«Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады.»
(Әлихан Бөкейханов)
Тәуелсіздіктің тамырын түсініп, егемендіктің ебін таппасақ жоғарыда аталғандай күй кешеміз. Бұл қайнаған қанның, қиналған жанның, тебіренткен көңілдің, лүпілдеген жүректің нәтижесі. Тәуелсіздікке апарар жол шын қиын болды. Бүгінде бұл бабаларымыздың болашақ жастарға қалдырған үлгі-неге, өсиеті сияқты. Кешегі өткен еліміздің тіміскі тағдыры бүгінгі жастың жадында. Әсте ұмытылмақ емес. Жер қорғаған батырдан, азаттық аңсаған алаш көсемдері мен желтоқсан жастарына дейін мәңгі ел есінде.
Тәуелсіздікті алу қиын, ал оны тұғырлы етіп, сақтап қалу одан да қиын. Сондықтан, мемелкеттің саяси, әлеуметтік, экономикалық дамуы ең алдымен қазақстандықтардың рухани дамуы мен патриоттық тәрбиесіне тікелей байланысты. Яғни, жастардың патриоттық тәрбиеленуі өте маңызды. Патриоттық тәрбие дегеніміз, отанға деген сүйіспеншілік, туған жерге деген қамқорлық, ел болашағына деген шын жанашырлық. Жастарға патриоттық тәрбие беруде ата-ана да, ұстаз да, қоғам да өз үлесін қосуы шарт. Ата-ана отбасында отансүйгіштікке баулып, әр жылы тәуелсіздік күнінде отбасылық мереке ұйымдастыруды дағдыға айналдыру сынды кішігірм шарадан басталады. Ал ұстаз мектеп қабырғасында шығарманы оқытуда пәнмен байланыстыру арқылы егемендіктің қадірін ұғындыра алуы қажет. Ал қоғамда әртүрлі бағдарламалар ұйымдастыру. Мысалы, «Туған жер» бағдарламасы. «Туған жер» деген кезде әрбір азаматтың, әрбір адамның жүрегінде тулаған шабыт пен сезім ұялайтыны анық. Себебі адам өзінің туған жерінің төлі. Сол даланың, сол жердің, сол мекеннің меншігі. Туған жерге деген сезім мен махаббатың өлшемі шектеулі болмайды. Ол шексіз. Осы бір ерекше шексіз патриоттық сезімді әрбір азамат пен жастардың бойына етене сіңіріп, қандарына дарыту үшін, сөздің ұғымын кең мағынасында түсіну үшін, Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында орындалу керек міндеттердің ішіне «Туған жер» бағдарламасын ұсынды. Бұл бағдарламабілім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді.
Қорытындылай келе, тәуелсіздіктің 31 жылдығы бұл жай мереке яки салтанатты мейрам емес. Бұл жеңіс. Мәңгілік елдің бүгіні мен болашақтың бастауы. Қазақстандықтардың достығының жемісі, еңбекқорлығы, елге деген жанашырлығы.