Қайсыбір тілдік ұжымның сөздік қорындағы жаңа ұғымға тағылған атаусөз сол тілдік ұжымның күнделікті өмір сүру тәжірибесінде кездесіп қолданылатын заттармен байланысты негізде өмірге келеді. Өйткені «Сөз – затқа ат беруге қызмет ететін негізгі тілдік бірлік». Тілдік санадағы кез келген атаудың бірден-бір қасиеті – танымдық қасиет деуге болады. Ғалым Ж.Манкеева өз зерттеуінде оны былайша түсіндіреді: «Қандай да болмасын заттың атауы оны тек атап қана қоймай, сонымен бірге оны танытады. Ал тану, иә анықтау белгілі бір халықтың тарихи даму жағдайы аясында іске асатындықтан, ол тілдік ұжымы өмір сүретін нақты жағдайларға байланысты әртүрлі болады».
Қай тілде болса да қоршаған ортадағы заттар, нәрселер, құбылыстар қоғамның өзгеру жүйесіне сай дамып толығып, сонымен бірге өзгеріске ұшырап өз іштерінен жаңа ұғымдары мен түсініктері анықталып, арнайы лексикалық бірліктермен белгіленіп отыруы үнемі болып отыратын үдеріс. Аталым актісіне қатысатын негізгі үш компонентке (таңбаланатын, таңбаланбайтын, аталатын) бұл үдеріс өзара тәуелді. Сонымен қатар номинативті үдерістің қағидалары қандай тілдің болса да типологиялық – құрылымдық ерекшелігімен, генетикалық жүйесімен байланыста өмір сүріп, әмбебап мәнге ие болып, сөздік қорын қамтиды. Осыған орай номинация тілден тыс фактілердің сол тілде қарым-қатынас жасайтын қоғам мүшелерінің өмір тәжірибелік санасындағы бейнеленген тілдің құрылым-құрылысы мен жүйесі, тілдің мәніне айналу үдерісі. Аталым актісі үш мүшенің қатысуымен жүргізіледі – «болмыс» – «ұғым» – «есім». Болмыс есімнің сигнификаты (мағынасы) ретінде танылады. Есімнің сигнификаты мен денотаты нақты атау актілерінде номинацияның базалық құрылысы болып есептеледі. Аталым актісіндегі маңызды және негізгі тілдік бірліктік байланыстар – уәж, уәждеме, уәждену, уәжділік үдерістері деуге болады. Лексиканың нақты қабатындағы күрделі мәселе болып табылатын ұғым мен атаудың, оның астарындағы семантикалық реңктердің даму жағдайына уәждеме, уәжділік, уәждену құбылыстары өз ықпалын тигізеді. Уәждеме құбылысы әлем бейнесіндегі сан алуан нәрселер мен заттарға ат қойып, айдар тағып сол атаудың мән-мазмұнын ашуда аталым актісіндегі аса маңызды көрсеткіш болып табылады. Қоршаған ортадағы қандай да бір затты, нәрсені немесе құбылысты танып-біліп, атау тағып, таңбамен бекіту оның мән-мазмұнымен бейнеленеді. Бұл мән-мазмұнның сипаты сол тілдегі лексикалық жүйелердің қарым-қатынасымен байланысынан, сол халықтың, этностың рухани жан дүниесінен, әлеуметтік-экономикалық жағдайынан, мәдениетінен, моральдық-психологиялық жай-күйіндегі ерекшеліктерінен қалыптасатын экстралингвистикалық факторлармен тығыз байланыста жүзеге асады. Яғни аталым теориясында уәждеме құбылысының көрінісі берілуі ерекше. Уәждемені зерттеудің теориялық аспектісі бұл мәселені зат пен атаудың уәжділігі тұрғысынан қарастыруды көздейді. Номинациямен байланысты тіл біліміндегі күрделі бұл мәселе ғылыми тұрғыдан әлі толық шешімін тапты деу қиын. Өйткені уәждеметанумен шұғылданушы ғалымдар уәждемені сөздің ішкі формасы, сөздің семантикалық тұлғасы, сөзжасамдық байланыс, сөздің этимологиялық белгісі сияқты ұғымдармен ара жігін толық ашып көрсете алмай келеді. Біз зерттеу жұмысымызда өлшемдік ұғымдардың аталуына себеп болған уәждерді табуға тырысып, оларды уәждік белгілері бойынша топтастыруды мақсат етумен қатар, уәждеметану теориясындағы негізгі ұғымдарға түсініктеме бере кеткенді жөн санадық. Мотивология (франц. motif – сылтау, дәйектеме logia – ілім) –лексикологияның бір саласы. Ол дәлелдемелі (жартылай дәлелдемелі, дәлелдемесіз) сөздер мен уәждік қатынастарды қарастырады. Сөздің түрлі аспектілерде мотивтенуі – өзге тілдік бірліктермен мотивациялық қатынастарға (диахрондық және синхронды) түсетін лексикалық мотивологияның зерттеу нысаны болып табылатындығы белгілі. Уәждеметану саласындағы атауға негіз болатын ұғым-түсініктің бірі – уәж (мотив) термині. Уәж – белгілі бір іс-әрекетке негізделген адамның қандай да бір қажеттілігін қанағаттандыру мақсатындағы саналық тұрғыдан анықтау. Уәж себептің негізінде пайда болып, оның тепе-тең бейнесін белгілейді. Зерттеушілердің кейбірі атау уәжін сол атаудың негізі болып табылатын заттың ерекше белгісі деп көрсетсе, екіншілері белгілеп отырған заттың елеулі немесе елеусіз белгілерінің өзі мотив бола алады деген қағиданы құптайды. Тілдегі уәж мәні ғылымдағы жалпы уәж ұғымына сәйкес келеді. Келесі бір негізгі ұғым – уәждеме. Сонымен уәждемені тіл арқылы аталған заттың немесе құбылыстың бір белгісінің көрінісі деуімізге болады. Бұл ұғымның негізгі қарастыратын мәселесі зат пен атаудың арасындағы байланыс. Оның аталу мерзімі, тілдің даму сатысы деңгейіндегі белгілі бір кезеңіндегі сөздің уәжділік сипаты. Уәждену, мотивтену – сөздің құрылымдық-мағыналық қасиеті, тілдік және тілден тысқары болмыстың негізінде дыбысталу мен мағыналық байланыстың мүмкіндігін түсіндіру. Уәждеуіштілік – сөздерді семантизациялаудағы маңызды элемент болып табылады. Себебі ол сөздің мағынасын құрайтын дифференциалды белгілер минимумының жүзеге асуын және белгілі бір дыбыстық құрылымының астарындағы мағынаны тануды қамтамасыз етеді. Уәждеметану теориясындағы аталмыш ұғым-түсініктер адамзат үшін әлем бейнесіндегі бейтаныс затты, нәрсені немесе құбылысты алғашқы рет байқап көргенде, оның әртүрлі қасиет, белгілеріне назар аударып, сол заттың бойынан тілде бар сөздік белгілердің ұқсас бірін таңдап алып, сол ұғымды жаңа заттың атауы ретінде пайдалануды саралап түсіндіруді мақсат етеді. Зат немесе құбылыстың уәж арқылы қабылданған белгілері мен қасиеттері белгілі бір этнос, ұлт, халық тілінде таңбаланушы ұғым, түсінік негізінде ақыл мен сананың ақиқат дәлеліне айналып, бейтаныс затқа (мысалы, әлі аталмаған өлшем бірлігіне) таңбалаушы болып бекітіледі. Мысалы, километр – арақашықтық өлшемін білдіретін шақырым атауына ат тағуда оның басқа көп белгілерінің ішінен қимылдық, айғайлап шақыру белгісі ерекше көзге түсіп атауға себепші, негіз болған. Мұнда бір адамның екінші бір адамға қатты дауыс шығарып шақыруымен байланысты осы өлшемдік ұғым қалыптасқан. Атау табиғатын айтқанымызда тілдің әр дәуірде, әр кезде өмір сүру мәселелерінің құрамдас бөлігі екенін ескерген жөн. Кез келген атау алғаш танылып, қолданысқа түскенде белгілі бір тілде сипаттама қызметке ие болады. Уақыт озған сайын ол сөйлеуші ұжым тілінде жұмсалу қызметі артып, жалпыға бірдей түсінікті болып, басқа тіл бірліктерімен қарым-қатынасқа түсу қабілеті кеңейіп сол ұжым тілінде тұрақтылық қасиетке ие болады. Сондықтан оның алғашқы танымдық уәждемелік бейнесі солғындай түсетіні белгілі. Тілімізде тұрақтылық сипатқа ие халықтық өлшемдерге айналған аршын, қар, қарыс, сүйем, елі сияқты атаулардың этимологиясын білмесек, олардың аталуына себепші уәж болған дене мүшелердің атаулары екенін таппаған болар едік. Демек, этимология арқылы осы өлшемдердің аталуына себеп болған уәждерін анықтауға болады. Нәрсеге немесе затқа, құбылысқа таным тұрғысынан алғаш ат беру үшін таңдап алынатын уәж әдетте сол зат немесе нәрсенің бойындағы қандай да бір болмасын белгісінен туындайды. Мәселен, тіліміздегі тереңдік өлшемдерін таңбалайтын таңбалаушы атаулардың аталуына себепші уәж қазақ халқына аса танымал жылқы малының дене мүшелері құлағы, тізесі, сауыры, тұяғы, шашасы болған. Осыдан тілімізде тереңдік өлшемін білдіретін таңбалаушы ат құлағынан, ат тізесінен, ат сауырынан, ат шашасынан, ат тұяғынан, ат бауырынан сияқты этнографиялық өлшемдік атаулар қалыптасқан. Уәждеметану теориясында фонетикалық, лексика-семантикалық, морфологиялық, синтаксистік уәждеме деп бөлінетіні белгілі. Өлшемдік ұғымды білдіретін атауларды фонетикалық уәждемеден басқа түрлеріне бөліп көрсетуге болады. Лексика-семантикалық уәждемеде белгілі бір заттың атауы болған сөз, лексикологияда лексикалық жүйедегі элементтердің бірі болып, бір-бірімен өзара байланыста және қарым-қатынаста тұрады. Мұнда лексикалық бөлшектермен тілде өмір сүретін басқа бөлшектер байланысқа түсіп, сөздің уәждену ұғымы пайда болады. Уәждену ұғымын анықтауда тілді қолданушы ұжым мүшелерінің ментальдық ерекшелігі ескеріледі. Сол тілдік санада өмір сүретін лексикалық бөлшектердің байланысы мен қарым-қатынасы, әртүрлі ассоциациялық қатынастардың негізінде көрініс береді. Мысалы, арақашықтық өлшемін білдіретін қарға адым жер фразеологизмінің аталуына себепші негіз болған уәж қарғаның екі аяғының арасындағы аппақ қарға түскен ізі, адымы. Себебі адам өзінің танымында бұған дейінгі өзіне танымал екі аяғының арасын өлшем бірлік адым деп таныса, осы адымның сыртқы пішінімен қарға адымының жалпы пішінін, қардағы ізін ұқсастырып, салыстырып, бейнелеп тілдегі метафора тәсілі арқылы «жақын жер» мағынасын білдіретін өлшем бірлігін қалыптастырған. Морфологиялық уәждемеде атаудың мағынасы мен құрылымдық байланысын көрсетеді. Морфологиялық уәждемеде түбірден тараған туынды сөздің мағынасын қарастыратын сөзжасамдық уәждеме кеңінен қолданылады. Яғни сөзжасамдық уәждеме – бұл түбір сөздерден тараған туынды сөздердің өзара арақатынасы. Морфологиялық уәждеме арқылы тілімізде біршама өлшемдік ұғымды білдіретін атаулар жасалғаны белгілі. Мысалы, арақашықтық өлшем мағынасын білдіретін сәске+лік жер, түс+тік жер, күн+дік жер, тәулік+тік жер сияқты тіркестер мен көлем-мөлшерді білдіретін туырлық+тық киіз, көйлек+тік мата сияқты тіркестерді жатқызуымызға болады. Синтаксистік (аналитикалық) уәждемеде лексикалық мәнге ие жаңа сөз кемінде екі сөздің тіркесінен жасалады. Бұл тәсілмен жасалған өлшем бірліктерінің орны тұрақты, араларына сөз түспейді. Халық танымында ұзындықты өлшеуде өздеріне жақсы таныс аттың тізгіні, шідері, тұсауы, қамшы сияқты таңбалаушы атаулардың уәждік негізінде тұсау бойы, тізгін бойы, шідер бойы, қамшы бойы сияқты таңбаланушы өлшемдік тіркестер жасалған. Тілімізде өлшемдік ұғымды білдіретін сөздер мен сөз тіркестерінің, фразеологизмдердің аталуына себеп болған уәждік белгілері бойынша бірнеше уәждік топқа бөліп көрсетуге болады. Соматикалық ұғымдармен байланысты аталуы: елі, қар, қарыс, сере қарыс, кере қарыс, сүйем, сынық сүйем, табан, шынтақ, бармақ, құлаш, құшақ, уыс, белуардан, тобықтан, қызыласықтан, қылтадан, т.б. Құрал-сайман атауларына байланысты аталуы: арқан бойы, құрық бойы, қамшы бойы, найза бойы, тұсау бойы, шідер бойы, тізгін бойы. Төрт түлік малдың жайылымына, шабысына, жүрісіне, мекеніне байланысты аталуы: ат шаптырым жер, тай шаптырым жер, құнан шаптырым жер, түйе көш жер, қозы көш жер, бойдақ қой ауылындай жер, қозы өрісіндей жер, қозы көген жер, қой өрісіндей жер, бие бауындай жер. Ас-тағамдар мен тұрған ыдыстарына байланысты аталуы: бір саба қымыз, бір табақ ет, бір қап ұн, бір қарын май, бір шымшым тұз, бір салым шай, бір асым ет, бір тілім нан, бір ұрттам су, т.б. Тәулік, уақытқа байланысты аталуы: күндік жер, сәскелік жер, түстік жер, бір түндік жер, апталық жер, айшылық жер. Сонымен тіліміздегі өлшемдік ұғымды білдіретін атауларды осындай уәждік белгілері бойынша топтастырдық. Кез келген тілдік бірліктер сияқты өлшемдік ұғымдардың да астарында күрделі және бірнеше уәж жататыны белгілі. Соның ең басты уәжі – танылған затқа не құбылысқа негіз болатындығын ашып көрсету үшін, аталым теориясындағы уәждеме құбылысына сүйенетіндігіміз ақиқат.