. Бұған ашаршылық, тəркілеу, қуғын-сүргін кезеңі, Ұлы Отан соғысы, тың игеру, демографиялық ахуалдың ауытқуы сияқты ауыртпалықтардың салқыны тигені аян.
Зерттеушілер қазақ тілінде термин жасаудың алғашқы кезеңін ХІХ ғасырдың II-жартысынан бастайды. Ш.Құрманбайұлының айтуынша, жалпы термин шығармашылығының, оның ішінде қазақ лексикасы терминденуінің «алғашқы кезеңін» осы сөз болып отырған уақыт аралығындағы термин жасау процесіне тəн ерекшеліктерден білуге болады [4].
Осы ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы термин мəселесін сөз еткен ғалымдардың «терминология», «ғылыми терминологияның элементтері», «ғылыми стиль» демей, «жартылай ғылыми стиль», немесе «ғылыми термин», деп атамай «терминдік мəнде жасалған» деулерінде үлкен мəн жатыр. Өйткені термин нағыз толық мəніндегі ғылыми термин ретінде қолданылуы үшін оның өмір сүру ортасы, ғылыми терминология, қалыптасқан ғылыми стиль болуы шарт. Қарастырылып отырған кезеңде бұлардың енді-енді ғана орнығып келе жатқанын ескерсек, ғалымдардың шындықтан ауытқымай əр ұғымды өз атымен атауда мақсат еткені байқалады.
Зерттеушілердің айтуынша, жалпыхалықтық тілдегі жекелеген сөздер терминдік мəнде жұмсалып, орыс тіліндегі термин сөздердің баламасы ретінде қолданыла бастағанымен, бұл тұста терминдену термин шығармашылығының дербес тəсілі ретінде таныла қойған жоқ.
Қазақстан тəуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары қоғамда болған жаңа құбылыс, жаңа құрылыс, жаңа қарым-қатынас жаңа ұғымдарды туғызды. Бұл жаңа ұғымдарды белгілеу үшін жаңа атаулар қажет болды. Ресми іс қағаздары лексикасының құрамы жаңа ұғым, қолданыстарды белгілеу үшін жаңа атаулармен, жаңа терминдік тіркестермен толыға бастады. Олар ана тіліміздің байырғы сөздері негізінде жасалды (бұйрық, заң, қаулы, қарар, нұсқау, іс жүргізу, жиналыс, келісім, құлақтандыру, хабарландыру, шешім, шығыс, есеп, кіріс, мекеме, арыз, жергіліктендіру т.б.) жəне орыс тілінен тікелей терминдер мен лексикалық топтар (протокол, акт, архив, адрес, журнал, вексель, секретарь, комиссия, бригада, ведомость т.б.) қабылданды.
Іс қағаздары терминдері де лексикалық қордың басқа стильдік топтарының құрамындағы атаулар сияқты жаңа сөздермен толығып не болмаса терминдік мəнінен ажырап, қолданыстан шығып қалып отырады. Яғни бұл саладағы терминдер құрамында да сөздердің көнеруі (архаизм сөздерге айналуы) жəне жаңа қолданыстардың (неологизмдердің) пайда болуы — заңды құбылыс. Мұндай өзгерістерге əр түрлі тарихи əлеуметтік оқиғалар, бұл оқиғаға берілген əр қилы баға мен қоғамдық пікірлер түрткі болады. Бір кезде адамдар арасындағы қатынасты жүйелі түрде жүргізуші, əділет нормасын сақтап қорғаушы, қылмыстыға жазалау үкімін шығаратындар билер болғаны белгілі. Ол кезде би сөзі құқық қорғау ұйымының қызметкері дегенді білдірсе, кейін осы мағынаны «сот» атауы атқара бастағанда, би сөзі архаизмденіп, оның қызметін атқарып отырған сөз (сот) термин құрамына енді. Сөйтіп, заң терминдері құрамында неологизм пайда болды.
Қазіргі ресми іс қағаздар тілінде жиі кездесетін ұйымдасу етістігі 1920–30 жылдардағы ресми іс қағаздар тілінде ұйысу, ұйымдастыру түрінде қолданылған екен. Мысалы, партия ұйымдастырушы, ұйымдастырушылар, бірте-бірте ұйымдастырып, милитсия ұйыстырылды т.б. Бұл кезеңдегі орыс тіліндегі организация термині ұя деп алынған. Организовать етістігінің ұйыстыру түрінде аударылуы да осыған байланысты. Организация атауының баламасы ретінде алынған ұя сөзі əдеби тілімізге сіңіп кете алмады. Оның орнына бірте-бірте ұйым термині орныға бастады. Осыған байланысты ұйысу етістігі де, организация атауының ұйым түрінде аталуымен байланысты ұйымдастыру болып қалыптасып кетті. Яғни 1920–30 жылдардағы ресми іс қағаздар тілінде организовать етістігінің алдымен ұйыстыру делінуі, кейіннен ұйымдастыру түрінде алыну себебі, организация сөзінің əуелі ұя формасында, одан кейін өзгеріп, ұйым болып қолданылуына байланысты.