14-тарау. Қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы шұғыл жағдайларда фармакологиялық қадағалауға дайындықты жоспарлау 62. Тіркеу куәліктерін ұстаушылардың және уәкілетті органның, уәкілетті ұйымның фармакологиялық қадағалау жүйелері қоғамдық денсаулық сақтау саласында туындаған шұғыл жағдайларға бейімделеді. Қажеттілігіне қарай, дайындық жоспарларын әзірлеу қамтамасыз етіледі. Қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы шұғыл жағдайларға қойылатын фармакологиялық қадағалау талаптары уәкілетті органды жекеше негізде бағалайды. Фармакологиялық қадағалау талаптары туралы тіркеу куәліктерінің ұстаушылары және қауымдастықтар хабарлайды. Уәкілетті орган шұғыл жағдайлар туралы хабарламаларды өз веб-сайтында жариялауды қамтамасыз етеді. 15-тарау. Фармакологиялық қадағалау жүйесінің мастер-файлы 1-параграф. Құрылымдар мен процестер 63. Фармакологиялық қадағалау жүйесінің мастер-файлы фармакологиялық қадағалау жүйесін сипаттауға және оның заңнама талаптарына сәйкестігін құжат жүзінде растауға арналған. Мастер-файл тіркеу куәлігін ұстаушының фармакологиялық қадағалау жүйесінің аудиттерін, сондай-ақ Уәкілетті органның инспекциялауын жоспарлау мен орындауды тиісті үлгіде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Мастер-файлда тіркеу куәлігін ұстаушының фармакологиялық қадағалау жүйесіне шолу қамтылады, бұл тіркеу кезіндегі және тіркеуден кейінгі сатыларда оларға уәкілетті органның жалпы баға беруіне мүмкіндік береді. 64. Мастер-файлды құрастыру және ондағы ақпаратты өзекті деңгейде сақтау тіркеу куәлігінің ұстаушысына және фармакологиялық қадағалау жөніндегі уәкілетті тұлғаға мынадай мүмкіндіктер береді: 1) фармакологиялық қадағалау жүйесінің заңнама талаптарына және тиісті фармакологиялық қадағалау практикасына сай енгізілгеніне көз жеткізу; 2) жүйенің қолданымдағы талаптарға сәйкестігін растау; 3) жүйенің кемшіліктері туралы ақпарат алу немесе талаптардың қадағаланбауын анықтау; 4) қауіптер немесе фармакологиялық қадағалау қызметінің белгілі бір бағыттарын орындау тиімсіздігі туралы ақпарат алу. 65. Мастер-файл ақпаратын пайдалану жүйені тиісінше басқару процессін оңтайландыруға, сондай-ақ фармакологиялық қадағалау жүйесін жетілдіруге ықпал етеді. Тіркеу куәлігін ұстаушының мастер-файл нысанындағы фармакологиялық қадағалау жүйесінің қысқаша сипаттамасын беру талаптары, сондай-ақ тиісті органның өзгерістер енгізу хронологиясы ұлттық құзырлы органдардың қауіптерді бағалау әдісінің негізінде инспекцияларды жоспарлауын және тиімді өткізуін жеңілдетеді.