Байланысты: 5-билет функционалды лингвистика саласындағы зерттеулер
зат есім, сын есім, сан есім. «Тіл – құралдың» 1-ші кітабында зат есімді «сөздердің кейбіреуі нәрсенің өзін атайды» деп қысқа тұжырымдап, сөз табының семантикалық ауқымын нақтылы ұғыммен шектесе, сол еңбектің екінші жылына арнап жазған нұсқасында зат есімнің сөз табы ретінде кең ұғымдық ауқымды қамтитыньн айқындап, оның конкретті заттармен қоса дерексіз заттарды атайтынын анықтап көрсетуі қазіргі кездегі тіл біліміндегі теориялық дәрежеге сай келеді; ой объектісі болатын кез келген ұғымдар (мысалы, достық, байлық) зат есім больш аталатанын автордың терең түсінгенін көрсетеді. Ал сын есімді тек сыны (relatіve Adjektіve): мысалы, биік, аласа, сыр сыны (absolute Adjektіve): мысалы, жасыл, көк деп атауы сын есімнің неміс тілі грамматистерінің кейінгі кездегі сын есімді ішкі саралау жүйесіне сәйкес келеді. Бұл саралау сын есімнің дәстүрлі сапалық, қатыстық сын есім болып жіктелуінен өзгешелеу.
Етістіктердің сабақты, салт түрлері атауларының мотивациялық негізделуі өте теренде жатыр, атаулар осы етістіктердің мән-мағынасын дәл анықтайды. сабақты атауы сабақтау (инені сабақтау) етістігінен туыңды түбір түлғасында жасалған, салт атауы салт атты тіркесіндегі салт сын есімінен терминге айналып, етістіктердің жалпы категориалдық мағынасын айқын беріп тұр. Бұл терминдердің теориялық негізделуі қазіргі тіл біліміндегі валенттілік теориясының алын алғанға ұқсайды. Оның негізгі ұстаным теориясы кез келген сөздің мән-мағынасының толық ашылуы оның айналасына, онымен мағыналық байланысқа түсетін, сонымен мәндік сабақтас элементтерге байланыста екенін ашады. Қазақ тіліндегі сабақты, салт атаулары етістіктің мағыналарын аша түсетін, сонымен семантикалық сабақтас толықтауыштың (актанттардын; Ergänzung) байланысуына не ондай сабақтас элементсіз мағынаның ашылуына негізделсе, неміс және орыс тілдеріндегі осы категориялардың атауларына (trasіtіv-іntrasіtіv; переходный/непереходный) етістік атап тұрған іс-әрекеттің басқа бір объектіге өту не өтпеуі негіз болған. Ахмет Байтұрсынұлынан бастау алған қазақ тілі грамматикалық дәстүр қазіргі уақытта замана талабына сай деңгейде дамып келеді.
Қазақ тілі грамматикасы неміс тілі грамматикасы сияқты тар мағынадағы морфология мен синтаксиспен ғана шектелмей, ол өз құрамында осы екі саланы тілдің басқа деңгейлерін қабаттастыра зерделейді. «Қазақ грамматикасы», мәселен, морфология мен синтаксиспен қатар өз ауқымында фонетика мен сөзжасамды тілдің өзіндік салалары ретінде қарастырады 1.
Жоғарыда қарастырған қазақ және неміс грамматикалардың барлығы дерлік – семасиологиялық бағыттағы грамматикалар. Олар – фонологияны, морфологияны, лексикологияны, сөзжасамды, фразеологияны, синтаксисті т.с.с. тілдік деңгейлерді жеке тілдік формалардан шығып, олардың парадигматикалық, синтагматикалық деңгейлері мен категорияларының функциялық аспектілерін ашуға бағытталады, сондықтан да ондай зерттеуді де «функционалды тіл білімі» дейді. Мысалы, В.Шмидт «Grundfragen der deutschen Grammatіk» атты грамматикасын тікелей «функционалды грамматика» деп атағанымен, неміс тілі құрылысының морфологиясы мен синтаксисін сипаттауда әрқашанда формадан шығып, оның функциясын ашуға бағыттағанымен негіздейді 77, 21-38. Қазақ және неміс тілдері дәстүрінен көргеніміздей, грамматика тек морфология мен синтаксистік деңгеймен ғана тұйықталып қалмайды.
Соңғы кезде тіл білімінде грамматика кең мағынада қарастырылуда. Ол грамматика ауқымын тек морфология және синтаксиспен шектеп қана қоймай, оның аясын фонологиялық, лексикологиялық, фразеологиялық, сөзжасам деңгейлерімен кеңейтіп, жеке деңгейлік категориялардан гөрі ауқымды, белгілі бір семантикалық ұғымды барлық деңгейлердің тығыз қарым-қатынасы арқылы жүйелі түрде бере алатын жалпытілдік категорияларды зерделейді. Болмыстың түрлі қырларын бейнелейтін ұғымдық категориялардың тілдік көрінісі, яғни тілде берілетін формалары ономасиологиялық бағытта зерделенеді, тіл білімінің бұл саласын ономасиологиялық-функционалды грамматика деп атау дәстүрі қалыптасып келеді.
Осы бағыттағы функционалды грамматиканың теориясын өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап дамытуға ат салысқан тіл мамандарының ішінде Е.И.Шендельстің, Е.В.Гулыганың 126, А.П.Комаровтың 127, М.М.Копыленконың 128, З.Қ.Ахметжанованың 129. 130 еңбектерін ерекше атауымыз керек. Аталған ғалымдардың игілікті бастауы біздің тіл білімінде ары қарай кеңінен өріс алды. Ұғымдық категориялар негізіндегі жалпытілдік категориялардың ана тіліміздегі табиғаты басқа тілдермен салғастыра зерделенуде. Қазақстандағы функционалды грамматиканың теориясының дамуына З.Қ.Ахметжанова 129, 130, Т.Сайрамбаев 131, А.М.Ерімбетова 132, М.Б.Нұртазина 133 , Б.Қапалбеков 134 т.б. тіл мамандарымыз өзіндік үлестерін қосуда. Осы бағыттағы күрделі мәселелерге арналып ғылыми конференциялар да өткізілуде 135.
Е.И.Шендельс 136, Е.В.Гулыга 126 неміс тілінің алты категориясын аталмыш грамматиканың принциптері негізінде сипаттап, неміс тілінің функционалды грамматикасының алғы шарттарын жасады 135. Бұл ғалымдар тіл білімінің өзекті мәселелерінің теориялық зерттеулеріне үлестерін қосумен қатар, неміс тілінің грамматикаларын жазды. Ол грамматикалар негізінен жеке деңгейлік грамматикалар еді, атап айтқанда, неміс тілінің морфологиясы мен синтаксисі болатын. Грамматикалық формалардың парадигмалық және синтагмалық қызметтерін осы деңгейлерде шектеп қана сипаттау кезеңінің өткенін пайымдап зерделеген ғалымдар тілдік тұлғаларды табиғи сөйлеу жағдаяттарындағы қызметін ашу мақсатында зерттеудің бұрынғыдан жоғары деңгейге көшу керектігін түйсінген. Грамматикалық бірліктердің тілдің лексикалық бірліктермен тығыз қатынасқа түсе отырып, қолданыс барысында түрлі тілдік ортаға бейімделіп, бір-біріне әсер ете отырып, коммуникативтік қызметке қатысуын зерттеудің маңызы зор. Грамматикалық тұлғалар болмыстағы заттар мен құбылыстардың арасындағы түрлі қатынастарын мейлінше жалпылап сипаттаса, лексикалық бірліктер сол заттар мен құбылыстарды атауды әлдеқайда нақты көрсетеді. Грамматикалық, лексикалық бірліктер тығыз қарым-қатынаста бірін-бірі мағыналық, функциялық жағынан күшейте, нақтылай түседі, мағыналық болмысын басқа арнаға түсіреді. Мысалы, Мен ертең келемін дегенде ертең лексемасы келер шақты нақтылай түседі; неміс тілінде келер шақты білдіретін грамматикалық форма werden – Іnfіnіtіv (werden – kommen): Іch werde kommen. Сонымен бірге осы функцияда қалыптасқан, жиі қолданылатын осы шақтық форма – Präsens: Іch komme, ал осы форманың келер шақтық формаға айналуы нақтылаушы лексикалық бірлік арқылы жүзеге асады: Іch komme morgen. Міне, тіл деңгейлерінің бір-бірімен байланыстары осындай мақсатта, белгілі бір заңдылықта жүріп жатады. Ол – тілдің табиғи тұлғасы, болмысы. Тіл білімінің міндеті – осындай заңдылықтарды ашу. Аталған ғалымдар осы бағытта тілдің грамматикалық, лексикалық бірліктерін тығыз байланыста зерттеп, олардың ортақ семантикалық мағынаны білдіру мақсатындағы ара қатынасын айқындайтын тұлға ретінде лексика-грамматикалық өрістерді дәйектейді. Өріс тұлғасын қалыптастыратын негізгі қасиет, белгілерін айқындайды. Олардың негізгілері, біріншіден, белгілі бір семантикалық категорияны білдіруге түрлі тілдік деңгей бірліктері жүйелік арақатынасқа түседі, олар сол өрісті құрайтын тұлғалар – конституенттер дәрежесінде қызмет етеді. Екіншіден, ол тұлғалардың бәріне жалпы семантикалық мағына ортақ, қай-қайсысының негізінде осы мағына жатады. Үшіншіден, өрістің жалпы семантикалық мағынасы іштей кем дегенде екіге айырылып, бір-біріне қарама-қарсы диалектикалық бірлікті құрайды. Осының негізінде макроөріс өрістерге, өрістер микроөрістерге жіктелуі мүмкін. Мысалы, мезгіл/шақ өрісі өткен шақ, осы шақ, келер шақ микроөрістеріне жіктеледі. Төртіншіден, өрістің негізгі семантикалық сипатын білдіретін кіндік тұлғасы – доминанты мен перифериясын құрайтын тұлғалары болады. Мысалы, мезгіл-жалпы семантикалық категория, оның түрлі тілдік бірліктерінің байланысынан тұратын өрістің кіндігі доминанты – морфологиялық шақ категориясы. Соған сәйкес мезгіл өрісі осы шақтық, өткен шақтық, келер шақтық микроөрістерге жіктеледі. Кіндік-доминанттық тұлғаға негізінен ортақ семантикалық мағынаны барынша, жалпы түрде білдіретін, соған мейлінше бейімделген, тілде жүйелі түрде қолданылатын тілдік бірліктер жатады 126, 10. Соған байланысты лексика-грамматикалық өрістердің кіндік тұлғасы ретінде көпшілік жағдайда морфологиялық категориялар қызмет атқарады, морфологиялық формалардың парадигмалық жүйесі грамматикалық инвариантты мағынаның негізінде түзіледі, ол мағына мейлінше жалпы, деректі, тілдің лексикалық қорындағы атауыш сөз таптарының морфологиялық категориялары – лексика-грамматикалық өрістердің ортасы, кіндігі. Осындай доминанттардың төңірегіне орталық мағынаны бірегей бере алатын, бір-бірімен тығыз байланыстағы конституенттер топтасы, ал орталықпен аса тығыз байланыста болмаған осы мәндес тілдік бірліктер өріс перифериясын құрайды. Осы ғылыми үрдісте сипатталған неміс тілінің көптік, мезгіл, модалдық, компаративтік, жанды/жансыздық, сілтеулік семантикалық категориялардың жүйесі грамматика-лексикалық өрістер түрінде көрсетілген 126, 10.
Негізінде бұл неміс тілінің функционалды грамматикасының жоғарыда айтылған В.Шмидттің функционалды грамматикасынан басты өзгешелігі, біріншіден, В.Шмидт морфология мен синтаксиспен ғана шектеліп, оларды бір-бірімен байланыста қарастырмай, жеке-жеке, дәстүрлі грамматиканың үрдісімен сипаттаса, функционалды грамматиканы негіздеген ғалымдар грамматиканың аумағын кеңейтіп, негізінен лексика- грамматикалық деңгейлерді, атап айтқанда, морфология, синтаксис, лексика, сөзжасамдық деңгейлерді қамтитын, солардың бірліктерінің ортақ семантикалық мағына, жалпы айтқанда, семантикалық категория негізінде байланысқан тілдің негізгі тұлғасын сипаттауға бағдар алған. Е.И.Шендельс осы зерттеуді негізге ала отырып, неміс тілінің грамматикасын жазды 136. Бұл еңбек неміс тілінің функционалды грамматикасының алғашқы бір үлгісі болды, автор морфологиялық категорияларды сипаттай келіп, олардың синонимдік қатыстағы басқа тілдік деңгейлерінің бірліктері аумағын анықтап, олардың өзара байланысын ашуға тырысады.
Профессор А.П.Комаров функционалды грамматика теориясын дамытуға өзіндік үлес қосты. Ғалым неміс тілінің себеп-салдар категориясын зерттеп, оны қатыстық /реляциялық/ өріс деп атады 127. Себеп-салдар (каузалдық) категориясы жалпы алғанда, барлық тілге ортақ әмбебап категория. Жоғарыда аталған неміс тілі ғалымдары тілдің ірі семантикалық категорияларын жасалу тұлғасынан, тілдік формаларынан туындаса, А.П.Комаров зерттеген категориясының тілдік тұлғасын қатыстық /реляциялық/ өріс деп атауын семантикалық категорияның мән-мағыналық тұғырына сәйкес дәйектейді. Ол жалпы тілдік семантикалық категорияларды екі үлкен топқа бөліп қарайды. Тіл болмыстағы заттар мен құбылыстар мен олардың арақатынасын өзінің бүкіл сөздік қоры мен грамматикалық құрылысымен қамтиды, дүние болмыстың тілдік бейнесін қалыптастырады. Болмыстың жалпы бейнесі сан қырлы ұғымдық-семантикалық категориялар тұлғасынан түзіледі. Міне, осы категорияларды объектілерінің мәніне, негізіне қарай А.П.Комаров екі өріске топтастырады. Заттар мен құбылысты, олардың белгілерін атап, солардың мағынасын өзіне тірек ететін категорияларды «атауыш өріске» («поля номинаций»), сол заттар мен құбылыстардың арақатынасын бейнелейтін категорияларды «қатыстық өріске» (поля реляций) топтастырады 127, 156-157. Себеп-салдар категориясы заттар мен құбылыстар арақатынасын білдіретіндіктен оның көрсеткіші тілді түрлі деңгейлік бірліктері бір-бірімен тығыз байланыста себеп-салдар қатыстық өрісін құрайды.
М.М.Копыленко орыс тіліндегі жалпытілдік сандық категорияcын функционалды грамматика теориясы ауқымында зерделеді. Сандық ұғымды білдіретін тілдік бірліктердің мән-мағынасын аша отырып, сандық семантиканың ішкі жіктелуін айқындады, ономасиологиялық бағытта сол тіл бірліктерінің байланысынын зерттеу арқылы сандық категорияның жүйелік-құрылымдық сипатын ашты 128.
Функционалды грамматиканың негізгі мақсат болмысты пайымдау барысында адам санасында қалыптасқан ойдың мәнін берудегі грамматикалық бірліктердің тілдің басқа деңгейлер бірліктерімен тығыз қарым-қатынастағы қызметінің заңдылықтарын зерделеп сипаттау. Тілдің барлық деңгейлері бірліктерінің бір-бірімен өзара қарым-қатынасы жалпы тілдік ұғымдық категориялар негізінде болады.
Жалпытілдік категориялардың негізінде әрқашанда ұғымдық категория жатады. Ұғымдық категория – болмыстың сан қыр-сырының адам санасындағы бейнесі. Ол – адамдардың бәріне ортақ ұғым болып келеді, себебі адамдардың дүниетаным қасиеттері ұқсас. Ұғымдық категория тілден тысқары /внеязыковая/, тілдің құрылымына тәуелді емес, керісінше, ол тілдік құрылымға негіз болады, соның түпнұсқасында жатады. Тіл білімінде ұғымдық категория туралы теориялық негіздеме түрлі қырларынан танылған; В. фон Гумбольд «универсалды категория» деп атаса, алғаш рет «ұғымдық категория» деп атаған – О.Есперсен. Г.Пауль «Принципы истории языка» атты еңбегінде кезіндегі жасграмматтиктердің дәстүрінде «психологиялық категория» деп, оның грамматикалық категориямен арақатынасын зерделейді [138, 315-321]. Ғалым грамматикалық категориялар осы «психологиялық» ұғымдық категориялар негізінде түзіледі, грамматикалық категориялар – психологиялық категориялардың белгілі бір мөлшердегі тұрақталып қалған формалары, ал психологиялық категориялар қашанда еркін, жанды құбылыстай пайымдалуына қарай түрленіп тұрады, мағынаның өзгеріп отыруы көпшілік жағдайда грамматикалық категориялардың психологиялық категориялармен сәйкес келе бермеуіне ықпал ететінді айтады. Тіл ауқымында осы екеуінің үйлесуі үрдісінде грамматикалық категориялар ұғымдық категорияларды мүмкіндігінше толық қамтуға тырысады, себебі грамматикалық категория психологиялық категорияның тұлғалық сипатына айналады 138, 315. Г.Паульдің психологиялық категориясы, түптеп келгенде, тілдің мазмұндық тұлғасы ретінде ұғымдық категория екені айқын, ал оның тілдік болмысы сол тілдің жүйесінде көрініс тапқандықтан, әрине, грамматикалық формамен ғана шектелмесі түсінікті. Ғалым айтып отырған грамматикалық категория кең мағынада, атап айтқанда, тілдік категориялар мәнінде қолданылған.
Тілдің ұғымдық категорияларға байланысты осы сипатын академик И.И.Мещанинов бір тілдің ауқымында ғана емес, әлденеше тілдерді салғастыра зеттеп айқындаған. Ғалымның теориялық тұжырымы осы күнге шейін маңыздылығын жойған емес. Ұғымдық категорияның нақты да дәйекті анықтамасын алғашқы болып берген де – И.И.Мещанинов. Ғалымның пайымдауыша, ойдың жалпы категорияларын көрсететін ұғымдар тілде, тілдің құрылымында көрініс табады. Тілде белгілі бір жүйеге айналған ұғымды «ұғымдық категория» деп атайды [64, 15]. Тілде берілетін кез келген ұғым ұғымдық категория болып есептелмейді, ондай болу үшін ол тілде белгілі бір құрылымдық сипат алуы керек, яғни тілдің лексикалық, морфологиялық немесе синтаксистік жүйесінде, солардың бірлігіне негізделген тұтас жүйелік сипат алуы керек. Ұғымдық категориялар адам ойының, санасының дүние-болмысты танып, меңгеруі нәтижесінде түйсініліп, тілдік формада қалыптасады. И.И.Мещанинов тіл арқылы берілмейді, ол тілдің өзінде, ішкі өзегінде, оның материалдық жағында қалыптасады деген тұжырымы арқылы тіл мен оның арақатынасының өте тығыз екенін, олардың іштей астасып кететінін нақтылай түседі: «Понятийные категории выступают непосредственными выразителями норм сознания в самом языковом строе. Они служат тем соединяющим элементом, который связывает, в конечном счете, языковой материал с общим строем человеческого мышления, следовательно и с категориями логики и психологии» 64, 15. Бұл арада ұғымдық категориялардың адам санасындағы болмыстың бейнесі ретінде, бір жағынан,әмбебап логикалық, психологиялық категорияларға қатысты бола тұра, тілдік-семантикалық категорияларға негіз болатынына меңзейді.
Ұғымдық категориялар шындық болмыстың бейнесі дегенде, олардың бірегей емес («...необходимо учитывать факт гетерогенности понятийных категорий» 94, 14) екенін ескеруіміз керек, олардың біреуі шындық болмыстың нақты құбылыстарын бейнелесе, екінші біреулері заттар мен құбылыстардың арақатынасын, сол болмысқа адамның қатысын, көзқарасын білдіруі мүмкін. Бұл жерде А.П.Комаровтың ұғымдық категориялар негізіндегі тілдік-семантикалық категорияларды номинативті және релятивтік деп жіктегені дәйекті көрінеді.
Ұғымдық категориялар туралы пайымдауларға оралу тіл білімінде функционалдық грамматиканың, сонымен бірге, салғастырмалы лингвистиканың зерттеу үдерісінің жаңаша бір өркендеу кезеңінде өзекті болып отыр. Ұғымдық ой мазмұны түрлі тілдік мағыналар арқылы көрініс табады, осыған байланысты ұғымдық категориялар мен тілдік функциялар бір-бірімен тығыз байланыста бола отырып, ұғымдық-тілдік мазмұндық бірлікті құрайды деп тұжырымдайды проф. А.В.Бондарко 139, 73.
Тілдік семантикалық категориялар деңгейлік грамматикалық категорияларға қарағанда кең көлемді болады. Мысалы, грамматикалық шақ категориясы морфология деңгейінің категориясы ретінде мағына жағынан да, сол мағынаның берілу тәсілдері жағынан да жалпы тілдік темпоралдық категориядан тарлау. Темпоралдық категория түрлі деңгейлердің бірліктерінің өзара байланысы арқылы көрініс табады; шақтық формалар, лексикалық (үстеулер, зат есімдер, жалғаулықтар, көсемше, есімшелер), синтаксистік, контекстік тәсілдер осыған қызмет етеді.
Сын-белгі дәрежесі категориясы ғана сын есім мен үстеудің морфологиялық шырай категориясында көрініс таппайды. Бұл семантикалық категорияның ауқымы әлдеқайда кең. Белгі дәрежесі динамикалық белгілерге (сын-қимыл), статикалық белгілерге (сын-сипат) тән болады да, тілдің барлық деңгейінің бірліктері арқылы берілетін жалпытілдік категория болып табылады.
Сол сияқты жалпы сандық категория да грамматикалық жекеше-көпше түрлік категориялардан әлдеқайда ауқымды, оның семантикалық тұлғасын зат есім мен етістіктің түр категорияларымен қатар сан есімдер, жиынтық ұғымды беретін есімдер көрсете алады.
Осы тұрғыдан ұғымдық категориялардың формалары болып танылатын жалпытілдік категориялар функционалдық грамматиканың негізінде зерделенеді.
Функционалды грамматика теориясын орыс тіл білімінде А.В.Бондарко бастаған лингвистер жүйелі түрде дамытып келеді. Бұл ғалымдар зерттеген аспектуалдық, темпоралдық, таксис, персоналдық (жақ), етіс, модальдық, субъектілік, объектілік, белгілілік, белгісіздік, сандық, сапалық, мекендік категориялар жеке-жеке монографиялық басылымдарда жарық көрді 66; 139; 140; 141; 142; 143.
Қазіргі кезеңдегі тіл білімінің функционалдық бағытының қарқынды даму кезеңінде тілдік зерттеулердің жүйелік-құрылымдық аспектілерін коммуникативтік аспектілерімен тығыз байланыстыру өте маңызды да өзекті болып отыр. Осы тұрғыдағы сан салалы функционалды-грамматикалық бағыттардың ішінде проф. А.В.Бондарко мектебінің ұстанымы қазақ тілінің функционалды грамматикасын зерттеп, қалыптастыруға, оны басқа тілдермен салғастыра зерттеуге ғылыми үлгі боларлық.
Бұл функционалды грамматиканың ұтымды зерттеу моделі болатыны – оның тіл болмысының жүйелік сипатын болмыстың көрінісі болатын ұғымдық категориялар негізіндегі тілдік-семантикалық категориялардың тұтас құрамын, оның жүйелік-құрылымдық сипаты мен сөйлеу жүйесін шендестіре отырып зерделеуге әлеуетінің жететіндігінде. Осыған сәйкес функционалды грамматиканың тұғырлы негізін жалпы семантикалық категориялар, ал олардың жүйелік мазмұнының тұтастығын көрсететін әр түрлі тілдік деңгейлердің бірліктерінің жүйесі – функционалды-семантикалық өрістер мен сөйлеу жүйесін категориялдық ситуациялар (жағдаяттар) құрайды 144, 289.
Функционалды грамматиканың дәстүрлі грамматикадан айырмашылығы, біріншіден, грамматиканың бірліктілік (единства грамматики) принципінде. Бірліктілік түрлі грамматикалық элементтердің басқа тілдік құралдармен тығыз байланыстылығынан көрінеді, олар бір- бірімен байланыса отырып, тығыз қарым-қатынаста бір парадигмалық жүйе құрайды да грамматикалық бірліктер өздері қызмет ететін ортамен қарым-қатынасқа түседі, солардың ықпалымен қызметін де түрлендіреді. Функционалды грамматиканың екінші бір айырмашылығы оның жүйелік-интегративтік принципінде, атап айтқанда, түрлі тілдік деңгейлердің бірліктерін белгілі бір ортақ қызмет аясында біріктіреді, тілдік жүйелікті көрсетеді, ал дәстүрлі грамматикада грамматикалық бірліктер морфология, синтаксис салаларына тарап кетеді. Осы соңғы айырмашылық мына бір жағдайды айқындай түседі; функционалды грамматика дәстүрлі грамматиканы толықтырады, ол тілдік тұтастықты, жүйелілікті толыққанды көрсете алады және де оның сөйлеу тіліндегі қызметін ашады 144, 293-294. Толықтырушылық қатынас тілдік деңгейлердің ара байланысынан көрінеді. Мысалы, морфологиялық шақ категориясының формалары – шақтық қатынасты осы шақ, келер шақ, өткен шақ деп жалпылап білдірсе, оны нақтылай түсіп, мағынасын толықтыратын – лексикалық, лексика-грамматикалық бірліктер. Жеке тілдік деңгейлік тұлғалар өз алдына жеке-дара қызмет етпейді, олар бірлесіп, бір жүйеге бірігіп,тілдік ортада бірінің мағынасын бірі түрлендіріп, толықтырып тілдің негізгі когнитивтік, коммуникативтік қызмет атқарады.
Функционалды грамматика теориясының неміс елінде дамуын зерделеген О.А.Радченко В. Фон Гумбольд идеяларынан алған функционалды грамматика өткен ғасырдың 40-50-ші жылдары қалыптаса бастағанын айтады 145, 5. Сол кездегі екі Германияда дамыған неміс тілінің функционалды грамматикасының ағымдары да әр түрлі, ұстанған концепцияларында да айырмашылықтар бар. Олардың айырмашылықтары алдымен мынадан көрінеді: ГДР (бұрынғы атауы – редактор) лингвистерінің грамматикалық зерттеу саласында төрт мектебінің қалыптасуы болса, ФРГ (бұрынғы атауы – редактор) лингвистері түрлі концепциялық деңгейде дами берді. Функционалды грамматиканың басты мақсаты тілдің қызметін ашып сипаттау болғандықтан, тіл біліміндегі «функция - қызмет» ұғымының мәнін айқындау, оны негіздеу шешуші мәселеге айналды. Функцияға анықтама бергенде, тілдік бірліктердің атқаратын міндеті, орны аталады. Осындағы мақсат, міндет тұрғысынан анықталған қыры функцияның телеологиялық принципке негізделген жағы, оны тіл білімінде неміс функционалистері орыс функционалистер 111, 42 сияқты потенциалды функция деп атап, грамматиканы осы тұрғыдан сипаттауды мақсат еткен. Неміс грамматистері тілдің осы қызметіне кейінгілерден ерекше ден қойып функционалды грамматиканы зерделеуі потенциалды қызметтің екі жағына, атап айтқанда, семантикалық және функционалды аспектілерін айыра қарауда жатыр. Осыған орай тіл деңгейлерінің бірліктерін олардың қызметтерінің жоғарыда көрсетілген аспектілеріне сәйкес интегративтік принципте функционалды-семантикалық және функционады-коммуникативтік өрістер негізінде зерделейді 146, 20. Функционалды грамматиканың басты мақсаты тілдің жүйелік құрылымының сөйлеу әрекетіндегі коммуникативті-прагматикалық қызметін ашу болғандықтан, тілдің негізгі категорияларын