ТҮКТІ САРШАТЫР (HIERACIUM PILOSELLA L.) ӨСІМДІГІНІҢ БИОЛОГИЯЛЫҚ СИПАТТАМАСЫ ЖӘНЕ ХАЛЫҚ МЕДИЦИНАДА ҚОЛДАНЫЛУЫ
1 курс магистранты Д.С. Жұмабай
PhD, фармацевтикалық технология кафедрасының лекторы, PhD А.Ш. Амирханова
«С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина Университеті » КеАҚ
Алматы қ., Қазақстан Республикасы
Бұл тезисте түкті саршатыр (Hieracium pilosella L.) өсімдігінің түрлі дерттерге шипа екенін және қандай мақсаттарға қолдануға болатыны туралы жазылған.
Дәрілік қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін отандық өндірушілерді қолдаудың тиімді шараларын пайдалану қажет. Отандық ДЗ ЕЭО елдерінің нарығына шығу шарттарының бірі өндіріс шарттарының тиісті өндірістік практика – GMP талаптарына сәйкестігі болып табылады.
Қазіргі уақытта медицинада және тіндік инженерия салаларының дамуына қарамастан, тері жабының жараларын емдейтін регенеративті әсері бар дәрілік препараттар өндірісін дамыту өзекті мәселелердің бірі.
ҚР фармацевтикалық нарығында жараны жазатын дәрілік препараттар ассортименті көп емес және регенеративті әсері бар өсімдік тектес бірде-бір отандық дәрілік зат (ДЗ) жоқ.
ҚР тіркелген регенеранттар мен репаранттар (тіннің регенерация үрдісін жеделдететін препараттар) 50 препараттар тізімін құрайды. Берілген дәрілік препараттар тек 20 шақты әсер етуші заттарымен көрсетілген. Осыған орай, жараны жазатын дәрілік заттың оңтайлы құрамын жасау маңызды.
Түкті саршатыр (Hieracium pilosella L.) өсімдігін фармацевтикалық тәжірибеде қолдану өзектілігін анықтау мақсатында PubMed, Sciencedirect, Cyberleninca, eLIBRARY әдебиет көздерін және электронды ақпарат ресурстарының мәліметтері бойынша дәрілік өсімдік шикізаты қабынуға қарсы, антисептикалық, регенеративті, гемостатикалық және детоксикациялық әсерге ие екендігі айқындалды.
Түкті саршатыр (Hieracium pilosella L.) астралылар (Asteráceae) тұқымдасына жатады. Ол көпжылдық өсімдіктердің бірі және Қазақстан территориясының таулы аймақтарында және тау етегінде, орманды жерлерде көп таралған. Түкті саршатыр (Hieracium pilosella L.) өсімдігінің жерүсті бөлігінің құрамында флавоноидтар, иілік заттар, алкалоидтар, лактондар, фитостеролдар, терпеноидтар, органикалық қышқылдар, витамин С, марганец кездеседі. Жапырақтарында каротиноидтар, флавоноидтар (лютеолин, апигенин) көп мөлшерде кездеседі.
Халық медицинасында бронхитті, бронх демікпесі, ісіну және жараларды емдеуге арналған жақпа ретінде қолданылады. Сонымен қатар зәр шығаратын, қан аздықта, гинекологиялық ауруларда, жаралар және күйіктерді жазуда, қабынуға қарсы, седативті және офтальмологияда кеңінен қолданылады.
Қорыта келгенде, Түкті саршатыр (Hieracium pilosella L.) дәрілік өсімдігі шикізатын халық медицинасында кеңінен қолдануына сәйкес ғылыми медицинада аталынған дәрілік өсімдіктен отандық дәрілік препараттар үлесін арттыру өзекті болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |