Алдымен көршісі ғой аңдығаны, Қаулымен айтарының даулы бәрі. Алланың атқан оғы емес пе екен Қарғаның төбесіне саңғығаны?! Озғанын көре алмайды шын болса да, Тозғанын жамандап-ақ жүр баршаға. Бұйрықпен сөгіс алса майдай жағар, Сыйлық пен сыбағадан құр қалса да. Тайпалтып өсектетіп құр сырнайды, Бой тартып ешкімнен де қымсынбайды. Басқаның балшығына батып жүріп, Шошқаның шалшығында сусындайды. Сезер ем білінгенде жымысқысы, Кезеген ит секілді тіміскісі. Ұқпайды ақыл айтып, кеңес берсең, Шықпайды бұдан түбі дұрыс кісі. Менде бір арман бар Менде бір арман бар... Ымырт түссе қалатын сам жамырап, Ыстық-суық жалғасар арзанырақ, Жастық шақтың жарқылдап ар жағы бақ. Жайдарманға жалтылдақ маржан ұнап, Жігіт жолы жөргемнен олжалырақ, Жарасар ма сол арман шалға бірақ?! Әр тараптан алғандай құлжа құрап, Ақсақ қойдай түс ауа, ал, маңырап. Қартаймайтын көңіл жас деген рас, Тастан-тасқа секіріп арман – лақ. Менде бір арман бар, Дертіп тұр өмір, қаулаңдар. Өлшеусіз алғанды, Мөлшерсіз арманды Алғаусыз жалғаңдар. Менде бір арман бар Қара жерге кіргенше айта алмайтын, Қара суда қайраңдап шайқалмайтын. Қамшы-нөсер жай ойнап қайқаңдайтын, Қайырымсыз қарыздай қайтармайтын. Қаздай қатар тізіліп байпаңдайтын, Қара тұлпар тәрізді жайтаңдайтын. Сол арманым тұншығып жатыр әлі Өмір бойы өңімнен байқалмайтын, Менде бір арман бар, Жетілсе, даулаңдар. Өтініп тілеймін: Үркітіп алмаңдар. Менде бір арман бар Қуаласам мәңгілік жеткізбейтін, Айтқан сертті қайта екі еткізбейтін, Аймалап алтыбақан тепкізбейтін, Арманыма тезірек жеткіз дейтін, Тексіздің де түбінен текті іздейтін, Санамалап мініңді көп тізбейтін, Сүйегіңнен суық сөз өткізбейтін, Салт-дәстүрсіз қоржынды сөккізбейтін. Менде бір арман бар, Үзігін жалғаңдар. Шың-құзға өрлеңдер, Төменде қалғандар. Менде бір арман бар, Басқа арманның бәрі де құрығандай. Сол арманның көп жүрдім сырын алмай, Сол арманда бабамның құны бардай, Шұбыртпалы, төкпелі жыры қандай?! Қара таппай жосықсыз ұрынардай, Ұшырғанда ұйтқыған зымырандай, Шырқап кетер бойыңнан үн ұрандай, Сонда қалай жүргенім ұғына алмай.
150
151
Менде бір арман бар Жасырған таулы аңғар. Аспаннан, ақ жаңбыр, Толассыз саулаңдар! * * * Қызарып батқан кеш қандай, Бозарып атқан таң сәрі. Арманнан өзге ешқандай Адамның болмас аңсары. Арманым шырқау тым биік, Қол жете қою неғайбыл. Алдымда – түпсіз тұңғиық, Артымда – жыныс тоғай бір. Армандап шығар кенже тер, Қол жете қоймас – ой жетер. Ұл болып туса – ер жетер, Қыз болып туса – бой жетер. Анам мен, сірә, әкемнен, Бар әлем маған аппақ нұр. Айнала қауіп-қатерден Сол арман мені сақтап тұр. Екінші тыныс Оу, ақындар! Өнерде дарасыңдар, Өмірде де жалғыз боп қаласыңдар. Жалғыздықтың азабын тартып жүріп, Жаңа күнге асығып барасыңдар, Жанға қандай ләззат аласыңдар, Жанын жейтін жалпының сырын ашып, Жалқы болып қалатын данасыңдар! Жыр лаулатып, от болып жанасыңдар. Жалт-жұлт етіп жұлдыздай ағасыңдар. Жарты сөзге түсірген шомбал салмақ Жарқын ойда жарқылдақ жарасым бар. Қайдан іздеп қисынын табасыңдар, Қалай біліп бояуын жағасыңдар?! Қарсы ағатын қашаннан қасиетім – Қайран болса, қасқайған таласым бар. Туған елдің тұрпатты ұлысыңдар, Туған жерде тұлғалы ұлысыңдар. Бір ақынның соңында қырық сайтан, Өрт тұтанып кетпесін, тырысыңдар, Дерт күш алып кетпесін, ығысыңдар. Шартарапқа түгелдей жауаптымын, Батыс, түстік, теріскей, шығысым бар, Менің ғана атқарар жұмысым бар. Адалдықтың айпара туысыңдар, Әділдікпен айқара туысыңдар. Хан алдында қасқайып тұрсаң дағы. Ханша – Муза бикенің құлысыңдар. Шын шабыттың шыңдалған жырысыңдар. Шатқаяқтап өтпейді ірі сындар. Баға жетпес өнердің құнысыңдар. Болашаққа өлеңмен бір ұшыңдар. Менің еншім өлеңде... өздеріңде... Өлер болсам... екінші тынысым бар. Жалғыз желкен Өмір – қисын, ал ақын айыпты ма, Өлең – дария, қаламгер қайықшы ма?! Ақжал толқын кеудесі көтерілер, Ақ айдыннан құшағын жайып шыға.
152
153
Толқын ұрып қайықты сабалауда, Еркін жүзіп жетер ме жағалауға?! Қайрап, жанып, қылпытып өр намысты, Үрей, күдік, тәуекел бағалауда. Қақ жарғандай толқынды отты арманым, Қалай болар орта жол тоқталғаным?! Ақындығым алыстан ағараңдап, Жалғыз желкен сияқты боп қалғаным. Сәт пен мәңгілік Мәңгілік пе Адам Ата, Хауа Ана?! Жауабы жоқ сұрақ келді дау ала. Мәңгілікке қол сұғады кез келген. Мәңгілік не? Кеңістік не? Ауа ма? Мәңгі қалар Жер-әлемде бекзат па, Жауап тауып жасырдық па зәузатқа?! Кінәсіз бе, Күнәсіз бе мәңгілік?! Мәңгілік не? Ақ сезім бе? Ақ зат па? Мәңгі айналыс табар ма қар ақ ұшпа, Мәңгі үзілмей айтылар ма ән-ұста?! Мәңгіліктің қозғаушысын кім тапты, Мәңгілік не? Орбита ма? Ғарыш па? Мәңгілік пе іңкәр сезім – махаббат, Мәңгілік пе тұлпар сөзді шапағат? Өмір бойғы еркіндікке не жетсін, Бір-ақ сәтте құртар көзді шапалақ. Мен сені түсінбей келем Мен сені түсінбей келем, Назардан түсірмей келем... Топпен жүрсең, шаруашыл – отыншы, Жалғыз қалсаң, алтын зермен тоқушы. Мүридтердің ортасында – мұғалім, Мұғалімдер ортасында – оқушы. Көппен жүрсең, мінезің тым ауыр дер, Жалғыз болсаң, жайтаң қаққан жауынгер. Ұстаздардың арасында – шәкірт те, Шәкірттердің арасында – тәлімгер. Жұртпен жүрсең, қаңқылы көп құс қаздай, Даралансаң, шебер қолы іспаздай. Тәрбиеші ішіндегі – үйренгіш, Үйренгіштер ішіндегі – ұстаздай. Азайтып айтқанда, жартысын – кемін, Әзірше менің бар түсінгенім. Мәңгілік шарты Қаза қайдан, кім білсін, Ажал айтып келмейді! Өлең сөзі – бүлдіршін, нәресте тіл сөйлейді. Отқа өртенсем, намыстан Күйіп кетті дегейсің. Оққа көнсем, оқыстан Тиіп кетті дегейсің.
154
155
Су ағызса, Кебінін Киіп кетті дегейсің. У тамызса, Желігін Тыйып кетті дегейсің. Жіпке асылсам, нәсілі Түсіп кетті дегейсің. Пышақ ұрсам, әсілі Ішіп кетті дегейсің. Туса атаға тартып ұл, Шежіре ғой көңіл-хат. Мәңгіліктің шарты бұл: Өмір – сағым, Өлім – хақ. Айтылмаған ақыл Қасқырша кемір, ит болып мүжі, мә, сүйек, Тек саған ғана жаралған болса, бас – иек. Аң болып кетпей, адам боп қалсаң, әманда, Қызара білу, ұяла білу – қасиет. Жосадай болса сойқанға толы әр ізің, Тарайды өсек. Ауыл-үй маңы – тағы ызың. Қойныңа қанжар тыққанша, адам болсайшы, Үлкенге құрмет, кішіге ілтипат – парызың. Үйретсе де өмір адамгершілікті жалықпай, Мінезіңді-ай жылпың, сусылдап тұрған балықтай. Адамша сөйлеп, адамша жүріп ас ішіп, Адам болуды жүргенің жаман әлі ұқпай. Қасиет 1 Таппадым сенен мөрдей мін, Табыла қалса өңдеймін. Әзілқой болсаң, бол, мейлің, Арызқой болсаң, көрмеймін. Дос та көп саған тілектес, Бөлісер кезде олжадан. Сәнқұмар болсаң, түк етпес, Тәнқұмар болсаң – сол жаман. Ажарың – мінсіз қарагер, Ал тұла бойың – пәк мүсін. Ойынпаз болсаң, бола бер, Қойынпаз болма... нәпсішіл. Маңдайың – ойдың орманы, Татиды балдай таңдайың. Сенімпаз болсаң, бол дағы, Көнімпаз болма әрдайым. Мен үшін жұмбақ болмысың, Әр сәті сынақ – соңғы сын. Мәнжубас болсаң – сорлысың, Қалжыңбас болсаң – зор күшің. 2 Ұялшақ білмес әрнені, Қиял шат болса, үйіп бер! Қажырдың бітіп дәрмені, Қарыса түсер биіктер. Жылаңқы болма әрқашан, Бұралқы болсаң, өзің – сор. Өткізіп айта алмасаң, Жеткізіп айтар сөзім – сол.
156
157
Қызғанып елді тексерме, Өзіңде болсын сыбаға. Үзіліп өліп кетсең де, Қол жайып қайыр сұрама. Бәлеқор болма антұрған, Жалақор болсаң, жауықтың. Мойынға кетіп ер-тұрман, Мойытар зоры қауіптің. Саяқты шайқап, сөз қума, Аяқты байқап, санап бас. Жол беріп қойма азғынға, Жала мен жалған қанаттас. Озғанды күндеп, олжаға Кенелген ешкім жоқ әлі. Қол бұлғап алдан жол жаңа, Жұлдызың болсын жоғары! 3 Айтысқа түстім белсеніп, Ақтарып дауды еңсеріп. Сарқылма деген сияқты Артымда тұрған ел сеніп. Жазғырып жеңді, билеп кеп, Наз қылып берді сыйды ептеп. Төзгендер текті болатын, Сөздер де кетті түйдектеп. Ерегес соғар құйын дау, Жөн емес болар сыйынбау. Сын айту қиын, бірақ та Сыр айту тіпті қиындау. Топшасы берік сүйкенді, Соққысы кері итерді, Аздырып бітпей жатып-ақ, Тоздырып бітті жүйкемді. Көрмей-ақ сыртқы, ішкі не? Салатын болдық түшкіре. Азайту жеңіл сол дауды, Сөз айту ауыр күштіге. Кім үшін, неге күрестім, Жандәрмен қалай тірестім?! Бұйырмай кетіп барады Тиындай беті үлестің. Нүктесі – сөздің бар мәні, Мықты есім – көздің арманы. Сынаға шоқпар болсам да, Сыбаға тимей қалғаны. Өтіп жатыр Күндер кіріп, қан жылап өтіп жатыр, Түндер тұнып, қалжырап өтіп жатыр. Айлар ағып, аңырап өтіп жатыр, Жылдар жылжып, зымырап өтіп жатыр. Менің қайран уақытым бостан-босқа, Қай-қайдаға жамырап кетіп жатыр... ...Әйтпегенде, қасымда қатын-балам, Бір басыма шаңырақ жетіп жатыр. Ортақ арман Менде бір басылмаған шөл бар: Бұқтырманың бойында қаталап тұрмын. Менде бір ашылмаған шер бар: Бұлт жамылғысындай шапағат-нұрдың.
158
159
Етпеттей түсіп өзен жағасына, Аузымды малып, жұтып сімірдім. Қарысып көрдім сезім жарасына, Бойдағы қуат бітіп, сүріндім. Көшіп кетуге жол таба алмадым Атамекенімнен шөлім қанбайтын, Күллі адамзатқа ортақ арманым: Қиырға жетсем өлім болмайтын. Мәңгілік сыры Қызарып барып күн батса, Жарықтың ұялғаны шығар. Бозарып барып таң атса, Түннің күй-арманы шығар. Тербеліп барып жел тұрса, Ауаның ашынғаны шығар. Жер-көкті нөсер сел қылса, Даланы басынғаны шығар. Алыстан талып үн келсе, Көңілдің жаңғырығы шығар. Аруға боздақ гүл берсе, Өмірдің мәңгілігі шығар. Ұмытам бәрін Ор қазсам, өзім түсем, терең қазам, Сондықтан тек жүрейін деген мазам. “Тек жүрсең, тоқ жүресің” дейді халық: Ұмытып бәрін түгел... өлең жазам... Айтпаймын теңеу қылып жоқты барға, Өртенбей, үрлеп қалсаң, от тұрар ма?! Айтпа деп әділдікті тілден тартам, Жүргем жоқ қара таппай соқтығарға. Топ жинап көргенім жоқ, кеңес құрып, Өткеннің көлеңкесін елес қылып. Бетіне мінін басып айтып қалып, Аламын кейбіреуді егестіріп. Менде жоқ артық дәулет, асқынбадым, Жанға да ерегескен қас қылмадым. Ешкімнен пейілімді аяғам жоқ, Тасыдым, тау суындай тасқындадым. Күшімді көрсетпедім зорлық қылып, Көкірек кернемейді, сол – мықтылық. Біреуге шаршап келіп көмектестім, Бұрынғы терім бойдан сорғып тұрып. Ор қазсам, өзім түсем, терең қазам... Бой билеп тек жүрейін деген мазам. “Тек жүрсең, тоқ жүресің” дейді халық, Ұмытып бәрін... бәрін... өлең жазам... Жақсылық туы Жақсылықты көтеріп тулар қалар, Жамандықты көтеріп шулар хабар. Ақын көңіл сенгіш қой, Аңдаусызда Досыңмын деп келетін қулар да бар. Жақсылықтың тұғырлы туы – биік, Жамандықтың жұтатын уы – күйік. Сырласайын дегенде бір досыммен, Осы күннің тыңдаймын қуын ұйып.
160
161
Айдынымның аяймын қазын атпай, Қылығымды біреулер мәз ұнатпай. ...Бататыны – жақсылық, жамандықты Қатар тыңдап жүргенім ажыратпай. Асыл күндер Асыл күндер өтіп жатыр жоғалып, Қолдан келсе қояр ма едім доғарып?! Соның бәрін біліп тұрып қиын-ау, От басында отырғаным омалып. Келер күндер – арман болған құс аппақ, Шын ұмтылсам... Жетер ме едім үш аттап?! Жерошақты күзетуім жөн бе екен, Күні бойы қу тіземді құшақтап?! Жолға аттандым… Күн нұрына от алып, Жалқаулықтың іргетасын қопарып. Жарқын күндер, өздеріңе жеткізем, Жақсылықты кеудемдегі қотарып. Абзал уақыт! Сабыр қылып күте біл, Қаймағынан бұзылмасын сүт-өмір. Қара қылды қақ бөлетін алмастай, Жақсы жұрттың маңдайына бітеді ұл! Менің жұмбағым Шыбын жан қашаннан-ақ күйге құмар, Көңілдің өз қалауы, сүйгені бар. Бек мүмкін жұмбақ жан боп көрінуім, Оны да жүрегіне түйген ұғар. Бұл жаным қай кезден-ақ жырға құмар, Көңілдің өз әуені, ырғағы бар. Айналам жұмбақ жан деп санағанмен, Бәрібір түсінбейді мұндағылар. Жасымнан табынамын нұрға бөлек, Жанымды күйге бөлеп, жырға бөлеп. Ойымды арман буып тілейтіні: Мұрагер жан-дүниеме тұлға керек. Құр аттай тарпаң өмір тарпығанмен, Асығам келер күнге шалқып әнмен. Ортада ешкім білмес жұмбақ жан боп, Мақсатқа жетуім де мүмкін әбден. Көздер… Көздер… Көздер... Көздер... қандай көп түрлі көздер, Бақыт шашып, гүл сепкен нұрлы көздер, Бота көздер, қой көздер, бүрлі көздер, Сынды көздер, тұңғиық сырлы көздер. Көздер... көздер... не деген қилы көздер, Тоқмейіл көз, аш көздер, милы көздер. Көзде ғана сақталып қалар деймін Көзбен ғана ұғысқан сыйлы кездер. Алуан-алуан қат-қабат небір көздер, Қара көздер, көк көздер, шегір көздер, Сулы көздер, құп-құрғақ кебір көздер, Улы көздер, қомағай жебір көздер. Таусылмайтын санаса тым көп көздер, Сыр ашпайтын тұйықтау үркек көздер. “Көз – көңілдің айнасы” деп те айтады, Нысанасын мерген көз бүркеп көздер. Мына бір көз не деген қиын еді, Ұшқын шашып кәрленіп түйіледі.
162
163
Өңменіңнен өтеді қарағаны, Өртеп қана кетердей дүниені. Аңдымай-ақ бірінің бірі аңысын, Көздер неткен байқағыш қырағысың! Осы жомарт табиғат адамдарға Көзді берген аяусыз сынау үшін. Адамгершілік Ақиқат пен адалдық – Жүрген бізді адам ғып. Жол бергенің өсекке – Тамып тұрған надандық. Азаттық пен махаббат – Бізге тиген шапағат. Зұлымдыққа жол беру – Беттен соққан шапалақ. Еркіндік пен еркелік Қойған бізді серке ғып. Сойқандыққа жол беру Дәл маңдайдан шертеді, ұқ! Өзім туралы 1 Жаныма жат өсек сөз, қысыр кеңес, Ешкім де өтірікті ұшыр демес. Өмірге құштар болып аңсар ауып, Жоримын мен өңімді, түсімді емес. Жыласақ, түбінде бір жұбанармыз, Қайғырсақ, түбінде бір қуанармыз. Құйрық жоқ, қанаты жоқ мына мен де Жүрмін ғой алшаң басып туа жалғыз. Мұңайсақ, артында бір күлкіміз бар, Көтерер еркелікті жұртымыз бар. Аяздай қарығанмен тағдыр кейде, Кететін шығар еріп мүмкін ызғар. Біртіндеп жоғалады мұз білінбей, Жайдары жайма-шуақ күз күніндей, Қолыңды салдыратып тарпаң өмір, Жүйріктің басы қатты тізгініндей. Туамыз, түбінде бір өлу үшін, Мезгілсіз жанып тұрып сөну үшін. Айырып жақсылық пен жамандықты, Қақ жарып ортасынан бөлу үшін. Келеміз, түбінде бір кетпек үшін, Әркім де намыс жыртып жатқаны шын, Ұласты мол дүбірлі шеру болып Басталған жалаулатып аттанысым. Келеді өмір сүргім ойлау үшін, Жалғанның қызығына тоймау үшін. Құзғының мың жасайтын мен емеспін, Мәңгілік мына тағдыр қоймауы шын. Күліп те, қайғырып та өтсем деймін, Өлеңді нөсер болып төксем деймін. Ұшырып қарлығаштай бір үмітті Қолымды қиындарға көп сермеймін. Тұтаттым бір ұшқынды көрігімді ап, Өмірдің маған салсаң өрі қымбат. Кездейсоқ келгеніммен дүниеге, Бір жасап, мың жасамай, өлуім хақ. Жадырап өтсем деймін ойнап-күліп, Күнімді жылдай ыстық тойлап тұрып,
164
165
Қызықтың айдынында жүзіп жүріп, Өмірдің жұмбағына бойлап кіріп. 2 Менің жолым тақтайдай даңғыл емес, Өр-ылдиы бірегей таулы белес. Мен туралы таластар толып жатыр, Басылсыншы осы бір даулы кеңес. Дауды шешу – емес қой тек мінәсіп, Төреліктің жатса да екпіні асып. Табиғаттың тамыры шартараптан Жүрегіме жалғасып кетті ұласып. Жариялап қайтейін мұны кімге, Көкіректің дәмесі ірі мүлде. Не болады әншейін берекесіз, Кеуде керіп марқайған тірі күнде?! Зуылдайды құс-арман зымырандай, Көлбеңдеген көгілдір тұғыр арнай. Көп биікке ұмтылып қайтемін мен, Көк биікке алдымен шығып алмай. Толтырады орны жоқ сұрау ненің, Нақты жауап – жазылар жыр-әндерім. Жөн-жосығын айтайын талабымның, Ұлтым – қазақ, ал тегім – мынау менің: Қанатымын қыранның талмай қағар, Санатымын бір әннің таңдай қағар. Мыңнан тұлпар шығуы екіталай, Жүзден жүйрік бұл күнде әрқайда бар. Шығымымын даланың күй-әнінің, Шымырымын ақынның қиялының. Қапияда табысқан от сезіммен Сынығымын тұлпардың тұяғының. Биігімін Алтайдың шың-құзының, Қиығымын аспанның жұлдызының. Кіріспесін өмірдің өлең ашты, Күлім қағып алдымда тұр қызығым. Бұқтырманың шу асау толқынымын, Тән болмайды көкжалға олқы білім. Өздеріңе ұсынам, замандастар, Қанып ішер тереңнің мол тұнығын. Жалтыраған Мұзтаудың сұр мұзымын, Ақша беті сондай ма үр қызының! Суық ызғар биіктен білінгенмен, Жарқырайды алдымнан қырмызы күн. Егіз жолдың ұйқасқан сыңарымын, Шумақ-шумақ өлеңнің құмарымын. Артық айтсам, амал жоқ, қызып кетіп, Өзім ғана, кем айтсам, кінәлімін.