Жансугирова Гульден Жубаткановна, Арал көпсалалы колледжінің физика-математика пәні оқытушысы
Тәрбие сағатының жоспары Тәрбие сағатының тақырыбы: «Біздің ортамызда зорлық зомбылыққа жол жоқ!»
Тәрбие сағатының мақсаты: Білім алушыларға былық туралы мағлұмат беру, адамның жаны мен тәніне үлкен зардап әкелетін соққы екенін түсіндіру және зорлыққа қарсы біздің елімізде заң бар екенін айту.
Оқушыларға өз жүрген орталарында мейірімді болуға, бұзақылық істерге бармауға, адами бойларындағы қасиеттерін сақтауға, әдепті де, тәртіпті тұлға болып өсуге тәрбиелеу.
Сабақтың әдісі: түсіндіру, пікір алысу.
Көрнекілігі: «Татулық», «Достық» ағаштары, плакаттар мен фотолар
Қажетті жабдықтар: постер, түрлі-түсті қағаздан қиып алынған алмалар,
Сабақтың барысы:
I Ұйымдастыру кезеңі
Екі топқа бөліну:
«Бақыт» және «Достық» тобы
Іс шараның қадірлі қонақтарымен таныстыру
Видеоролик көрсету. Білім алушылардан көрсетілім не туралы екендігін сұрай келе тақырыпты ашу
II Негізгі бөлім
Кіріспе сөз. Мұғалім сөзі
Қоғам үшін ең бастысы – тәуелсіздік, адам үшін бас бостандығы және уайым қайғысыз өмір.Оның кепілі – заңдылық.Тәуелсіздік төрімізден орын алған қоғамымыздағы ең басты құндылық – адам бостандығы.
Адамның және адамзаттың құқықтары мен бас бостандықтарын қамтамасыз ету және қорғау – конституциялық заңдылықтың басты талабы.
Қазақстанда салауатты өмір салтына қол жеткізуде, денсаулықты сақтау мен нығайтудағы басты міндеттің бірі – бала құқығын қорғау, зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жүргізу.
Зорлық-зомбылық құқықта «Бір адамның екінші бір адамға, оның жеке басына тиіспеушілік құқығын бұзатын тәни және психикалық ықпал жасауы» делінген.
Тән азабын шектірген зорлық – адамның ағзасына тікелей әсер ету, ұрып-соғу, денесіне зақым келтіру, тағы басқа. Тән азабын шектірген зорлықтың салдарынан жәбірленушінің денсаулығына зиян келтірілуі мүмкін.
«Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші балаға отбасы тәрбиесінің әсері мол. Тәрбиеге әсер беретін өскен орта, ата-ананың тәрбиесі дұрыс болмаса, жаман әсерлер адамды азғырып, түрлі жаман мінезді жұқтырады.
Ал енді, балалар, қазір біз зорлық, зомбылық туралы әңгімелесіп көрейік. Жаңағы айтқандай зорлық әр түрлі сипатта болады. Мысалы, әлі жететін адам өзінен әлсіздерге күш көрсетіп, ренжітсе бұл қорлықтың бір түрі.
Енді ойын алаңына келейік. Ойын «Қуаныш-реніш» деп аталады.
Сабақтан жоғары балл алдың….
Сені біреу итеріп қалды…..
Досың қонаққа шақырды….
Орынсыз ренжітті…
Стипендия алдың….
Мақтау қағазын алдың….
Сонымен, сендерге РЕНІШ ұнады ма, ҚУАНЫШ ұнады ма?
«Сіз жасаған болсаңыз...» Әрбір жасаған істері үшін парақты тесіп ағаш өткізеді
біреуді кемсітіп, мазақтадыңыз ба?
біреудің затын рұқсатсыз алдыңыз ба?
біреуге ғайбат сөз айттыңыз ба?
біреудің затын қасақана бүлдірдіңіз бе?
біреуді әлеуметтік желі арқылы намысына тиетін сөз жіберген кезіңіз болды ма?
бірдеңені бүлдіруге итермеледіңіз бе?
Біреуге әлімжеттік жасадыңыз ба?
Басқа адамға деген ренішіңді қалай жеңуге болады? Татуласу үшін сіз не істер едіңіз?
«Татулық» атауы бар ағаш суретіне ренішті басатын, татуласуға бастама болатын сөздерді жазып жапсыру (Бақыт тобы)
Ренішті бірден басса болады – себебі, достарға ренжуге болмайды.
Егер өзіңнің қылығыңның дұрыс емес екендігіңді сезсең, бірінші болып кешірім сұрай біл.
Қуаныш сыйлауға тырысу.
Достарды ренжітпеу.
Ренжіскен жағдайда әрқашан бірінші қадам жасап татуласу.
Өзің ренжіткен адамның орнына өзіңді қойып көру.
Мына әңгімегені тыңдайық.
Бірде жаман мінезді ұлына әкесі шеге толы жәшік беріп: «Маңайыңдағы достарыңмен әр жанжалдасып қалған сайын тақтайға бір шегеден қағып отыр»,- деп тапсырыпты.
Алғашқы күні-ақ баласы тақтайға көп шеге қағып үлгеріпті. Бір күні тақтай беті шегеге толса керек. Бұл жайын әкесіне барып айтыпты. Әкесі: «Ал енді, балам, бүгіннен бастап, сол достарыңмен татулас, бірақ татуласқан әр күнің үшін тақтайдан бір шегеден суырып алып отыр»,- депті.
Біраз күндер өтіпті. Бір күні қараса, тақтайдағы бар шеге шығарылып біткен екен. Сонда оны сырттай бақылап жүрген әкесі баласын тақтайдың алдына ертіп әкеліп: «Балам, жарайсың, жарадың,- депті,- алайда, мына тақтайға жақсылап тұрып қарашы! Шегелерді суырғанда қалып қойған іздерді, көп тесікті көріп тұрсың. Бұл дегенің — тақта әуелгісіндей таза қалпында, әдемі болып қалмайды деген сөз. Достармен төбелескен сайын арада жаман сөздер айтылады. Әр жаман сөз артына мына шегелер тәрізді шұрқ тесік қалдырып отырады. Артынан татуласып жолдасың мың жерден кешірдім дегенімен, мына тесіктер секілді көңілде кірбіңнің бәрібір сыз болып қалып кетіндігі шындық. Сондықтан, ешбір досыңмен жүз шайыспағайсың, балам»,- деген екен сонда өз ісінің астарын түсіндіріп, өмірлік ұмытылмас сабақ ұқтырған әкесі.
«Сұрақтар» аялдамасында осы мәтіннің оқиғасы бойынша сұрақтарға жауап беріп көрейік.
Досыңды ренжіту оңай, оның жан жарасын жазу да оңай ма?
Кешірім сұрау қиын ба?
Қалай ойлайсыңдар, әкесі дұрыс істеді ме?
Ал осы айтқандарды ескере отырып, «Достық ережесін» өзіміз жасап көрейік. Кім өз ережесінің пунктерін қосқысы келеді? (Бұл тапсырманы достық тобы орындайды. Олар әр түрлі гүлдерден гүл шоғын жасап шығарады. Әр гүлде бір ережеден жасалады).
Топта өздері ереже жасап, қорғайды.
Бір-бірімізге көмектесу;
Ешкімге күш көрсетпеу;
Басқалардың пікірімен санасу;
Болмашы нәрсеге бола айтыспау;
Досымды қиындықта қалдырмау;
Біреудің құпиясын жарияламау;
Басқалардың жетістіктеріне шын жүректен қуана білу;
Қолда бармен бөлісу;
Басқалардың кемшілігіне күлмеу және кемсітпеу;
Кешірімді болу;
Осы ережелерді есте ұстаған адам ешқашан және ешкімге зорлық көрсетпейді деген ойдамыз. Біздің бақытты болуымыз өз қолымызда. Біреуге істеген жамандығың өзіңе екі есе болып айналып келетіндіктерін ұмытпасақ, нағыз бақытты адам боламыз.
Енді бәріміз «Мен зорлыққа қарсымын» деген ниетпен шаттық шеңберін жасайық
(Оқушылар шеңбер құрып ешкімді ренжітпеймін, ешкімге ренжімеймін, кек сақтамаймын, кешірімді боламын деген сияқты сөздерін айтып, қолдарын бірінің үстіне бірін қояды.)
Қорытынды сөз: Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Б.Айдилдаев
Достарыңызбен бөлісу: |