48-бап. Үй-жайлар (пәтерлер) иелерi кооперативiнiң басқармасы және басқармасының төрағасы 1. Үй-жайлар (пәтерлер) иелерi кооперативi басқармасының сан құрамы мен өкiлеттiк мерзiмi Жарғымен белгiленедi. 2. Үй-жайлар (пәтерлер) иелерi кооперативi мүшелерi жалпы жиналысының құзыретiне ғана жататындарды қоспағанда, басқарма кооперативтiң бүкiл өкiлеттiгiн жүзеге асырады. Басқарманың құзыретiне, атап айтқанда: 1) кооператив мүшелерiнiң белгiленген мiндеттi төлемдер мен жарналарды уақытында төлеп отыруына бақылау жасау; 2) кооперативтiң бюджетiн, сметалары мен есептерiн жасау, оларды кооперативтiң жалпы жиналысының бекiтуiне ұсыну; 2-1) кондоминиум объектісін басқару жөніндегі есепті тоқсанына бір рет кезеңділікпен ұсыну; 3) кооператив атынан шарттар жасасу; 4) кондоминиум объектiсiн басқару немесе кондоминиум объектiсiн, басқаруға шарттар жасасу; 5) кондоминиум объектісінің үй-жайлары (пәтерлері) меншік иелерінің жалпы жиналысында бекітілген штаттық кестеге сәйкес осы кондоминиум объектiсiн басқару үшiн қызметкерлерді жұмысқа қабылдау және оларды жұмыстан шығару; 6) кооператив мүшелерiнiң тiзiмiн, iс қағаздарын, бухгалтерлiк есеп пен есеп берудi жүргiзу; 7) жалпы жиналысты шақыру және оны немесе жазбаша сауалнаманы өткiзудi ұйымдастыру; 8) кооператив Жарғысынан туындайтын өзге де мiндеттердi орындау жатады. 3. Басқарма отырысын кооператив Жарғысында белгiленген мерзiмде төраға шақырады. 4. Басқарма отырысы оған басқарма мүшелерiнiң көпшiлiгi қатысқан жағдайда заңды болып танылады. 5. Кооператив басқармасының төрағасы азаматтық айналымда, мемлекеттiк және сот органдарында кооперативтiң сенiмхатсыз өкiлi болуға құқылы. 6. Егер үй-жайлар (пәтерлер) иелерiнiң кооперативiн онға жетпейтiн мүше бiрiктiрсе, басқарма мiндеттерi кооператив төрағасына жүктелуi мүмкiн. 7. Кооператив төрағасының құқықтары мен мiндеттерi Жарғымен белгiленедi. 8. Кооператив басқармасының немесе оның төрағасының iс-әрекеттерiне кооператив мүшелерiнiң жалпы жиналысында шағым жасалуы мүмкiн. Ескерту. 48-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2009.06.08 N 163-IV; 29.12.2014 № 270-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.