Ж.Ж.Руссо28маусым1712, Женева — 2шілде1778, Эрменонвиль, Париждың маңында) — француз философы, жазушы, Ағарту дәуірінің ойшылы.
Сонымен бірге музыкатанушы, сазгер және ботаник[1]. "Қоғамдық келісім туралы" еңбектің авторы.
Негізгі идеясы - халық егемендігі. Қоғамдық келісім негізінде ортақ ерік жатыр. Мінеки, осы ортақ ерікпен бағытталатын билікті ол егемендік деп атаған. Мемлекеттегі егеменді биліктің бөлінуін қолдамады. Руссо пікірінше, заң шығарушы билік тікелей егеменді халықтың өзімен іске асырылады. Ал атқарушы билік егемендіктің шешімі бойынша қол астындағылармен байланыс үшін құрылады. Атқарушы билік кімге тапсырылды соған байланысты биліктің түрлерін бөлген: демократия, аристократия, монархия. Географиялық фактор рөлін көрсеткен: демократиялық басқару кішігірім мемлекетте; аристократиялық басқару орта, монархиялық басқару үлкен мемлекетке тән. Табиғи жағдайда барлық адамдар тең және еркін, тек бір теңсіздік - адамдардың денсаулығы мен жасына байланысты. Қоғамдық теңсіздік жеке меншіктің пайда болуымен байланысты. Мемлекет пен құқық осы жеке меншіктің нәтижесі.
Руссоның демократия теориясы көбінесе қатысу теориясы болып табылады. Өзінің "қоғамдық келісімінде" ол саяси шешімдерді қабылдау процесіне эр жеке адамның қатысуына ерекше назар аударады. Оның тұжырымдамасы жеке адамдарға қатысудың психологиялық әсер етуіне (яғни, әлеуметтік мінез-құлықтың психологиялық құрылымы мен сәйкес әлеуметтік институттардың құрылымы арасындағы өзара байланысына) деген қызығушылықты білдіреді.
Руссо байқаған идеалды партиципаторлық жүйе белгілі бір шарттарды орындаған кезде ғана мүмкін болады. Біріншіден, әлеуметтік-экономикалық тепе-теңдіктің белгілі деңгейін орнату басты шарт болып табылады. Мұндағы сөз болып отырған абсолюттік тепе-теңдік емес, экономикалық тәуелсіздік пен әр жеке адамның қауіпсіздігі қамтамасыз етілген қоғамның мүліктік біртектілігі. Екіншіден, осы реттегі тәуелсіздік барысында азаматтардың бір-біріне деген жалпы әлеуметтік тәуелділік жағдайы болу қажет. Әр адамның жеке басы белгілі бір маңызды қоғамдық мәселені шешуге бейімсіз болып, ол үшін оның басқа жеке адамдармен қарым-қатынасқа түсуге мәжбүр болуы керек. Жеке тұлға тұтастай ағза ретіндегі қауымдастықтың іс-әрекеттеріне тәуелді екендігін сезінуі қажет.
Осы екі шарт қатысу жағдаятын толыққанды әділ әрі тең құқықты етеді. Тәуелсіз сайлаушылар пайда мен міндеттемелер ауыртпалығы тең бәлінген саясатты қалыптастырады. Ӏстің мұндай мәнісі саяси тепе-теңдіктің негіздемесі болады, өйткені ол бұл қауымдастық мүшелерінің барлық құқықтары мен мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ мұнда қоғамдық мүдденің алға басуына ықпал етеді.
Руссоның айтуы бойынша, қатысу жағдаяты үшін өздерінің жеке еріктерін бірегей қоғамдық мүддеге қайшы орнататын азаматтардың түрлі ұйымдасқан топтарының болмағаны қолайлы. Сайлаушылардың ұйымдасқан топтарының пайда болуынан құтыла алмаған жағдайда олардың санының айтарлықтай көлемді, ал саяси ықпалдың барынша бірыңғай болғаны дұрыс. Ондай кезде жеке қатысуға тән партиципаторлы жағдаяттың қайталануы мүмкін.
Руссоның пайымдауынша, қатысудың тұтастай құрылымының анықтамасы оның демократия теориясының негізгі мотивін жасап шығарудың, нақтырақ айтқанда, жеке тұлғалардың әлеуметтік-саяси мінез-құлықтарының сипаты мен мазмұнына деген демократиялық қатысудың ықпалы жайындағы мәселенің алғышарты ғана болып табылады. Руссо теориясының шеңберінде қатысудың өзіне тән әлеуметтік-саяси педагогикалық сипаты бар. Ол азаматтардың шын мәнісінде жауапты әлеуметтік-саяси әрекеттерін қалыптастыруға бағытталған. Қатысу әр жеке тұлғаның бірегей қоғамдық мүддеге қатыстылық сезімін, өзінің жеке өмірінің тар шеңберінен шығып, басқа да жеке тұлғалардың қоғамдық ағзаға қатыстылық сезімдерімен ортақтану икемділігін, оған тәуелділік сезімдерін тәрбиелеу қажет. Қатысу жағдаятында жеке тұлға жеке және қоғамдық мүдделердің біріккендігін түсінуді үйренеді. Педагогиканың мұндай әлеуметтік-саяси процесі әлеуметтік даулардың әлеуетін төмендетуге мүмкіндік береді, өйткені азаматтар өздерінің жеке ниеттері мен қауымдастықтың талаптарын қатаң түрде ажырата білуді үйренеді. Руссо пікірі бойынша, демократия - мемлекеттік тетік қана емес, сонымен қатар адамдарды жетілдіру, олардың мүмкіндіктерін дамыту. Руссоның теориясы кішігірім меншігі бар ұсақ шаруалардан құралған квазидәстүрлі қоғамның идеалды жобасына бағытталған.
Бос уақыт қоғамы - еңбек өзінің бұрынғы мәнінен айрылатын қоғам концепциясы. Осындай қоғамдарда жалдамалы еңбектің ең аз көлемі бұрын еңбек ие болған мәнге жеткен бос уақытқа мүдделілікке әкеледі делінген.
Молшылық қоғамы - 50 жж. аяғындағы базистік экономикалық дефицит және қамтамасыздандырылмағандық негізінен жеңілген, бірақ жеке байлық «жалпыға ортақ босандықпен» (мысалы, автомобильдер шамадан көп өндірілді, бірақ жолдарды жөндеу және қоршаған ортаны ластауды бақылауға көңіл бөлінбеді) қатар жүрген және капитализмнің ауытқуларынан зардап шеккен тұлғалар жеткілікті қамтамасыз етілмеген кездегі американдық қоғамға берілген баға.
Тәуекел қоғамы - қазіргі қоғамның жайы туралы тұжырымдама; оған сәйкес қоғамға әрқашан адамзат білімінің өсуі мен қоршаған орта әсерін көрсететін «сенімсіздіктен жасанды пайда болған» деп сипаттама беріледі (мысалы, ядролық соғыс, экологиялық апат себептері бойынша).
Болмыс категорияларын талдай келе бүгінгі таңдағы ғылымға мәлім ең күрделі дәрежеде ұйымдасқан қоғам болмысына келіп тірелдік. Өйткені адамдар – бірігіп, өмір сүріп жатқан саналы жаратылыс иелері. Олар өзара қарым-қатынасқа түсіп, қоғамды құрайды.
Қоғам ұғымының орнына көп жағдайда оған мән-мағынасы жағынан жақын категориялар қолданылады. Сондықтан ең алдымен оларды бір-бірінен айыра білуіміз қажет. «Ел» мен «қоғам» категорияларын салыстырсақ, біріншінің географиялық жағы басым. Мысалы, Қазақ елі Азия құрлығының ортасында, мұхиттардан алыс орналасқан ел. «Қауым» және «қоғам» категорияларына келер болсақ, біріншіге отбасы, ру, тайпа, халық ұлт секілді әлеуметтік ұйымдасу формалары жатады. Ал «мемлекет» пен «қоғамды» салыстырсақ, ол мұхиттағы айсберг сияқты, судың бетіндегі көрінетін алып мұздың кішкентай ғана бөлігі – ол мемлекет болатын болса, су астындағысы – қоғам. Қоғам өміріндегі сан алуан қарым-қатынастардың ең негізгілерін ғана мемлекет заң арқылы ретке келтіре алады, қалғандары әдет-ғұрып, моральдық, эстетикалық т.б. әлеуметтік нормалардың негізінде қалыпқа келеді.
Кең түрде алғанда, қоғам деп адамдардың арасында қалыптасатын сан алуан байланыстар мен қарым-қатынастардың жиынтығын айтамыз. Бұл арада мына нәрсеге көңіл аудару қажет, байланыстар мен қарым-қатынастар сол қоғамның өзіндік өмір сүруіне жеткілікті болу керек. Алайда «өз-өзіне жеткілікті» деген ұғымның өзін нақтылай түсу қажет. Себебі бүгінгі таңда бірде-бір мемлекет қанша алып болса да, барлық қазіргі өмірге керекті заттарды шығара алмайды.Сондықтан басқа елдермен экономикалық, саяси-құқықтық, мәдени-рухани байланыстарға түседі. Олай болса, «өз-өзіне жеткілікті » деген ұғымды қалай түсінуге болады?
Белгілі бір тарихи қоғам өзінің мыңдаған жыл бойы қалыптасқан руханияты, дүниетанымы, өмір салтын сақтай отырып, негізгі өмірге қажетті нәрселерді өзі өндіруі қажет. Мысалы, бүгінгі қоғамда жер көлемі бойынша 10-орында болсақ та, ет пен көгөністерді басқа елдерден алатын болсақ, онда біз өз-өзімізге жеткіліксіз боламыз. Әрине, Қазақстан Бразилия емес, сондықтан тропикалық аймақтарда өсетін апельсин, мандарин, банан сияқты жемістерді, кофе, шай сияқты тағамдарды шетелдерден алмаса болмайды. Сондай-ақ жеңіл мәшине, неше түрлі компьютерлер, теле-радио аппаратураларды да алуға болады. Сонымен қатар жер бетіндегі үлкен астық өсіретін ел болғандықтан, ауылшаруашылығына керек механизмдерді өзіміз шығармай, көсегеміз көгермейді. Күнбе-күн өмірге керек заттардың көбін де өзіміз дүниежүзілік талаптарға сай етіп шығара білуіміз қажет. Сонда ғана біз өз-өзімізге жеткілікті қоғам боламыз. Бұл мәселелер қазіргі саясаттану ғылымында «ұлттық қауіпсіздік» категориясы арқылы талданады. Оқырманның байқағанындай, бүгінгі таңда біз өмірге керек көп тауарларды шығара алмай, сырттан әкелуге мәжбүр болып отырмыз.
Сондай-ақ қоғам өміріндегі сан алуан байланыстар мен қарым-қатынастардың ішіндегі негізгісі, оның іргетасын құрайтыны қандай болмақ ?
Сонау көне заманнан бері созылып келе жатқан үрдіс бойынша қоғамдағы рухани, саналы байланыстарды негізгі деп есептеу. Өйткені бір қарағандағы қоғамның аң тобырынан айырмашылығы – ондағы рухтың пайда болып, сол қоғамға тигізетін зор әсерінде болса керек. Қоғам өмірінде өмір сүріп жатқан нақтылы тірі адам басқалармен саналы қарым-қатынасқа түседі. Ол өз алдына неше түрлі мақсат-мұраттар қойып, оларды іске асыруға тырысады. Яғни идея әрқашанда алда, соңынан ол іске айналады. Олай болса, қоғам өмірін анықтаушы – билік басындағы тұлғалардың саналы іс-әрекеті. Мұндай көзқарасты сонау көне заманнан бастап жаңа дәуірде өмір сүрген ағартушылардың еңбектерінен байқауға болады.
«Халық – шөп, ел билеуші – жел. Жел қай жаққа үрлесе, шөп сол жаққа майысады» – дейді көне Қытай философиясы. Орта ғасырдың ұлы ойшылы әл-Фарабиге келер болсақ, ол қоғамның ахуалын патшаның адалдығы, әділеттілігі, көрегендігімен байланыстырады. Сол замандағы Еуропа ойшылдары А. Августин, Ф. Аквинский қоғамның дамуын алдын ала болжанған құдайдың әмірімен ұштастырады.
Жаңа дәуірде өмір сүрген француз ағартушысы Монтескье қоғамның өрлеуін «ағарған монархтың» іс-әрекетімен байланыстыра отырып, қоғам өміріндегі заңдарға бірден-бір шешуші фактор ретінде қарайды (мұны «құқықтық көзқарас» деп те әдебиетте атап кеткен болатын). Бүгінгі таңда да мұндай көзқарастар кеңінен таралған. Әрине, қоғам өміріндегі заңдар қоғам дамуын тездететіні сөзсіз. Сонымен қатар заңның өзі адамдардың (кәсіби заңгерлердің) рухани туындысы емес пе?!
XX ғ. ойшылы К. Ясперс те тарихтағы рухани төңкерістерді қоғамның дамуының негізіне жатқызады. Оның ойынша, «адами ахуал – әрқашанда рухани ахуал» болады. Осындай көзқарастарды қорыта келе, оларды қоғамды талдаудағы идеалистік жол десек те болады.
Сонымен қатар XIV ғ. өмір сүрген араб ойшылы Ибн-Халдун қоғамды талдауға жаңа үлгі енгізеді. Оның ойынша, әртүрлі қоғамдардың бір-бірінен айырмашылықтары, негізінен алғанда, материалдық игіліктерді қалай өндіру, бөлу тұтынуына байланысты. Алайда ұлы ойшылдың көзқарастары соңынан ұмытылып, тек қана 5 ғасырдан кейін К. Маркстің еңбектерінде жаңадан негізделеді.
К. Маркс қоғамтану саласына екі жаңалық енгізеді. Оның бірі қосымша құн теориясы, ал екіншісі тарихты материалистік тұрғыдан түсіну қағидасы. Ең алдымен бұл екі жаңалықтың да дүниеге келуі капиталистік қоғамның қалыптасып, дамуына байланысты болғанын атап өту қажет. Егер К. Маркс дүниеге келмегеннің өзінде басқа ғалымдар ерте ме кеш пе оларды ашатыны сөзсіз еді. Өйткені мыңдаған жыл бойы бұрынғы қоғамдарда әртүрлі сословиелік-заңдық қатынастармен бүркемеленіп келген экономикалық қатынастар жаңа дәуірде ашылып, ғалымдардың назарын аудара бастайды.
Енді К. Маркстің бірінші ашқан жаңалығына келер болсақ, капиталдың өндіріс айналымында өсуі оның ерекше бір ғажап қасиетінен туындамайды. Бұл үрдіс тарих сахнасында ерекше тауардың пайда болуымен байланысты. Ол – жұмысшы және оның еңбекке деген күш-қабілеті. Оның тек өзіне ғана тән қасиеті өз бағасынан да жоғары қосымша құн тудыруында жатыр. Мысалы, капиталист жұмысқа қабылдаған адамға 500 доллар жалақы төлейді. Ол оның отбасын асырауға, күнделікті жұмысқа деген күш-қуаты мен қабілетін толықтырып отыруға жетеді. Бірақ ол шынында 1000 немесе 1500 долларға жуық материалдық игіліктерді жасауы мүмкін. Ол – капиталистің байлығын өсіретін қосымша құн. Бұны халықтың жалпақ тілімен айтсақ, қанау дейміз. Әрине, К. Маркстің ашқан бұл теориясының уақытында қоғамның саяси саласы мен жұмысшы қозғалысына тигізген үлкен әсерін айтпай кетуге болмайды.
Алайда адамды адамның қанауы (эксплуатация) мемлекеттік (қоғамдық) меншікке негізделген қоғамда да болатынын Кеңес қоғамының тарихы айқын көрсетті. Бұл қоғамда да, әсіресе, ауылдағы механизаторлар, сауыншылар, кен өндірісіндегі шахтерлер, металлургтар т.с.с. топтардың қаналғаны қазір баршаға мәлім.
Екінші жағынан алып қарағанда, бүгінгі дамыған капиталистік елдерде капиталдың өсуі, негізінен алғанда, жұмысшыларды қанаудан емес, ғылыми-техникалық революцияның жетістіктерін ұтымды пайдалану арқылы іске асып жатқанын айтып өту керек.
Негізінен алғанда, қанаудың негізгі анықтамасын адамның мерзімсіз азып-тозуы, оның өмірінің қысқаруымен түсіндіруімізге болады. Ал бүгінгі таңдағы дамыған елдерде адам өмірінің ұзақтығы өте биік дәрежеде болғандықтан, қосымша құн теориясы өзекті мәселе деп айта алмаймыз.
К. Маркстің тарихты материалистік тұрғыдан түсіну қағидасына келер болсақ, қоғамтану саласында оған парапар тұжырымдама әлі жасалған жоқ деп айтуға болатын сияқты.
К. Маркстің ойынша, әрбір дүниеге келген жаңа ұрпақ бұрынғы бабалардан қалған қоғамның материалдық өмірімен өмір сүреді. Ол өндіргіш күштерді (машиналар, неше түрлі жабдықтар, байланыс жүйелері т.с.с.) жаңа ұрпақ өз еркімен ысырып тастап, өмірді «таза беттен» әрі қарай жалғастыра алмайды. Ол сол материалдық игіліктерді игеруге және өз өмір шеңберінде оны әрі қарай дамытуға мәжбүр болады. Сол өндірістік қатынастарды игеруде жаңа ұрпақ өз сана-сезімін соған сәйкес қалыптастырады. Яғни қоғамдық болмыс қоғамдық сана-сезімнің қалыптасуына шешуші ықпал жасайды.
Сонымен қоғамдық қатынастар деп адамдардың арасында қалыптасатын тұрақты да қайталанатын байланыстарды айтуымызға болады. Мысалы, бір-бірімен таныс емес екі адам кездейсоқ кездесіп, біреуі: «Абылай хан көшесі қай жақта?» – десе, екіншісі: «Сіз қайдан келдіңіз ?» – деп сұрауы мүмкін. Әрине, олар байланысқа түсіп, ақпарат алмасты. Бірақ бұл кездейсоқ байланысты «қоғамдық қатынас» деп айту асырасілтеушілік болар.
Егер біз профессордың күнде студенттермен кездесіп, білім беруін алсақ, оларды қоғамдық қатынастарға әбден жатқызуға болады. Қоғамдық қатынастарды жалпы түрде алғанда горизонтальды және вертикальды деп екіге бөліп талдауға да болады. Студенттердің оқу барысындағы бір-бірімен қарым-қатынасы, әрине, горизонтальды.
Әлеуметтік статусы жағынан тең тұлғалар бір-бірімен горизонтальдық қоғамдық қатынастарға түсіп, еңбек нәтижелерімен алмасып, мұқтаждықтарын өтейді. Әлеуметтік статусы тең емес жағдайда вертикальдық байланыстар пайда болады. Бұл жағынан алғанда қоғам құрылымының иерархиялық (жоғарғы-төменгі дәрежеде, яғни теңсіздік түрде өмір сүретінін байқауға болады. Жоғарғы, орта деңгейдегі және төмендегі әлеуметтік топтар деп адамдардың ойнайтын рөлдері мен статусы бойынша қоғам құрылымын анықтауға болады. Сонымен, статус – адамның қай әлеуметтік топқа жататынын көрсететін категория. Сословиелік капитализмге дейінгі қоғамдарда әлеуметтік статус адамға туа беріледі. Бір топтан екіншіге өту – мұндай жағдайда өте қиын шаруа.
Қоғамның белгілі бір саласындағы әлеуметтік рөлдер мен статустар жиынтығы әлеуметтік институт (орнығу) деген ұғымды тудырады. Қоғам өміріндегі әртүрлі әлеуметтік институттар неше түрлі әлеуметтік нормалар арқылы адамдардың іс-әрекеттерін адам белгілі бір жолға қойып, оны қадағалап отырады. Егер оның талаптарын бұзса, оған әртүрлі санкциялар қолданылуы мүмкін. Әлеуметтік институттарға отбасын, балабақша мен мектепті, жоғары оқу орнын, еңбек ұжымын, парламент пен сотты, армияны т.б. жатқызуға болады. Солардың қызметінің арқасында адам әртүрлі рөлдерді меңгеріп, нәртүрлі статустарға ие болып, тұлғаға айналады. Ол ең алдымен сәби кезінде отбасының риясыз сүйіспеншілігіне бөленіп, содан кейін балабақшаға барып, алғашқы әлеуметтілікпен танысады, әрі қарай мектепті бітіріп, жоғары оқу орнына оқуға түсіп, мамандық алады, азаматтық дәрежеге көтеріледі. Енді ересек өмір басталып, тұлға еңбек ұжымына кіріп, саяси институттардың жұмысына қатысып, әрі қарай шыңдала түседі т.с.с.
Қоғам өмірін талдауда «Шығыс» және «Батыс қоғамы» деген ұғымдарды аттап өтуге болмайды. Шынында да, егер сіз Франция мен Мысырға турист болып барып, қоғамдағы тәртіпке, адамдардың арасындағы қарым-қатынасқа, олардың әдет-ғұрпына, салт дәстүрлеріне мұқият қарасаңыз, осы екі қоғамның арасындағы айырмашылықтарды әлеуметтану маманы болмасаңыз да аңғарасыз. Ол – шындық. Олай болса, біз оны түсінуіміз керек.
Шығыс қоғамы өркениетінің тарихы сонау көне заманға кетеді. Мұндай қоғамдардың классикалық түрі ретінде Қытай қоғамын келтірсе де жеткілікті. Бұл ел мыңдаған жыл бойы даму жағынан бүкіл адамзаттың алдында келеді, тек 18 ғасырдан бастап, Батыс Еуропа капиталистік қоғам шеңберінде ғылым мен техниканы дамытып, машиналық өндірісті пайдаланып, алғы шепке шығып кетті. Бүгінгі таңда Шығыс қоғамдары (Қытай, Үндістан, Иран, Араб елдері т.с.с.) заманның талабына сай келіп, өте тез қарқынмен дамып келеді.
Шығыс қоғамының негізгі ерекшелігі – бұл елдерде қауымдасып өмір сүрудің биік мәртебесінің болуы. Жеке адамның мүддесі әрқашанда ұжымның шеңберінде болып, соның талаптарына сай болуы қажет. Рулық, жерлестік, діни, касталық, отбасылық т.с.с. қауымдастықтың шеңберінде пайда болған моральдық, руханияттық мәдени т.с.с. түсініктер, нормалар, құндылықтар тұлғаны баурап алып, өз еркіне көндіреді. Сонымен қатар ұжым жеке тұлғаны әрқашанда өз қамқорлығының шеңберінде ұстайды, ол – қорғалған. Сондықтан бұл қоғамдарда әлеуметтік әділеттілікке көп көңіл бөлінеді. Әрине, онда да байлар мен кедейлер бар. Бірақ ол таптық емес, сословиелік негізде құрылған. Жекеменшікке де Батыстағы сияқты толыққанды құқық мұнда жоқ. Көп жағдайда байлық мемлекеттің немесе қауымдастықтың қолында. Экономика бұл қоғамдарда ешқашанда негізгі мақсат-мұратқа айналмаған, ол негізгі қажет рухани тіліктерді өтейтін құрал ғана. Негізгі байлық – жетілу, адамгершілік, ар-намыс пен абыройды биік дәрежеде ұстап, қорғау болып саналады.
Енді Батыс қоғамына келер болсақ, оның негіздері сонау көне гректерге кетеді. Бұл ел жылы теңіздермен қоршалған, қысы жоқ, суы мол, жері құнарлы, сондықтан сонау ерте заманнан бастап, жеке адамның белсенді іс-әрекеті нәтижелі болған. Еңбек еткен адамға табиғат өз жемісін аямай берген. Сондықтан Батыс өркениеті жеке адамның мүддесін биік ұстап, оны қорғау жолын таңдаған. Мұндай өмір бағытын әдебиетте индивидуализм дейді. Жеке тұлғаның өзіндік құндылығы мен жетістігі, оның өз іс-әрекеттерін басқаруы оның негізгі еркіндігі деп есептелінеді. Екінші ерекшеліктерінің бірі – рационализм, істің бәрін есеп-қисаптан өткізу, көп жағдайда адамның істеген дүниесімен есептеспеу т.с.с. Яғни адамның іс-әрекеттерінің бәрі сезімдік пайда табуға, өз мүддесін ғана қамтамасыз етуге бағытталған.
Мұндай ахуалда қоғамның біртұтастығы көп жағдайда заңдар арқылы қорғалады. Сонымен қатар діни құндылықтар да адамдарға өмір бағытын анықтауға көмектеседі. Мұндай қоғамның материалдық байлықты жасауға көп мүмкіндіктері болғанымен, рухани жүдеуінің себебі де жекенің қауымдық мүддеге қарағанда жоғарылығында, өйткені жекеден гөрі жоғары шынайы адамгершілік қоғамдық мүддені ұстағанда ғана болады. Екінші жағынан, Батыс өркениеті техниканы, соғыс құралдарын дамытудың негізінде 16 ғ. бастап дүниежүзін өзіне бағындыру саясатын жүргізіп, бүкіл жер бетінің ресурстарын өз пайдасына жаратты. Қорыта келе, мынаны айтуымыз керек, егер сіз осы қоғамда дұрыс, ауқатты өмір сүремін десеңіз, онда қалаған мамандығыңызды үлкен сүйіспеншілікпен меңгеруіңіз керек, сонда ғана сіздің еңбегіңіз нарықта сұранысқа ие болады. Ал «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» деген өмірлік бағдарлама сізді сәтсіздікке әкеледі Сонымен қатар өмірдің мәнін тек ақша табуға әкеліп тіресеңіз, тағы да өмірдің толыққанды мән-мағынасын таба алмайсыз.