«Тұран» Университі


Гегель - немiс классикалық философиясының шыңы



бет81/171
Дата21.10.2022
өлшемі2,56 Mb.
#44551
1   ...   77   78   79   80   81   82   83   84   ...   171
Байланысты:
С. Мырзалы Философия

Гегель - немiс классикалық философиясының шыңы
Георг Вильгельм Фридрих Гегель (1770-1831 ж.ж.) - Германияның Штутгарт қаласында лауазымы биiк шен иесiнiң жанұясында дүниеге келген. Гимназияны үздiк бiтiрiп, 1788-1793 ж.ж. Тюбинген теологиялық институтында оқиды. 1801 ж. бастап Иена университетiнде ғылыми-педагогикалық жұмыс атқара бастайды.
Негiзгi еңбектерi: “Рухтың феноменологиясы (құбылысы) ², “Логика ғылымы², “Философиялық ғылымдардың энциклопедиясы², “Құқ философиясы², “Эстетикаға арналған лекциялар² т.с.с.
Өзiнiң философиялық жүйесiн жасау жолында Гегель ойлау мен болмыстың теңдiгiнен бастайды. Ал онда оның Шеллингтiң философиясынан айырмашылығы неде?,- деген сұрақ пайда болуы мүмкiн. Расында да, Шеллинг , жоғарыда көрсеткендей, Абсолюттiң ойлау мен болмысының тепе-теңдiгiн мойындады. Бiрақ, сол тепе-теңдiктен шығудың қайнар көзiн ол белгiсiз бiр құдiреттi күштен көредi де, оны тек қана эзотерикалық (құпия) жолмен сезiнуге болатынын айтады. Ал Гегельге келсек, ол сол ойлау мен болмыстың теңдiгiн ғана мойындап қоймай, оны айырмашылық ұғымымен тығыз байланыстырып, олардың өзара iшкi диалектикасын ұғымдық (категориялық) деңгейде түсiнуге болатынын айтады.
Екiншiден, Гегель Абсолюттi дамып жатқан субстанция ретiнде қарап, философияға тарихи көзқарасты еңгiзедi. Сонымен қатар, дамудың өзi қайшылықтың негiзiнде, заттың бүгiнгi жағдайының терiске шығарылып, оның қарама-қарсыға өтуi, соңғының өзi жүре келе терiске шығарылатыны т.с.с. ретiнде қаралады.
Көркем сөзбен пайымдай келе, Гегель “ақиқат - алдын-ала құйылып қалтаға салуға дайын тұрған күмiс ақша емес², оған жету үшiн жеке адам жалпы рухтың өткен тарихи жолымен танысып, оны егжей-тегжей бiлiп, игеру керек екенiн айтты.
Осындай диалектикалық көзқарастың негiзiнде Гегель өзiнiң орасан зор философиялық жүйесiн тудырды. Ол Абсолюттiк идеядан басталады. Басқаша сөзбен айтқанда, ол - абсолюттiк бiлiм, таза ұғым - шынайы болмыстың өзi. Оның өз-өзiне келiп тануын, өз-өзiн анықтауын ол “Логика ғылымы² арқылы бередi.
Сонымен қатар, абсолюттiк идея өз-өзiне тең ойлау сатысынан өтiп, iс-әрекет арқылы өзiнiң өзге болмысына - табиғатқа айналады. Ал табиғат дегенiмiз, Гегельдiң ойынша, немқұрайлы сыртқы затқа айналған идея. Табиғаттың мақсаты - өзiнiң тiкелей сезiмдiк сатысынан өтiп, Феникс құсы сияқты өзiн қайта жаңару үшiн жағып, жасарып, осы сыртқы болмыстан рух ретiнде қайта дүниеге келу болып табылады.
Рух дегенiмiз - шектелген сана, ойлай алатын қабiлетi бар пәнде, яғни - адам. Бiрақ, ол табиғаттан шықса да, Гегельдiң ойынша, оның туындысы емес - ол өзiнiң өзiндiк нәтижесi. Рух өзiнiң алғы шарттарынан - логикалық идея мен сыртқы табиғаттан - өзiн тудырады. Сонымен, абсолюттiк идея ең алдымен таза логикалық дәрежеде болады, соңынан табиғатқа айналып, соның iшiнен адамзат осы тұрғыдан қарағанда, Гегельдiң ойынша, философия ғылымын үшке бөлуге болады.
Бiрiншi, ол - Логика. Ол - өзiнде және өзiне бағытталған идеяны зерттейтiн ғылым.
Екiншi - табиғат философиясы. Ол - өзiнiң өзгеше болмысындағы идеяны зерттейтiн ғылым.
ұшiншi - рух философиясы. Ол - өзгеше болмысынан қайта өзiне оралып жатқан идея жөнiндегi ғылым.
Сонымен, Гегельдiң абсолюттiк идеализм жүйесiнiң қабырғалары осылай қалыптасты. Жоғарыдан байқағанымыздай, Гегельдiң философиялық жүйесiн объективтi идеализм бағытына толығынан жатқызуымызға болады.
Осы арада оқырманның шыдамы бiтiп, мынандай сұрақ қойуы мүмкiн: табиғатқа дейiн таза ақиқат ретiнде өмiр сүрген “абсолюттiк идея² - ол не? Бұл сауалды уақытында Гегельдiң лекцияларын тыңдаған оқушылары да қойыпты, - деген аңыз бар. әрине, ол басқаша сөздермен айтылған Құдай идеясы. Тек христиан дiнiндегi Құдайға қарағанда, оның денелiк адамдық қасиеттерi жоқ, ол таза логикалық идея ғана. Сонымен, бiз Гегельдiң жасаған философиялық жүйесiн неше-түрлi философиялық категориялармен (ұғымдармен) әсемделген нәзiк дiни көзқарас десек те болғаны. Егер бiз Гегельдiң философиясындағы алғашқы абсолюттiк идеяны сызып тастап, өзiмiздiң Дүние жөнiндегi ой-өрiсiмiздi мәңгi өмiр сүрiп жатқан “ұлы мәртебелi Табиғаттың² өзiнен бастап, тiршiлiк әлемiн, тiптi сана-сезiмi бар адамның өзiн соның туындысы ретiнде қарасақ, онда бiз таза материалистiк көзқараста болар едiк.
Алайда, Гегельдiң философиялық жүйесiндегi ең құндысы - оның рух жөнiндегi ойлары. Ол адамзат рухын тарихи көзқарас тұрғысынан талдап, оның даму сатылары жөнiнде тамаша ойлар мен пiкiрлер айтады.
Гегельдiң ойынша, рух даму процесiнде өзiнiң үш сатысынан өтедi : 1. Субъективтi рух, яғни жеке адамның санасы,
2.Объективтi рух, оған ол құқ, мораль, адамгершiлiк, жан-ұя, азаматтық, мемлекеттiктi жатқызады,
3 Абсолюттiк рух - ол өнер, дiн және философия.
Субъективтi рухты Гегель үш ғылымның шеңберiнде қарайды. Олар антропология, феноменология және психология. Антропология iлiмiнде ол жеке адамның тұлғалық қасиеттерiнiң қалыптасуына, дене мен жанның ара-қатынасына, адамзаттың нәсiлдiк айырмашылықтарына, мiнез-құлық пен темпераментiне, адамдардың өмiр кезеңдерiндегi айырмашылықтарға т.с.с. көңiл бөлiп талдайды. Гегельдiң ойынша, адамның басқа тiршiлiктен бiрде-бiр айырмашылығы - оның тiке жүруiнде. Ашық нәсiлшiлдiктi қолдамағанмен, Гегель нәсiлдер мен ұлттардың арасындағы айырмашылықтарды “абсолюттi рухтың² әр-түрлi сатыларындағы өз-өзiн анықтауымен теңеп, олардың арасындағы мәдени айырмашылықтар ешқашанда жойылмайды деген кертартпа пiкiр айтады. Адамның өмiр кезеңдерiндегi айырмашылықтарды қарап, ойшыл қоғамдық қатынастардағы тәртiпке адамдар тек қана жастық шағында ғана қарсы шығады, есейе келе, пiсiп-жетiлген шағында олар қирату мен бүлдiруден гөрi тәртiптi сақтауды, жасампаздық еңбектi қалайды.
Субъективтiк сананың дамуының екiншi сатысы “Рух феноменологиясында² қаралады. Онда негiзiнен адамның санасы сезiмдiк сатысынан ақыл-ойға, одан әрi зердеге қарай көтерiледi.
“Психология² тарауында Гегель адамның танымдық қабiлеттерiне көңiл бөлiп, рухтың теоретикалық, практикалық және ерiктi сатыларын талдайды. Адам теоретикалық сана шеңберiнде қалып қоймай, әрқашан оны өзiнiң еңбек процесiмен ұштастырып, жасампаздық сатысына көтерiледi. Мiне, осы теоретикалық және практикалық рухтың бiрлiгi ерiктi рухты тудырады. Ал соңғы өзiнiң мазмұнын, iшкi сырын дереу объективациялауға (сыртқы дүниеге таңуға) тырысады. Осы сатыға жеткен кезде субъективтiк рух секiрiс арқылы объективтiк рухқа айналады.
Объективтiк рух, Гегельдiң түсiнiгi бойынша, қоғам өмiрiндегi құқтық және адамгершiлiк қатынастарды қамтиды. Рухтың терең мәнi ерiктiкте болғаннан кейiн құқтық қатынастардың өзi тiкелей шынайы өмiрге еңген ерiктiктiң болмысы болып есептеледi. Осы тұрғыдан ол қайсыбiр озбырлыққа, тәртiпсiздiкке қарсы жатқан құбылыс. Құққа иеленген адам өзiнiң еркiн сыртқы дүниедегi заттарға таңып, оларды иеленiп “Менiкi² дейдi. Жеке меншiк сонымен, Гегельдiң ойынша, ерiктiктiң қажеттi де субстанциалды өмiрге енуi. Тек жеке меншiкте адамның еркi өз-өзiне тұлғалық ерiк ретiнде қалыптасады. Соның арқасында адамның еркiнiң субъективтiгi жойылып, ол зерделi тұлғаға айналады. Олай болса, тарихи жерге деген жеке меншiктiң ұзақ күрес жолында қоғамдық меншiктi жеңуi - заңды нәрсе, ол зерденiң жеңiсi.
Мораль құқтық сатыға қарсы тұрып оны ауыстырады. Ол саналы ерiктiң субъективтiк құқы. үшiншi сатыда құқ пен моральдық саты өнегелiкке, адамгершiлiкке айналады. Ол семьяда, азаматтық қоғамда, мемлекетте iске асады.
Осы тұрғыдан алып қарағанда, адамзат тарихы - халықтар рухының дамуымен тең. Бiрақ ол тек қана объективтiк рухтың өзiндiк санасы ғана. Шынайы өмiрде адамдар өз алдына әр-түрлi мақсаттар қойып, соған жетуге тырысса да, нәтижесiнде - басқаша бiр биiк, алыстағы, өздерi түсiне алмайтын нәрсенiң атқарушыларына ғана айналады. Оны Гегель “дүниежүзiлiк рухтың қулығы² дейдi. Сонымен, Гегельдiң философиясында адамдар мен халықтар - дүниежүзiлiк рухтың пайдаланатын құралы ғана. Қоғам тарихының мақсаты бар. Ол жер бетiнде идеалдық мемлекеттi орнату. Ендi объективтiк рух өзiнiң абсолюттiк сатысына көтерiледi.
Тарихи абсолюттiк идея өзiнiң абсолюттiк рух сатысына көтерiлген кезiнде өзiн-өзi түбегейлi танып-бiлiп қанағаттанады. Өнер саласында ол өзiнiң толық ерiктiгiн сезiнедi, дiнде - өзiн марқабатты түрде қабылдайды, ал философияда - өзiнiң мәнiн категориялдық (ұғымдық) дәрежеде түсiнiп, таниды. Олай болса, философия дiннен жоғары, өйткенi, дiндегi қабылдау философиядағы ұғымнан төмен. Сонымен, философиямен рухтың дамуы бiтедi, өйткенi ол өзiн-өзi түсiнiп тынышталады.
Бiздi бүгiнгi таңда Гегельдiң жасаған философиялық жүйесi қанағаттандырмауы мүмкiн. Алайда, осы жүйенi жасау жолында ол көне заманда негiзi қаланған диалектикалық iлiмдi пайдаланып бүкiл табиғат, тарих және рухани өмiрдi белгiлi бiр процесс, яғни тоқтаусыз қозғалыс, өзгерiс, қайта құрылу, даму ретiнде қарап, олардың iшкi қайшылықтары мен байланыстарын зерттедi. Ал мұның өзi диалектика iлiмiн жаңа сатыға көтерiп, дүниеге деген жаңа таным теориясын тудырды. Негiзiнен алғанда, Гегельдiң философия саласындағы қалдырған өшпес iзiн көп ғалымдар осыдан көредi. Бұл пiкiрге толығынан қосылуға болады.
Гегельдiң ойынша, диалектика шынайы танымның iшкi қозғаушы күшi, ол қайсыбiр ғылымның мазмұнына iшкi байланыс пен қажеттiлiктi еңгiзедi, соның арқасында бiлiм теориялық сатыға көтерiледi. Гегельдiң өшпес еңбегi - ол диалектикалық тұрғыдан бүкiл философия саласында қорытылған ұғымдарды сараптап шықты. Соның iшiнде ол алғашқы рет диалектиканың үш негiзгi заңын ашып, сонымен қатар, барлық парлық категорияларды белгiлi бiр жүйеге келтiрiп, олардың өзара бiр-бiрiне өтетiндiгiн, iшкi байланыстарын көрсете бiлдi. Сонымен қатар, Гегель адамның дүниетанымын терең зерттеп, оның да диалектикалық жолмен жүретiнiн көрсеттi.
Гегельдiң ойынша, адамдар өздерiнiң күнбе-күнгi өмiрiнде ақыл-ой арқылы заттар мен құбылыстарды талдап, олардың бiр-бiрiнен айырмашылығын анықтайды. Тiкелей заттарды аңлауға қарағанда, ақыл-ой оларды бiр-бiрiнен абстракциялау арқылы бөлiп алып қарайды. Ол шынайы адамдардың күнбе-күнгi өмiрiнде де, таным процесiнде де қажеттi нәрсе. Мысалы, қоғам өмiрiндегi адамдардың өзара байланыстары мен iс-әрекеттерi жемiстi болуы үшiн олардың алдына қойған мақсаттары айқын да анықталған болуы керек. Немiстiң ұлы ойшысы Гете айтқандай, ұлылыққа жеткiң келсе, өзiңдi өзiң шектей бiл. Кiмде-кiм бәрiне жеткiсi келсе, ол оның шынында да ештеңеге iңкәрiнiң жоқ екенiн көрсетедi.
Өнер саласына келер болсақ, ондағы ұлы туындылардың да құндылығы әсемдiктiң айқын да айрықша бiтiмiн көрсетуде болса керек. Қайсыбiр ғылым саласында, тiптi философияның өзiнде де ойлау процесiнде қолданылатын ұғымдар айқын, сонымен қатар, тұрақты мағналы болуы қажет. Егер олар бұлдыр және тұрақсыз болатын болса, онда бiз ешқандай нәтижеге жете алмай бiр-бiрiмiздi түсiнуден қаламыз. Ендi сол бiздiң жан-дүниемiзде бейнеленетiн Дүниенiң өзiн алып қарасақ, онда да бiз заттардың өзгеруiмен қатар белгiлi бiр жағдайдағы тұрақтылығын байқаймыз.
Алайда, бiз осы ұғымдардың тұрақтылығын шегiне шейiн жеткiзсек, онда олар өзiнiң қарама-қарсылығына айналып, абстрактылық ойлауды тудырады. Гегельдiң ойынша, ол қуыс кеуделiктi, мәселеге үстiрт қарауды туғызады. Мысалы, дарға асуға қылмыскерді әкеле жатыр. Оны қарапайым жұрт тек қылмыскер ретiнде қарауда. Бiрақ, кейбiр әйелдер оған қарап: “ол қандай сұлу, қайратты, тартымды едi ²- деп қалуы мүмкiн. Сол сәтте-ақ басқа адамдар оларға бас салып: “Қалай? Қылмыскер сұлу ма? Қалайша бұлай ойлауға болады ?! Шамасы, өздерi де сол қылмыскерден артық емес шығар²,- деп қорытады. Осы мысалды келтiрiп, Гегель оны абстрактлы ойлау түрiне жатқызады. Өйткенi, алаңдағы жиналған адамдар қылмыскерден оның тек қылмыс жасағанынан басқа ешқандай қасиеттердi көрмейдi. Мұндай ойлау бiтiмiн Гегель метафизикалық ойлау әдiсi деп қорытады.
Алайда, абстрактылық - таным процесiндегi бiр сәт қана. Таным ол сатыда тоқтап қалмай, одан әрi жылжып нақтылыққа жетуi керек.
Бiздi жағалай қоршаған ортаның өзiн-ақ диалектиканың үлгiсi ретiнде қарауға болады. Өйткенi, дүниедегi қай зат болмасын шектелген, ол тұрақтылығымен қатар үне бойы өзгерiсте, өтпелi. Оның iшiндегi жатқан өзiнiң қарама-қарсы өзгеше болмысының ұрықтары сол заттың iшкi қайшылықтарын тудырып, нақтылы қазiргi өмiр сүрiп жатқан болмысының шеңберiнен тайдырып, оны ертелi-кеш басқаға айналдырады. Олай болса, диалектика тек ойлау жолында ғана емес, ол бүкiл объективтiк дүниеге тән нәрсе. Мысалы, шегiне жеткен абстрактылық құқ әдiлетсiздiкке әкелiп соғады. Мораль саласынан Гегель мына нақыл сөздердi келтiредi: “Тәкаппарлық құлдыраудың алдында жүредi², “өте өткiр нәрсе тез мұқалады² т.с.с.
Диалектика жөнiндегi өзiнiң терең ойларын Гегель былайша қорытады: “еш жерде - аспанда, жерде, рухани өмiрде, табиғатта болмасын, ешқандай ақыл-ойдың белгiлейтiн абстрактылы “немесе бұлай - немесе олайы² жоқ. Қай жерде болмасын өмiр сүрiп жатқан барлық - ол нақтылы, олай болса, өз iшiнде белгiлi-бiр айырмашылық пен қарама-қарсылықты қамтиды. Заттың өтпелiгiнiң өзi оның iшкiсiне сыртқы нақты болмысының сай келмеуiнде... Қайшылық - мiне бұл дүниенiң шынайы қозғаушысы, ал қайшылықты ойлауға болмайды деген пiкiр тек күлкiнi туғызады².
Сонымен, Гегель диалектикалық таным әдiстемесiн жасап, философияның ғылымдық абыройын бұрын болмаған дәрежеге көтердi. Оның философиясының осы құнды жағы болашақ марксизмнiң қалыптасуына зор әсерiн тигiздi. Бiз оны болашақ тарауда талдайтын боламыз. Ал ендi немiс философиясының осы замандағы көрнектi ойшысы Л.Фейербахқа келiп тоқтайық.
Фейербахтың философиялық антропологиясы



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   77   78   79   80   81   82   83   84   ...   171




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет