Ары І зат. гүл шырынан бал жиятын қанатты насеком. Ары гүлни арының ашы қылды 19 (Таза гүлді араның асы қылды). Ары сөзі қазақ тілінде сөз соңындағы ы дыбысы а дыбысына алмасқан.
Ары ІІ сын. лас емес, кірсіз; тап-тұйнақтай, мұнтаздай. Вали хүсн ичра жаухардин ары син 452 (Бірақ сұлулықта гауһардан да асасың).
Орта ғасырлардағы түркі жазбаларында ару (ары, арығ, аруғ, арық) сөзінің «таза, кіршіксіз», «әулие, игі» мағыналары сақталған. Мұнда да ары тон (таза киім), ары гәуһар (шынайы гауһар), арық гүл (таза гүл), арығ сув (таза, ағын су), арығ сифат (игі сипат) деген тіркестерді көреміз. Бұл сөз, тегі, тек түркі емес, түркі-монғол тілдеріне ортақ ежелгі сөз болу керек. Өйткені монғол тілінде де ариг сөзі «таза» мәнін береді. Монғолша ариг ус – ауыз су (таза, ішуге келетін су), арила (х) қазақша арула (у) – «тазарту, тыйылу (жауынның ашылуы), жойылу, жоғалу» мағынасын береді ариун 1) «киелі, әулие, таза, адал, 2) үсті-басы таза жүретін деген мәндегі сөздер [85, 44 б.].
Ел І зат. халық, жұрт, қауым. Қылур Йүсүпни Мысыр елинда султан 28 (Жүсіпті Мысыр еліне сұлтан қылды). Қазақ тілінде осы қалпында қолданылады.
Ел ІІ зат. адамның бір нәрсені ұстайтын, жұмыс істейтін дене мүшесі. Берүр йарым сиңак елкинга сатур 23 (Жарымжан масаның қолына селебе пышақ береді). Ескерткіште ел, қол сөздері жарыса қолданылған. Бұл ел сөзі қазіргі қазақ тілі тұрғысынан архаизмге айналған. Қазіргі кезде тілімізде қол сөзі жұмсалады.
Йа І зат. кермесіне жебе салып тартатын қару, садақ. Ким ол йа қашларың зүннар кескай 512 (Садақтай қасыңның талшықтары зуннарды тіліп түскендей). Қазақ тілінде жақ сөзі көне сөздер ретінде саналады. Яғни қазіргі кезде тілімізде қолданыстан шығып қалған.
Йа ІІ шыл. немесе, я, яки мағынасын береді. Шакарму ерниңиз, йа қанд, йа жан 441 (Шекер ме ерніңіз, әлде қант па, ей, жаным?).
Омонимдік қатарды жасаушы сыңарлар әртүрлі сөз табынан болғанда лексика-грамматикалық омонимдер түзілетіні белгілі. Лексика-грамматикалық омонимдік қатарлар негізінен зат есімдер мен етістіктерден, сын есімдер мен етістіктерден жасалынады. Ескерткіш пен қазақ тілінде есімдік пен етістіктен, зат есім мен сын есімнен, үстеу мен зат есімнен құралған жартылай омонимдер өте аз ұшырасады.
Ескерткіште кездесетін омонимдік қатарлардың көпшілігі – зат есім. Сонымен қатар омонимдер екі түрлі сөз табынан да жасалған. Мысалы, ары /ара/ – ары /таза/ алғашқы сыңары зат есім болса, соңғы сыңары сын есім. Қыл /жіңішке мағынасында/ – қыл /істе, жаса/ бірінші сыңары сын есім, екінші сыңары етістік. Қой /зат есім/ – қой /етістік/, йүз /сан есім, зат есім, етістік/, сач /зат есім, етістік/.
Омонимдес сөздердің ерекшелігі – олардың барлығы да жалпы түркі тілінен жасалғандығында. Омонимдердің қатарында ел /қол/, йа /садақ/ сияқты бірен-саран архаизмдер ғана кездеседі. Омоним сөздердің ішінде ачық сөзінен басқалары түгелге дерлік түбір сөздерден жасалғандығы байқалады.
Достарыңызбен бөлісу: |