-АР жұрнағы. Ескерткіште бір деген түбір сөзге жалғанып, болжалдық сан есім жасалған бирар сөзі ғана ұшырасты. Мысалы, Бирар куш бирла қылғыл бизни мадхуш 380 (Бірер тостақпен бізді мас қыл). Ескерткіш тілінде де, қазақ тілінде де -ар жұрнағы өте өнімсіз жұрнақ ретінде саналады. Қазақ тілінде де бірер деген болжалдық мағынада қолданылады.
Етістік тудыратын жұрнақтар. Мн ескерткішінде етістік тудыратын жұрнақтар санаулы-ақ.
-ЛА жұрнағы. Бұл жұрнақ қазіргі түркі тілдерінде де есім сөздерге жалғанып, етістік тудыратын ең өнімді жұрнақ ретінде саналады. -ла жұрнағының басқа ескерткіштерде -лә, -да, -дә варианттары бар. Ал біз зерттеп отырған ескерткіште бір ғана -ла варианты ұшырасты: башла (баста), аула (аң аула), бағла (байла), сақла (сақта).
Көңүлни бағлағайын өзга йара 556 (Көңілімді байлайын өзге жарға); Китабат башладым анжама йеткай 99 (Кітабымды бастадым. Аяқтауға жеткізе гөр); Көзүң ахусы арысланларны аулар 446 (Көзіңнің жайраны арыстандарды аулайды); 592 Халалдин сақлағыл иманымызны 592 (Адалдықпен сақтай гөр иманымызды).
Ескерткіште сонымен қатар -ла жұрнағымен жасалған қатла (рет) сөзі кездесті. Мысалы, Вафадин жавриңиз миң қатла хошрақ 578 (Адалдықтан жәбіріңіз мың есе жақсырақ).
Р. Досжан ҺХ-та кездесетін ең өнімді жұрнақтардың бірі -ла жұрнағы арқылы жасалынған туынды етістіктердің беретін мағыналары сол түбір сөздің беретін негізгі мағынасынан алшақтап кетпейді, сондықтан да бұл етістіктердің мағыналарының жан-жақтылығы, әр түрлілігі түбір сөздің семантикалық жан-жақтылығымен түсіндіріледі [62, 292-294 бб.] деп осы жұрнақтың мағыналық он түрін көрсетеді. -ла жұрнағы қазақ тілінде өте өнімді жұрнақ, беретін мағынасы да, қолданылу аясы да кең.
-А жұрнағы. Бұл жұрнақ есімдерге жалғанып етістік тудырады. Аша (аса, тамақ же деген мағынада), өрта, йаша, тила, ойна-. Бұл сөздердің түбірлерінің барлығы есім сөздер: аш (ас), йаш (жас), ойын, тил (тіл).
Йигит сен, бада ичкил, нуқл ашағыл 171 (Жігіт сен, шарап ішіп, тәтті тағам асағыл); Жамалиң равнақы ´аламни өртар 368 (Жамалыңның алауы әлемді өртейді); Бүгүндин соң йүз еллик йыл йашағыл 172 (Бүгіннен соң жүз елу жыл жасағыл); Тилармин ким бизниң тил бирла пайда 51 (Тілеймін пайдаңды, біздің тілде).
Қазіргі қазақ тіліндегі -а (-е) жұрнағын ғалым А. Ысқақов көне қосымшалардың бірі ретінде танып, о баста есім сөзді етістікке айналдыратын өнімді қосымша болғанымен, тек бұрынғы кезде жалғанған сөздерінің аясында (ат-а, ас-а, дем-е, жас-а, от-а, ой(ы)н-а, өрт-е, тіл-е) ғана қалып қойған деп көрсетеді [57, 234 б.].
Достарыңызбен бөлісу: |