Тұрар Рысқұлов (26 желтоқсан 1894, Жетісу облысы, Верный уезі Шығыс
Талғар болысы – 10 ақпан 1938, Мәскеу) – мемлекет қайраткері. Оның
әкесі Рысқұл Жылқыайдарұлы 19 ғасырдың 80-жылдары патша
әкімшілігінің озбырлығына шыдамай Сырдария облысының Черняев
уезінен (қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданы) Верный
уезіне қоныс аударып келген болатын. Жаңа қонысында да әділетсіздік
көрген Рысқұл 1904 жылы желтоқсанда халыққа тізесі батқан Саймасай
Үшкемпіров деген болысты атып өлтіреді. Түрмеде жатып өш
алушылардың жалғыз ұлы Тұрарға зияны тиер деп қауіптенген ол оны
өзінің қасына алдыртады. «Түрме баласы» аталған Рысқұлов түрме
үйлерін сыпырып, бастықтың атын айдап жүріп орыс тілін үйренеді.
Әкесі 10 жылға сотталып Сахалинге жер аударылған соң Рысқұлов –
«Қырғызбаев» деген жалған фамилиямен нағашыларының қолына келіп,
Меркідегі орыс-түземдік бастауыш мектепте оқиды. Мұндай аралас
мектептер белсенді миссионерлік мақсат ұстанған болатын. Әкесімен
бірге Верный қаласының түрмесінде болған кезінде түрме бастығы
Приходько жас Рысқұловты шоқындыруға әрекеттенсе, Меркідегі шәкірт
кезінде де осындай әрекет оның алдынан тағы да шығады.
1910 жылы Рысқұлов Пішпектегі 1-дәрежелі ауыл шаруашылығы
мектебіне қабылданып, оны 1914 жылы қазан айында бау-бақша өсіруші
мамандығы бойынша бітіріп шығады. Бұл мектепті үздік бітірген оған
Самара қаласындағы орта дәрежелі ауыл шаруашылығы училищесіне
түсу үшін арнайы жолдама беріледі, бірақ училище директоры «қазақ –
көшпелі, оған жер өңдеуді оқудың қажеті жоқ», – деп қабылдамай
қояды.
Тауы шағылған Рысқұлов 1915 жылы Ташкенттегі мұғалімдер
семинариясына түсуге тырысады, бірақ оны мұнда да «бұратана» деген
сылтаумен қабылдамайды. Ақыры ол оқу министріне арыздана жүріп,
арнайы рұқсатпен емтихан тапсырады да, оқуға қабылданады. Күн көру
үшін оқумен қатар Ташкент қаласының іргесіндегі Красноводск тәжірибе
алаңында бағбан болып істеді.
1916 жылы жазда қазақ даласында ұлт-азаттық көтеріліс басталған кезде
Рысқұлов оқуын тастап, Әулиеата уезіндегі Меркі ауылына аттанды. Ол
Меркіге келген кезде халық ашық бас көтерулерге шығып, жер-жерде
қарулы қақтығыстар өрши бастаған болатын. Ол Аққөз Қосанұлы
бастаған көтерілісшілердің іс-әрекетіне ұйымдық сипат беріп, саяси
бағдар сілтеді. Меркідегі көтерілістің өршіген кезінде Рысқұловты патша
әкімшілігі тұтқындайды, бірақ оның іс-әрекетінен кінә таба алмай
босатып жіберуге мәжбүр болады. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін
көктемде Рысқұлов Меркіге оралып, онда «Қазақ жастарының
революциялық одағын» құрады. Осы жылы жазда Рысқұлов РСДЖП
құрамына мүше болып қабылданды.
1926 жылы наурызда Рысқұлов Қазақстанға жіберіліп, Қазақ өлкелік
БК(б)П комитетінің Баспа бөлімінің меңгерушісі қызметіне
тағайындалды. Осы жылы 19 сәуірде Рысқұлов Қазақ өлкелік БКП (б)
комитеті қаулысымен «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы
болып бекітілді. Көп ұзамай 31 мамырда Бүкілодақтық орталық атқару
комитетінің қаулысымен Ресей Федерациясы Халық комиссарлары
кеңесі төрағасының орынбасары болып бекітілді. Бұл қызметіне қоса
Рысқұлов Түрксіб темір жолын салуда үкімет комиссиясының төрағасы
болып, оны 6 жылда аяқтау орнына 3 жылда пайдалануға берілуін
ұйымдастырды. Маманданған қазақ жұмысшыларын қалыптастыруға,
қазақ жастарын Ресей және шет ел оқу орындарында көптеп оқытуға
көп көңіл бөлді. Қазақ өлкелік БК(б)П к-тін басқарған Ф.И. Голощекиннің
«Қазақстанда кіші Қазан» төңкерісін жасау идеясына ашық қарсы
шықты. Кеңестік ұжымдастыру саясатының зардаптарын жою,
Қазақстандағы ашаршылықтың апатынан халықты құтқару жайында
И.В. Сталинге нақты ұсыныстар жасады. Бірақ И.В. Сталин Рысқұловтан
гөрі Ф.И. Голощекинге сенім артатындығын танытты. Рысқұлов қолынан
келгенше ашаршылық тауқыметіне ұшырағандарға жәрдем көрсетуге
талпынды.
1937 жылы 21 мамырда Кисловодскіде демалыста жүрген Рысқұлов
«пантүрікшіл», «халық жауы» деген айыппен тұтқынға алынды. Кеңестік
қуғын-сүргінге ұшыраған Рысқұлов Мәскеу түрмесінде жүрек ауруынан
қайтыс болды. Рысқұловтың әйелі Әзиза да кеңестік қуғын-сүргін
құрығына ілігіп, АЛЖИР-де 18 жыл айдауды бастан кешті. Ұлы Ескендір
түрмеде қайтыс болды. Рысқұлов есімі КСРО Әскери коллегиясы
Жоғырғы Сотының шешімімен 1956 жылы 8 желтоқсанда ақталды.
Қазіргі кезде Жамбыл облысының бір ауданына Рысқұлов есімі берілген.
Тараз қаласында Рысқұлов есімімен аталатын демалыс паркі бар, онда
Рысқұловқа ескерткіш қойылған Қызыл граниттен жасалған Рысқұлов
ескерткішінің архитекторы – А.Рыспаев, мүсіншісі – Ю.Баймұқашев.
Алматы қаласындағы Басқару академиясына Рысқұлов есімі берілген.
Көрнекті қазақ жазушысы, мемлекеттік қайраткері Шерхан Мұртазаның
«Қызыл жебе» (1-2-кітабы), «Жұлдызды көпір», «Қыл көпір», «Тамұқ» атты
роман хамсасында Рысқұлов келбеті сомдалған.
Достарыңызбен бөлісу: |