Тілдің экспрессивтік, эмоционалдық, бағалауыштық қызметін анықтау қазақ тіл білімінде кейінгі кездің жемісі. Алайда тілдің экспрессивтік, эмоционалдық, бағалауыштық қызметі қазақ ғалымдарының назарынан тыс қалмаған



Дата28.04.2023
өлшемі13,63 Kb.
#87946
Байланысты:
№ 10 апта тапсырмасы


Тілдің экспрессивтік, эмоционалдық, бағалауыштық қызметін анықтау - қазақ тіл білімінде кейінгі кездің жемісі. Алайда тілдің экспрессивтік, эмоционалдық, бағалауыштық қызметі қазақ ғалымдарының назарынан тыс қалмаған. Айталық, бұл мәселе М.Б. Балақаев, І.К. Кеңесбаев, Ғ.Ғ. Мұсабаев, Ш.Ш. Сарыбаев, А.Т. Қайдаров, Р.С. Әміров, М.С. Серғалиев т.б. ғалымдар еңбектерінде айтылған.
Тілдің аталған қызметіне көлемді еңбектермен қатар, әр бағытта мақалалар жазылып келеді. Соның ішінде сөздің эмоционалды-экспрессивті қызметіне көптеген мақалалар арналған. Атап айтсақ, А.Т. Қайдаровтың «Экспрессия как фактор языкого выражения эмоций» (Вестник АН КазССР, 1983, №9,с.15-20), І.К. Кеңесбаевтың «Фразеологияның экспрессивті-семантикалық функциялары жайында», т.б.
Ауызекі сөйлеу тіліндегі эмоционалдылық пен экспрессивтіліктің ерекшелігіне арналған көлемді еңбек – М.С. Серғалиев пен Ш.И.Нұрғожинаның «Эмоционально-экспрессивная лексика казахского разговорного языка» (1995) атты еңбектері. Мұнда ауызекі сөйлеу лексикасындағы эмоционалды-экспрессивті сөздердің ерекшеліктері, олардың жасалу жолдары мен тәсілдері, лексико-грамматикалық топтары қарастырылған.
Ал, А.Нұрмахановтың «М.Әуезов драмалық шығармаларындағы эмоционалды-экспрессивті лексика» атты диссертациясында аталмыш тақырып жан-жақты, бірнеше жүйелі түрде зерттеліп, құнды ғылыми тұжырымдар жасалған.
Сөздің эмоционалдылығы пен экспрессивтілігі стильдік тұрғыдан да қарастырылып келеді (С.А. Абдуллаев, Х.М. Нұрмұханов, В.И. Лиханов т.б.).
Қазақ тілінде сөздің, фразеологиялық тіркестердің эмоционалдылығы мен экспрессивтілігі туралы біршама сөз болғаны айтылды. Алайда лексикадағы экспрессивтілік пен эмоционалдылық айтылғанымен, бұл мәселе синтаксис жүйесінде көрініс таппай отыр.
Синтаксистегі экспрессивтілік пен эмоция туралы мәліметті тек Р.С. Әміровтің еңбектерінен көруге болады. Автор әрбір синтаксистік құрылымдардың грамматикалық белгілерін, жасалу жолдарын айта отырып, олардың эмоционалдылығы мен экспрессивтілігіне де тоқталып отырады. Алайда автор жай сөйлемдегі эмоционалдылық пен экспрессивтілікті қарастырған. Мысалы, профессор Р. Әміров эмоционалдықты білдіруге бейімделген формалар, амалдар, интонациядан, арнаулы баяндауыштың формаларынан көрінеді дейді. Мұнымен бірге түгел құрылысы жағынан осыған қалыптасқан сөйлемдер де бар екендігін айта келіп, лепті, жақсыз, атаулы, номинативті, қыстырма сөйлемдерді, қайталауларды айтады.
Сонымен, тіл мамандарының бәрі де тілде эмоционалды-экспрессивті сөздердің бар екенін, ол сөздердің жазушының немесе айтушының суреттелміш оқиғаға көзқарасын білдіретін сөздер екенін бір ауыздан мойындайды.
Қазақ тілінде құрмалас сөйлемдердің эмоционалдығы мен экспрессивтілігі әлі қарастырылмай келеді. Диплом жұмысында осы мәселе алғаш рет қарастырылмақ. Сол себепті диплом жұмысының тақырыбы қазақ тіл білімінің өзекті мәселесінен саналады.
Қазіргі қазақ тіліндегі эмоционалды-экспрессивті құрмалас сөйлемдер ерекшеліктері мен жасалу жолдарын айқындау бітіру жұмысының мақсаты болып табылады.
Осы мақсат негізінде жұмысқа мынандай міндеттер қойылды:
- Тілдегі эмоционалдылық пен экспрессивтіліктің синтаксистік жүйедегі көрінісін анықтау;
- қазақ тіліндегі эмоционалды-экспрессивті құрмалас сөйлемдердің еркшеліктеріне тоқталу.
Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер:
- салалас құрмалас,
- сабақтас құрмалас,
- аралас құрмалас,- деп бөлінетіні белгілі.
Диплом жұмысында біз тек салалас құрмалас пен сабақтас құрмаластағы эмоционалдылық пен экспрессивтілікке тоқталдық.
Диплом жұмысының нысаны: қазақ тіліндегі эмоционалды-экспрессивті салалас, сабақтас құрмалас сөйлемдер.
Диплом жұмысының әдістері: Диплом жұмысын жазу барысында сипаттама, жинақтау, құрылымдық-семантикалық талдау және т.б.әдістер қолданылды.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет