Көркабай. Әдемі. Пари рухсарларның көркка байы Мн 187 (Пері сұлуларының көрікке байы). «Гулистан бит-турки» ескерткішінде де бар. Мысалы, қамал көркәбай Г (Өте сұлу). ХШ-да тіркелген. Көркке бай деген тіркестен тұратын бұл сөз тек Алтын Орда әдеби тіліне ғана тән сияқты. Бұған кезінде А.Н. Самойлович назар аударған болатын.
Тек. Сияқты, сондай. Jaγïmïz tẹgirä učuq tẹg ẹrti ДТС 546 (Жауларымыз жыртқыш құс сияқты еді). Шакар тек тил била ´аламни туттың Мн 50 (Шекердей тіліңмен әлемді бағындырдың). Ескерткіште тек сөзінің дег варианты да жарыса қолданған. Ен-орх., Е.ұйғ. ҚБ, МК осындай; қаз. -дай.
Бақ-. Көне түркі тілінде бір ғана айналаны бағдарлау, бағу, қарау мағынасында қолданылған. Мысалы, Baqar erdi qamaγta ДТС 81 (Барлық жерді қарап шықты). Қазіргі түркі тілдерінде: түрк., bakmak; әзірб., башқ., bağıv; bahmag; өзб., bákmák; тат., bağu; түркм., bakmak; ұйғ., bakmak; қаз. бағу, қарау [43, 46-47 бб.].
Асрү. Өте. Ašru tükäl qut boldï ДТС 64 (Өте жақсы құт болды). Ким асрү би вафадур бу замана Мн 175 (Тым опасыз байқағанға бұ замана). Қазіргі қазақ тілінде сын есімнің күшейтпелі шырайы аса, тым ең сөздерімен беріледі. Яғни, бұл сөз қазіргі қазақ тілінде «әсіре қызыл тез оңар» фразеологизмнің құрамында сақталып қалған.
Телим. Көп. tẹlim jarmaq ДТС 550 (Көп жармақ [ақша]). Телим гүлчехра наргис көзлилар бар Мн 557 (Гүл жүзді көп нәркес көзділер бар). Бұл сөздің ескерткіштегі мағынасы – көп, бірнеше. Бұл талим сөзі қазақ тіліндегі талай сөзімен түбірлес, мағына жағынан да жуық. ҚБ қос сөз: өкүш-телим; е. ұйғ., МК тәлим; түр. дәлим. Қазіргі өзбек, ұйғыр тілдерінде көп сөзі бир талай түрінде кездеседі.
Оза. Бұрын, ілгеріде. ẹrdi oza ẹränlär ДТС 375 (Бұрын ерлер болды). Оза жансыз тан ерди мүлки сенсиз Мн 111 (Сен жоқ кезде мемлекетіміз жаны жоқ тән сияқты еді). МК оза, ал озақы деген сөз «өтіп кеткен» деген мағынада; қазақ тілінде озған, озып осы түбірден жасалған сөздер болуы мүмкін.
Бұл сөздердің барлығы да қазақ тілімен салыстырғанда дыбыстық өзгерістерге ұшырағандықтан, сыртқы фонетикалық тұрпаты жағынан көнерген сөздер қатарына жатқызылады.
Енді бір топ сөздер қазіргі қазақ тілінде ұшырамайтын көне сөздер қатарынан орын алады. Бірақ қазіргі түркі тілдерінде орта ғасырдағы форма сақталынған.
Достарыңызбен бөлісу: |