«Тұран» Университі



бет128/171
Дата21.10.2022
өлшемі2,56 Mb.
#44551
1   ...   124   125   126   127   128   129   130   131   ...   171
Байланысты:
С. Мырзалы Философия

Кеңістік пен уақыт
Қозғалыстағы заттар мен неше-түрлі үрдістер кеңістік пен уақыттың шеңберінде өтіп жатады. Ең жалпы түрде алғанда, кеңістік деп заттар мен құбылыстардың бірінің жанында бірінің орналасуын айтамыз, ал уақытқа келер болсақ - ол дүниедегі болып жатқан уақиғалардың бірінің соңынан екіншісінің келуі.
Кеңістік пен уақыттың табиғаты жөнінде сонау көне заманнан бастап осы уақытқа шейін, негізінен, екі көзқарас қалыптасты. Олар: субстанциализм - кеңістік пен уақытты дүниенің алғашқы негіздерінің бірі ретінде қарайды және релятивизм (салыстырмалы) – кеңістік пен уақыт қозғалып жатқан неше-түрлі материалдық объектілердің формалары, соған бағынышты.
Бірінші көзқарастың негізін жасаған көне грек философы Демокрит болды. Ол өзінің атомистік ілімінде дүниенің алғашқы негізін құрайтын екі бастаманы мойындайды: оның бірі көзге көрінбейтін әрі қарай бөлінбейтін ұсақ бөлшектер –атомдар және ғарыштағы бос кеңістік. Атомдар сол кеңістікте құлдырап келе жатып бір-бірімен соқтығысып табиғатың заттарын тудырады. Яғни, кеңістік – субстанциялық алғашқы негіздердің бірі. Егер дүниедегі атомдар бір сәтте жоғалып кетсе, Дүние құрымайды – кеңістік алғашқы негіздердің бірі болып қала береді.
Сол заманның ірі ойшысы Эмпедокл бұл пікірге қарсы шығып: "судағы балыққа қараңызшы – онда бос кеңістік жоқ, бірақ балық қозғалады", - деген пікір айтқан болатын. Яғни, ол бос кеңістік идеясына қарсы шықты.
Аристотельдің ойынша да, бос қуыс жоқ, кеңістік – дүниедегі заттардың алатын орны, ал уақыт- қозғалыстың саны, мөлшері.
Орта ғасырдағы ойшылдар кеңістік пен уақытты Құдайдың жасампаздық іс-әрекетімен теңеді. Дүние өтпелі болып кеңістік пен уақытта берілген, тек Құдай ғана – мәңгілік, олардан тыс жатыр.
Жаңа дәуірде Декарт "бос қуыстық" идеясына қарсы шығып кеңістіктің заттармен толы екені жөніндегі идеясын ұсынды. Олай болса, кеңістік пен созылу – бір. Ол ұзақтық пен уақытты айыру керектігін де айтады. Ұзақтық заттарға тән нәрсе болса, уақыт – сол ұзақтықтың ой өрісіндегі көрінісі. Осыған жақын көзқараста Лейбниц те болды.
Кеңістік пен уақыт жөніндегі ерекше ой айтқан Кант болды. Оның ойынша, олар адамға априорлық (тәжірибеден бұрын, тыс ) түрде берілген: кеңістік сыртқы сезімнің, ал уақыт – ішкі сезімнің априорлық формалары. Тек солар арқылы ғана адам өз дүниетанымын белгілі бір тәртіпке келтіре алады.
Жалпы алғанда, философия және ғылым тарихында ХХ ғ. дейін кеңістік пен уақыт жөнінде субстанциалық көзқарас басымқы болды. Оған өз үлкен үлесін қосқан ағылшын ғалымы И.Ньютон болған-ды. Ол ғылымға абсолюттік кеңістік (шексіз қуыс) және уақыт (таза біркелкі ұзақтық) категорияларын еңгізіп, олар материядан да, бір-бірінен де тәуелсіз өмір сүреді деген пікірге келеді. Сонымен қатар, адамның санасында салыстырмалы кеңістік пен уақыт жөніндегі түсініктер бар, олар тәжірибеге байланысты өзгерісте болуы мүмкін.
Ньютон гравитация (тарту) заңдарын ашу негізінде алыстан әрекет ету теориясын жасайды. Дүниежүзілік тарту күші ғарышта сол сәтте тікелей шексіз тарап объектілерге өз әсерін тигізеді. Сондықтан, уақыт ғарышта барлық жерде біркелкі. Мысалы, жер бетіндегі бір университетте лекция оқылып жатса, басқа жұлдыздар аясындағы планеталарда сол сәтте басқа зерделі пәнделерге де дәріс жүріп жатуы мүмкін. Бұл классикалық механикада жасалған тұжырымдар болатын.
Алайда ХІХ ғ. бастап жоғарыда айтылған көзқарастарға күмәндану басталады. Электромагниттік үрдістерді зерттей бастаған М.Фарадей мен Дж.Максвелл тарту күші қашықтық пен қатар жылдамдыққа байланысты және тікелей тарамайды,- деген пікірге келеді. Ал күштің тарауы сол сәтте емес, белгілі бір шектелген жылдамдықпен жүреді. Соңында, олар сәуле, магнетизм, электр қуатын біріктіріп электромагниттік өрістің әр-түрлі көріністері ретінде қарай бастады.
Сонымен, ғарыштағы күштердің жылдамдығының шектелгені Ньютонның алыстан әрекет ету теориясына үлкен соққы жасап, А.Эйнштейннің ғылыми жаңалықтарын ашуға белгілі алғышарттар жасады. 1905 ж. ол өзінің кеңістік пен уақыт жөніндегі арнаулы салыстырмалы теориясын жасап шығарады. Бұл теорияның негізінде ғарыштағы ең асқан жылдамдық - сәуле жылдамдығы – 300мың км.сек. деген қағида жатыр. Онымен салыстырғанда, басқа жылдамдықтарды 0-ге теңеуге болады. Мысалы, жердегі дыбыс жылдамдығы 340м.сек. – сәулемен салыстырғанда тұрақты деуімізге болады. Егер де қайсыбір ғарыштағы үрдістің жылдамдығы сәулеге жақындаса, онда оның көлемі қысқарып, уақыт баяулап, салмағы күрт өседі. Дүниедегі жылдамдық шектелгеннен кейін, ғарышта біруақытта болып жатқан үрдістер жоқ. Ғарыштағы әрбір жүйенің өз уақыт есебі бар. Мысалы, жерде жас әйелі мен бір жасар баласын қалдырып, 25 жасар космонавт сәулеге жақын жылдамдықпен ғарышқа ұшып, бір жылдан кейін қайтып келсе, оны 51-дегі баласы қарсы алады екен ! Әкесі 26-да, баласы 51-де! Өйткені, ғарыш кемесінің ішіндегі уақыт баяулайды да, жердегі уақыт есебі бұрынғыдай бірқалыпты жүре береді. Әрине, бұл теоретикалық қиял, оның іске асуы мүмкін емес. Ол іске асқан жағдайда ғарыш кемесінің көлемі жоғалып бара жатқан нүктеге айналар еді ! Екіншіден, ондай жылдамдыққа жету үшін бүкіл Дүниенің күш-қуатын жұмсау керек болар еді, ал, ол – мүмкін емес.
А.Эйнштейн 1916 ж. өзінің жалпы салыстырмалы теориясын жасайды. Оның түйіні - ғарыштағы орасан зор объектілердің гравитациялық тартым арқылы жағалай қоршаған кеңістікті қисайтуы болып табылады. Сонымен, кеңістік пен уақыттың қасиеттері ғарыштағы объектілердің массасының (салмағының) бөлінуіне байланысты өзгеріп отырады екен. Бұл тұрғыдан алғанда 2000 жылдан артық ғылымда еш дау туғызбаған Евклид геометриясының негізгі қағидалары жер бетіндегі адамдардың практикалық қызметіне бейімделген тұрпайылынған кеңістік теориясы болып шықты!
Неміс ғалымы Б.Риман сфералық кеңістіктің ( үлкен шардың үстіндегі кеңістік) қасиеттерін зерттеп, оның үстінде сызылған тура сызықтан тыс орналасқан нүктенің үстінен бірде-бір тура сызыққа параллельді сызықты жүргізуге болмайды – бәрі де онымен тоғысады деген пікірге келеді. Сфералық кеңістіктің үстіндегі үш бұрыштың қосындысы 180 градустан асып түседі ! Псевдосфераның геометриясын зерттеген орыс ғалымы Н.И.Лобачевский мен венгр Я.Больяй керісінше нәтижеге келді - үш бұрыштың қосындысы 180 градустан аз болып шықты. Сонымен қатар, оның үстінде бір тура сызыққа қосылмайтын көп сызықтар болуы мүмкін.
Олай болса, кеңістік пен уақыт жөніндегі мыңдаған жылдар бойы өмір сүрген субстанциялық көзқарастың қазіргі ғылыми зерттеулерге қайшы келгенін байқаймыз. А.Эйнштейннің өзі айтқанындай: " Мәселенің түйіні мынада: егер де таңғажайып болып Дүниеден барлық материалдық заттар жоғалып кетсе, кеңістік пен уақыт қала берер еді деп бұрын есептеген болатын. Ал салыстырмалы теорияға сәйкес- заттар мен бірге кеңістік пен уақыт та құрдымға кетер еді. Яғни, кеңістік пен уақыттың қозғалыстағы материядан тыс өзіндік болмысы жоқ, олар тек оның формалары ғана.
Қорыта келе, кеңістік пен уақытты Дүние болмысының ең жалпы қажетті формалары ретінде қарап, сонымен қатар, оны философия, физика т.б. ғылымдардың іргетасты категорияларына жатқызуымыз керек. Дүниеде еш жерде кеңістік пен уақыттан тыс өмір сүріп жатқан бірде-бір зат, құбылыс жоқ.
Ең алдымен ескертетін нәрсе – олар шынайы және объективті, яғни, адамдардың санасынан тәуелсіз өмір сүріп, сонымен қатар, танылады. Діни философияда кеңістік пен уақыттан тыс өмір сүретін Құдай идеясы мойындалады – бірақ, ол ешқашанда дәлелденбейтін ашық сұрақ. Ал Канттың субъективті-идеалистік көзқарасына келер болсақ (кеңістік пен уақыт- априорлық сезімдік формалар ғана) – ол да қазіргі ғылыми сынды көтермейді.
Келесі ескеретін мәселе – кеңістіктің үш, ал уақыттың бір өлшемдігі. Кеңістіктегі әрбір заттың орнын анықтау үшін біз бір-біріне тәуелсіз үш координатаны ( X, Y, Z, яғни, ұзындық, биіктік, ен) пайдаланамыз. Математика саласында көпөлшемді кеңістік ұғымы пайдаланғанмен, оның шынайы кеңістікке қатысы жоқ, өйткені оның координаталары заттың температура, жылдамдық, массасын т.с.с. анықтайды.
Уақытқа келер болсақ, оның өлшемі бір ғана: ол өткеннен қазіргіге өтіп болашаққа бағытталған. Теоретикалық тұрғыдан алғанда, егер жылдамдық күн сәулесінен де жоғары болса, онда уақыт кері ағуы мүмкін. Бірақ, ол шынайы түрде мүмкін емес. Уақыттың кері қайтпаушылығы – оның бір өлшемдігінен шығады. Кеңістікте қайта оралушылық бола береді. Мысалы, біз күнде үйден шығып, кешке қайта ораламыз.
Кеңістіктің біркелкілік (барлық нүктелердің теңдігі) және изотроптық (барлық жаққа бірдей тарауы), ал уақыттың тек біркелкілік ( барлық нүктелер бір-біріне тең болғандықтан уақытты қай сәттен болсын бастай беруге болады) қасиеттері бар.
Соңғы жылдары ғылымда биологиялық, психологиялық және әлеуметтік кеңістік пен уақыт категориялары пайда болып қазіргі өмірде кеңінен пайдаланып зерттелуде.
Биологиялық кеңістік пен уақыт әр-түрлі тіршілік формаларының кеңістік пен уақыттың шеңберіндегі өмір сүру ерекшіліктерін, өсімдік пен жануарлар әлеміндегі түрлердің ауысуын т.с.с. сиппатай ды.
Мысалы, иттің өмірінің ұзақтығы 20 жылға жуық болса, қарғаның өмірі 300 жылға дейін созылады. Дүниедегі ең ұзақ өмір сүріп жатқан жануар түрі – крокодилдер – өзгерместен сонау динозаврлар өмір сүрген уақыттан бері келе жатыр.
Ал биологиялық кеңістікке келер болсақ, оңтүстік аймаққа бейімделген тіршілік формалары солтүстікте өмір сүре алмайды, әр тіршілік формаларының өзінің кеңістіктегі өмір сүру ареалы бар.
Адамның биологиялық өмір сүру ұзақтығына әлеуметтік факторлар өзінің зор әсерін тигізеді. Мысалы, алғашқы қауымдық қоғамдағы орта адам өмірінің ұзақтығы 25 жылдай болса, қазіргі дамыған елдердегі көрсеткіш – 75-80 жылға дейін жетеді. Ал, өмір сүру кеңістігіне келер болсақ, адам өзінің саналы іс-әрекетінің арқасында жер бетіндегі барлық аймақтарды игерген. Бүгінгі таңда адамның аяғы баспаған жер қалмаған болар.
Қазіргі ғылыми деректер бойынша, әр организмнің өзіне тән уақыт өлшемі мен ритмі бар. Мысалы, жылы күз шағында солтүстіктен алғашқы суық жел келген кезден бастап қоян қоңыр жүнін түсіріп ағара бастайды. Егер қар уақытында жаумаса, қара жерде ақ қоянды көруге болады. Орта ғасырдағы діни философияда “құдайды дәлелдеудің” бұл негізгі аргументі болатын - әр тіршілік формасы “мақсатқа лайықтылықтың” негізінде өмір сүреді, ал оны тіршілікке енгізген жоғарғы саналы күш. ХХғ. ортасына шейін бұл “дәлелдеуді” ғылыми жолмен ешкім терістей алмады. Тек, совет ғалымдары П.Анохин мен Н.Бернштейннің арқасында ғана оның құпиялығы ашылған болатын. Оның мән-мағнасы мына факторларда жатыр.
Әрбір организм өзінің жағалай ортаға бейімделу барысында шындықты алдын-ала бейнелеу дәрежесіне көтеріледі. Оған себеп болған ғарыштағы уақыт ритмі: күн мен түн, жаз бенен қыс, айдың гравитациялық тартуы арқылы теңіз суының көтерілуі мен қайтуы, күннің әрбір 11 жыл сайын энергиясының өсуі т.с.с. миллиарттаған жылдар бойы тіршілік ритмін анықтап, оның генетикалық бағдарламасында жазылып, соған сәйкес өмір кезеңдерін тудырды.
Биологиялық уақыт та организмнің өмір сүруінің әр сатысында соған сәйкес өзгеріп отырады. Адамның жас кезінде организмдегі “сағат” жағалай қоршаған уақыттан гөрі тезірек өтеді де, психологиялық тұрғыдан келгенде адам өмірі баяу өтіп жатқан тәрізді болады. Кәрілік келіп, организм ескірген кезде оның “сағаты” қоршаған ортадағы уақыт ритмінен қалыңқырап, психологиялық тұрғыдан алғанда, өмірдің зымырап тез өтіп бара жатқанындай әсер тигізеді. Сонымен, биологиялық кеңістік пен уақыт та бірқалыпты емес, өмірдің ерекшелігіне сай өзгеріп отыратынын анықтадық.
Психологиялық кеңістік пен уақытқа келер болсақ, оның да өз ерекшеліктері бар екенін байқаймыз. Ол, негізінен алғанда, тек адамға тән нәрселер. Ол дүниені адами қабылдау мүмкіндіктерімен бірге оның іс-әрекетімен тығыз байланысты. Егер сіз өте қызықты шығармашылық іспен айналысып жатсаңыз, онда уақыттың қалай өткенін байқамай қаласыз. Жалғыздық - адам уақытын қорғасын басқандай басып баяулатады. Ағылшындар айтқанындай, ісі жоқтық, адамның миын шайтанның шеберханасына айналдып, ақырында адам ішімдікке, нашақорлыққа салынып, я болмаса, қылмыстық жолға түсіп, өзін-өзі жоғалтып, жалғыз-ақ берілетін өмірінің быт-шытын шығарады. Өкінішке орай, бүгінгі таңдағы кең етек алған жұмыссыздық - қоғамдағы бүкіл әлеуметтік аномияның (ауытқудың) негізгі себебі болып отыр.
Дүниеде тек қана психологиялық салада уақыттың қайта оралу әсері бар. Оны алғаш рет көркем түрде көрсетіп, таңғалдырған француз жазушысы Марсель Пруст болған-ды. Егер сіз жас кезіңізде болған жерге қайта оралып, алғашқы махаббат оянған жердегі қайыңның жанында тұрсаңыз, өзіңіздің көңіл күйіңізге байланысты сол балауса кезіңізге қайта оралғандай боласыз. Сол кездегі сезімдер мен дүниесезім сізге қайта оралғандай болады. Ол әсіресе, адамның түсінде, кейбір бейсаналық, транспсихикалық ақуалдарда кездеседі. Әрине, психологиялық тұрғыдан уақыттың қайта оралғандай әсері өмір шеңберіндегі жан-дүниеде өте терең із қалдырған оқиғалармен байланысты екені түсінікті жәйт.
Соңғы, әлеуметтік кеңістік пен уақытқа келер болсақ, ол да үне бойы өзгерісте. Біржолата және біркелкі берілген әлеуметтік кеңістік пен уақыт – жоқ. Мысалы, алғашқы қауымдағы әлеуметтік кеңістік адамның жаяу біркүндік жолының шеңберімен тең болды, яғни, 20-30 шақырым. Жылқыны үйреткен кезден бастап, әлеуметтік кеңістік анағұрлым кеңейді. Машиналық техника пайда болған кезде, ол мыңдаған шықырымға өсті. Ал, қазір сіз Лондонның “Хитроу” аэропортында 2,5 дыбыс жылдамдығымен ұшатын “Конкорд” ұшағына мінсеңіз - 4 сағаттан кейін Американың “Дж.Кеннеди” аэропортына қонасыз! Радио, телевидение, интернеттің дамуы – бүкіладамзаттық әлеуметтік кеңістікті құрады. Күнбе-күн Дүниеде не болып жатқанын үйде отырып ақ біле бересіз.
Әлеуметтік уақыттың да үне бойы өзгерісте екенін байқауға болады. Мысалы, Орта ғасырларда өмір сүрген бабаларымыздың уақыты тым баяу өтті. Өйткен себебі, қоғам өміріндегі өзгерістер тым төмен қарқынмен жүрген болатын. Сонау 4-5-ші аталардың жасаған ісін шөберелері мен неменелері істеді: мал бақты, қымыз ішті, сайысқа түсті, қызды қауышты т.с.с. Барлық қарым-қатынастар ата-бабалардан қалған әдет-ғұрыптардың негізінде жүре барды, өзгерістер өте аз болды.
Жаңа дәуір дүниеге келген кезде жағдай мүлде өзгерді. Жүздеген қалалар бой көтеріп, мыңдаған жаңа кәсіптер пайда болды, ғылым мен техника орасан-зор жетістіктерге жетті – солардың бәрін игеріп өз бойында қамтуға адамның уақыты жете алмай қалды – сондықтан ол тез қарқынды өте бастады. Бүгінгі таңдағы реформалар өмір қарқынын өте тез өсіруде. Көп қиындықтардың себептерінің бірі – осыған байланысты, көп адамдар, әсіресе, жасы келіп қалғандар, оны игеруде өте үлкен қиындықтардан өтуде.
Соңында ескеретін нәрсе – бұл тақырыптың өміршеңдік, этикалық мән-мағнасы, маңыздылығы. Өйткені, адам өмірін Дүниедегі қайсыбір затпен салыстырсақ, оның өлшемін ешқашанда таба алмаймыз. Оны жалғыз ғана уақытпен салыстыруға болады. Адам өмірі – “Ұлы мәртебелі Табиғаттың”, я болмаса, Құдайдың бізге берген сыйы, өмір уақыты. Уақытында Ибн-Сина айтып кеткендей, біз бұл Дүниеге келуіміз де, келмеуіміз де мүмкін еді. Алайда, біз келдік. Біле білген кісіге, жалғыз соның өзі ғана - үлкен бақыт, ғажап оқиға. Олай болса, өмірдің әр сәтін бағалап, оны өте ұқыпты пайдалануымыз керек. Тек сонда ғана өмірде үлкен жетістіктерге жетуге болады. Жас уақытын зая өткізген адам жасы келгенде қынжылады, өйткені, қанша өмірдегі болған мүмкіндіктер іске аспай қалды, ал өткенді, қайта оралтуға болмайды – ол мәңгілікке кете барды. Олай болса, жас дос, осы бастан әрбәр сәтті өз дарыныңды дамытуға пайдаланып, алдыңа үлкен мақсат-мұрат қой, ол сенің зор күш-қуатыңды оятып, жетістіктерге итерлейді. Осы ізденіс, өмірді терең сезіну жолында саған көп табыс тілейміз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   124   125   126   127   128   129   130   131   ...   171




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет