Топтық жұмыс: ұйымдастыру, ұсыныстар мен нәтиже
Басанова Ақманат Серікқызы
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы,
педагогика ғылымдарының магистрі
Жаһанданудың қазіргі кезеңінде біздің жас мемлекетімізге, Виллем Те Вельде айтқандай, жоғары сапалы білім қажет. Хэтти жүргізген алпыс мыңнан астам педагогикалық зерттеу оқушылардың жоғары нәтиже көрсетуіне, алға жылжуына мұғалімдердің педагогикалық шеберлігі, олардың пайдаланатын әдіс-тәсілдері айтарлықтай септігін тигізетінін дәйекті түрде көрсетті. Демек, жоғары сапалы білімге қол жеткізу үшін оқу бағдарламасын өзгертумен қатар педагогикалық тәсілдемелерді жетілдіруіміз қажет болды. Осыған орай, жаңартылған білім беру бағдарламасы аясында тиімді педагогикалық тәсілдерді қолдану жолдары қарастырылды.
Көптеген зерттеулер мен ізденістер нәтижесінде жаңартылған білім беру бағдарламасы негізделген сындарлы оқыту теориясы оқушылардың білімді есте ұзақ сақтауын қамтамасыз ететін, білімді дайын күйінде жаттамай өздігімен құрастыруға мүмкіндік беретін белсенді оқу түрінде ұйымдастыру көзделіп отыр.
Белсенді оқу - шынайы өмірден алынған және ойдан шығарылған жағдайларды қолдана отырып оқушыларды ойланып, күрделі мәселелерді шешуге жетелейтін оқыту мен оқудағы тиімді тәсілдердің бірі.
Мұндай оқуға Brodie топтық жұмысты жатқызады. Топтық жұмыс өзара жолдастық көмек беру, сыныптағы эмоциялық ахуалдың жақсаруына, оқушылардың білімге деген құмарлықтарының артуына, таным үдерісінің нәтижелі болуына әсер етеді. Я. А. Коменский «Ұлы дидактикасында» айтқандай «басқаларды оқытатын адам өзінің білімін тереңдетіп, бекітеді». Демек, ұжымның әрбір мүшесі бірін-бірі оқыта отырып, ақпаратты 90 пайыз есте сақтайды. Бір-бірін оқытуда оқушылар ақпаратты есте сақтап ғана қоймай, Н. К. Крупская айтқандай, «...бала өзінің білімін тексеріп, толықтырып отыруға мәжбүр болады, оларда ұстамдылық, шыдамдылық, жолдастарының жетістіктеріне деген қызығушылық тәрбиеленеді». Яғни, топтық жұмыс оқушылардың түрлі көзқарастағы пікірлерді естуіне, өздерінің идеяларын қалыптастыруына және оны қорғауына мүмкіндік береді. Сол арқылы олардың ұғым-түсініктері қалыптасып, оқулықта ұсынылған түсініктерге немесе сарапшылардың пікірлеріне сыни көзқараспен қарауды үйренеді және де оқушының өзіне деген сенімділігі, жауапкершілігі артады, өз ойын еркін жеткізе алады, белсенді, алдына мақсат қоя алатын, ортада өзін еркін ұстайтын, бір-бірімен пікірлесе білетін, бір-бірін оқыта алатын болады. Менің бұл пікіріммен жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша сабақ беріп жүрген мұғалімдер келіседі деп ойлаймын.
Е. Конникова топтық жұмыстың нәтижелілігінің негізгі үш шартын атап көрсетті:
жұмыс қызықтыратын болуы керек;
ол балалардың қызығушылығын ескеріп, оған сүйенуі керек;
әрбір оқушы оның белсенді мүшесі болып, өзінің үлесін қосуы керек.
Топтық жұмыс нәтижелі болу үшін ескерілетін талаптар мұнымен шектелмейді. Бүгін мен сол талаптардың үшеуіне ғана тоқталып өткім келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |