85-бап. Мемлекеттiк тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй қорындағы тұрғын үйдiң уақытша болмаған азаматтар үшiн сақталу мерзiмдерi 1. Жалға алушы (қосымша жалға алушы) немесе оның отбасының мүшелерi уақытша болмаған кезде оларға мемлекеттiк тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй қорынан алынған тұрғын үй алты ай бойы сақталады. 2. Егер жалға алушы (қосымша жалға алушы) немесе оның отбасының мүшелерi дәлелдi себептермен алты айдан артық уақыт болмаса, бұл мерзiм болмаған адамның өтiнiшi бойынша тиiсiнше ұзартылады. 3. Мемлекеттiк тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй қорындағы тұрғын үйдiң немесе жеке тұрғын үй қорындағы жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйдiң уақытша болмаған азаматтарға неғұрлым ұзақ мерзiмге сақталуының шарттары мен жағдайлары осы Заңның 86-бабымен белгiленедi. Ескерту. 85-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2006.07.07 N 182 Заңымен.
86-бап. Мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы тұрғын үйдiң немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйдiң азаматтар үшiн сақталу жағдайлары 1. Мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй азаматтар үшiн мынадай жағдайларда: 1) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде не Қазақстан Республикасының қатысуымен одан тыс жерлерде құрылған қарулы күштер құрамында әскери қызметтен өткенде - қызмет мерзiмi iшiнде; 2) еңбек шарты бойынша немесе сайланбалы қызметке сайлануына байланысты жұмысқа кеткенде - бүкiл жұмыс iстеген уақыты iшiнде; 3) Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген негiздер бойынша шетелге кеткенде - шетелде болған уақыты iшiнде; 4) оқуға кеткенде - оқу уақыты iшiнде; 5) балаларды балалар мекемесiне тәрбиелеуге орналастырғанда - олардың осы мекемеде болған бүкiл уақыты iшiнде, туысқандарының немесе қорғаншысының (қамқоршысының) қолында - балалар кәмелетке толғанға дейiн; 6) қорғаншы (қамқоршы) мiндеттерiн орындауға байланысты кеткенде - бұл мiндеттердi тоқтатқанға дейiнгi барлық уақытта; 7) емделуге кеткенде - емделуде болған уақыты iшiнде; 7-1) мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемеде (ұйымда) уақытша тұрған кезде – тұрған кезеңінде; 8) күзетпен ұстау не адамға сол жерде тұру мүмкiндiгiнен айыратын қылмыстық жаза немесе қылмыстық-құқықтық ықпал етудің өзге де шарасын қолдану кезiнде – күзетпен ұстау не қылмыстық жазасын немесе қылмыстық-құқықтық ықпал етудің өзге де шарасын өтеген мерзiмi iшiнде сақталады. Мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы тұрғынжайға құқығынан айыру бұл жағдайда сот үкiмiмен көзделуi мүмкiн. 1-1. Жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйін сақтау "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қамтамасыз етіледі. 2. Мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы тұрғын үйдi немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйдi пайдалану құқығы онда болмаған адамдарға осы бапта көрсетiлген мерзiмдер аяқталған күннен бастап алты ай бойы сақталады. Ескерту. 86-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2006.07.07 N 182, 2007.05.15 N 253, 2011.07.22 № 479-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2013 № 126-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.12.2015 № 433-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 18.04.2017 № 58-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
87-бап. Адамдарды мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы тұрғын үйдi немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйдi пайдалану құқығынан айырылды деп тану тәртiбi Адамдарды осы заңның 85 және 86-баптарында белгiленген мерзiмiнен артық уақыт болмауы салдарынан мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы тұрғын үйдi немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйдi пайдалану құқығынан айырылды деп тану жалға берушiнiң немесе бұл үй-жайда тұруға қалған жалға алушының (қосымша жалға алушының) не оның отбасы мүшелерiнiң (бұрынғы мүшелерiнiң) талабы бойынша жүзеге асырылады. Ескерту. 87-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2006.07.07 N 182 Заңымен.
88-бап. Жалға алушы (қосымша жалға алушы) уақытша болмаған жағдайда мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы тұрғын үйдi немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктiатқарушы орган жалдаған тұрғын үйдi пайдалану құқығы Жалға алушы (қосымша жалға алушы) уақытша болмаған мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы тұрғын үйде немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйде тұратын отбасының мүшелерi бүкiл тұрғын үйдi немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйдi бұрынғы шарттармен пайдалануға құқылы. Бұл орайда олар осы тұрғын үйдi немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйдi жалға алу шарты бойынша құқықтарын жүзеге асырып, сол бойынша мiндеттi болады. Азамат уақытша болмаған кезде мемлекеттiк тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй қорындағы пайдалану құқығы сақталатын тұрғын үй алаңы артық деп есептелмейдi. Ескерту. 88-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2006.07.07 N 182 Заңымен.