Қорытынды Тіл адам баласының басты құндылығы. Өйткені, тіл – адамның жаны, қатынас құралы. Тіл сөйлеу арқылы көрініс табады, бұл оның мәні, оның мақсаты мен қоғамдағы іс-әрекеті, табиғатының көрінісі, яғни тілсіз өмір сүре алмаймыз. Біз тіл арқылы сөйлеп, бар ойымызды жеткіземіз, айтамыз, пікір алмасамыз. Кез келген адам өз ойын жанындағы адаммен, әлде қоғаммен қарым-қатынас жасау үшін өз тілінің көмегіне жүгінеді. Тіл ойды жеткізудің құралы ғана емес, тіл алмас қылыштай өткір құрал. Сөз баққан халқымыз « тіл-тас жарады, тас жармаса бас жарады», - деп бекер айтпаған. Тіл – адам мен адам арасындағы қатынас құралы ғана емес, өзара пікір алмасатын, бір-бірін түсінісетін басты құрал.
Тіл демекші – тілі бар адам тек тіл арқылы өз ойын жеткізе алмайды. Адам өз ойын жеткізу үшін сөйлей білуі керек. Сөйлеу деген – кез келген адамның тілі арқылы басқа адаммен қарым-қатынас жасау құралы. Қарым-қатынасты әрбір адам өз ортасының сөйлеу мәнері арқылы, өмір сүріп жатқан ұлтының қолданып жүрген тіл құралдары арқылы сөйлеп, ойын жеткізеді. Ал тіл дыбыс және сөз, сөзден сөйлем құрау құралдары арқылы жұмыс жасап келесі адамға жеткізеді және кері байланыс арқылы ақпарат алады. Ал ендігі кезекте сөйлеу үшін адамның ой-түйсігі керек. Ой дегеніміз дүниені танып білуге арналған түйсік, көрген білгенімізді дамыту. Біз тіке біле алмайтын заттарды және құбылыстарды ойлаудың ғана көмегімен біле аламыз. Түйсік арқылы қабылдаған заттарды және құбылыстары ойланып, қорытынды жасаймыз. Бірақ жәй қорытынды арқылы бүкіл дүние заттарын, құбылыстарын, өзімізге қажеттісін біліп тану мүмкін емес. Сондықтан адам ойы, түрлі заттар мен құбылыстарды бір-біріне байланыстыра отырып шешімін табады. Ал біле алмаған, ойлана келе шеше алмаған заттар мен құбылыстарды ойланып, тіл арқылы сөйлеп, басқа адамнан сұраймыз, немесе жазбаша жаза отырып табамыз. Ойлау мен тіл бір-бірімен тығыз байланысты. Тіл мен ойдың бір-біріне берері де, бір-бірінен алары да көп. Тіл ой сананы қалыптастыратын, оны материалды түрде дамыта отырып, жарыққа шығаратын, басқаларға ой-сана табыстарын сақтай отырып білдіретін, өскелең ұрпаққа аманат ретінде жеткізетін құрал.
Дүниеде адамды ерекше жаратылыс иесі ретінде ерекшелеп тұрған да осы ой мен сана, тіл. Қай бір жаратылыс иесі болса да, содан дәрежесі әлдеқайда биік, Алланың жаратқан ең саналы жаратылысы – ол адам. Адам баласына берілген осы бір қасиеттер тіл мен ой, сана мен сөйлеу жүйесі бір-бірімен тығыз байланысты құбылыстар. Жер бетінің дамуы – адам баласының ойы мен санасының жемісі. Осы тұста бұның бәрі адамзаттың бір-бірімен ойын жеткізуі, тіл арқылы қарым-қатынас орнатып алдыңғы қадамдарды жасауының нәтижесінде. Сондықтан да адам баласының бойына берген тіл де, ойлау қабілеті де, сөйлей алуы да адамның таудан да биік аманаты, ең қажет дүниесі. Тіл мен ой, ойлау мен сөйлеу – ең басты байлық. Ендігі адамдардың мақсаты - оңайшылықпен қалыптасқан тіл байлығын, сөйлеу мәнерін, ана тілін болашақ ұрпаққа аманат ретінде қадірлеп жеткізу.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі : Қалиұлы Б. Тіл біліміне кіріспе. – Алматы , 1997. – 22 бет
Аханов К. Тіл білімінің негіздері. – Алматы , 2002. – 54, 55бет
Н.Г Чернышевский. ПСС. 1951, т. Х,стр. 8376, 890