Төлеген Рахымжанұлы Өлеңімнің өзегі



Pdf көрінісі
бет7/13
Дата07.02.2017
өлшемі0,96 Mb.
#3600
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   13

Нұрбангүлге
Алып бара жатқан соң аңыз белең,
Дұрыс екен әр жылдан мән іздеген...
...Естен алпыс екінші жыл кетпейді,
Ұмытылмас жиырма екінші тамыз деген.
Жастық шағым артымда ойнап-күлген,
Оқиғалар жадыма бойлап кірген...
...Жиырма төртке толардан екі ай бұрын
Қоштасыппын қызулы бойдақ күнмен.

110
   
111
   
Отыз бес жыл толады биыл соған,
Қартайыңқы тартса да күйім-шамам.
Өзгеріссіз қалғандай ой-қиялым,
Жиырма беске бергісіз құйын-санам.
Өткен күннің өрнек боп қалады ізі,
Шежіредей тарқатар шал-абызы.
Етегімнен ұстаған жан-жарым деп,
Топқайыңның қыпша бел қара қызы.
Тәжірибе тағдырға болып құрбан,
Сабағы көп өмірдің мол ұқтырған.
Құдайыма күнде алғыс айтамын мен
Қажымайтын қараға жолықтырған.
Құрдастарым сөзімді дұрыс та дер,
Қолтығымнан көтерген туысқан ел.
Тоғыз бала өсірген бәйбішеміз –
Бір кездегі қара қыз құмырсқа бел.
Татулықтан жұптасқан жарасым бай,
Берекеде бал татыр қара суды-ай!
Құмырсқа бел дегенге ешкім сенбес
Бәйбішемді бес бие сабасындай.
Ұясынан ұлдарым қомданысып,
Қиясына қыздарым жолдан ұшып.
Бәйбішеммен енді бір отыз бес жыл
Жүрсе деген үміт бар қолды алысып.
Сезімі махаббаттың
1
Сезімі махаббаттың шыны мөлдір,
Сусының қанбайтындай сыры мол бір.
Кәрінің аңызы едің түгесілмес,
Жастардың сүйіп айтар жыры болғыр.
Махаббат тау шыңындай өрмелетер,
Түсінер екеуара жөнге жетер.
Отауды айдалаға құрып қойып
Сырласу үшін сонау көлге кетер.
Сезімнің адалдығын, тазалығын
Жеткізіп айта алмасам, жазалымын.
Нұры бар таңның таза бой сергітер
Ішінде асау толқын азабының.
Махаббат өртенгендей жалын болып,
Жүректің тілгілейді бәрін бөліп.
Жолында осы дерттің өтеді екен
Жазылған маңдайыңа жарым жорық.
2
Көнетін бар азапқа төзімді ме ем,
Мен тыныс арасында көз ілдірем.
Басымнан жатсам-тұрмай ой кетпейді:
“Махаббат, нашар білем өзіңді мен”.
Баруды әртүрлі ойға жиілетем,
Болған ба махаббаттың күйі бекем?!
Әр қилы емтиханнан өтіп едім,
Өмірге сын тапсыру қиын екен.
3
Махаббат – екі жастың ортақ ісі,
Көргеннен құмар болар жол танысы.
Жүрмейді оған енді пара дейтін,
Ешкімнің ем болмайды мол табысы.
Кіріспе, сөзің артық, ісің шығын,
Жөні жоқ қыстырылар үшіншінің.
Түседі екі араға есі кеткен,
Әдептің әуел баста  түсін сырын.
Махаббат – екі жастың сиқыр әні,
Ешқашан үзілмейтін күй тұрағы.
Аз күндік қызық бәрін ұмыттырған,
Боламыз Жер бетінен типыл әлі.

112
   
113
   
Серт махаббат
1
О, махаббат! 
                             Негіздердің негізі,
Жан-жүректің жарып шыққан лебізі.
Толқып жатқан тәуекелдің теңізі,
Жағасында шиыр болған көп ізі...
Адамзатқа күмбез болған сарайсың,
Қос шырақпен мың құбылып қарайсың.
Өткізгендей бұл өмірге талай сын,
Құрбыласқа тұрғыластай жарайсың.
Куәліктей бір көненің көзісің,
Тал шыбықтай бұралған жас сөзісің.
Әрбіреудің әр шақтағы кезісің...
...Ал нақ қазір менің еншім – өз ісім.
2
Қызыл өрт боп алаулап батыс тұрды,
Шабандоз қыз қиқулап жылқы өргізді.
Бізді тағдыр осы кеш табыстырды,
Өміріме өзгеше күлкі енгізді.
Аунады күн тек бұлтта дағы қалып, 
Ол шапақ та аздан соң аулақтады.
...Шарбы бұлттың жалынын қағып алып,
Менің балғын жүрегім лаулап қалды.
3
 Жарқылдаған жанарың өзің бе едің,
Неге елегізи береді көзім менің?!
Дегбір таппай, 
                          күні-түн көз ілмедім,
Сабыр бітті, 
                         келмейді төзімдегім...
Балқып жатыр жүрегім мыстай ысып,
Жетем, жаным, өзіңе құстай ұшып.
Арманың боп көгіңде қалықтайын,
Құшағыма бақыт боп...
                                        түс майысып...
Өрт махаббат
1
Еркетотай – мен, ал сен – еркешора;
Екеуара жұпталсын келте шама.
“Мен сендікпін” дегенің рас болса,
Тіліңменен тіліме мөлтеш ора!
Мен – шұғынық, сен – адал ақ гүлімсің,
Сезім қылын шертердей тапқырмысың?!
“Өмірлікпін” дегенің рас болса,
Тіліңменен тіліме тәттіңді ұсын!
Жаңғырығып жастықтың қилы іздері,
Өртеп жібер, махаббат, күйгіз мені.
“Жан жарыңмын” дегенің рас болса,
Ерініме ерініңді тигіз бері!
Ажырамас ғашықтай сүйгіз мені!
Беу, махаббат, сан тарау – мың сызық түр,
Күйдіргендей өрт қылып Күн шыжып тұр.
Көзқарасың үнсіз-ақ түсіндірсін:
Дейтініңді “сен – мендік” тілсіз ұқтыр.

Мәлім бе сүю-күю даулы екені,
Қай жүрек дауға көнбей қаулы етеді?!
Мәңгілік пешенеме бұйырар ма,
Махаббат – ертегідей бау мекені?!
Тамаша төзім неге түйсінбеймін,
Оңаша сезім неге сүйсінбеймін?!

114
   
115
   
Махаббат ақыл-есті билеп алды,
Мәңгілік сыбағама тисін деймін.
Өмірім өрт қауласа, сезінбеймін,
Көңілім толғап кетсе, безілдеймін.
Жүрегің қартаймайды деген шындық,
Махаббат, дәл он сегіз кезімдеймін.
Жасырып шындықты ешкім құтылған ба,
Сездірмеу қиын тиер бүкіл маңға.
Түсінік беру қиын түбегейлі,
Өртеніп ғашық дерті тұтылғанда.
Дерт махаббат
Таусылмайтын кеніштейсің, махаббат,
Көзбен ғана жеп-ішпейсің, махаббат.
Жүрегімді сыздатқанда кей-кейде
Тоң боп қатқан беріштейсің, махаббат!
Ымыраға келіспейсің, махаббат,
Құмырада жемістейсің, махаббат.
Ақыл емес, сезім билеп кеткенде
Оң нәрсені теріс дейсің, махаббат.
Бұлт шалғанда теріскейсің, махаббат,
Ерегеске беріспейсің, махаббат.
Қалтарысын ақтарғанда жанымның
Мінезімді тегістейсің, махаббат.
Өмір болса, өрістейсің, махаббат,
Көңіл қалса, көріспейсің, махаббат.
Жүрегіме түскен қайғы салмағын 
Ешкіммен де бөліспейсің, махаббат!
        Өкініш              
Өтініп қон дегенде, қона алмадым,
Өтірік шын тілеуің бола алмадым.
Өртенгенде көңіліңе бой суытпай,
Өкінем, әлі күнге сол – арманым.
Болғандай топ ішінен елеулің мен,
Білдірдің пейіліңді емеурінмен.
Бадалып бара алмадым, баптансамшы
Бозбала балуан қуат тегеурінмен.
Өзектің өрекпітпей толы арманын,
Өр серпіп, өсек болып оралмадым.
Өзеуреп өршеленіп кетсем еді,
Өндіртіп қайтарғандай жоғалғанын.
Сандалтып жата алмадым қызып-жанып,
Сыпайы тәлімсуді бұзып-жарып.
Сақина тілеп алмай сау басыма...
...Сарсаңда болсыншы деп жүзің жарық...
Отыздың үші
1
Отыздың үші – бүгінгі жасың,
Найзағай ойнар сібірлі жасын.
Сырыңды бермей сылдырап жүріп,
Шыныңды қалай ұғындырасың?!
Жымиып күлсең, жылындырасың,
Қабақты түйсең, суындырасың.
Шарадай болған шақшадай басым – 
Апарып қайда ұрындырасың?!
Дүлдүл тұлпарды құлын қыласың,
Бұлбұл іңкәрді шұғыл бұрасың.
Өткір жанарың түйіссе болды:
Бойыма біткен жынымды ұрасың.
Ән етсең сөздің түбін қуасың,
Мөлдір сезімді шымыр қыласың.

116
   
117
   
Ой тереңіне жылымдай батып,
Тозған жүйкемді жұлындырасың.
Аңсар көңілмен жуындырасың,
Дел-сал пейілмен жұмылдырасың.
Ынтық қалпыммен ақ гүл ұсынған
Қашан, жарқыным, тілімді ұғасың?!
2
Отыздың үші – машықты шағың,
Толысып бейнең, асыпты сәнің.
Ауылыңа жолым түспей-ақ қойды,
Бауырыма қашан басып құшамын?!
Алқызыл арай шашыпты сағым,
Балбырап тұрған ашытқы шағың.
Тәбетім кетер дейтін кез емес,
Дәметіп өтер ашық құшағым.
Отыздың үші – танысқан кезім,
Отыздың үші – табысқан кезім.
Отыздың үші – ішіме сыймай,
Ақырып жатыр арыстан төзім.
Отыздың үші – нелер гүл өзен,
Отыздың үші – кемелді кезең.
Отыздың үші – шарықтап шыңға,
Отыздың үші – тереңді кезем.
Қосыла берсін жасыңа жасың,
Көктемгі судай тасып ағасың.
Қызынған өлең сыр жасырмайды,
Қызыл сөз сыртқа шашырамасын.
 Кербезім
Кербезім, кеңмаңдайлым, кермиығым,
Көзіңді-ай жалт-жұлт еткен зер киігім.
Жолыңа құрбан болсам деген сертпен
Шөліркеп махаббаттан шерлі иінім.
Жарасып сындар сымбат озды иығым,
Асылдай жарқ-жұрқ еткен жез киігім.
Өртеніп кете жаздап барып қалам,
Бұратын болсаң ептеп көз қиығын.
Сезімнің табу қиын тең бүйірін,
Сыр бермес сарт-сұрт еткен жел киігім.
Өзіңді құс мамықтай үлпілдетіп,
Тағдырдың көтерейін мен қиынын.
Арманым, қол жетпестей биіктейсің,
Шарт та шұрт зымырайтын киіктейсің.
Өзіңнен үмітімді үзгенім жоқ,
Ал әзір көзге біткен күйіктейсің.
Дағдарған ғашықтықтың күйі мынау,
Сөзіңді бересің бе, киігім-ау?!
Өзіңді сүйетінге нені айтасың,
Дәл өзің сүйгеніңе қиын... ұнау?!
Ажарлы әйел бар... 
Ажарлы әйелдер бар көзі күлген,
Астарлы көмкерілген сөзі гүлмен.
Тоймайды қалжың сөздің қаймағына,
Ойнайды сенің еркек төзіміңмен!
Әдемі қырын келіп жымиғаны,
Әдепті, биязы жан бір ибалы.
Еркелеп әзіл айтып от тастаса,
Еркектің беліне кеп тұр иманы.
Әзілді әрлетуге жүз батпайды,
Әйел түк білмегендей міз бақпайды.
Екі оттың ортасына түскендейін,
Еркектің жаны шығып дыздақтайды.

118
   
119
   
Білесің бе?
Білесің бе? Көргеннен сені ұнаттым,
(Жүр есімде қызуы,  желігі аттың)
Байыбына бара алмай сезімімнің
Тауға шығып сол күні елік аттым.
Атпау керек екенін ойға алмадым,
Кешеуілдеп осылай ойлы арманым.
Шалыс басқан кезімді кейін білдім:
Мылтық жүрсе, ол жерде ойран барын.
Сүйіп сені мәңгілік қалсам керек,
Бал татыды сол әуре-сарсаң кенет.
Болмайды ғой қиналып, қажу деген,
Жастық шақта ширығып, шаршау бөлек.
Көңіл... сосын өзіңе... пейіл кетті,
Жүрек сөзі кешігіп кейін жетті.
Шыр айналдым мен жынды көбелектей,
Әлі күнге сол сезім сейілмепті.
Есіңде ме? Сол күні сыр ашқаным,
Тұрды бөлек жарқырап нұр-аспаным.
Мәңгілікке есімде сақталардай...
Сезім... төзім... өзіңмен ұласқан үн.
Мәңгілік аңсау
Жан құрбым, 
                       от болайын, жандыр мені,
Жаныңда жатталайын жай күндері.
Аттандым тәуекелмен болашаққа,
Арманның толқи берсін айдын көлі.
Шарқ ұрып қиуадан үн кетеді,
Жанымды тебірентіп күнде, тегі.
Жалт етіп қарағаның маған бір сәт
Арманның кең жайлауын гүлдетеді.
Жамиғи жөнің бөлек ой аулаған,
Табиғи өңің керек боянбаған...
... Мәңгілік аңсағаным өзің ғана,
арманға өмір-бақи тояр ма адам?!
Алғашқы сезім
Сонау кезде сезімім көмескі еді:
Сол қасиет өзгерді сен өскелі.
Күндіз күлкі, қалдым да түнгі ұйқыдан,
Бейнең кетпей көзімнен...
                                            елестеді.
Бір жылылық жаныма құйып едің,
Бар қызығын ұмыттым дүниенің.
Жатсам-тұрсам...
                    ойымнан еш кетпейсің,
өзің болдың күйініп, сүйінерім.
Сүйдім, рас, білектей бұрымыңды,
Сүйдім, рас, сүйкімді қылығыңды.
Қанып ішсем деп едім, өкінбестей,
Мөлдірінен көзіңнің тұнығыңды.
Сүйдім, рас, қарақат көздеріңді,
Еркелікпен бұртиған кездеріңді.
Ойлаймын да ұялам өртенердей
Өзіңе айтқан алғашқы сөздерімді.
Уәде
Нұр жүзіне күн тигізбей,
Ант беріп ем: 
                     бағамын деп,
Маңдайыңнан бір сүйгізбей,
Желден қорғап қаламын деп.
Қателеспес кісі бар ма,
айыбымды бойыма алам?!

120
   
121
   
Сені құстай ұшырарда
Жымиған-ды ойлы далам.
Кеудең өрт боп, төсің – жалын,
Көрінгендей айқын маған.
Кешір, жарым, 
                          кешір, жаным,
Мен сөзімді қайтып алам.
Қылығымды еп көрем деп,
Тиді-ау деймін аздап тұмау...
...Ант берем деп, 
                        серт берем деп,
Тұншықтыра жаздаппын-ау!
Өзіңе ғана
1
Ұшқыр қиял әлдилеп,
Көрдім-ау сені... үлгердім...
Қалатын елтіп, 
                          жан билеп,
Лебізіңе ділгірмін.
Махаббат отын тұтатып,
Қауызын ашар бір гүлдің.
Жаным-ау, бұрыл, 
                              тіл қатып,
Сөзіңе жылы ділгірмін.
Асыға тарттым арманға,
Армандап өтер дүлдүлмін...
Сүйерім сенсің жалғанда, 
Өзіңе ғана ділгірмін.
2
Асыға тарттым арманға;
Артымда – еңку, бел – алдым.
Бақытым жақын қалған ба,
Иісі-ай, шіркін, көгалдың?!
Алқынып өрлеп келемін,
Құшағын маған жайып көк,
Арманым мынау дегенім
Сағымдай жылдам ғайып боп.
3
Күтем сені,
Сені күтем;
Арыма кір жуытпаспын.
Алыста біздің мекен,
Сонда сені ұмытпаспын.
Хат арқылы өбейін де,
Қағаз болып құшақтайын.
Сүймесең,
Жас төгейін де,
Өзімді-өзім... пышақтайын.
Өкініш
Өкінбеске бекіндім мен,
Өкіндірсең,
лажым не?!
Жарты жаным секілдім бе ең,
Шала жаным жүр әзірге?!
Ешкімге де мұң шақпаймын,
Дәметпеймін, сірә, жүлде.
Өлең болып бұршақтаймын,
Шыбын жаным, жыр әзірле!
Көкіректе бір нала мұң,
Жегідей жеп жүр жанымды.
Көңіл білдір, бір барамын,
Елең етпей қылжағыңды.

122
   
123
   
Жыр дейсің бе, ән дейсің бе,
Қауышқан шақ қалды есімде?!
Шыбын жаным тулап өтті-ау
Өскеменнің сал кешінде.
Көк көйлек
Маған ашып айтарың жоқ қой деймін.
Саған...
Саған айтарым...
Көп қой менің...
Көз алдымнан көлбеңдеп ақ кәстөм мен
Қыз күніңде көп киген көк көйлегің.
Ғажап еді көк көйлек...
шіркін, Алла-ай!
Жеткіздің бе бүгінге жыртып алмай?!
Сол көйлекті кимеген кей күндері
Солғандай боп көріндің...
құлпыра алмай...
Нәзік едің үлпілдек...
Бейне гүлдей...
Үлбіреген көгілдір көйлегіңдей...
Қанат қағып талпынып кейде аспанға,
Жөнелтетін сияқты ең кейде билей...
Ақ кәстөмің таза еді,
Ажарлы еді...
Салтанатқа киердей базарлы еді...
Сол екеуі тозатын күні туса,
Ап кетердей көруші ем ажал мені...
Тірі қалдым...
Тигендей жан сауғаға...
Табылмайды уақыт шаршауға да...
Еске түссе сол бір кез...
Бітірерім...
Көк көйлек пен өзіңді аңсау ғана!
Сен қайда кетіп барасың?!
Жаз билеп өргек орманда,
Қаз-үйрек көлге қонғанда,
Ұзарып өсіп көкорай,
Шалғынға шашақ толғанда,
Сен қайда кетіп барасың?!
Тоғайды желек жапқанда,
Бұталар маржан таққанда,
Киіз боп жидек, бүлдірген,
Қызара бөртіп жатқанда,
Сен қайда кетіп барасың?!
Қоңырауын шілде қаққанда,
Буыны шөптің қатқанда,
Туған жер жазда толықсып,
Туырылып тулап жатқанда,
Сен қайда кетіп барасың?!
Тоқталып тұрмай бөктерге,
Бұлдырап сағым көк белде,
Бауырдың бұлты қиялап,
Нөсерлеп төгіп өткенде,
Сен қайда кетіп барасың?!
Сәлемхат байлап кептерге,
Қабадан асып жеткенде,
Шабанбай жақтан қалың бұлт,
Мұзтауға жөңкіп кеткенде,
Сен қайда кетіп барасың?!
Жүректің сыры тереңде,
Айтылар ма екен белеңде?!
Сөзіңе жеттің дегенде, 
Өзіңе жеттім дегенде,
Сен қайда кетіп барасың?!
                                 

124
   
125
   
Түстіктен жеткен ән
Шымкент филармониясының әншісі 
Дана Бекеноваға
Шүпірлеген тыңдаушы залдың іші,
Тастап келген бүгінше бар жұмысын.
Ішкен асын қоя сап біздің қазақ,
Басын тігер бәйгеге ән-жыр үшін.
Ән басталды Алтайдан шырқау асып,
Бір биікпен бір биік тұр таласып.
Оңтүстікке жетсінші мынау дауыс,
Қойыңдаршы анау бір қырқаны ашып!
Құлақ құрышын қандырып бабамыздың,
Көзін оттай жандырып анамыздың,
Жеті қырдың астынан естіледі,
Дауысы қандай зор еді Дана қыздың!
Ән артынан ән айтып түйдектетті,
Әнмен бірге дөңгелеп билеп кетті.
Жігіттердің жүрегін суырып ап,
Мақталыққа өзімен сүйреп кетті.
Көгершіндей ұшырып көп арманды,
Қайта түлеп шөл дала көгалданды.
Қоразданды қутыңдап кемпір мен шал,
Жаңа тауып алғандай жоғалғанды.
Мынау орман мүлгиді ұйып тыңдап,
Тыңдарманға болғандай иық құндақ.
Мен отырмын тыпыршып қозғалақтап,
Дана кетіп қалардай сүйіктімді ап!
Ән жалғасты Алтайдан шырқау асып,
Бұл биік мен ол биік тұр таласып.
...Оңтүстіктен жеткендей сүйікті әуен,
Қойыңдаршы мына бір қырқаны ашып!
Асылзат, арманда едім...
Әні бар
Созылған айшылық жер – дала беткей,
Беткейден өту қиын тәуап етпей.
Қолдасып Асылзатпен жүрер ме екем,
Сыңар жоқ: жалғыз келіп, дара кетпей?!
Асылзат, арманда едім... ауылың қайда,
Жер шалғай, бара алмадым амал бар ма?!
Қаз едік қатар қонған жайлы өңірге,
Мәз едік Тәңір берген сайлы өмірге.
Қапыда адастырған тағдырым-ай,
Қонысың Төр Алтайдың қай жерінде?!
Асылзат, арманда едім... ауылың қайда,
Жер шалғай, бара алмадым, амал бар ма?!
Сандалып көрмегелі көп жыл өтті,
Сарғайтып сол сағыныш бек жүдетті.
Өзіңе сәлемдеме – ән жолдадым,
Ән езіп жүрегімді елжіретті.
Асылзат, арманда едім... ауылың қайда,
Жер шалғай, бара алмадым, амал бар ма?!
Студенттік шақтар-ай...
Студенттік шақтар-ай...
                                      қоян-қолтық.
Асығыс шақ...
                         болмайтын аялдау түк,
Екпінді фокстрот, вальс емес,
“араби танго” сазы баяу қалқып.
Әнге балқып нәзігі, 
                                   шоң ұлығы,
Әсерімен әуездің болып ірі,
Әуелетіп зал кернеп тұрушы еді
Әнші Батыр Закировтың қоңыр үні.

126
   
127
   
Құрбыларға тіл қатпай, 
                                        көңіл батпай,
Жайлап қана елтитін сол ырғақты-ай!
Ұяңдықтан қысылып-қымтырылдық,
Кең залдан ине шаншар орын таппай.
Студенттің осындай жайы білген,
Салт басымыз табысып сайын үнмен,
Аяқты да асықпай алушы едік,
Бірге босап...
                        сәл ұзақ қайырыммен...
Содан кейін соқса да  қар боратып,
Архивына тарихтың әнді оратып,
Жылдамдыққа көнбейтін сол ырғақпен
Әлі келе жатырмыз танголатып!!!
Жыр нөсері
Толықсыған денені
Көремін де қызығам.
Төккім келіп өлеңді,
Жауар күндей бұзылам.
Күн нұры ма, жалын ба, 
Шіркін, қыздың ажары-ай!
Ұшқын шашып жанымда,
Жарқылдайды нажағай.
Шап-шақ болып үстіне
Қона қалған киімін.
Алай-дүлей ішімде
Соғып өтті құйыным.
Жібектейін сызылған
Өзі қандай көңілді!
Көңілімен бұзылған
Жыр-нөсер боп төгілді.
Егіз шумақтар
1
Табысқандай болып беріліп мүлдем,
Қауышқандай жорып серілік күнмен,
Шыға келетінім қайда, басымнан бақыт,
Ән ұшқандай болып жерініп бірден.
Танысқандай төніп суықтай бойды,
Жарысқандай көніп уықтай бойлы,
Махаббат мені кәрісінді білем,
Арыстандай көріп... жуытпай қойды.
2
Бұрылып жауап берсең нең кетеді,
Бозартып тіл қатпауың меңдетеді.
Көңілге күмән кіріп, күдік қаптап,
Жауапсыз ой мен сезім тербетеді.
Армандай жарасымды бұлғақтауың,
Айтылмай жатыр іште бір мақтауың.
Жалғанбай жатқандайын түсінісу,
Аймаңдай, мойын бұрып тіл қатқаның.
Бір танысқа
Ішіп жүрген кезің болса, тояр ең,
Ісіп жүрген кезің болса, қояр ең.
Бірақ қайдан. Мен білгенде қоян ең,
Қауашақта аялдаған  ой әрең.
Қызып жүрген кезің болса, жоқтар ең,
Жүзіп жүрген кезің болса, тоқтар ең.
Бірақ қайдан, мен білетін отты әлем
Жанып тұрса, жуықтаушы ең отқа әрең.
Ойлап жүрген кезің болса, сұңқар ең,
Ойнап жүрген кезің болса, тұлпар ең.

128
   
129
   
Бірақ қайдан. Мен білгенде қырқадан
Аса алмаушы ең, әйтпегенде шырқар ең.
Өсіп жүрген кезің болса, шайқар ең,
Бөсіп жүрген кезің болса, айтар ең.
Бірақ қайдан. Жолға салдым қайта мен,
Әйтпегенде, адам емес сайтан ең.
Сайрап жүрген кезің болса, шешен ең,
Жайнап жүрген кезің болса, көсем ең.
Бірақ қайдан. Көгермеді-ау көсегең,
Үн жоқ, түн жоқ, кезіп жүрсің көшемен.
Осы күні үндемейтін мода таң,
Бір құрдымға тірелгендей жол-апан...
...Бір қалыпты үйреніпсің айтуды,
Сырға мықты, күйге еніпсің момақан.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   13




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет