Тіл, сөйлеудің сипаттамалары, қызметтері Тіл, сөйлеу ежелден бері жеке адамның да қоғамдық ой-санасын дамытып жетілдіруде аса маңызды рөл атқарады. Адамдардың арасында қатынас құралы ретінде тілдің қызмет атқару, оның негізгі қызметі. Сондай-ақ тіл адам сана-сезімінің, психологиясының көрсеткіші. Тіл адамды қимыл әрекетке де итермелейді. Бұл оның атқаратын екінші қызметі.
Тіл ғылым мен психология пәнінің сабақтасқан буыны - психолингвистика ғылымының зерттейтін мәселелері - тіл мен ойдың байланысқан және өзіндік ерекшеліктерін тіл білімі, психология, логика, социология, тарих т.б. ғылымдар тұрғысынан қарастыру, тіл мен сөйлеу әрекетінің жеке психикалық процестері мен өзектестігі сияқты жайттар. «Тіл» ұғымының да ауқымы кең ол көбінесе қоғамдық ғылымдарда жиі қолданылады. Тіл жеке адамның еншісі ғана емес, ол бүкіл адамзатқа ортақ қоғамдық құбылыс. Тіл арқылы әр қоғамның ғасырлар бойына жинақталған рухани мұрасы ұрпақтан ұрпаққа жеткізіліп отырылады.
Адамның саналы құрылған күрделі саналы әрекетінің қалыптасуына себепші болған шарт - бұл тілдің туындауы еді. Тіл деп қоршаған дүние заттарын, олардың әрекетін, сапасын және объектілер арасындағы қатынастарды бейнелейтін рәміздер (символ, код) жүйесін айтамыз. Сөз сөйлеуге қосыла тілдесудің негізгі құралына айналды, соның арқасында адам ақпарат топтайды, білдіреді, адамдар әулетінің тәжірибесін үйреніп, игереді. Тілдің шығу негізін адамның қоғамдық еңбек қатынастарынан іздеген жөн.
Тіл алғашқыда адамдардың еңбек процесінде қарым-қатынас жасау қажеттігіне байланысты қалыптасты. Біріккен тұрмыстық іс-әрекетке қатысты екінші біреуге көңіл-күй ғана емес, еңбекке байланысты заттар жөнінде де ақпарат білдіру қажеттігі туды. Ақпараттардың осы алғашқы белгілері: интонация, ишаралар және қарапайым дыбыстар болды. Тек мыңдаған жылдардың өтуімен дыбысты тіл жалпы әрекеттен бөлініп, дербестігіне жетті. Тіл - заттарды, олардың қозғалысын, сапасын және қатынастарын білдіретін таңбалар жүйесі, ақпарат жеткізуші құрал ретінде адамның саналы әрекетінің бұдан былайғы өркендеуінде үлкен маңызға ие болды. Осыдан тіл де еңбекпен қатар сана қалыптасуының негізгі себептерінің біріне айналды.
Тілдің адам өміріне енуі іс-әрекетке өте мәнді болған үш өзгеріс енгізді:
- қоршаған орта заттары мен оқиғаларын жеке сөздер мен сөйлемдерге келтіріп, тіл сол заттарды бөліп алып, оларға назар салып, есте қалдыруға мүмкіндік берді;
- тілдегі сөздер белгілі заттарды атап қана қоймастан, олардың мәнді қасиеттерін абстракты арқылы танып, қабылданушы затты тиісті категорияларға (мәндес топтарға) жатқызуға көмек берді;
- тіл адамзаттың қоғамдық тарихында жинақталған ақпаратты жеткізудің бірден-бір құралы.
Тілдің көмегімен сөйлеу қарым-қатынасында әрбір адам білімнің көп бөлігін басқа адамдардан алады. Жинақталған тәжірибені және білімді меңгеруге оқыту үрдісі жатады, білімді беру және алу негізінен тілдің көмегімен іске асады.
Сөйлеу - бұл тілдің көмегімен адамдардың өзара қарым-қатынас үрдісі. Сөйлеу негізгі екі қызметті атқарады - коммуникативтік және сигнификативтік, олардың арқасында сөйлеу қарым-қатынас құралы және ойдың, сананың өмір сүру түрі болып табылады. Сөзде негізгі болып табылатын оның мәні, оның сематикалық мазмұны. Біздің зейінімізде негізінде сөйлеудің мағыналық мазмұны шоғырланған. Адам тілінің әрбір сөзі қандай да болмасын затты білдіреді, қандай да болмасын сөздерді айта отырып, біз әр уақытта да белгілі бір затты немесе құбылысты білдіреміз. Адамның тілі жануарлар тілінен ерекшеленеді, ол тек қана дыбыстар арқылы аффективтік жағдайды білдіре алады, бірақ ешуақытта да дыбыстармен белгілі заттарды білдіре алмайды. Тілді құрайтын сөздің негізгі қызметін сигнификативтік деп атайды. Ол адамға ерікті түрде заттардың бейнесін жасауға мүмкіншілік береді. Сөз одан да басқа өте күрделі қызметке ие, ол заттарды талдауға мүмкіншілік береді. Сөйлеудің келесі қызметі оның-коммуникативтік қызметі, ол өзі мәнерлі бейнелеудің құралдарын қамтиды. Мәнерлі бейнелеу қызметін сөйлеуде өздігінен анықтай алмайды. Сөздің екі негізгі коммуникативтік және сигнификативтік қызметінің арқасында ол қарым-қатынас құралы және ойдың, сананың өмір сүру түрі болып табылады, біріншісі екіншісі арқылы қалыптасады.