Фильмдерді көру және оны талдау. Сабақ барысында көркем фильмдерді және шағын бейне-баяндарды, олардың үзінділерін қолдануға болады. Тақырып пен мақсатқа сай материалды тек қана қосымша емес, сабақтың кез келген кезеңінде көрсетуге болады. Көрсетілімнің алдында оқушылар бірнеше (3-5) кілтті сұрақтарды беріп қою қажет. Бұл талдауға негіз болатын сұрақтар. Фильмді арнайы таңдалған жерлерінен тоқтатып дискуссия өткізуге болады. Пікірталас барысында оқиға әрі қарай қалай өрбиді немесе қалай аяқталады деген сияқты да сұрақтарды қоюға болады. Соңында оқушылармен бірге талдап, қорытындысын шығару қажет. Бұл да - өте ұтымды жұмыстың бір түрі.
Фишбоун (Балық сүйектері немесе қаңқасы). Бұл стратегия – проблемаларды анықтау және одан шығу жолдарын қарастыру моделі болып табылады.Бұл сызбаны алғаш болып Каора Исикава ұсынған. Оқыту процесінде бұл әдіс оқушылардың ортақ тақырыпты талқылауына септігін тигізеді.Бұл балық сүйектерін тігінен және көлденең орналастыруға болады.Жазылым қысқаша жазылуы тиіс. Балықтың басына: зерттелетін , қаралатын, талқыланатын тақырып жазылады. Оң жақ қабырға сүйектеріне: анықтаған проблема себептері, тақырыптың негізгі мазмұндары мен түсініктері жазылады. Сол жақ қабырға сүйектеріне: проблемаларды шешу жолдары, қарамақайшылық тудырушы кедергілер жазылады. Балықтың құйрығына: анықталған жұмыстың нәтижесі мен талданған тақырыптың қорытындылау сұрағына жауап жазылады.
Рефлексия - жазу мен талдаудың тиімді тәсілі. Рефлексия шығармашылық үдерістердің ішінде басымдылыққа ие бола отырып, жетекші роль атқарады. Ол - тұлғаның ішкі әлеуетін пайдалану мен өзін-өзі тануының қайнар көзі. Рефлексивті тұлға ғана табысқа жете алады. Олай дейтін себебіміз ол өзінің жетістігі мен кемшілігіне баға беріп, алдына мақсат қойып, жоспар құрады. Ал өз әрекетін саралау үшін тұлға сыни ойлана алуы тиіс. Сын тұрғысынан ойлануға өзін де өзгені де бағыттау оқытушынен шығармашылық әлеуетті талап етеді. Студент бойында рефлексивтік дағдыны қалыптастыру үшін оның мағынасына терең үңілуіміз қажет. «Рефлексия» латынның «рефлексус» деген сөзінен шыққан. Көлдің құйылар жерінде оның толқынының бейнесі көрінетініне байланысты айтылып, «ішкі» деген мағынаға ие болған, яғни өз бейнесінің өз ішінде көрінуінен осылай аталса керек. Осыған ұқсас орыс тілінде де «рефлектор» деген ұғым бар. Ол - тұрмыстық және өндірістік құрылғының бір бөлігі. Бұл сөздің шығу төркініне, қазақ тіліне нақты қай ұғым негізінде енгеніне терең бойламай-ақ, XIII ғасырдың өзінде ғылымда «жарық рефлексиясы» деген атпен белгілі екенін айтуға болады.